Қоңыр адам. Қуанышбай Құрманғалиевтың сәт суреті

ӘДЕБИЕТ
934

Жаңа бір әредікте редакциямызға Қуанышбай аға келіп кетті. Шағын барсетка асынып алыпты. Қазіргі жасына қарағанда ширақ көрінді. Қуанып қалдым, әрі ағаға жаным ашыды. Әр қандай әңгіменің басын шалып отырғанбыз, Қуан аға кетуге ыңғайланғанда: «...жазып жүрген жаңа дүниелеріңіз болмаса да, бұрынғылардан бере беріңіз, «жаңада жоқ қасиет көнеде бар», жариялаймыз» дедім. Бұлай деуіме себеп: әлдебір сыйлық бойынша бәйге алған шығармалар жинағынан Қуанышбай Құрманғалиевтің әңгімесін көріп қалғаным бар. Қуан аға алдыңғы орын емес, әйтеуір кейінгі орындардың біріне, оның өзінде «үміткерлердің» санатына ғана ілігіпті. Бірақ, Құдайшылығын айтайын, бірінші орын былай тұрыпты, бас бәйгені қанжығасына бөктеріп кеткен әңгімеден бәйгеден құр алақан қалған Құрманғалиевтің әңгімесі көш ілгері еді. Жаңылыспасам, ұры бала туралы әңгіме. Баланың қорғансыз, жүдеу өмірі айналасынан үнемі қатыгездік көріп, қара түнекке тереңдей түседі. Әйтсе де, бірақ, әңгіме желісінен жіптей жарық сәуле үзілмей тұрып алады. Сол сәулеге сүйеніп оқырман сен де төңірегіңнен жылылық іздейтін сияқтысың. Адамның жан-дүниесін жалаңаштап тастайтын, сол сұмдықты біліп, білмей жаза беретін жазарманнан Қуан ағамыздың ерекшелігі осында: ол – адам тағдырымен жауапсыз ойнамайтын қаламгер.

Бастапқы әңгімемізге оралайын: «...жазып жүрген жаңа дүниелеріңіз болмаса да бұрынғылардан бере беріңіз, «жаңада жоқ қасиет көнеде бар», жариялаймыз» дедім. «Жоқ» деді ағам. Сосын былай деді:

- Мен ертеректе жаздым (жақсы жаздым, қырдым-жойдым деген жоқ. – Д.Қ.). Сөйтіп жүріп үш жыл әскер қатарында болып келдім. Келсем, жігіттер дүркіретіп жазып кетіпті. Мен оқудан бас алмадым. Орысы қалың жерде өскенмін ғой, орысша кітаптарды да таусып оқи бердім. Бір күні маған Қадыр Мырзалиев келді де: «Қуеке-ау, мен тақпақ жазып жүргенде сен өлең жазып едің, жазсаңшы», - деді. Мен, әрине, жаздым, екі кітабым шықты. Бірақ, жазуыма аса көңілім толмағандықтан елуге келіп жатқан құрдастарым, замандастарым туралы жазып кеттім. Солардың шығармаларының насихатшысы болдым. Ол уақытта қаламгерлер бірі туралы бірі көп жаза бермейтін, қазір, тіпті, жазбайтын болды ғой. Ал мен қай ақын, қай жазушы жайында жазсам да, оның шығармасын оқымай, үңгіп қазбай, қолыма қалам алмаймын.

Осыны айтып Қуан аға қоштасып кете барды. Қоңыр адам. Терезден қарап тұрмын: ол, әне, көп жүргіншінің қатарына қосылып, кетіп барады. Өзінің бойында шығармашылық қуаты мол болса да, жазып жүрген әлдебір қаламгерді іздеп бара жатқан сияқты ол...

Дәурен Қуат

Қуанышбай Құрманғали 1942 жылы 1 маусымда Қостанай облысының Әулиекөл (бұрынғы Семиозерное) ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Қоржынкөл ауылында 1959 жылы бітіріп, Қарғалы кооперативтік техникумында оқып, 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1976 жылы қазіргі «Жас Алашта» корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі, 1976–1978 және 1989–1992 жылдары «Ақиқат» (бұрынғы «Қазақстан коммунисі») журналында аға әдеби қызметкер, жауапты хатшы және бас редактордың орынбасары, 1978–1986 және 1990–1994 жылдары «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактор болған. 1986–1988 жж. Қазақ энциклопедиясының бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 1995–1996 жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бас маман және «Ел» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарды. Одан кейін Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының вице президенті – Республикалық баспа кабинетінің директоры, «Ғылым» ғылыми баспа орталығының бас директоры болды.
Тұңғыш өлеңдерінің тұсауы «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас алаш») 1960 жылы кесілді. «Арман аралы» («Жалын», 1981), «Қош, қалқатай» («Жалын», 1990), «Қоңыр күз күмбірі» («Санат», 2002) өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Б.Шубиннің «Доктор Чехов» («Жалын», 1979), В.Севостьянов, Г.Анисилковтің «Жұмыр жердің перзенті» («Өнер», 1981), И.Стрелкованың «Шоқан» («Жалын», 1986), Ю.Балтушистің «Өмір өткелдері» романын («Жазушы», 1986) «Орыс халық ертегілері» («Жалын», 1990), Х.К.Андерсонның «Таңдамалы ертегілер» («Жалын», 1984) кітаптарын тәржімалаған
.

author

Дәурен Қуат

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...