Қазақ батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жат ағым жетегіне ергендердің әрекетінен шо...
Ауыздан ақ май ағызатын - ауыл!
Соңғы біраз жыл қорытындысы бойынша отандық ауыл шаруашылығы тауар өніміндегі ауыл шаруашылығы жануарларының үлесі біршама өскені аңғарылады. Десек те, дамыған елдер қатарынан әлдеқайда төмен екенімізді жасыра алмаймыз.
Айтатын болсақ, жалпы республика бойынша сүт сауылымы бір сиырға 2200 кг құрайды. Бұл - Канада көрсеткішінен 4 есе төмен деген сөз. Сонымен қатар, бір шартты мал басына өндірілетін азық 14 центнер, ол дегеніңіз зоотехникалық нормалардан екі есе төмен көрсеткіш.
Сонымен, орта құрсақ малдан көңіл көншірлік ет пен сүт күту ақылға сыймайтын жағдай-ақ...
Осы салаға қатысты біраз проблемаларға тоқтала кеткенді дұрыс санадық. Атап айтар болсақ, ондай мәселелердің қатарына ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстан түсетін өнімнің төмендігі; жеткіліксіз азықтық база; жануарлардың асыл тұқымдық үлесінің аздығы; себу алаңдарындағы азықтық және жемдік дақылдардың үлес кенжелігі; жайылымды дұрыс пайдаланбау; құрама жем өндірушілердің қаржылық қиыншылықтары; ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар тұрғысындағы олқылықтар; ветеринария заңнамасын халықаралық талаптарға сай үйлестіру жұмыстарындағы кемшіліктер; жануарларды өңірлік бірдейлендіруге қажетті құрал-бұйымдар тапшылығы және сол атрибуттармен дер кезінде жарақтандырылмауы; ауылдық елді мекендердің жылдамдығы жоғары, сапалы интернетпен қамтылмауы; АШТӨ-ға арналған субсидиялық қолжетімділіктің нашарлығы; субсидия нәтижесінің өңірлік мамандануға байланысты болмауы; мал шаруашылығы салаларында дараланған өнімдерге басымдылық берілмеуі деген сияқты бірқатар проблемаларды жатқызуға болады.
Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясында осы олқылықтарды түзету және алға қарышты дамудың тұжырымдамасы айшықталған. Онда аталған шаруашылықтарды өркендету үшін азықтық базаны сол аймақтың табиғи-климаттық жағдайларымен байланыстыра жасау; жергілікті табиғи-климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, азық рационын жаңалау, сондай-ақ перспективалы азықтық және жайылымдық дақылдар басымдылығын айқындау; табиғи жайылымдарды түгелдей немесе жартылай жаңғырту мәселесімен қатар оны қоршау және суғару, тыңайған алқаптары мен пайдаланудан тысқары қалғандарын іске асыру, сондай-ақ азық дайындау мен оны сақтау амалдарын жетілдіру жағына аса көңіл бөлу сияқты әрекеттер қарастырылғанын айта кету керек.
Азық өнідірісін дамытудағы тұқым шаруашылығының маңызы зор, құрама жем өндірушілердің рөлін арттыру үшін құрама жемді пайдалануға ынта туыдырып, оны қолдауды қарастыру және тамақ өнімдері басым сектор ретінде шетелдік инвесторларды тартуға және экспорттық әлеуетіміздің арта түсуіне бір де бір себепкер, осыған орай Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы кеңістігінде жүйелі және атаулы мемлекеттік қолдауға ие болады.
З. Самалбекұлы