​​АТАЖҰРТТЫҢ "РУХАНИ КӨСЕМІНІҢ "ШЫНАЙЫ КЕЙІП-КЕСПІРІ...

ӘДЕБИЕТ
3162

КӨК ШАПАНДЫ, КӨТЕК АРБАЛЫ КЕРІМ.

Таяуда Қытайда тұратын бір таныс қаламгерден хат алдым. Хатында өзінің көңіліне сыймайтын бір келеңсіз жайды маған құлақ қағыс етіпті. Амандық-саулықтан соң былай дейді: «...Қазақстанға осыдан төрт-бес жыл бұрын бізден Керім Елемес деген кетіп еді. Естуімізше бара сала Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданыпты. Ондағы ағайындар қолдап-қолпаштап үй беріпті дейді. Президенттік стипендияға ілініпті. Өлеңдері де газет-журналдарда бұрқырап шығып жатқан сыңайлы. Алдыңғы жылы «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» оралған ақындар арасында мүшәйра ұйымдастырып, бәйге де берген көрінеді. Алсын, болсын, толсын! «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озғаны» - қашанда қазаққа қуаныш. Ата-жұртқа оралған әрбір қазақ шынайы махаббатпен тебіреніп, ақ қөңілмен еміреніп, білекке-білек, тілекке-тілек, жүрекке-жүрек қосып жатса, бұл жалғанда ата-бабаның арманының орындағаны емей немене!

Орайы келіп, елге оралған туыстардың ата-жұртта жұлдыздарының жоғаруы тұруы-бізге де мәртебе, медеу. Алайда, Керім Елеместің мұндағы жұрттың бетіне шіркеу келтіріп, онда «бір қарын майды шіріткен бір құмалақша» бүлдіріп жүргені қынжылтады. Керімнің келеңсіздігінен сырттағы біздер ұялып, жерге қарап отырмыз. «Құр айғай бақырған құлаққа ән бе екен» дегенді еске түсіріп, теледидардан өлең оқығанда өңешін өлермендерге созып, жер тепкілеп айғайлайтынын қойшы. Сөзінде мән-мағына жоқ. Қайдан мағына болсын, «аңсап» барған ата-жұртына жүректен шыққан жарты ауыз шынайы жылы сөзін қимаған шіркінде? «Осы, бүксітіп, бықсытып жүрген Керімнен байқаңыздар! «Кісі елінде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан» болғанға не жетсін?! Бірақ сырттан барғанның бәрі сұлтан емес екендігін бірде болмаса бірде ескермесеңіздер Керім Елеместер әдебиетті алатайдай бүлдірері анық. Сенбесеңіз, мына мен жіберіп отырған, 1992 жылы Шыңжаң Халық баспасынан «Замана жыры» деген атпен Қытай коммунистік партиясының жетпіс жылдығына арналған жинақтың 309 бетіндегі Керім Елемесұлының «Партиям тілім-ділімде», «Егемен Қазақстанның» 1994 жылғы 17 желтоқсанындағы газеттің жетпіс бес жылдығына арналған мерекелік санында жарияланған «Сен ғана», «Қазақ елінің» 1997 жылғы 23 мамырдағы санындағы «Менің Қазақстаным» атты үш өлеңін салыстырып оқыңыз, Керімнің шынайы кейпінің қандай екеніне көзіңіз жетеді. Өйткені алыста жатқан біздер ата-жұртта шығатын газет-журналдарды келген-кеткендерден болса да ара-тұра алдырып оқып тұрамыз. Басқасын айтпай-ақ қояйын...»

Мен араб әрпімен басылған Қытай мемлекетінің қызыл туы түстес қалың кітаптың 309 бетін асыға ашып, өлеңді оқи бастадым:

ПАРТИЯМ ТІЛІМ-ДІЛІМДЕ

О, жарық жалған!

Мойныңды сәл бұр,

Төр менде.

Егейім-елім!

Жендеттерге енді жерленбе.

Қақ жарып түнді,

Самұрық-жүрек сарнап тұр,

Кешегі шерлі

Тілі бар тілсіз шерменде.

Сарнап тұр әне,

МИЛЛИАРДтардың тілінде,

Ақ алмас-арым –

Партиям тілім-ділімде.

Жауларым менің,

Ділімді бұзып,

Тілімді кеспей жерге енсін...

Шығыста шырқап,

Ақ жарық мәңгі күлімде!

Күлімде мәңгі!

Жау жасып жалт-жалт қарасын.

Әніңмен асқақ

Жер-ана жазсын жарасын.

Мерей тойыңда

Мезгілдің күйі шертіліп,

Ақиқат-аққу

Ақ қанаттарын тарасын.

Сілкініп жылдар,

Бұлқынып жылдар аққанда,

Арыңа сенің

арсыздар күйе жаққанда,

Жексұрындардың

Жөргегінде үнін өшіріп,

МИЛЛИАРД шырқар

Айналдың шексіз мақтанға.

Ғасырдың бұла

Қойнауларында сан қатпар,

Іздерің қалды...

Мағынам менің мандаттар!

ЖИЫРМА БЕС МЫҢ ЛИ,

ӨШПЕЙТІН МӘҢГІ ТАРИХ,

ЖИЫРМА БЕС МЫҢ ЛИ

КЕТПЕЙТІН МӘҢГІ ҚАН-ДАҚТАР...

Жетпіс жылыңда

Жетелі жырым кернесін.

Ғаламның әнін,

Ғасырдың басып пернесін.

Зымырап биік

Баратқан асып сұңқарға

Үндесіп ұлы

Сұңғыла ел неге ермесін?!

Ереді елім!

Биікке бірге самғайды.

Ақиқат барда

Ақ жолдан арым танбайды.

Малмандай нұрға

Малынып мекен тұрғанда,

Сүмелек сұмдық

Аулаққа кетсін қам-қайғы.

Аулаққа кетті!

Кешегі жоқтық кемес-ті,

Кереметтермен

Кеңістікте ойың кеңесті.

Жұлдызы жанып,

Бақыты елдің бағының

Тектілерменен терезелері теңесті.

Планетаның бойлығы мен ендігін

Қос қанат етіп,

Самғадың, самға сен бүгін!

Сен ғана мынау

Секемшіл сергек заманда

Сақтай аласың

Әлемнің тепе-теңдігін!

Несі бар? Сөзінің бәрі рас. Әлемнің тепе-теңдігін сан жағынан миллиардтан асқан халқы бар қытай мемлекеті сақтамағанда кім сақтайды? Сүйікті партиясына өлең арнаса арнаған шығар. Заман, жағдай солай. Совет дәуірінде бәріміз де «советтер одағы-бейбітшілік тірегі» деген ұранға имандай ұйығанбыз. Неге Керім Елемес миллиард қытайға оның коммунистік партиясына «сен ғана сақтай аласың әлемнің тепе-теңдігін» деп сенім артпасқа!? Өңкей лепірме, көпірме сөзін миллиард санды ұлы Отанынан аясын ба? Бұл үшін Керімді кінәлауға болмайды. Ата-жұртқа қайтар алдында «су ішкен құдығына түкірмей» Қытай коммунистік партиясының көңілін аулап қою да бір есептен, керек болған шығар.

Қанша айтқанмен бойында қазақ қаны бар ақын ғой, ата-жұрты Қазақстанға арнар аяулы сөздерін, ыстық сағынышын жүрек түкпірінде сақтап келген шығар, алла бұйырса, шабытын шақырып, жырдың шаңқан бозына мінетін шағы алда ғой деген үмітпен жүргенде, 1994 жылғы 17 желтоқсандағы «Егемен Қазақстанға» жарқ етіп шыға келіпті. Бас салып оқысам, о, Керім, о керемет... Мына қараңыз:


СЕН ҒАНА

(«Егемен Қазақстан» газетінің 75 жылдығына)

О, жарық жалған!

Мойныңды сәл бұр,

Төр менде.

Егейім-елім!

Жендеттерге енді жерленбе.

Қақ жарып түнді,

Самұрық-жүрек сарнап тұр,

Кешегі шерлі

Тілі бар тілсіз шерменде.

 Күлімде мәңгі!

Жау жасып жаутаң қарасын.

Әніңмен асқақ

Жер-ана жазсын жарасын.

Мерей тойыңда

Мезгілдің күйі шертіліп,

Ақиқат-аққу

Ақ қанаттарын тарасын.

Сілкініп жылдар,

Бұлқынып жылдар аққанда,

Арыңа сенің

арсыздар күйе жаққанда,

Жексұрындардың

Жөргегінде үнін өшіріп,

МИЛЛИАРД шырқар

Айналдың шексіз мақтанға.

 Ғасырдың бұла

Қойнауларында сан қатпар,

Іздерің қалды...

(Мағынам менің мандаттар!)

ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛЫҢ,

ӨШПЕЙТІН МӘҢГІ ТАРИХ,

ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛЫҢ

ЖЕМІСІН ЖЕРДЕЙ САЛМАҚТАР...

 ЕРЕДІ ЕЛІМ,

БИІККЕ БІРГЕ САМҒАЙДЫ.

Ақиқат барда

Ақ жолдан арым танбайды.

Малмандай нұрға

Малынып мекен тұрғанда,

Сүмелек сұмдық

Аулаққа кетсін қам-қайғы.

 ПЛАНЕТАНЫҢ

БОЙЛЫҒЫ МЕНЕН ЕНДІГІН,

ҚОС ҚАНАТ ЕТІП

САМҒАДЫҢ, САМҒА, СЕН БҮГІН.

СЕН ҒАНА МЫНАУ

СЕКЕМШІЛ, СЕРГЕК ЗАМАНДА

САҚТАЙ АЛАСЫҢ

ҒАЛАМНЫҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІН...

Өз көзіме өзім сенбей, қайта оқыдым. «О заманда бұ заман әкесін арбаға байлап қойып сабағанды кім көрген?» депті ғой біреу әкесін сабап жатқан әумесерді көргенде. Анау-мынау емес «Егемен Қазақстандай» республикалық газетті аузы-мұрны қисаймай мазақ еткеніне жол болсын. Біреу болмаса біреу байқайды-ау деп секем алсашы сабаз. «Шіркінде ес болсайшы сезед деген» деп, дәл осы Керім сияқтыларды айтқан екен ғой қайран Абай атам. Керімнің көзсіз «ерлігін», жөнсіз «жомарттығын» «Егемендегі» әріптестер қайдан білсін? «МИЛЛИАРД ШЫРҚАР АЙНАЛДЫҢ ШЕКСІЗ МАҚТАНҒА» деген жеріне мәз болған. МИЛЛИАРД дегенді - қытай емес, қазақ деп ұққан ғой. Оның үстіне Керімнің «Егейім» деген сөзі құлағын едірейтіп, егемен деген сөзге сүйкеніп тұрса, қалай көңілденбесін. Бір кісідей қазақ тілін білем деп жүрген менің де «егейімді» түсінбей есім шықты. Егеменді еркелетіп «егейім» деп алып отырған шығар дейін десем, қытай коммунистік партиясына арнаған нұсқасында да «егейімі» еңіреп тұр. Шамасы бұл Керімнің өзі ойлап тапқан, екі жаққа бірдей еркін қызмет ететін сиқырлы сөзі болса керек. Жаңалық ашқыш Керім қулықтан да құраласқан емес. Қытай коммунистік партиясына арнаған нұсқадағы «мағынам менің мандаттар» деген жолды мына нұсқада жақшаға алып қойыпты. Онысы - қытайдан алған мандатына адалдығы болар. Әрі қарай

ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛЫҢ -

ӨШПЕЙТІН МӘҢГІ ТАРИХ...

ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛЫҢ -

ЖЕМІСІҢ ЖЕРДЕЙ САЛМАҚТАР -

деген тұсын оқығанда газет қызметкерлері одан сайын арқа-жарқа шаттанғанында шек жоқ. Шіркін, сонда олардың құлағына періште келіп:

 ЖИЫРМА БЕС МЫҢ ЛИ -

ӨШПЕЙТІН МӘҢГІ ТАРИХ.

ЖИЫРМА БЕС МЫҢ ЛИ -

ӨШПЕЙТІН МӘҢГІ ҚАН-ДАҚТАР! -

деген жолдарды сыбырлап, «жиырма бес мың ли» қытайша «жиырма бес мың шақырым» деген мағына береді. Бұл – Маоның революцияның ұзақ-сонар жорығында жүріп өткен жолы. Қытай коммунистік партиясына арнап, тебірене толғанған өлеңінің езуінен жырып, сендерге енші беріп отыр. Осыған да разы болыңдар. Қазақстандағы қалың ақыннан газет мерекесіне жібі түзу өлең жазатын бір ақын таппаған өздеріңнен көріңдер, ағайындар десе, қайтер еді? Керімге салсаң: «Әлемнің тепе-теңдігін сақтаушы МИЛЛИАРД қытайдан кейінгі «Егемен Қазақстан» газеті емей енді кім?» деп тағы да айды аспанға шығаратын түрі бар.

 СЕН ҒАНА МЫНАУ

СЕКЕМШІЛ СЕРГЕК ЗАМАНДА

САҚТАЙ АЛАСЫҢ

ӘЛЕМНІҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІН! -

түйірдей түйсік болсашы өзінде. «Әлемнің тепе-теңдігін «Егемен Қазақстан» газеті сақтап тұр дегенге жұрт сене қоятындай. Бірақ Керім одан сайын көпіртіп, «Ереді елім, биікке бірге самғайды!» деп, қытай коммунистік партиясына арнаған сөзін попугайша қайталап, сендіріп отырса, «Егемен Қазақстанға» одан артық не керек?!.

Мына сорақылықтан сескене отырып, енді «Қазақ елінің» 1997 жылғы 23 мамырдағы санын қолға алдым. Мүшәйрада бәйге алған өлеңдер жарияланыпты.

 МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ

О, жарық жалған! Сарнап тұр әне, 

Мойныңды сәл бұр,төр менде МИЛЛИОНДАРДЫҢ тілінде,

Егейім елім! Ақ алмас-арым

Жендеттерге енді жерленбе! Жарқылда тілім, ділімде.

Қақ жарып түнді, Ділімді бұзып,

Самұрық-жүрек сарнап тұр Тілімді кеспей, жерге енсін...

Кешегі шерлі Шығыста шырқап

Тілі бар тілсіз шерменде. Ақ жарық мәңгі күлімде!

Осы араға келгенде еріксіз күліп жібердім. Қанша парықсыз болса да өзінің мүлт басқанын аңғарған-ау шамасы. Әлде Қазақстан республикасы президенті атынан ай сайын алатын нәпақасы есіне түсті ме екен, «МИЛЛИАРДТАРДЫҢ ТІЛІНДЕ» дегенін «миллиондардың» деп Қазақстанға лайықтап ықшамдапты. Мұнысына да шүкір. Жалпы өлеңді жіліктеп талдасақ неше түрлі қойыртпақтың шығары хақ. Онымен оқырманның миын Керімше ашытуды жөн көрмедім. Қайтсін-ай, «ШЫҒЫСТА ШЫРҚАП, АҚ ЖАРЫҚ МӘҢГІ КҮЛІМДЕ!» деп қытай коммунистік партиясына берген ақ батасын Қазақстанның басына да сол қалпында айна-қатесіз үйіп-төге салыпты. Кім біліп жатыр? Керімге Қытайы не, Қазақстаны не? Екі есеп-бір қисап. Әйтеуір алда-жалда Қытай Халық республикасы мен Қазақстан республикасы Керімнің «керемет» өлеңіне таласып, екі ел арасына ірткі түсіп жүрмесе жарады. Ал, қызыл шеке болған екі мемлекет Керімнің алдына төрелікке жүгіне қалса, «көрмейсіңдер ме, басында кімге арналса, өлең соныкі, Қазақстанда менсіз де ақын толып жатыр. Аңқау Қазақстанды алдаусырата салғаным ғой» деп қытай көкелерінің құрығынан құтыла салуы оп-оңай. Құдай оның бетін ары қылсын.

«Егемен Қазақстанды» алдап соққан Керімге «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Қазақ елі» газетін қанжығасына бөктере салу сөз бе тәйірі? Өлеңнің атын тағы да өзгерткен де, ебін тауып, өрге шауып шыға келген. Пай, пай десейші, Қазақстан да қарық, Керім де қарық. Мүшәйраны ұйымдастырушы қауымдастық қызметкерлері де жаза басып, өлеңнің «Егемен Қазақстанға» жарияланған нұсқасын байқамай қалғаны қандай рахат болған. Керекеңнің асығы түгел. Сақасы алшысынан түсіп тұр. Қой, «Қазақстанға арнаған тебіреніске толы, жүрек жарды жырымды үзіп тастадың» деп Керім керіс шығармас үшін әрі қарай жалғастырайын:

Күлімде мәңгі! Рухың ұлы

Жау жасып жалт-жалт қарасын, Биікке бірге самғайды, 

Әніңмен асқақ Ақиқат барда

Жер-ана жазсын жарасын. Ақ жолдан арым танбайды.

Мерей тойыңда Малмандай нұрға

Мезгілдің күйі шертіліп, Малынып мекен тұрғанда

Ақиқат - аққау Сүмелек сұмдық

Ақ қанаттарын тарасын. Аулаққа кетсін қам-қайғы

Сілкініп жылдар, Аулаққа кетті

Бұлқынып жылдар аққанда, Кешегі жоқтық кемес-ті,

Арыңа сенің Кереметтерем

Арсыздар күйе жаққанда, кеңістікте ойың кеңесті.

Жексұрындардың Жұлдызы жанып,

Жөргегінде үнін өшіріп, Бақыты елдің бағының

МИЛЛИАРД шырқар Тектілерменен

Айналдың шексіз мақтанға. Терезелері теңесті.

 Ғасырдың бұла ПЛАНЕТАНЫҢ

Қойнауларында сан қатпар БОЙЛЫҒЫ МЕНЕН ЕНДІГІН

Ерлігің қалды. ҚОС ҚАНАТ ЕТІП

Мағынам менің мандаттар! САМҒАДЫҢ, САМҒА, СЕН БҮГІН!

Ізіңде жатыр 

Өшпейтін мәңгі тарих, СЕН ҒАНА МЫНАУ

Жүзіңде жатыр СЕКЕМШІЛ СЕРГЕК ЗАМАНДА

Кетпейтін мәңгі қан-дақтар... САҚТАЙ АЛАСЫҢ

ҒАЛАМНЫҢ ТЕПЕ-ТЕҢДІГІН...

Шіркін-ай, Керімнің айтқаны кеп, еліміз әлемнің тепе-теңдігін сақтап тұратын, таразыға айналса қандай ғажап болар еді, амал не, оған көңіл құрғыр сенбейді. Сенер едік-ау, Керімнің қытай сияқты алып мемлекетке бағыштап айтылған «алып» ойларының жойдаусыз тақымына Қазақстан қайдан тола қойсын? Әттеген-ай, деп өкіндім сонан соң қиялыма тағы-бір ой келе қап. Өлең арнаудың оңай жолын тапқан Керім оңтайлы бір сәтті қалай қолдан жіберіп алды екен? Астананың тұсаукесер тойы тұсында аты құбылып тұратын хамелеон өлеңін «Менің Астанам» деп және бір қайталап, періп жібергенде ғой, бұдан да қатып кететін еді?

Мәселе құбылып тұратын өлеңнің атында емес, азаматтың затында сай ғой. Апыр-ау деймін: «әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың» кері ғой мынау. Бүкіл бір дәуір алмасып, өзегі талып әрең жеткенде ата-мекенге, туған елге арнап жалғыз ауыз жаңа өлең жаза алмаса несіне қалам ұстап, ақын атанып жүр? Қытай коммунистік партиясына егіле, төгіле арнаған өлеңінің қытайы шапанын Қазақстанның иығына әкеп жаба салғаны қай сасқаны? Әлде Керім үшін Қазақстан, ата-жұрт деген қасиетті ұғымның құны көк тиын тұрмағаны ма? Жоқ олай емес. «Бақсақ бақа екен» дегендей Керімнің бақай қулығы арыда жатыр. Қытайы не, «Егемені» не, Қазақстаны не – бас-басына өлең арнап басын қатырып қайтеді.

Міне, екі мемлекетті, білдей бір газетті жалғыз өлеңмен-ақ жарылқап, сылқ-сылқ күліп кәмпитін сорып отыр. Бұл дегенің - екі қоянды бір оқпен атқан былай тұрсын, екі қоян, бір қырғауылды бір тартқанда-ақ топ еткізгенімен бірдей. Көрдің бе шикі сөзді Керімнің шиті мылтығының пәнменін?

Сонымен шабыттың шыңжаңдық көк шапанын киген Керім Елемес әдебиет ауылының тас төселмеген көшесінде қулықтың көтек арбасын сылдырлатып қашанға дейін шандата бермек? Мейлі шаңдатса шаңдата берсін деп, қолды бір-ақ сілдейін десең ауызды сөзі қыздырады. «Қазақ елінің» сол 1997 жылғы 23 мамырдағы санындағы «Бөрінің бөлтірігімін» деген екінші өлеңінің бір жерінде:

ҚЫРЫҚ МЫҢ ҚЫЛЫҒЫМДЫ КЕШІП ЕДІ, 

МЫҢҚ ЕТПЕЙ МИЛЛИАРД ТА МҰҢҒА БАТҚАН, -

деп, мүләйімсиді. Оу, Керім мырза, деймін теріме сыймай өз-өзімнен: «Қырық мың қылығыңды кешетіндей» қытайда сен не бүлдіріп едің? Өлеңіңнің басында «скиф те, үйсін де, сақ та - мен» дегенің орынды-ақ. Бөрі байрақты көкжал бабалардың бөлтірігі болуға әбден хақың бар. Мен бірдеңе түсінсем, сен бүкіл тарихты қозғап, халықтың атынан сөйлеп отырсың. Егер қазақ екенің рас болса?...Ал, сонда «МҰҢҒА БАТҚАН МИЛЛИАРД» деп сен мүсіркейтіндей қытай, қай заманда мүсәпір болып еді? «Қырық мың қылығын кешетіндей» қазақ қашан қытайдың тас ошағын шағып еді? Керісінше болған жоқ па? Арыға бармай-ақ өзің «аса құрмет тұтатын» әйгілі Таңжарық ақынды тыңдап көрейікші:


Бәрі қан Үрімжінің айналасы,

Ескі там, ұңғыл-шұңғыл сай-саласы.

Ішегін иттер тартып өлген жанның,

Домалап, қарға шоқып жатыр басы.


Келсеңдер Үрімжінің қаласына,

Көзің сал, қалтарыс сай-саласына

Ұмытпа өле-өлгенше осыны деп,

Балаңның тапсырып кет баласына!

Мұны қайда қоясың? Кереке, қытайдан келген жалғыз сен емес. Біз де қытайды көргенбіз. Кіндік қанымыз тамған туған топырақты, артта қалған туыстарды аңсап талай жүйке босатар жырлар жазғанбыз. Алайда, келіп алып, «МИЛЛИАРДҚА» қарап мөңіреген жеріміз жоқ.

Қайдам? Менің мұныма Керімнің мұртының қылы қисая қояр ма екен?

О,ЖАРЫҚ ЖАЛҒАН! МОЙНЫҢДЫ СӘЛ БҰР,ТӨР МЕНДЕ! -

деп, төс қаға, күңірене айғайлап тұр емес пе? Тап біреу талтайып отырған төрінен сүйреп апарып, босағаға байлап тастайтындай-ақ. Дегенмен Керімнің сөзінің қисыны да жоқ емес. Өйткені, адал өлең арнап Қытай мемлекетінің төрінен алған орны қашанда дайын, Қазақстанның төрі әуре боп жалған өлең арнамаса да келген қазаққа кең, тіпті қысылып бара жатса, «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясындағы бір орындық Керімдікі емей кімдікі?

Тек таза масқара болғанда бір күні сағынышының сауыны келіп, «МИЛЛИАРДҚА» қарай тұтқиылдан тапырақтай жөнелгенде Керім қасқа көк шапаны мен көтек арбасын ұмытып кетпесін деңіз!...

Несіпбек АЙТҰЛЫ

«Жұлдыз» журналынының 1999 жылғы №3 санынан алынды.

author

Несіпбек Айтұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...