Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев 1939 жылы 17 қыркүйекте Алматы облысы Іле ауданының ҚазЦИК ауылында дүние...
Эмиль Чоранның афоризмдері
***
Күншілдерді тұйыққа тіреу үшін көшеге балдақпен шығу қажет секілді. Достарымыз бен қастарымыздағы қандай да бір адамгершілікті тек біздің дәрменсіз күйіміз ғана оятпақ.
***
Жақыныңды жақсы көру – адам нанғысыз дүние. Бір вирусқа екінші бір вирусты жақсы көруін бұйыруға бола ма екен?
***
Ақын мен ойшылға бірдей тәсілді қолдану, менің ойымша, талғамның жетіспеушілігінен хабар береді. Философтардың әңгіме етуіне, қалам қозғауына болмайтын кейбір тұстар болады.
Өлеңнің жүйелілігін бұзу, кей-кейде кейбіреулердің философиялық жүйенің жүйелілігін бұзатындығы секілді – қылмыс, тіпті қасиетті дүниені қорлаушылық.
Бір қызығы: ақындар өздері туралы жұрттың сөздерін түсінбегенде ерекше қуанады. Оларды түсініксіз сөз алдандырады әрі құдды шені көтерілгендей жалғат үміт береді. Бұл әлсіздік ақындарды өздерін түсіндіруші адамдардың деңгейіне дейін төмен түсіріп тынады.
***
1937 жылдың көктемі. Трансильванияның Сибиу қаласындағы психиатриялық аурухананың бағында серуендеп жүргенімде, сол жердің "мекендеушілерінің" бірі жаныма жақындап келді. Біз бір-бірімізбен бірер сөз алмасқан соң, мен оған:
- Мына жер жақсы екен,-дедім.
-Енді ше! Нақұрыс болуға тұрарлықтай,-деп жауап берді ол.
- Бірақ бұл жер бәрібір өз алдына бөлек түрме ғой.
-Қажет десеңіз, иә. Бірақ мұнда қамсыз әрі жұмыссыз өмір сүресің. Оның үстіне, өзіңіз білетіндей, жуырда соғыс басталады. Ал, мұнда тыныш. Бізді әскер қатарына да алмайды әрі жындыханаға ешкім де бомба тастамайды. Сіздің орныңызда болсам, бірден осында келіп алар едім.
Абыржыған әрі таңғалған күйде жындыханадан шыға сала әлгі адам жайлы мәлімет жинауға тырыстым. Мені бәрі оның шынымен де жынды екеніне сендіргісі келді. Бұл шын ба, әлде өтірік пе, білмеймін, бірақ маған ешкім ешқашан бұдан артық қисынды кеңес берген емес.
***
Қызығушылықтары менің қызығушылықтарыма ұқсайтындардың бәрінен мен үнемі кемшілік табамын.
***
Өзі туралы қате ойлайтын, бар іс-әрекетінің түпкі себептерін жете түсінбейтін адам ғана шығармашылыққа бейім келеді. Өзіне-өзі түсініксіз болудан қалған туындыгер әлденені жасап шығарудан да қалады. Өзін-өзі тану әрекеті сайтанды түршіктіре түседі. Бұдан Сократтың ештеңе жазбағанының себебін іздеу керек.
***
Зұлымдық адамның тұлғалық қасиеттерін қиратып тынады, я болмаса шынықтыра, ширықтыра түседі. Адамға жұмақтан гөрі, тозақтың арқасында құтылу мүмкіндігі көбірек.
Шығыс Еуропаның әлдебір мемлекетінде әртіс құрбылар өмір сүреді. Біреуі Батысқа бет алып, бай әрі танымал болып шыға келеді, екіншісі жоқшылық пен дерексіздікте бос өмір сүріп үйінде қалады. Жарты ғасыр өткен соң жоқшылықтағы қыз саяхаттап жүріп өзінің жолы болғыш құрбысына сәлемдесе кетеді. «Ол бұрын менен бір бас жоғары еді, енді міне оның сіңірлері тартылып, мүгедек болып қалыпты». Әрі қарай айтылған тағы басқа да әңгімелер бар, бірақ сөзінің қорытындысы ретінде ол маған «Мен өлімнен қорықпаймын, мен көзім тіріде өлуден қорқамын» деді.
Кешігіп қайтқан кекті пәлсапалық пайымдаулармен бүркемелеуден асқан үздік тәсіл жоқ.
***
Егер адам өзінің қарғыс атқан жексұрын екендігін естен шығарып ала берсе, бұл оның мәңгілікке қарғыс атқан жексұрын екендігінің дәлелі.
***
Махаббаттың өзіндік ұлы әрі жеке дара сипаты сол, ол бақытсыздықтан айырып алғысыз бақыт жасап береді.
***
Жылдың кез-келген мезгілі – сынақ: табиғат бізге соққы беру үшін ғана алмасады, бізге соққы беру үшін ғана жаңарады.
***
Ақ қағазбен арпалыста мені қандай Ватерлоо күтіп тұр десеңізші!
***
Егер Уақыт жылжымайтын мүлік немесе меншікті игілік болған болса, өлім – тонаудың ең нашар формасы болған болар еді.
***
Әлем бізбен бірге жаратылып, бізбен бірге ажал құшады. Шын мәнінде біздің сана-сезіміміз ғана бар, ғалам дегеніңіздің өзі осы және дәл осы ғалам бізбен бірге ізім-ғайым жоғалмақ. Өлу арқылы біз соңымызға ештеңе қалдырмаймыз. Олай болса, әлдебір оқиғалар төңірегіндегі мұншама әурешіліктердің қажеті қанша?
***
Кітап шығарудың әлегі үйлену мен жерлеудің әуресімен бірдей.
***
Адал достар табудың жалғыз жолы – оларды сәтсіздіктерімен құттықтау.
***
Жан-дүниеңді қиратушы кітаптан кейін автордан гөрі, оқырманға өмір сүру қиынырақ.
***
Бақытсыздықты суреттеп жазу оны бастан кешіру секілді тым қарапайым болса ғой!
***
Құдаймен ымыраға келетін қаншама мүмкіндікті жіберіп алдық!
***
Әр таңның бізге өлудің жаңа себептерін әкелетіні қандай ғажап!
***
Өлу дегенің – жанр ауыстыру, жаңғыру.
***
Кандинский «сары түс – өмірдің түсі» дейді. Неге бұл түстің көзге жағымсыз екені енді түсінікті болды.
***
Әлдекім негізін салған дінді қабылдау қаншалықты ақылға сыяды?
***
Менің білімім менің қалауымның көзін құртып тынады.
***
Savram anityam, бәрі де өткінші (Будда)
Өміріңді таңғажайып тәуекелге тігіп тұрып, өзің жайлы сағат сайын қайталай бергің келетін сөйлем.
***
Адам елде емес, тілде өмір сүреді. Ел – бұл бар-жоғы тіл, басқа ештеңе де емес.
Қазақ тіліне аударған Еділбек Дүйсен