Ақмола облысы Қосшы қаласында прокурорлар салық қызметкері жасаған қаржылық алаяқтықты әшкерел...
«170 куәгерден жауап алынды»: Депутат Абзал Құспан Шерзат ісі бойынша Алматыға барды
коллаж: madeniportal.kz
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі депутат Абзал Құспан Талғарда болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады madeniportal.kz.
«Соңғы күндері Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қоғамда қызу талқылау жүріп жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты, көп жағдайда тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулерге назар аударылуда. Осыған байланысты әріптесім, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге орын алған оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына бардық. Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлымен, Облыстың Полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық. Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін», — деді халық қалаулысы.
Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам адам ұсталған. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
«Осы іс бойынша 170 астам куәгерлерден жауап алынып, 40 жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр. Сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде. Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз. Алғашқы нәтижелерге келсек, облыс прокуроры Берік Абызбайұлымен кездесу барысында тергеу амалдарының барынша заң аясында және тиянақты жүргізілуін талқыладық. Облыстық прокуратура бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, бізге уәде берді», — деді Абзал Құспан
Сондай-ақ ол алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттар туралы қоғаммен үнемі бөлісіп отыратынын айтты. Бұдан бөлек кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.