Осы орайда туралы Үкіметте Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеме жасады. ...
«АСТАНАФИЛЬМ» ҚҰРУ ҚОЛҒА АЛЫНАР БОЛСА...»
Жағымды жаңалық! Қымбат хабар! Қанатты қуаныш! Айтары жоқ, алақай-жақсылық! Көпке созылған, көп талқыға түскен кино туралы Заң да ақыры мәре сызығын аман-есен кеуделеп сызды! Қол қойылды! Мәдениетіміздің басие азаматы осы ақжолтай жаңалықты дереу жамиғатына шүйіншілеп жеткізіп-ақ жатыр. Алда тұрған айтулы міндеттер де мол-молынан тілге тиек етілуде. Кино индустриясын одан әрі жетілдіру, сапалық деңгейін көтеру, өнімді өзімізден асырып, әлемге шығару... жайы санамалап көрсетілуде. Бұл да дұрыс! Айтса еш артықтығы жоқ деп ойлаймыз. Біз бұл жазбаны не үшін шимайлап, қайталап сөз қосып отырмыз?
Ең бірінші еске саларлығы – тап осындай киноорталықтар көрші Ресей елінде «Мосфильм», «Ленфильм», т.б. болып жалғасып жатушы еді, ал бізде бір ғана «Қазақфильм»! Енді, Аллаға шүкір, «Астанафильм» жарық дүние есігін ашады. Жақсы ма? Әрине! Осы ретте екінші бір маңызды жағдай ілесе келіп, қайталап есік сығалайды. Қандай фильм түсіруіміз керек? Шетелдің жылма –жыл өткізіліп жататын сансыз көп өнер фестивальдерінде қайтсе де «ойқастап» озып шығып, марапат алуды ғана ойлап, ұлттық мүдде мен халықтық қасиеттерімізді екінші кезекке ысырып тастап отыратын айтары арзан, «жадағай» кинолар қаншалық қажет? Соның аяғы немен бітеді? Елімізге, елдігімізге не береді? Жастарымызға қаншалық деңгейде өнегесі бар?
Демек, біз енді жаңа киноорталық құру кезеңінде ұлттық маңызы зор, жас ұрпақты тәрбиелеуге оң ықпал ете алатын жақсы, маңызды, тәрбиелі, айтары айшықты, идеясы терең... киносценарийлерді де сарапқа салып, салмақтауға әбден тиіспіз. Ондай ауыз толтырып айта аларлық, өзінен-өзі сұранып тұрған дайын киносценарийлер бар ма? Жоқ болса, оны кімдер жазады? Жазуға қақысы бар қаламгерлер көп пе, аз ба? Жалпы, бұл қазақ киноға ылайық көркем туынды жазуды қаншалық меңгерген? Осының бәрін тәптіштеп жазып отырған себебіміз – сөз жоқ, жақсы фильм жақсы сценарийге барынша тәуелді екенін шегелеп жеткізу-ді! Ендеше, ендігі күн тәртібінен түспейтін бір мәселе – осы киносценарий жайы болып қала бермек!!!
Жолтай Әлмашұлы