Virtuosos жобасы жеңімпаздарының Гала-концерті Сингапурда үшінші рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды...
Павлодардаа бокстан Қазақстан чемпионаты басталды
Павлодар қаласында бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.
Спортты дамыту дирекциясы таратқан мәліметке сәйкес, әр өңірден келген таңдаулы 216 былғары қолғап шебері 9 желтоқсанға дейін сынға түспек.
Тарихқа үңілер болсақ, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионаты осы облыстағы Екібастұз қаласында 1993 жылы ұйымдастырылған. Ал 2016 жылы Кереку өңірі еліміздегі басты бәсекені 2-мәрте қабылдады. Арада көп уақыт өтпей шаршы алаң шеберлері мұнда қайта жиналды.
Жалпы Павлодардың бокстан ірі жарыстарды өткізудегі тәжірибесі жеткілікті. Мәселен, 2016 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатын атауға болады. Бұдан бөлек, жыл сайын Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев пен Рафаэль Вахитовтың жүлдесіне арналған республикалық турнир бар. Сондай-ақ Абай Татиевті еске алу жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен мықты боксшыларды жинайды.
Алдағы күндері республикалық маңызы бар 3 қала мен барлық 17 облыстың командасы күш сынасады: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, БҚО, Жамбыл, Жетісу, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, СҚО, Түркістан, Ұлытау және Астана, Алматы мен Шымкент.
IBA ережесі бойынша 13 салмақтың (48, 51, 54, 57, 60, 63,5, 67, 71, 75,80, 86, 92, +92 кг) чемпионы мен жүлдегерлері белгілі болады. Чемпионатқа 2004 жылға дейін дүниеге келген спортшылар қатысады.
Жекпе-жектерде 20-ға жуық төреші қызмет етеді. Қазылар алқасының төрағасы, халықаралық дәрежедегі төреші – Қайрат Жаманқұлов.
Жанкүйерлерге кіру тегін.