Олег ЕРМЕКОВ: «Еліңе пайда тигізу үшін жат жерде жүру де керек!»Қазақтың тұңғыш математи...
СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙ. АБЫРОЙ ЗАҢЫ
Сөз төркіні
Қазақ тіліндегі (танымындағы) қадірлі ұғымдардың бірі — "абырой" сөзі. Мағыналық тұрғыдан алғанда ар-ұят, бедел, құрмет, қадір-қасиет деген ұғымдарды қамтитын бұл сөз философияда моральдық ұғым, этикалық категория тұрғысында қарастырылып "адам бойындағы ең асыл құндылықтардың бірі, кісілік, адамгершілік тірегі" деген мағынаға ие болады. Міне, бұрыннан да қазақ философтарының назарынан тыс қалып қоймаған осы сөздің мән-мағыналық болмысы мен сөздік төркінін жаңа мифологиялық ізденістер аясында қайтадан бір бағамдап өткеннің артықшылығы болмас деп есептейміз.
Әуелі сөз төркініне қатысты айтылып жүрген қисындарды қысқаша атап өтер болсақ, "абырой" сөзін араб тілінен шығаруға деген бейімділік бар, яғни бұл сөздің арабтың "аб" — "су" және "руй" — "жүз (бет)" деген сөздерінен құралғандығы, жалпы алғанда "беттің суы", яғни, "ар-ұят", "қадір-қасиет" дегенді білдіретіндігі айтылып-жазылып жүр41. Дегенмен, келтіріліп отырған қисынның дәйектілігіне ден қоя тұрсақ та, "су" мағыналы "аб" сөзінің "арабтікі" емес, "парсынікі" болып табылатындығын білгендіктен, мұндай этимологияның араб тілі маманының тарапынан жіберілген әлдебір шалағайлықтан туындап отырғандығын да топшылауға болады.
Ал, түркі тілінің төл сөздік қорының мүмкіндіктері осы сөзді мүлде басқаша түрде этимологизациялауға жол ашады. Бұл жерде тек аталмыш сөз ғана емес, оның мағыналық тұрпатынан туындайтын кескін символы да, символдың мифологиялық астары да көптеген қисындар жасауға жол ашады; олардың барлығын бірдей атап көрсету, тәптіштеп түсіндіру алдын-ала, өз алдына кең көлемді еңбек болуы тиісті, тірек боларлық дәйектемелерді ұсынуды қажет етер еді, бұған шағын мақаланың көлемі де, кейбір шешуші мәселелердің әлі де болса толық даяр еместігі де мүмкіндік бермейді, сондықтан да, "абырой" сөзінің бір ғана этимологиясы мен соған байланысты туындайтын пайымдарды ғана көрсеткенді жөн деп есептейміз.
"Абырой" сөзінің негізі болып табылатын "абыр-" компонентінің мағынасы "айналу", "шеңбер жасап айналу" дегенді білдіреді деп шамалаймыз. Осындай тұспалдауға мүмкіндік беретін бірқатар қисындары бар.
Біріншіден, қазақ тіліндегі туынды, екінті (вторичный) мағыналарға ие болған "абыр-дабыр" (суета), "абыр-жұбыр" (быстро, проворно), "абыр-сабыр" (возня, суета, суматоха, сутолока, толкотня, шум) деген қосарлама сөздеріндегі "абыр" сөзінің о бастағы мағынасы "шеңбер бойымен (айналып, тізбектеліп, шұбатылып) жүру" дегенді білдірген деп шамалаймыз, өйткені, көрсетілген туынды мағыналардың барлығының да о бастағы әлдебір ұжымдық (ғұрыптық-жоралғылық) әрекеттің сыртқы көрінісінен (жалпы тұрпаты шеңбер пішінін еске түсіретін іс-әрекеттен) туындағаны көрініп тұр. Осындай екінті мағынаға "абыржу" (беспокоиться, будоражиться, волноваться, растеряться, суетиться) сөзі де ие; бұл сөздің алдыңғы (көне) нұсқасы "абырыш" < "абырығ" (айнала қозғалу) түрінде болған.
Екіншіден, көне түркі тілінде "әбірү/ебірү" ("Тоңыкөк жазуы", 8 ғасыр) сөзі "обойдя, обходя" деп аударылады42. "Ебре/әбрә " сөздері телеуіт, шор түркілерінің тілінде де сақталған, бұл сөздер де "айналып өту" (обойдя, обходя), "шеңберлей", "айнала" (кругом, вокруг) дегенді білдіреді43.
Үшіншіден, осы қатарға орыс (славян) тілдеріндегі "обр-/ обор-" ілкі түбірін жатқызуға болады, өйткені, орыс тілінен бізге "обращение", "обратить", "обратно", "оборот", "образ", т.б. сөздер арқылы белгілі болып отырған осы сөздің о баста (жалпы славяндық лингвогенез кезінде) түркі (дей-түркі) тілінен ауысқандығын шамалай аламыз; бұл сөздің де мағынасы — "айналу, шеңбер жасау".
Міне, осындай үш деңгейлі мағына іздеу нәтижесінде "абырой" сөзінің қандай мағыналы әрекетке байланысты болғандығына көз жеткізуге болады. Осыны жақсырақ түсіну үшін "айналу жоралғысы" (ритуал обхода) жөнінде әңгімелеуге тура келеді.
Айналу жоралғысы
Жекелеген ғұрыптардағы осындай жоралғы жөнінде Ә. Ғалиев, Н. Шаханова сияқты зерттеушілердің жекелеген мақалаларында сөз болады (басқа авторлардың еңбектерінде де бар шығар, біз тек өзімізге таныс болғандарын ғана айтып отырмыз). "Айналу жоралғысын", әдетте, "шекаралық, өтпектік" (переходный цикл) ғұрыптың элементі деп те атай береді. "Шекаралық (өтпектік) қал-жағдай қандай да бір әрекетті аяқтауды (бітіруді) қажет етеді, айналу жоралғысы осы бітуді (аяқтауды) символдайды. Бұл — космизация акты, мұнда жинау, яғни, Хаосқа қарама-қарсы және Үйлесімге (Гармония) сәйкес (үндес), дәлірек айтқанда — Үйлесімді жарату әрекеті көрсетіледі. Ғаламды қайта құрастыруды (жаратуды), реактуализациялауды мақсат еткен рәсімдерден айқын көрінеді".44
"Айналу жоралғысы" көптеген ғұрыптардың (обряды) міндетті элементтерінің бірі болып табылады. Ғаламның жаратылуы да "айналу әрекеті" бойынша жүзеге асады, бірақ, бұл жерде жаралудың қандай жолмен, қалайша және ненің нені айналатындығы туралы тәптіштеп жатпай-ақ, кейінгі адамның іс-әрекетіне үлгі (модель, эталон) болып табылатындығын ғана атап көрсеткіміз келеді, өйткені, келтіріліп отырған бір қисынды жоралғылық сценарийлер, іс жүзінде, осындай ілкі әрекеттің дербес символдық мән-мағынаға ие болған үлгісін қайталау болып табылады. Айналу жоралғысы — космогонияны қайталау, реактуалдау. Яғни, бұл әрекеттен біз, М.Элиаденің терминологаясымен түстеп берер болсақ, "бастауларға қайтып оралу" идеясын көріп отырмыз, өйткені, "тек қана қандай да болмасын нәрсенің ең алғашқы пайда болуы ғана маңызды, оның кейінгі пайда болулары осындай маңызға ие бола алмайды ". Айналу жоралғысы кезінде бастапқы үлгілік (модельдік) оқиға қайтадан актуалданады (реактуалданады), қайта өрбітіледі.
Бірақ, айналу идеясы осылармен шектеліп қалмайды, өйткені айналудың геометриялық символикасындағы (шеңбердегі) негізгі элементтерінің мән-жайы ашылмай қалған; осы элементтерді атап көрсете отырып, жекелеген ғұрыптық, басқа да этнографиялық мысалдар арқылы олардың жұмыс істеу принциптерін көрсетеміз, өйткені, осы жоралғыға (ритуалға) қатысты басқа да мәселелерді айтпай-ақ қойғанның өзінде де, біз "абырой" сөзінің "айналмалық" мағынасын жақсылап түсіндіретін боламыз.
Мына схемаға көз салып көрелік:
Бұл кескіндемеде шеңбер мен оның кіндігі ("К" нүктесі), және шеңбер сызығының бойында орналасқан әлдебір "өтпектік" (шекаралық, переходный) нүкте ("М" нүктесі) бар. Міне, осындағы шеңбер сызығы "айналу жоралғысының" жүріп өту (қозғалу) жолын символдайды. Бұл жерде, әзірше, осындай жоралғылық қозғалыстың бағыты (сағат тіліне қарсы, не бағыттас), жылдамдығы (уақыттық мөлшері), айналу саны (қанша рет айналым жасалғандығы) біз үшін маңызды емес. Бастысы — шеңбер бойымен қозғалған жоралғылық рәсімнің (ритуальная церемония) "М" нүктесінен шығып, сол "М" нүктесіне қайтып оралып, одан өткенде әлдебір сапалық-қасиеттік, сандық, мәртебелік-дәрежелік, т.б. өзгеруді символдайтындығы; яғни, бір айналым шеңберін жасап келіп, осы нүктеден өткенде айналушы жаңа сапа мен қасиетке, дәрежеге, т.б. ие болады. Зерттеушілер осы әрекетке және осы ("М") нүктеге ғана көңіл бөліп, өздерінің жекелеген тақырыптардағы пайым-тұжырымдарын осыларға ғана сүйене отырып жасап жүр. Сонда, ұмыт қалғаны, ескерілмей қалғаны қайсысы?
Осы жоралғылық сценарийдегі "өтпектік-шекаралық қал-жағдайдың" ең қарапайым символы нүкте болатындығын ескерер болсақ, осы "нүктеге" қатысты назар аударуға тұрарлық тағы бір мезет — нүктенің екеу екендігі. Яғни, кіндік нүкте мен шеңбер (қозғалу, әрекет жасау маршрутының бойындағы) межелік нүкте. Осындай екі нүктенің болуы, дәлірек айтқанда, болғандығының анықталуы — қазақ (түркі) дүниетанымы үшін аса маңызды. Р. Генон индуистік, авесталық (ирандық), ассириялық дәстүрлердегі "ғалам ағашы" жөнінде әңгімелей отырып, "екі ағаш" жөнінде сөз қозғайды, яғни, солардың ішінде авесталық дәстүрде "аспандық (ұжмақтық)" ағаш пен оның жердегі "орынбасар"-ағашы деген келтірім бар: "одного небесного (или скорее "райского... ") и другого земного, второе выступает как "заместитель" первого для человечества, удаленного от "изначального местопребывания ", как опосредованное созерцание образа есть "заместитель" непосредственного видения реальности"55. Біздің екі нүктеміз де сондай: біреуі (кіндік-нүкте) — "ілкі бастау, көрілмес", екіншісі (меже-нүкте) — оның адамдарға (бұ дүниеге) көрінетін "орынбасары", болымды (реалды) ақиқаттың нысаны. Міне, аталған нақты ғұрыптық материалдарды зерттеу кезінде ескерілмей, "көрілмей" қалғаны да осы нүктелердің біреуі, дәлірек айтқанда, — көрілмес "кіндік нүктесі" мен осы нүктенің "М" нүктесімен өзара қарым-қатынасы болып отыр.
Айналу жоралғысындағы басты идея да осы кіндік-нүктеге барып тіреледі, өйткені, айналушы, шеңбер бойындағы "М" нүктесін басып өткен сайын, сол нүктенің өзі тудырып тұрған қасиет пен сапаны, мәртебені иемденіп қоймайды, ол о баста кіндік ("К") нүктенің жасампаздығын, жасап, белгілеп берген шарттарын қайталайды, соның қасиеті мен дәрежесін иемденеді.
Бұл жерде кезінде P. Генонның тарапынан қарастырылған, кіндік пен шеңбер символизмі арқылы жақсы түсіндіріле алатын "көрілмес" (непроявленность) және "көресін" (проявленность) ұғымдары немесе "кіндік идеясы" жөнінде әңгімелеуге тура келеді. "Центр есть, прежде всего, начало, исходная точка всех вещей, точка первопричины, без формы и размеров, стало быть, неделимая, а следовательно, единственно возможное изображение изначально Единого. От него, через его проявление, произошло все остальное... ". Біздің"Абыройымыздың" орны да — осы кіндік нүкте, принцип, яғни, "центральная точка и есть Принцип, чистое Бытие, а пространство, которое оно наполняет своим излучением и которое существует лишь в силу этого излучения — это мир..." Кіндік нүкте — Принцип (Абырой) белгісі болса, шеңбер — Дүниенің (Ғаламның) символы. Кіндік пен шеңбердің ара-қатынасын былайша сипаттауға болады: кіндік шеңберсіз-ақ өмір сүре береді, ал кіндігі болмаса шеңбер де бола алмайды66.
Межелік ("М") нүкте, метафизикалық таным иерархиясында кіндік ("К") нүктеге бағынышты болып орналасады, өйткені, кіндік нүкте — принцип ретінде нұрдың қайнар-көзі (көрілмесі) болса, межелік нүкте — бар болғаны сол нұрдың шапағы, көрінер "қақпасы" (көресіні), эманациясы болып шығады. Енді осыларды жеке мысалдар арқылы нақтылап көрелік. "Айналу жоралғысы" бар "шекаралық" ғұрыптар (және мифтер) мыналар:
1. Жерлеу және ас беру ғұрпындағы "айналу жоралғысы".
2. Үйлену (некелесу) ғұрпындағы "айналу жоралғысы".
3. Зиярат ету (әулие басына түнеу) ғұрпындағы "айналу жоралғысы".
4. Хан сайлау ғұрпындағы "айналу жоралғысы".
5. Бақсылыққа бағыштау ғұрпындағы "айналу жоралғысы".
6. Күнтізбелік (мүшелдік) "айналу".
7. Күн жайлату ғұрпындағы "айналдыру жоралғысы".
8. Емдеу (бақсылық) магияға қатысты "айналайын" жоралғысы.
Осы тізімді нақты мысалдар арқылы әспеттеп, әрқайсысындағы "айналу ырымын" жеке элементтер мен мотивтер бойынша талдай отырып, нәтижесінде барлығына да ортақ архетиптік "айналу идеясын" реконструкциялауға болады.
Жерлеу және ас беру ғұрпындағы "айналу жоралғысы"
Ш. Уәлихановтың қалдырған мәліметіне қарағанда, 19 ғасырдың қазақтарында өлікті үйден шығарған кезде оның мәйітінің үстінен үйдің үп-мүлкі (үп — утварь) мен тамақты айналдыру ырымы жасалатын болған екен77. Маңғыстау қазақтарының арасында 20 ғасырдың басында болған неміс саяхатшысы Р. Карутц оларда өлікті үйден шығарған кезде дорбаға салынған нан мен етті өліктің басынан айналдырып алып, артынан сол тамақтан үй адамдарының ауыз тиетіндігі жөнінде жазып қалдырыпты88. Осы ырым бүгінде де бар, тек мұнда ет пен нанның орнына бір қорап шай өліктің басынан айналдырылып алып қалынады (Т. Қондыбаеваның мәліметі). Үйден мола әкетіліп бара жатқан өліктің басынан (денесінен) қандай да бір тамақты айналдырып алып қалып, артынан осы тамақты жеу қажеттілігі жөніндегі келтірім Сібірдің түркі тілді халықтарында (мәселен, хақастарда, тувалықтарда) да болған99. Ал, 20 ғасырдың 50 жылдарының аяғына дейін Красноводскіде (Шағадам, Түрікменстан) тұрған анам Тәрбие Қондыбаева сол жақтағы түрікпендердің өлікті жерлеу ғұрпында үйден шығарылған өлікті адамдардың айналып өткендігін көзімен көргенін айтып берді; іс жүзінде бұл да — айналу ырымының бір нұсқасы. Ас беру ғұрпындағы айналу ырымының нақты этнографиялық мысалдары жоқ, тек шор түркілерінің тіліндегі "ас беру" (поминка) деген сөздің шор және телеуіт тілдеріндегі "айналу" дегенді білдіретін "әбрә/ебре" сөзінен шыққан "әбрәт", "ебірік" деген атаулармен берілуіне қарап, о бастағы ас беру кезінде де ас беріліп отырған өлген адамның моласын айналу жоралғысының болғандығын тұспалдауға болады1010. Н. Шаханова бұл жоралғының мәнін былайша қорытындылапты: "В данном случае круговые, обводящие движения каким-либо видом пищи вокруг головы или туловища умершего совершались, очевидно, с целью перенести с покойника на пищу какие-то положительные свойства. В пользу этого предположения говорит то, что пища затем съедалась членами семьи умершего, в том числе и детьми1111. Осыны символ-кескін арқылы көрсетер болсақ:
Яғни, өлген адам кіндік нүктеде орналасып, тірі адам оны айналғанда немесе кейбір мүлік пен асты өліктің басынан айналдырғанда, кіндік нүктенің "несібесі" межелік (шеңбер бойындағы) нүкте арқылы беріледі. Бұл жердегі түпкі қайнар-көз — кіндік нүкте болса, межелік нүкте осы қайнар-көздің (өлгеннің "рухының") белгілі бір қасиетін жеткізіп беруші аралық буын рөлін атқарып тұр. Міне, зерттеушілер осы межелік ("М") нүктеге ғана көңіл бөлген де, негізгі, бүкіл жоралғының өзегі болған кіндік ("К") нүкте ескерусіз қалған.
Үйлену (некелесу) ғұрпындағы "айналу жоралғысы"
Дәл осындай ырым қазақтың (басқа да түркі, моңғол халықтарының) үйлену (қыз ұзату) ғұрпында да бар. "Қалыңдықтың, күйеудің еліне аттанар алдында, басынан ас-тамақтың қандай да бір түрін айналдырып алып қалу жоралғысы, сірә, отбасыдан, ауылдан кетіп бара жатқан адамның әлдебір жақсы бастауын көшіріп алып, ұстап қалу идеясына ие.
Көне, XIX ғасырдағы деректердің бірінде семейлік қазақтардағы осындай ғұрып көрсетіліпті: "Қалындықты аттандырар күні, отбасы мүшелерінің бірі "үйдің бақыты қызбен бірге кетіп қалмасы үшін", түйіншекке оралған етті немесе басқа бір тағамды қалыңдықтың басынан екі-үш рет айналдырып алып қалады". Осындай деректі келтіріп отырған зерттеуші "үй бақыты, ырзығы" дегеннің кейінгі түсінік екендігін, бұл жерде, осы жоралғының идеялық негізін "өмірлік күш", "өмір әлеуеті (потенция)" сияқты архаикалық мән-мағына құрағандығын топшылайды. "По-видимому, круг идей, связанных у казахов с представлением о "счастье дома ", которое может унести с собой умерший или уходящая в другой род невеста, также соотносится с семантическим комплексом идеологем "плодородие ", "изобилие ", "размножение " и т.д, который широко известен у тюркских (құт) и иранских (фарн) народов"1212.
Осы жоралғыны да алдыңғы мысалдағыдай кескіндеп көрсетуге болады. Бұл жағдайда да, кетіп бара жатқан қыздан алып қалынатын "отбасылық бақ-ырзық" кіндік нүктемен байланысты болып шығады; осы нүктені айналу барысында, шеңбер бойындағы межелік ("М") нүктенің делдалдығы арқылы кіндік нүктеден, яғни абыройдан, принциптен, құттан, нұрдан сыбаға-үлес алынады.
Зиярат ету (әулие басына түнеу) ғұрпындағы "айналу жоралғысы"
М. Сенбі Бабырдың жазбаларындағы оның Дели (Үндістан) маңындағы Шейх-Низам-әулие мен Қожа Құтпы-ад-диннің мазарларын айналу жоралғысын (айналмақ) жасағандығы жөніндегі мәлімет келтіре отырып, мұндағы ғұрыптың мән-мағынасын былайша түсіндіреді: "Осындай айналудың мәні жай ғана әулиеге деген құрметін білдіру емес (бұл — ғұрып семантикасының екінті (вторичный) қабаты), өмірден өткен даңқты әулиелердің батасын алып, шапағатын иелену тілек-пейілінде жатыр"1313. Бұл жерде де айналмақты кескіндеп көрсетуге болады: кіндік нүкте — әулиенің мазары, әулиенің қадір-қасиеті, батасы, межелік нүкте - осы қадір-қасиет пен батаны алуды мүмкін ететін сыртқы, аралық инстанция. Межелік-нүктеден өту барысында айналушы сол нүктенің қадір-қасиетін (шапағатын) алмайды, өйткені, бұл нүкте — бар болғаны кіндік нүктенің эманациясы, сыртқы көресіні ғана; ол өз қасиетін емес, кіндік нүктенің қасиетін уақытша түрде ғана айналушыға беруге мүмкіндік беретін инстация ғана.
Хан сайлау ғұрпындағы "айналу жоралғысы"
Өте ежелгі заманда пайда болып, ең ақырғысы XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін сақталған "хан сайлау" ғұрпының бір жоралғылық элементінің "ақ киізге отырғызылған (хандық мәртебеден) үміткерді" күн бағытымен айналдыру болғандығын білеміз. Осы жоралғыда да шеңбер мен кіндік-нүкте идеясы бар. Яғни, "айналдыру" процесі кезінде хан тағынан үміткер тек айналу шеңберінің бойындағы белгілі бір межеден ("М" нүктеден) өткенде ғана хандық мәртебеге ие болады.
Шеңбер бойымен үш (жеті, тоғыз) рет айналып, межелік ("М") нүктеден үш (жеті, тоғыз) рет өткенде үміткер хандық мәртебеге ие болады. Бірақ, бұл мәртебе нақты мәңгі уақыт тұрғысынан алғанда уақытша нәрсе, өйткені, меже нүкте оған өз мәртебесін (инвеститурасын) беріп отырған жоқ, бар болғаны кіндік нүктеге тиесілі "мәңгі хан/билеуші", "билеушілік бастау", "барлық өткен, келер, осы билеушілердің жиынтығы", "бір мезгілдегі өткен, келер және осы хандардың тоғысуы" түсініктердің сарқытын уақытша (тарихи уақыт бойында) ғана иемденуге мүмкіндік беріп отыр. Меже нүктеден өткен үміткер осы "мәңгі ханның" мәртебесін уақытша ғана иемденеді, оның уақытша көбі (ипостась) болып шығады.
Бақсылыққа бағыштау ғұрпындағы "айналу жоралғысы"
Бақсылыққа бағыштау (бағышталу)1414ғұрпы да іс жүзінде "хан сайлау" ғұрпын қайталайды. Мәселен, буряттардағы бақсылық бағыштау ғұрпы былайша суреттеледі: В день совершения обряда посвящения народ собирается к назначенному месту, где садят в землю девять берез по три в ряд и украшают их шкурами девяти разных животных. Готовящийся сидит на войлоке перед березами; старый шаман несколько раз поливает ему голову холодным тарасуном, а товарищи хлещут его по голове ветвями до тех пор, пока он не задрожит. ...Тогда поднимают его на войлоке к березам и он, уцепившись за ветви (ср. со "выскакиванием на березу" у древне-тюркских правителей. — прим. автора статьи), окружает каждую березу три раза..."1515. Мұнда да бақсылыққа бағышталушы үміткер айналу процесі кезінде бір межені ("М" нүктені) үш рет басып өткенде ғана бақсы бола алады. Ол да "мәңгі бақсының", "бақсылық бастаудың", "барлық өткен, келер, осы бақсылардың жиынтығына" уақытша ғана ие болады. Тек бұл ғұрыпта "К" (кіндік) нүкте рөліне қайың ағашы ие болып тұр (тоғыз қайың — іс жүзінде бір қайың), мұның өзі кіндіктің символикасының нақтылануына қатысты кейінгі зерттеулерімізге қажетті егжетей (деталь) болып табылады. Іс жүзінде үш-үштен қатарластырылған тоғыз қайың мен оларға ілінген тоғыз тағының терісі бір айналымның тоғыз бөлігі немесе тоғыз сатысы болып саналады. Яғни, әр айналым жасаған сайын, бақсы меже-нүктеден өте отырып бір тағының кейпіне ие болады, осы қисын бойынша ілкі қайың бір мезгілде тоғыз кейіпті болуы тиіс. Осындай сандық символиканы алдыңғы мысалдардағы "хан сайлау" ғұрпы мен "мүшел" есебіне де қатысты болар деп тұспалдауға болады.
Күнтізбелік (мүшелдік) "айналу"
Жылдық, мүшелдік күнтізбелік есептеулер де шеңбер бойымен қозғалуға негізделген; яғни, белгілі бір уақыт тұтастығы шеңбер ретінде қабылданады да, осы шеңбер тиісінше тең бөліктерге (айларға, жылдарға) бөлінеді. Міне, осы шеңберлі жолдың бойындағы меже-нүктені ("М" нүктені) "жаңа ай" немесе "жаңа жыл" қақпасы, фиксаторы ("тіркегіші") деп атауға болады. Осы межелік нүктеден өткенде жаңа ай немесе жаңа жыл туады, яғни, бірінің соңынан бірі тізбектелген айлар мен жылдар белгілі бір уақыт кесігінде (айлық немесе жылдық мерзімге) жаңа, уақытша, бірақ қайталанып келіп отыратын мәртебеге ие болады. "Космос в представлении древних был "развернут " из единой точки в пространстве-времени. Такая точка во времени известна — это Новый год. Любой Новый год — это возобновление времени с его начала. В конце года и в преддверии Нового года повторяется мифическое мгновение перехода от Хаоса к сотворению мира"1616. Мұнда да бірегей нүкте ретінде айналу шеңберінің бойындағы межелік ("М") нүкте алынған да, кіндік нүкте ескерілмей қалған. Кез келген уақыттық-күнтізбелік цикл (ай, жыл, мүшел) — ілкі модельді — ілкі, о бастағы үлгі болған циклді қайталап отырушы ғана; яғни, нақты айналым соңына қарай ескіріп, межеден өткенде қайтадан жаңарып отыратын цикл бар болғаны бастапқы Уақыттың үлгісін қайталап қана отырады. Кіндік нүктеде "уақыт бастауы", "барлық өткен, келер, осы уақыттардың жиынтығы", "уақыт тудырушы", "бір мезгілдегі өткен, келер және осы уақыттың тоғысы", "мәңгі жыл", "мәңгі ай", "мәңгі мүшел" деп атай беруге болатын ілкі Уақыт орналасады. Межелік нүкте — осы Уақыттың үлгісін уақытша беруші инстанция ғана. Сондықтан да, меже нүктеден өткен нақты "атаулы" уақыт белгілі бір мерзімге осы "ілкі уақыттың" мәртебесіне, кейпіне ие бола алады. Мәселен, меже нүктеден өткен "тышқан" жылы жаңа жылдық немесе мүшелдік жылдық мәртебеге, ең бастысы "мәңгі мүшел жылының кезекшілік" мәртебесіне ие болады. Келесі кезек — сиырдікі, одан соң — барыстікі, осылайша 12 мүшелдік жыл, кезек-кезек "мәңгі мүшелдің" мәртебесін иемденіп, бір жылдық мерзімге "мүшелдік жылдық уақыттың төрағасы" қызметін атқарады.
Күн жайлату ғұрпындағы "айналдыру жоралғысы"
Жаңбыр жаудыру (кең мағынасында — ауа райын өзгерту) мақсатында "күн жайлатқан" кезде жай тасын ("йада ташты") бастан асыра айналдырады немесе бір дұғаны әлденеше рет (40-41 рет) қайталайды, мұндағы "дұға қайталау" дегеннің өзі де іс жүзінде "айналдыру", "шеңбер бойымен жүру" дегенге сай келетіндігін ескерер болсақ, осы жоралғыдан да "шеңбер мен кіндік нүкте" символикасының бар екендігін көрер едік. Айналдырылған "жай тасы" немесе қайталанған "сөз" ("дұға") меже-нүктеден өткен сайын жаңа сапаға ие бола бастайды, қажетті айналу немесе айтылу мөлшері орындалған кезде "жаңбыр жауады". Бұл жоралғының астарында да екі нүкте, яғни, екі тас бар. Біріншісі — реалды жай тасы болса, екіншісі — айтылмайтын, бірақ ойда болатын "мәңгі жай тасы" — ылғалдылықтың (құттың, нұрдың) қайнар-көзі. Олар тиісінше межелік нүкте мен кіндік нүктеге сәйкес келеді: жай тасын бастан асыра айналдыру кезінде айналу шеңберінің межелік нүктесінен өткен сайын әлдебір сапалық өзгеріс болып отырады, жай тасы кіндік нүктедегі "мәңгі жай тасының" функциялары мен қасиеттеріне ие бола бастайды. Айналу шарты (40-41 рет айналдыру немесе "құпия формуланы" (дұғаны) қайталау) орындалған кезде реалды жай тасы "мәңгі жай тасының" кебін уақытша иемденеді де, жаңбыр жауғызады (ауа-райын өзгертеді).
Емдеу (бақсылық) магияға қатысты "айналайын" ырымы
Түркілік бақсылық дәстүрде сырқат адамды емшінің (бақсының) айналу жоралғысы бар, осы жоралғының мәні адамға қонған "ауруды" басқа бір нәрсеге "көшіру" (ауыстыру) дегенге саяды. Бақсы (адам) сырқатты айналу арқылы оның ауруын өзіне алады. Сондықтан да, қазақта "үйді немесе адамды айналып жүруге болмайды" деген ырым бар, осылай істеген жағдайда үй ішіндегі басқа бір адамның немесе нақты бір адамның бойындағы сырқаттар үйді немесе адамды айналған адамға ауып кетуі мүмкін. Тек, өзінің ұрпағын жақсы көрген адам ғана, егер, сол ұрпағы ауру болған жағдайда, оны аурудан айықтыру, не болмаса ең құрығанда ауруын азайту, жеңілдету мақсатында оны айнала жүгіріп, ұрпағының бойындағы ауруын өзіне алатын болған. Бұл — өз ұрпағын аман сақтау үшін жасалатын ерікті құрбандық, "айналайын"деген сөздің мән-мағынасы да "сен үшін құрбан болуға дайынмын" дегенді білдіретін жанкештіліктің (жанпидалықтың) ұраны. Құдіретті (бетер-текті) күшке ие бақсылар да ауруды осылайша емдейтін болған; бір жағынан, оның құдіреті өзі қабылдаған бөгденің сырқатын бейтараптандыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, емшілік жасау — оның адамгершілік борышы болған. Міне, осы айналуды абақ (кіндік нүктелі шеңбер) таңба арқылы кескіндеп көрсетер болсақ, шеңбер бойындағы межелік М-нүктесі — "ауру орны", кіндік К-нүктесі — "ауруды көшіру орны" болып шығады, негізгі идея — ауруды К-нүктеден М-нүктеге көшіру (ауыстыру, беру) болмақ. Яғни, М-нүктесі К-нүктесінің қасиетін (нақты мысалда — ауруды) түгелдей немесе белгілі бір мөлшерде өзіне алады, М-нүктесі белгілі бір уақытқа К-нүктесінің кейпіне еніп, оның көшірмесі, кебі, эманациясы болып шығады. Осы тұрғыдан алғанда шеңбер бойындағы М-нүктесі — бір өлшемнен екінші өлшемге, бір дүниеден екінші дүниеге өтер тұстағы шекара, қақпа қызметін атқаратын болып шығады.
Кіндік ("К") нүкте — "барлық ауру атаулының (бұрынғы, болашақтағы және осы шақтағы) жиынтығы", "аурудың қайнар-көзі", межелік ("М") нүкте — оны айнала жүру барысында, уақытша болса да осы қасиетке ие болу, осы кейіпке ену межесі.
Бұл жердегі мысал алдында келтірілген жеті мысалға кереғар болып шығады, өйткені, алдыңғы мысалдардағы "құт", "абырой", "нұр" сияқты жақсы бағамды қасиеттің қайнар-көзі болған кіндік нүктені "жаман жағдай" — ауру (дерт, сырқат) иемденіп тұр. Бірақ, мұнда да "көшіріп алу" идеясының бар екендігі дау туғызбайды. Рухтардың меншігі болатын ауру-дерт те — несібе, сондықтан да, қаншама кереғар болып көрінгенімен, оның да ілкі қайнар-көздің бір қасиеті екендігін ескермеске болмайды. Біз қатаң дуалистік (қайырымдылық пен зұлымдық) антагонистік принциптерді ұстанған дәстүрдің емес, екі қарама-қарсылықты қатарластыра ұстап тұрған түсінігі бар дәстүрдің мұрагеріміз ғой, сол себепті, осындай кереғарлықты түсінуге тиістіміз.
Абырой — жалпы және жеке салалық үлгі, эталон
Міне, сегіз түрлі этнографиялық мысал арқылы берілген ғұрыптық жоралғылардың барлығының да бір "сценарий" бойынша өткізіліп тұрғандығы дау туғызбайды, олардың барлығы да бір архетиптен (сценарий-архетиптен) бастау алып шыққандығы да көрініп тұр.
Сонымен, осы сегіз мысалдағы тиісінше М-нүкте мен К-нүктеге берілген сипаттарды бір кесте арқылы топтастырып көрсетер болсақ:
Егер келтірілген сипаттамалардың іс жүзінде екі нүктеге қатысты болып отырғандығын ескерер болсақ, онда біз "абырой" мен оның көшірмесінің сегіз түрлі варианттық сипаттамасын ғана көрген болар едік. Әрине, осындағы К-нүктеге берілген сегіз түрлі қасиетті басқаша, барынша ғылыми "ақылды" терминология (мәселен, "өнімділік", "потенция", "өмірлік энергия", т.б. сияқты) арқылы беруге болады. Бірақ, әзірге маңыздысы бұл емес, бастысы — осындай ала-құла "ілкі" қасиеттердің іс жүзінде бір бастаудың, бір нүктенің, яғни, Нұрдың жекелеген (қарабайыр, символдық) сипаттары болып табылатындығы; біз әлгіндей қарабайыр қасиеттер туралы сөз қозғағанымызда, олардың барлығының да ар жағында бір ғана құдіретті бастау - Нұрдың жатқандығын естен шығармауымыз керек. Міне, осындай (және аталмаған басқа да) қасиеттерге ие Нұр нүктесінің (К-нүктенің) түркіше екі орнықты атауы бар екендігін еске саламыз, оның біріншісі — "Құт", екіншісі — "Абырой". Ирандық танымдағы "фарн" ұғымы да осы нүктенің бір атауы болып табылады. Құт пен фарнның белгілі сипаттамаларын пайдалану арқылы біз іс жүзінде К-нүктенің, яғни Нұрдың немесе Абыройдың ілкі сипаттарын реконструкциялай аламыз.
Ғұрыптар | К-нүкте | М-нүкте және "Айналу жоралғысы" |
Абырой, принцип, ілкі бастау, қайнар-көз, нұр, көрілмес (непроявленность) | Абыройдың сыртқы көресіні (проявленность), оның болымды (реалды) дүниедегі "орынбасары" | |
Үлгі, эталон, модель | Эталонға еліктеуші, соның көшірмесі. | |
Жерлеу және ас беру | Ата-баба рухының "жақсы қасиеттері" немесе "ру-тек ырзығы" | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Зиярат ету | Бұл да — сол сияқты. | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Қыз ұзату | Отбасының "бақ-ырысы" | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Хан сайлау | Биліктің қайнар-көзі, ілкі эталоны. | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Бақсылыққа бағыштау | Астамтекті таным мен күштің қайнар-көзі, ілкі эталоны. | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Күнтізбе-мүшел | Уақыттың қайнар-көзі, ілкі эталоны. | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Күн жайлату | Ылғалдың қайнар-көзі, ілкі эталоны. | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Емдеу | Аурудың, қайнар-көзі, ілкі эталоны. | Оған еліктеуші, оның көшірмесі. |
Қарап отырсаңыз, келтірілген мысалдардың егжетейлік (детальдік), үптік (инвентарлық), тақырыптық өзгешеліктерін есептемегенде бір архетипте, бір архетиптік қаңқаға негізделген сан-алуан вариациялар болып табылатындығына көз жеткізуге болады. Осындағы сан-алуан "мәңгілік" нақтылануға ие болған Кіндік — К-нүкте о бастағы "құдайы құдірет", "құдайы бұйрық" (божественная доктрина, принцип) — Hұp (көрілмес), "Нұрдың қайнар-көзі" болып табылады. Яғни, айналудың басты идеясы — "айналу барысындағы меже-нүктеден (М-нүктеден) өту арқылы Нұрға жету, Hұp қайнарын — Алла тағаланың Ақ (Хақ) дидарын көру, нұрдың қасиетінен, қуатынан, сапасынан үлес алу", "уақытша болса да Нұрдың кейпін, мәртебесін, функциясын иемдену" болып табылады, өйткені, шеңберлі маршрут бойындағы меже-нүкте ("қақпа", М-нүкте) — Нұрдың, яғни К-нүктенің төменгі деңгейдегі көшірмесі, эманациясы ғой; осы қақпадан/межеден өту арқылы айналушы құдды өзін нұрға жеткендей болып сезінеді.
Бұл архетип — "айналу", яғни, "Абырой" архетипі. Бұл архетип мифтік уақытта өткен оқиғаны қайталап (реактуализациялап), жаңартып, үлгі етіп отыруға негізделген. Осыған орай "абырой" ұғымының кескіндік символы ғана емес, оның негізгі мән-мағынасы да анықталады:
1. Абырой — ғаламды жаратудың төркін-нүктесі (исходная точка), тумағы, хал-жағдайы.
2. Абырой — мифтік уақыт кезінде ең алғаш рет жүзеге асырылған жасампаздық (жаратушылық) іс-әрекеттердің (іс-әрекеттер ретінің), оқиғалардың жиынтығы.
3. Абырой — оқиға болып өткен мифтік уақыттың келбеті, уақыттың өзі.
4. Абырой — барлық маңызды деуге болатын іс-әрекеттердің, уақыттық циклдердің, жүріп-тұру, өмір-сүру, ұстанымдардың ілкі үлгісі, моделі.
Келтірілген этнотрафиялық мысалдардың барлығы да іс жүзінде о бастағы жүзеге асырылған модельді қайталауға (имитациялауға) негізделгендігі көрініп тұр. Сондықтан да, қазақ танымындағы этнографиялық айғақтары сақталмаған басқа да түсініктерді осы архетиптік сценарийге сай реконструкциялауға болады. Кіндік нүкте мен оның эманациясы болған (шеңбер бойындағы) межелік нүкте идеясын одан әрі қарай тереңірек аша түсуге мүмкіндік бар, өйткені, біз тек негізгі үлгі боларлық шаблонды ғана көрсетіп отырмыз, ал, осы шаблоннан өрбитін мысалдар мен қисын-дәйектердің көп болары сөзсіз. Бірақ, мақала тақырыбы нақты қазақ танымындағы "абырой" ұғымы жөнінде болып отырғандығын еске салар болсақ, жалаң абстракция деңгейіндегі ой машығына тереңдей бергеннен гөрі осы мәселеден ауытқымағанды жөн көреміз.
Абырой — жүріп-тұрудың төл эталоны
Абырой — "адам бойындағы ең асыл құндылықтардың, кісілік пен адамгершілік қасиеттердің жиынтығы, кез келген іс-әрекеттің, жүріс-тұрыстың, мінез-құлықтың ілкі үлгісі, ілкі эталоны". Әрине, мифінен айырылған қоғамдар үшін "абырой" — тарихи (замани-уақыттық) категория, ол заманына қарай өзгеріп отырады. Сондықтан да, біз ілкі (мифтік) абырой жөнінде сөз қозғағанымызбен, "абырой" ұғымының заманына қарай өзгеріп, жаңа шарттылықтармен, талаптармен толығып отыратындығын айтқымыз келеді. Замана абыройы да, жекелеген (әлеуметтік, кәсіптік, т.б.) абыройлар да болады. Басқаша айтқанда, "Абырой" дегеніміз — кез келген қазақ тарапынан орындалуы тиіс жүріп-тұру ережесі (кодексі), қазақтың "серілік кодексі" немесе "бусидосы ", орындалуы тиіс өсиеттер (заповедь) жиынтығы.
"Абыройлы адам" дегеніміз — "о баста бекітілген жүріп-тұру, өмір сүру үлгісіне сай тірлік етіп жатқан адам "дегенді білдіреді. Бұл жерде де кіндік нүктеде орналасқан үлгі-эталон бар; адам бал асы, өзінің ғұмырында (туғаннан бастап өлгенге шейін) осы үлгіге сай болып, осы үлгілің шарттарын орындай алса ғана абыройлы болмақ. Мұндағы пенденің барлық бұ дүниелік ғұмыры бір шеңберлік айналымды немесе бір шеңберді белгілі бір мәрте рет айналып шығуды білдіреді. Адам ғұмыры айналым (цикл, шеңбер) болса, әлдебір өмір сүру эталонын қайталау болса, онда осы шеңбердің кіндігінде "мәңгі адамның", "ілкі адамның", "ілкі ата-бабаның" өзі тұруы тиіс; бұл жағдайда кез келген адамның тірлігі осы эталон-адамның ("мәңгі адамның", "ілкі адамның", "ілкі ата-бабаның") өмір сүру моделін қайталау болып шығады. "Абырой" ұғымының кіндік нүктелік (қайнар-көздік) және меже-нүктелік (сол қайнар-көздің қадір қасиеттерінің бір парасын иемдену) идеясы жетпек (инициация), яғни, өмір сүрудің бір сатысынан екінші сатысына өту ғұрыптарымен, оның сынақтарымен сабақтасып жатыр. Тек осы, адамның мәртебесін (абыройын) арттырып отыратын меженің қандай екендігі ұмыт болған. Абыройлы болу үшін адам өзінің пенделік ғұмырының белгілі бір сәттерінде ("межелік нүктелерінде") абырой сынақтарын өтіп, сапалық тұрғыдан алғанда өзгеріп, жетіліп отыруы тиіс. Қазіргі заман ыңғайына қарай айтар болсақ, өз халқының мұрасын меңгеріп, талап-шарттарын орындаған бала ересекке айналады, замана талабына сай білім алады, еңбек етеді, ел басқарады.
Тек осындай әлдебір үлгі-эталонға (этикалық кодекске) сүйену арқылы адам өзінің абыройын сақтай, абыройлы бола алады. Осы үлгіні ұстана алмасаң — абыройсыз қаласың, "абыройың айрандай төгіледі", абыройдан айырыласың, "абыройдың жұты боласың".
Миф (немесе кейінгі аңыз, жыр, хикая) бізге осындай ілкі адамның нақты тарихи қоғам жағдайындағы эталонын береді. Әулиенің, жомарттың, әділ патшаның, қайырлы батырдың өмірі — "абырой эталоны" — жалпы қоғам үшін үлгі боларлық модель болып шығады. Нақты қоғам жағдайында "абырой" ұғымы жекелеген әлеуметтік, кәсіптік "абыройларға" бөлінеді. Мәселен, "билеушінің (ханның, қағанның) абыройы", "жауынгердің абыройы", т.б. Яғни, әрбір әлеуметтік мансаптың, әрбір кәсіптің өз "абыройы" — "үлгі етілер эталоны" болады. Билеуші "ілкі, мәңгі билеушінің" жүріс-тұрысын қайталаса, батыр "ілкі, мәңгі батырдың" жүріс-тұрысын қайталайды. Қайталай алса — абыройлы, қайталай алмаса — абыройсыз, абыройдан жұрдай болмақ.
Хан (елбасы) болып сайланған адам осындай "Абыройға" — "Мәңгі Ханның (Билеушінің) эталонына" ие болады, сол эталонның "көшірмесі", кебі (ипостась) болады. Ол өзінің билік құрған уақытында осының іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, пейілін осы "Ілкі Билеушінің Үлгісіне" жақындатуға, соны қайталауға ұмтылады. Абырой — тек билеушінің ғана емес, кез-келген еркін адамның жету межесі, ұстану үлгісі, "көрнекі құралы". Яғни, бұл жерде де біз әлдебір үлгіні (еліктеуге, қайталауға арналған модельді) көріп отырмыз.
Міне, көріп отырғанымыздай, "абырой" деген ұғымның негізгі идеяларының бірі осындай ыңғайда түсіндіріледі. Абырой ұғымына қатысты шығарылар қорытындылар, әрине, осылармен шектеліп қалмайды. "Абырой" сөзінің әйелдің, қыз баланың жыныстық пәктігіне ("девственность") қатысты болуының (абыройдан айырылу — қыздың пәктігінің жойылуы, "қыздығының алынуы") өзінің идеялық қисыны да ілкі эталон, ілкі үлгінің мәңгі тазалығына, мәңгі пәктігіне, мәңгі арулығына, мәңгі көрпелігіне (свежесть) барып тіреледі. Сонымен қатар, "абыройға", яғни К-нүктеге меншіктелген "ілкі бастаулық, қайнар-көздік" мағынаның кескіндік (шеңберлік, таңбалық), сөздік ("аб" сөзі "үй", "ұрғашының жыныс мүшесі", "құрсақ", "бесік" деген мағыналарға да, "үлкен кісі", "ана" деген мағыналарға да ие) деңгейде де әйелге, аналық бастауға ие болып тұрғандығын айтуға болады. Мәселе осыменен бітіп қалмайды, біз "абырой" ұғымының әйелге, әйелдің жыныс мүшесіне (әбиүр, абиыр), ылғалдылық қатысты (абыройдың төгілуі), осылардан туындайтын таңбалық (кескіндік) символизмді тек атап қана отырмыз, оның нақты мифтік қисындарына тоқталып отырғанымыз жоқ.
Бөгденің үлгісі — бөгденің абыройы
Бүгінгі қазақ қоғамындағы келеңсіздіктердің бір ұштығы осы "абырой (кодекс, заповедь) мәселесіне" келіп тіреледі. Біріншіден, қазақ қоғамы, баласынан кәрісіне, сауаттысынан ғұламасына, қойшысынан басшысына дейін "абыройлы болып өмір сүру" қажеттілігін білмейді. Әбден ұмытып кеткен. Екіншіден, ұмыт болған "абырой" дегеннің қандай шарттардан, талаптардан тұратындығын анықтау, нақтылау жағын қолға да алмай отыр. Міне, сондықтан да, ел билігінің (шаруашылығының, қорғанысының, әкімшілігінің, идеологиясының) тұтқасын ұстаған үлкенді-кішілі дәрежелі атқамінердің, ғылым тұтқасын ұстаған ғалымның, руханияттың тұтқасын ұстаған зиялының істеп отырғандары — көп жағдайда "абыройсыз іс" болып есептеледі.
Тарихи категория болғандықтан да, абыройдың заманына қарай өзгеріссіз болып қала алмайтындығын айтып өттік. Уақыт жаңа талаптарды басқа дәстүрлерден де қабылдай ала алады. Тек бұл жерде, бөгде дәстүрлердің үлгісін толықтай көшіріп алуға болады деген ой туындамауы тиіс, өйткені, мұндай әрекеттердің барлығы да түптің-түбінде қоғамға апат әкеледі. Дәстүр ол өзінің "эталондық" функциясын жоғалтпауы тиіс, мың жерден "өркениетті", "либералды", "демократияшыл" болса да, бөгденің (батыстың, орыстың, т.б.) эталонын (абырой үлгісін) сол күйінде көшіріп алу, қайталаудың арты — жақсылықпен бітпейді, өйткені, бөгденің "абыройы" — бөгденің мифінен, діни сенімінен, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен бастау алып шыққан. Сондықтан да, өз абыройымызды түгендей алмай отырып, өз абыройымыздың шарт-талаптарын анықтап алмай тұрып, өзгенің моделін үлгі ету арқылы іс тындырам, ұшпаққа шығам деу — жай бос қиял ғана емес, барып тұрған зиянкестік болып табылады.
Абырой заңының жалпы қисындамасы осындай. Ал, оның ілкі эталоны, ілкі үлгісі қандай болған? Міне, бүгінгі қазақты да ең" алдымен осы мәселе толғандыруы тиіс. Бұл - жеке қазаққа да, ел билеуші, мемлекеттің басқару тетіктерін қолына ұстап отырған басқарушы қазаққа да қатысты. Яғни, қатардағы азаматтан бастап Елбасыға дейінгі қазақтың әр қызметіндегі, мансабындағы өзіндік үлгі эталоны — "Абырой заңы" болуы тиіс. Әр адам осындай өз қызметіне сай ата-бабалардан бері келе жатқан ілкі үлгіге (жүріп-тұру кодексіне) арқа сүйегенде ғана бірдеңе тындыра алады. Өз дәстүрін (сөздің қазіргі түсініліп жүрген мағынасында емес) сыйламайтын, өз көрсеткіштерін (тілін, ділін) менсінбейтін, не болмаса, "тілті, ол жақсы кісі болғанның өзінде де", олардың ешқайсысынан хабары жоқ адам ел басқарып, халықтың көсегесін көгертеді деудің өзі қиял болып көрінер еді.
Біз бүгінгі ел тетігін басқарып, ел тұтқасын иеленіп отырған кісілерден осындай үлгіні талап ете аламыз ба? Абырой заңы түгілі, өзінің ана тілінен мақұрым қалған, тіл білгеннің өзінде де "абырой" дегеннің не екендігінен хабарсыз, соның салдарынан басқаның әдет-ғұрпына, басқаның жүріп-тұру кодексіне (оның өзінде де тек қарақан басының қамы үшін ғана шалағай түрде) ден қойып жүрген "жаңа қазақ атқамінерлерінен" бірдеңе күту, бірдеме дәметудің өзі жөнсіз болар еді. Біз осындай ілкі үлгіні — "Абырой заңын" реконструкциялаудың, оны жаңа заманға сай бейімдеудің қажеттілігін еске саламыз. Тек осыған құлақ асар адамдардың шығуынан, осыған сүйенген жаңа басқарушылар ұрпағының келуінен үміттенеміз. Өйткені, үмітсіз тек шайтан ғана.