Астанада ұлттық ат спортынан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Спортшылар теңге ілу және аударыспақтан...
Қарақалпақстан қазақтары Наурызды қалай тойлайды?
Қарақалпақстанда тұратын қандас бауырлар да қазақы салт-дәстүрді барынша ұстанып, мерекелерді қалдырмай атап өтеді. Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлайды
Ол жақта мейрам 21 наурыздан басталып, 1 сәуірге дейін жалғасады. Республиканың әр ауданынан келген делегация өкілдері ел астанасы Нөкіс қаласындағы орталық стадионда өтетін салтанатты шараның көркін қыздырады. Бұл күндері Қарақалпақстандағы барлық аудандары мен ауылдарда думанды той өтіп жататынын атаған жөн. Сәйкесінше, ауданнан, басқа қалалардан танымал әнші, биші,өнер ұжымдары да ауылдардағы мерекелік концерттерге аттанады.
Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылатын сенбіліктер, ауларларға жүргізілетін тазалау жұмыстары көңілге қанат бітірері сөзсіз. Арықтар аршылып, бұлақтар тазаланады. Үйдің маңындағы жекеменшік жерлерге бақша дақылдары егіле бастайды. Наурыз айы осындай ұйымшылдық, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды елге. Келген Жаңа жылды сезініп, барша жақсылықтың бастауы іспеттес Наурыз мерекесін ұйымдасқан ынтымақпен тойлауға дайындалады.
Қарақалпақстан қазақтарының наурыздағы аңсап күтетіні – Наурыз бәйгесі. Ауыздығымен алысқан асыл тұқымды Түркімен жылқылары бәйгенің көркі. Ол жақта атбегіні, жылқы баптайтын адамды «сейіс» дейді. Сол елге мәлім сейістердің шашасына шаң жұқпас сәйгүліктері көрші мемлекеттердің де жүлделі бәйгелерінде топ жарып жүреді. Есімі Қарақалпақ еліне белгілі Сейдалы, Оразбай, Тауасқан есімді атбегілер болған. Өнегелі істерін бұл күнде ұрпақтары жалғап жүр. Бәйгеқұмар қазақтар, тайлы-тұяғымен келеді атжарысқа.
Бас бәйгеден бір күн бұрын кешкілік мезгіл өтетін бәйге – «Ошақшабыс». Онда жүйріктер жанып тұрған жарық астында айналып емес, тігінен шауып жарысады. Бұл – үлкен бәйгеге дайындық іспетті. Үлкен шабыста 9-10 айналымға шабады жаратылған тұлпарлар. Бәйгеге әр түрлі жүлделер тігіліп, ауылдың арнайы құмды аймағында өтеді.
Жоғарыда айтқанымыздай мерекелік шараның ең қыза түскен тұсында – арқан тартыс, асық ату, алтыбақан тебу, кір тасын көтеру және тағы басқа ұлттық ойындар өтеді. Аттың құлағында ойнайтын қыз-жігіттер қыз қуудан бағын сынайды.
Қазақ күресі ұйымдастырылып, әр салмақ бойынша бас балуан анықталып, ең үздік балуанға «Түйе балуан» атағы мен бас жүлде беріледі.
Тағы бір ерекше ойын түрі – қошқар сүзістіру. Оған да әр ауылдың, ауданның мықты қошқарлары қатысады. Бәйгеге қосылатын сәйгүліктер мен сүзістірілетін қошқарлардың арнайы лақап аттары болады.
Қораз төбелестіру ойынының да, Наурыз мейрамында өткізілетінін айтып өткен жөн. Аталмыш ойынның һас бапкерлері ең таңдаулы қораздарын әкеліп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Мерекелік шараға әкімдіктің есебінен бірнеше ірі қара сойылады. Үлкен тайқазазанға палау пісіріліп, елдің бәріне тегін тамақ таратылады. Дайындалатын наурызкөже мен сүмәләктің жөні бір бөлек. Дәмі жыл бойы таңдайыңнан кетпейді. Табақ-табақ бауырсақ пісіріп, дастархан жайып, бір-бірін қонаққа шақырады. Қыстан қалған сүр еттер, қақталған жеміс-жидектер, бастырылған көкөністердің барлығын наурыз дастарханынан табасыз. Қысқа сақталған қауын-қарбыздардың да соңғылары осы мейрамда шығарылады. Ақсақалды аталар, жасы үлкен ағалар жастарға бата беріп, жаңа жылға жеткізгеніне «Аллаға шүкір» десіп жатады. Күн жылып, көк шыққанда, ұлттық киіммен Наурызды тойлауы, атамекенінен алшақта жүрген қандастарды ерекше сезімге бөлеп,сағыныштарын шамалы болса да сейілтері хақ…