– Несаға, қоғам тоқырауға ұшыраса, қаламгер халқының танымдық деңгейін көтерудің жолын қарасты...
Қанат Тілеухан: Космонавтар күні: Сүлейменов және Войнович
12-сәуір – Космонавтар күні менің есімі екі қаламгер оралады. Олар – Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ және Владимир ВОЙНОВИЧ. Ғарышкер Юрий ГАГАРИННІҢ ғарышты бағындыруы осы бір қос жазушының да атын зауа көкке көтеріп тастады. 1961 жылы Мәскеудегі Әдебиет институтынан төбелесіп шығып қалған 25 жастағы ақын ойламаған жерден даңққа бөленеді. «Земля, поклонись человеку» деп жырлаған ақын совет делегаттарының қатарында Париж, Нью-Йорк қалаларына аттанып, жырларын оқиды. Алматыда оның поэмасын аэропланмен тастап, Сүлейменов поэзиясы көктен саулаған жаңбырға айналады. Қысқасы, қазақ оқырмандарына Олжекеңнің қалай әдебиет ғарышына ракетадай заулап жеткені белгілі.
Владимир Войнович та Олжас Сүлейменовтей Орталық Азияда дүниеге келген. Әдебитет институтында білім жетілдірген. Оның туған шаһары – Душанбе. 1957– 1959 жылдары Қазақстандағы тың игеру науқанында еңбек етеді. Войнович те Сүлейменов сынды ғарышты жырлау арқылы зәудеғалам атақты қаламгерге айналады. Ол ғарышкерлердің гимні болған Оскар ФЕЛЬЦМАННЫҢ әніне сөз жазады.
Я верю, друзья, караваны ракет
Помчат нас вперёд от звезды до звезды.
На пыльных тропинках далёких планет
Останутся наши следы…
Бұл өлең жолдары Никита ХРУЩЕВТЫҢ аузынан шыққанда отыздың айналасындағы қаламгер таңертең бүкіл Совет одағына әйгілі болып оянады.
Бірі Қазақстанның, бірі Тәжікстанның астанасында дүниеге келген қаламгерлердің өмірлерінде одан кейін де ұқсастық болды. Советтер төбесіне көтерген қос жазушы Кремльге бірдей жақпай қалды. Олжас «Аз и Я» , Войновичтің «Жизнь и необычайные приключения солдата Ивана Чонкина» романы мен қуғынға ұшыраған замандастарына араша түсуі билікке ұнамайды. Войновичтің өміріне қастандыққа та жасалады. Бір ажалдан аман қалған жазушы 1980 жылы КСРО-дан кетіп, Германиядан саяси баспана сұрайды. Өз азаматтық ұстанымына адал жазушы көп кешікпей КСРО-ның құлайтынын айтады. Бірақ бәрі оған күледі. 10 жыл бөтен елде өмір кешкен жазушы өзінің атақты «Москва 2042» романын жазады. Ол шығармасында жазушы 2042 жылы Мәскеуді КНБ басқаратынын, шіркеудің саясатқа араласып кеткендігін баяндайды. Қысқасы, бүгінгі Ресейді сол кезде-ақ суреттеп тастайды. Осылайша Владимир Войнович көзі тірісінде «көріпкел, әулие жазушы» деген атқа ие болады. Путин Украинаға әскер жібергенде де Войнович Кремль саясатын қатты сынайды. Ұшқыш Надежда САВЧЕНКО тұтқынға түскенде Путинге ашық хат жолдап, араша түсті. Әділдік жолынан таймаған жазушы былтыр 2018 жылы дүниеден озды.
Олжас ОМАРҰЛЫ совет кезінде миграцияға кетпеді. Қазақстан тәуелсіздік алғанда елші, ЮНЕСКО-ның өкілі ретінде біраз жыл Еуропада өмір сүрді. Марқұм диссидент Кәрішал АСАНОВ «Олжекең қорықпай саяси миграциға кеткенде «Нобель» сыйлығын алушы еді. Ал қазір «Аз и Я» кітабының өзектілігі жоғалып кетті» деп еді. Мен шығармашылықтарын жоғары бағалайтын қос жазушыны салыстырудан аулақпын. Тек осы ғарышкерлер күні олардың тағдыр жолдары еске оралғаны болмаса. Олжас өлеңдерімен алғаш мектепте таныс болғаныммен, университетте ден қойып оқыдым десем өтірік болар. Қазақтың тамаша ақыны Тынышбай РАХИМОВТЫҢ ұлы Қанат Рахимовпен бір жылдары 31-телеарнада бірге еңбек еткен едік. Сол кезде Қанат Олжас өлеңдерін жатқа соғатын. Мен – тілші, ол – оператор. Съемкада әңгімеміз тек Олжастың поэзиясы туралы. Сол кезде Олжас өлеңдеріне ден қойдым. Алапат талант иесінің оқырманына айналдым. Аттасым басқа жұмысқа ауысарда ақынның «От января до апреля» атты жыр жинағын сыйлады. Олжас Сүлейменовке қатысты қоғам тарапынан сын көп айтылады. Ондай дүниелер менің де кеудемде бар. Бірақ оның өлеңдерін оқи бергің келеді, оқи бергің келеді.