ПЛАТОН. СОКРАТТЫҢ АҚТАЛУ СӨЗІ

ТАНЫМ
5540

Айыптаушылардың сөзінен соң

Афиналықтар, айыптаушылардың шешендігі сондай, сіздерді қайдам, ал мен болсам тіпті өзімді ұмытып кете жаздадым. Әйтседе, дәліне келсек, олар ешбір шындықты айтпады. Маған таққан көп айыптарының ішінде мені әсіресе таң қалдырғаны: Сократтың құйтырқы сөзіне алданып қалмаңыздар деп сіздерді сақтандырғаны. Менің мәнерлі сөзге шорқақ екендігім белгілі болса да, олардың бұлай деуі нағыз ұятсыздық. Ал егер шындықты бүкпесіз айтуды олар шешендік деп түсінетін болса, онда, әрине, мен өзімді шешенмін деп мойындауға әзірмін. Бұл онда олардың шешендігінен тіпті басқа түрлі шешендік. Тағы да айтам, олар бір ауыз да шындық айтпады, ал менен тек шындықты естисіздер. Тек, афиналықтар, Зевстің атымен ант етем, менен әшекейлі, әсіресе қызыл сөзді естімейсіздер, мен өзімнің ақтығыма сенгендіктен ойымды ешбір құйтұрқысыз қарапайым тілмен жеткіземін, ендеше менен басқаны күтпеңіздер. Осынша жасқа келген мен үшін шешендікке езін баулып жүрген жас жігіттердей жаттап алған сөзді айту тіпті де лайық емес.

Афиналық ағайын, айрықша бір өтінішім бар: бұрын да талай делдал дүкенінің алдындағы аланда, басқа жерлерде де менен өздеріңіз естіп жүрген үйреншікті сөздеріммен өзімді ақтап жатсам, оған таңданып шу көтермеңіздер. Жетпіске келген шағымда сотқа бірінші рет тартылып отырмын, ал оның тілін мен бөгде жұрттан келген жолаушыдай біле бермеймін. Мен егер шет жұрттық болып, өзіме бала жастан үйренген тілімде сөйлеп тұрсам, сіздер мені кешірген болар едіңіздер - ау деп ойлаймын. Сол сияқты, менің де жақсы болсын, жаман болсын баяғыдан үйренген әдетімше сөйлеуге сіздерден рұқсат сұрауға құқым бар сияқты. Және де менің шындықты айтып тұрмын ба, жоқ па, осыған көңіл аударсаңыздар екен: қазының беделі сонда ғой, ал шешеннің парызы — шындықты айту.

Екі түрлі айыптаушылар

Афиналық халайық, алдымен өзімді бұрыннан жалған айып тағып жүргендерден қорғап, тек сонан кейін ғана қазіргі айыптаушыларымнан, олардың өтірік жалаларынан арылып алғаным жөн. Мені сіздерге бұрыннан, тіпті көптен бері айыптап жүргендер бар, олар да ешбір шындықты айтқан жоқ, мен Анит пен оның сыбайластарынан қорықсам да, олардан гөрі сол алғашқыларынан көбірек қауіптенемін. Сіздер әлі жас, көп нәрсені түсіне бермейтін албырт бала кездеріңізде - ақ олар біразыңызды маған қарсы қойып, жалған айыптар тағып, азғырған. Сократ деген дана бар, жердің астындағыны да, үстіндегіні де сынап, зерттеп, өтірікті шындай ғып көрсете алады дейтін. Мұндайлар маған ең қауіпті күйе жағушылар, себебі ол қаңқу сөзге сенетіндер: оның бәрін зерттейтін адам ешбір құдайларды мойындамайтын адам деуі қақ. Осындай қаңқу сөз таратушылар өте көп, оның үстіне үнемі өз көзіңнен тыс жерде айтады, олардың кім екенін, аты-жөнін де біле алмайсың, сондықтан өзіңді де ақтай алмайсың! Тек солардың ішінде ілуде бір комедия жазатындары шығып қалмаса, әрине. Қызығушылық пен зұлымдықтан немесе өсек сөзге сеніп қалып, сонан соң соны басқаларға таратып жүрушілерді осында сотқа шақыра алмайсың, теріске шығара алмайсың, тек көлеңкелермен сайысқандай боласың, себебі көзіңше айыптап тұрған ешкім жоқ. Сондықтан да менің екі түрлі айыптаушыларым бар екенін сіздер де мойындап, әуелі солардың алғашқыларынан өзімді қорғап алуға келісіңіздер, себебі олардың жалған айыптауларын сіздер көптен естіп жүрсіздер ғой!

Бұрынғы айыптаушыларға сын

Сонымен, афиналық ағайын, сіздердің араңызда баяғыдан тарап жүрген маған жабылған жаланы қысқаша болса да әшкере етіп көрейін, оның маған да, сіздерге де пайдалы Болғанын тілеймін, одан басқа мен үшін қандай нәтиже болсын. Бірақ, оған көпшіліктің көзін жеткізу қиын, оның құпиясы да маған белгілі, қайтемін, құдайдың қалағаны болар, ал заңға мойынсұну парыз, олай болса — өзімді ақтауым керек. Ең алдымен мен жөнінде жайылып кеткен жаман лақап маған қандай айып қойып еді? Мелеттің мен туралы шағымы соларды тиек етіп отыр ғой! Нендей сөздер еді олар? Сол айыптауларды сөзбе-сөз нақты келтіруім керек. Тап кәзіргі айыптаушыларымның сот алдында ант беріп айтқанындай айқын болсын. "Сократ заңды қорлап жүр, онысы бос далбаса, өйткені жердің астындағыны да, аспандағыны да ақыл таразысымен өлшемей, ал істейтіні тек өтірікті шындай қып көрсете білу және басқаларды да соған үйрету" дейді. Аристофанның комедиясында өздеріңіз көргендей, Сократ деген біреу корзинада бұлғақтап келе жатып, мен ауада серуендеп жүрмін дейді-міс және маған түсініксіз одан да басқа көп нәрселерді былжырайды. Мен бүл жерде ғылымдарды және ол жағынан даналыққа қолы жеткендерді күстәнә қылудан аулақпын, ол үшін де мені Мелет сотқа тартуы қалып па еді, бірақ маған ешқандай қатысы жоқ қой. Оған осы сіздердің көбіңіз куә бола алар едіңіздер және менің сөзімді бұрын ең болмаса бір рет тыңдағандарыңыз осыны өзара мәмлеге келіп, анықтауларыңызды талап етемін. Сіздердің араңызда мені бұрын тыңдаған көптеген адамдар бар. Бір біріңізден сұраңыздаршы, жаңағы айыптаудағы сияқты сөздерді мен қашан айтқан екенмін. Олардың әділеттен мақрұм екеніне көздеріңіз сонда жетеді.

Мені өтірікті шындай қып көрсетуге басқаларды үйретеді-міс дегені де жалған. Мен біреуге дәріс беріп, тәрбиелеумен де айналысқан емеспін. Леонтилік Горгий, Кеостан шыққан Продик, Элладалық Гиппий сынды тәрбиелеу қолынан келетін кісілер болса — ол, әрине, игілікті іс. Олар қалаларды аралап жүріп жастарға: ұстаздарыңды қойып бізге келіндер, әрине ақшаларыңды да, алғыстарыңды да бізге бағыштаңдар) деп жүр, әрине, өз жұртының кез келген азаматынан тегін - ақ тәлім алуға болатын болса да.

Паростан келген тағы да білікті кісі туралы естідім. Бірде софистерден ақыға дәріс алғандарды түгел қосқанда да, бәрінен көп ақша төлеген Гиппониктің ұлы Каллийдің ұшырасқаны бар. Оның екі ұлы бар, мен одан:

Каллий, егер сенің ұлдарың адам емес, мысалы құлындар немесе баспақтар болса, ал біз оларды бағатын, яки олардың табиғи жақсы қасиеттерін жетілдіріп, кемеліне келтіретін адам іздесек, олар жылқышы мен бақташы болар еді-ау, ал сенің ұлдарың адамдар ғой, сондықтан оларға тәлім бере алатын кімді таңдар едің? Адамдық және азаматтық игі қасиеттердің білгірі кім деп ойлайсың? Ұлдарың болған соң сен бүл жөнінде, әрине, ойландың ғой. Сондай адам бар ма?— деп сұрадым.

— Әрине, бар.

— Ол кім? Қай жақтан және дәрісі үшін қанша ақы алады?

— Ол Эвен, — деді Каллий, Паростан, ал ақысына, Сократ, бес минадан алады. Егер оның шынында осындай өнері бар болса және ол үшін осынша арзан ақы алса, шіркін Эвен қандай бақытты деп ойладым, ондай өнерім болса, мен де мақтаныштан шіреніп жүрген болар едім, бірақ, афиналық ағайын, ол өнерден мен мақрұммын ғой.

— Бәлкім, бәз біреулеріңіз: "Дегенмен, Сократ, сен осы немен айналысасың? Сені не үшін кінәлайды? Көпшіліктің айналысатын істерінің біреуімен айналыссаң, барлық нәрсеге көпшілік сияқты қатынас жасасаң осынша өсек пен лақап болар ма еді? Айтшы бізге, осының себебі не? Ол жөнінде біз босқа бас қатырмайық" дерсіздер.

— Тап осы, меніңше, дұрыс сауал, сондықтан мен жұртшылыққа қалай белгілі болдым, әрі маған деген жала пікірлердің өрістеуінің себебі неде, — осыны түсіндіруге тырысайын. Тыңдаңыздар. Егер, кейбіреулеріңізге менің сөзім қалжың сияқты көрінер, бірақ, иланыңыздар, мен тек шындықты айтамын.

— Мен, Афина жұртшылығы, белгілі бір даналық арқылы көзге түстім және кейбіреулердің көзіне шыққан сүйелдей болдым. Ол қай даналық? Ол даналық әр адамға тән болуы ықтимал. Менде, сірә, сол даналық бар ғой деймін, ал осының алдында ғана мен айтқан адамдар адамдар даналығынан жоғары бір айрықша даналыққа ие болар, оны мен қалай атауын да білмеймін және өзін түсінбеймін де. Ал егер маған соңғы даналықты жапсырса, онда ол маған жала жабушылық.

— Афиналық ағайын, менің сөздерім тым астамшылық болып көрінсе де, шуламай шыдаңыздаршы. Мен өз атымнан шықпай-ақ қояйын. Өздеріңіз сенетін біреуге жүгінейік. Егер менде бір даналық болса, оған куә Дельфа құдайы. Сіздер Херофонтты білесіздер ғой, ол жасынан менімен және сіздердің біраздарыңызбен дос, сіздермен бірге қуғында болып, бірге қайтып оралды. Не істесе де, тосынды білмеуші еді. Бірде ол Дельфаға келіп, ондағы жаршыға (оракул) сұрақ беруден де тайынбапты...

— Афина тұрғындары, тағы да айтам, даурықпаңыздар!

...Сөйтіп Херофонт дүниеде Сократтан дана адам бар ма деп сұрапты, ал Пифия одан дана адам жоқ деген. Херофонттың өзі дүние салып кетсе де, арамызда оның бауыры бар, тап осылай болды ма, жоқ па, ол куәлік ете алады. Мен мұны не үшін айтып тұр дейсіз, маған жала қайдан өршіді, соны түсіндіргім келіп тұр.

Осыны естідім де өзімнен өзім ойға қалдым: "Құдай бұл сөздермен не айтқысы келді? Өйткені менде өзімді дана екенмін - ау деген ой жоқ еді. Мені бәрінен де дана деп қай мағынада айтты? Ол, әрине, өтірік айтпауға тиіс, құдайға ол лайық емес қой!" Ұзақ толғаныстан кейін көңілім онша қаламаса да мынандай бір шешімге тоқтадым: даналардың санатында жүретін адамдардың біреуіне бардым, ондағы ойым: бұл адам, сөз жоқ, менен гөрі даналау, солай болып шықса, мен көріпкелдің (оракулдың) көрегендігінің қате екендігін көрсетейін деп. Ол мемлекет адамдарының бірі еді,— оның есімін айтудың қажеттігі жоқ, — сонымен ол кісімен әңгімелескеннен кейін, афиналық ағайын, мен бұл кісі көп адамдарға, әсіресе, өзіне дана сияқты көрінгенмен, шындығында тіпті де дана еместігіне көзім жетті. Содан кейін мен оның данамын деген сенімін сейілтуге тырысып көрдім. Бірақ сол үшін оның өзі де және сонда болған басқалар да маған өшігіп кетті. Одан кеткен соң мен өзіммен өзім сұхбаттасып: бүл адамнан гөрі мен даналаумын - ау, себебі ол да, мен де аса құнды, әрі мәнді ешнәрсені білмейміз, бірақ, ол білмейтіндігін білмейді, білмей тұрып-ақ білген болып менменсиді, ал мен білмейтіндігімді білемін, білмей тұрып дандайсымаймын деген тұжырымға бекідім. Оған қарағанда менің білетінім осы ғана, әрине, мардымсыз, әйтсе де белгілі бір артықшылық қой. Кейінірек алғашқыдан да гөрі даналау деп танылған тағы бір кісіге жолықтым, онда да солай болды, ол да және басқалар да мені жек көріп кетті. Бұдан кейін тіпті ешкімді қалдырмай ұдайы осылай етіп жүрдім. Мені жек көретіндердің көбейіп бара жатқанын да байқадым, қынжылдым да, қорықтым да, бірақ оракулдың сөзіне илану, оны тіпті орындау бәрінен де биік қой деп ойладым. Оракулдың сөзінің мәнін ұғыну үшін мен бірдеңе біледі деген адамдардың бәрімен де жолығып ада ғып шығуым керек болды. Бәрін айт та, бірін айт, алған әсерімді айтсам, афиналық ағайын, өтірік болса ит болып кетейін, ол мынандай: ең дана деп жүргендеріміз тіпті ақыл-естен мақрұм ба деп қалдым, ал олардан гөрі даналығы кемістеу деп жүргендер алғашқылардан дарындылау көрінді. Бірақ осы даналарға шеру тартқан сапарымды түгелдеу айтуым керек.

Мемлекет қызметіндегілерден соң мен ақындарға ауытым — трагедия да, дифирамба да т.б. жазатындарға. Ақындардан гөрі мен надандау болармын - ау деген үмітпен. Мен олардың ең жетік деген шығармаларын алып, олардан мұнда сіз не айтқыңыз келді деп сұрадым. Айтуға ұят, ағайын, бірақ айтпасқа болмайды. Олардан гөрі тіпті сонда болғандардың бәрі дерлік олардың шығармасын өздерінен жақсырақ түсіндіретін болып шықты. Көп ұзамай-ақ мен ақындардың дана болғандығынан емес, басқа бір табиғи қабілетіне орай шығарма жасайтындығына көзім жетті. Ол қабілет бақсы-балгерлерде, көріпкелдерде болатын жын шақыру, арқасы ұстау сынды нәрсе болса керек. Шығармашылық сәтте ақындар да осындай күйде болады – ау деймін. Себебі алғашқылар да жақсы нәрселерді айтады ғой, бірақ, не айтып тұрғанына есеп бере алмайды. Бірақ, ақындық дарынына байланысты жырды ғана емес, барлық нәрсені де білемін деп, олар өзін даналардың данасындай сезінеді. Ақындардан да мен мемлекет адамдарынан сияқты, болмашы болса да сол бір артықшылығым бар екен деп кеттім.

Ақырында қол еңбегімен айналысатындарға бардым. Өз басым қолымнан ешнәрсе келмейтінін білемін, сондықтан қолөнершілердің ішінде көп жақсы нәрселерді білетіндерге жолығамын деп сендім және ол қақында қателескен де жоқпын. Шынында менің қолымнан келмейтін көп нәрсе шеберлердің қолынан келеді, бұл тұста олар, әрине, менен гөрі даналау. Солай болса да, ақындарда бар ағаттық, бұларда ми бар сияқты көрінді. Олардың әрқайсысы өз ісінде ғана емес, басқа да барлық, тіпті ең маңызды істерде де өзін данамын деп есептейді және осындай адасушылық олардың шын даналығын да көмескілеп кетеді. Сондықтан да, оракулдың сөзін ақтайын деп, мен өзімнен: саған қайсысы дұрыс — олардың даналығымен дана, соқырлығымен соқыр болмай, өзің қандай болсаң, сол күйіңде қалу ма, әлде олар сияқты әрі дана, әрі надан болу ма? Әрине, қандай болсам, сол күйімде қалғаным жөн деп ойладым.

Осындай сынақтың нәтижесі сол — мені өте жек көрушілер көбейді, мен жөнінде жала да өршіді, екінші жағынан, ондай сөз сайыстарына қатысатындар маған да дана деген атақ бере бастады: егер біреудің дана еместігін дәлелдейтін болсаң, онда өзіңнің дана болғаның.

Ал шынына келсек, нағыз дана құдай, себебі ол жаңағы оракулға айтқан сөзінде, меніңше, былай деп тұр: адамдардың даналығы мардымсыз, тіпті түкке де тұрмайды, ал менің атымды тек мысал ретінде ғана айтқан, яғни: "адамдардың ішінде Сократ сияқты өз даналығының түкке де тұрмайтынын білетіндер ғана дана".

Мен әлі де сол дана, не білікті санатында жүргендерді сынаумен ел кезудемін: өз елімізден болсын, шет жұрттан болсын құдайдың сөзінің растығын анықтау үшін әр сынға түскенді оның дана еместігін халайыққа көрсетудемін. Сондықтан да коп жұрттың айналысатын кәсіптерінің біреуімен де болса, айналысуға менің уақытым болмады. Ақырында құдайға қызмет жолында өз басым қара сіңір жарлылыққа жеттім.

Оның үстіне өз қалауымен маған еріп жүрген, қолдары бос, ең дәулетті азаматтардың ұлдары бар, олар осындай сынақтарға қуана қатысып жүреді, өздері де маған еліктеп кейбіреулердің даналығын сынауға құмар-ақ, олар да, меніңше бірдеңе білем деп менменситін, бірақ шынында ешнәрсе білмейтін. адамдарға аз жолықпайды. Олардың сынынан да абырой таппағандар өзіне емес, маған ашуланып, Сократ деген біреу бар, аспандағыны да, жер қойнауындағыны да білгісі келеді, өтірікті шындай қып көрсетуге епті - ақ, құдайды мойындамайды, сөйтіп жастарды аздырады дейді. Ал өздері туралы шындықты айтпайды. Өздері атаққұмар, елде ықпалды, әрі көп болғандықтан, олар көптен бері мен туралы жалған пікірді талмай таратып келеді.

Енді, міне, соның жалғасы — Мелет те, Анит та, Ликон да маған жаламен жармасып отыр. Мелет — ақындар үшін, Анит — қолөнершілер үшін, ал, Ликон — шешендер үшін. Соның үшін де осы қысқа сөзімде соншалықты тамыр тартып кеткен жаланы оп-оңай теріске шығара қойсам, алдымен өзім таң қалар едім. Міне, афиналық ағайын, шындық осылай, оның маңыздысын да, болмашы жағын да мен сіздерге бүкпесіз айттым. Сол арқылы, әрине, өзіме өшпенділік те туғызамын, бірақ соның өзі менің сөзімнің растығының дәлелі емес пе, жаланың шын себебін көрсеткендіктен емес пе? Егер осыны өздерің тексерсеңіздер, қазір ме, кейін бе, шындыққа көздеріңіз жетеді.

Қазіргі айыптаушыларға сын

Бұрынғы айыптаушыларымнан осы ақталғаным да жетер; енді өзін қаламызды жақсы көретін тәуір адамымын деп көрсеткен Мелеттен және басқалардан қорғап көрейін. Олардың таққан айыбы не еді, еске түсірейікші: "Сократ қаламыздың заңдарын аяққа басуда, өйткені қаланың мойынсұнатын құдайларын мойындамайды, оның орнына жаңа бір ғұламалардың нышандарын мойындайды, сөйтіп жастарды аздыруда", — дейді.

Осы қойылған айыптауларды рет-ретімен қарап көрейік. Мен қылмыстық әрекетіммен жастарды аздыруда екенмін, ал меніңше қылмысқа барып отырған Мелет, себебі өте маңызды нәрселерге жаны ашығандай болып, ал шынында ойынға айналдырып, адамдарды сотқа жинап отыр. Тап солай екенін дәлелдеп көрейін.

— Мелет, сен жақынырақ келші, айтшы, шынымен-ақ сен жастардың үнемі ізгілікті болуын қалайсың ба?

— Әрине.

— Олай болса, оларды ізгілікті ететін кімдер, мына келіп отырған халайыққа айтшы. Жастардың мінез-құлқының жақсаруын үнемі ойлап жүрсең, сен ондай адамдарды, әрине, білесің. Аздырушыны таптың, сотқа тартып отырсың, ал енді солардың есіне салшы, кімдерден тәлім алсын. Мінеки, Мелет, үндемейсің, не айтарыңды білмейсің. Осының ұят емес пе? Ендеше, мұндай нәрселер бұрын сенің жаныңды ауыртпаған. Айтсаңшы, кімдер оларды жақсартатын?

— Заңдар.

— Мен олар туралы сұрап тұрған жоқпын, ізеттім, олар қандай адамдар деп тұрмын.

— Мынау отырған қазылар, Сократ.

— Не деп тұрсың, Мелет, тап осы адамдар жастарды жақсылыққа тәрбиелеуге қабілетті ме?

— Олардан ешкім аспайды.

— Бәрі ме? Әлде біреулері қабілетті, ал екіншілері қабілетсіз бе?

— Бәрі де.

— Герамен ант етейін, Мелет, аузыңа май, басқаларға пайдалы адамдар қалай көп. Ал, мынау бізді тыңдап отырғандар піс, олар да жастарды жақсылыққа тәрбиелей ме?

— Олар да.

— Ал Кеңестің мүшелері ше?

— Ия, Кеңестің мүшелері де.

— Олай болса, Мелет, мүмкін Халық Жиналысына к.атысушылар жастарды бұзатын болар? Әлде олар да, бірі қалмай, жастарды жақсарта ма?

— Олар да.

— Мүмкін менен басқа афиналықтардың бәрі де оларды пәк етеді екен, бұзатын тек мен екем, сен осыны айтқың кеп тұр ма?

— Тап осыны.

— Сен маған тым ауыр бақытсыздықты таңып тұрсың, Мелет. Бірақ, айтшы, сеніңше, мысалы, аттарды да тек біреу баптап, жарата ала ма, әлде көп адамдар жаратып, біреу ғана бұза ма? Басқа жануарлармен де қалай болады, біреу ғана бағып, жақсарта ма, жоқ көпшілік жақсартып, біреу ғана бұза ма? Әрине тәрбиелеу, баптау сияқты, жұрттың бәрінің қолынан келе бермейді, оған жеке біреулер ғана қабілетті, онымен сен Анит екеуің келісесің бе, келіспейсің бе, ақиқат солай. Әйтпесе, тек бір-ақ адам бұзатын, басқаның бәрі жақсартатын болса, жастар үшін қандай бақыт болған болар еді. Сонымен, Мелет, жастардың тағдыры үшін сен еш уақытта жаның ауырмағанын көрсеттің.

— Тағы да мынаған жауап бер, Мелет, Зевс үшін: адал адамдардың арасында өмір сүрген жақсы ма, жоқ, арам адамдардың ортасында ма? Бұл қиын сұрақ емес. Арам адамдар маңайындағыларға тек зиян, ал адал адамдар тек жақсылық әкелмей ме?

— Әрине.

— Ендеше әркім маңайындағылардың өзіне зиян емес, тек пайда әкелгенін тілемей ме? Жауап бер, заң да сотта жауап беруді талап етеді ғой. Ешкім өзіне зиян келгенді қаламайды емес пе?

— Әрине, қаламайды.

— Солай, дейік. Ал сен мені сотқа жастарды әдейі қастық оймен бұзып жүр немесе тек білместіктен істеді деп тартып отырсың ба?

— Әдейі.

— Бұл қалай, Мелет, сен жаста болсаң бәрін білесің, жаманшылықтың да, жақсылықтың да өзіне ең жақын жүргенге зиян, не пайда жасайтынын түсінесің, ал мен тіпті осыны да білмейді екем, егер мен біреуді оңбаған етсем, алдымен одан өзіме жамандық келетінін білуім керек қой, ал мен оны тағы, әдейі, біле тұрып істейді екенмін. Сонда мен алдымен өзіме қас болғаным ба? Сенің бүл сөзіңе сенбеймін, ешкім де сенбейді. Екінің бірі — я мен ешкімді де аздырмаймын, егер аздырсам, тек білмегендіктен. Ал егер білмегендіктен істесем, онда ол үшін сотқа тарту емес, қайта ісімнің теріс екеніне көзімді жеткізіп, түсіндіру қажет. Сен болсаң маған түсіндіруге ешбір әрекет жасаған жоқсың, қайта бірден жазалауға сотқа шағым жасап отырсың.

— Дегенмен, Мелет, айтшы, мен жастарды қалай азғындатып жүрмін? Берген шағымыңа қарағанда мен оларды қаланың сиынатын құдайларын мойындамауға, оның есесіне басқа, жаңа бір құдайларды мойындауға үйретеді екенмін, солай ғой?

— Тап солай.

— Тап сол құдайлар үшін және осы бізді тыңдап отырғандар үшін анығын айтшы, Мелет. Сенің не айтқың келгенін толық түсіне алмай тұрмын. Мені шаһарымыздың сиынатын құдайларын мойындамай, басқа құдайларды мойындайды, соған жастарды үйретеді деп айыптайсың ба? Онда мені алаңсыз құдайдан безген деуге болмайды, өйткені белгілі бір құдайларды мойындайтын болғаным ғой. Әлде сен мені мүлде ешбір құдайларды мойындамайтын, құдайдан безген дегің келіп тұр ма?

— Тап осылай, сені ешбір құдайларды мойындамайды деп тұрмын.

— Ғажап жансың, Мелет! Қалай бұлай дей аласың? Сонда басқа адамдар сияқты мен Күнді де, Айды да құдай деп танымаймын ғой?

— Шынында осылай, қазылар, себебі ол Күнді — тас, Айды жер деп уағыздайды.

— Достым Мелет, сен мені емес, Анаксагорды айыптап тұрсың! Алдыңдағы қазыларды Клазоменнен шыққан Анаксагорды оқымаған надандар деп ойлаймысың? Оның кітаптары сенің маған таңып отырғандай тұжырымдарыңа толы. Ал жас жігіттер ол ойларды Орхестрде бір-ақ драхма төлеп біле алады, ал сен парықсыз нәрселерді мен ойдан шығарған деп айыптайсың. Дегенмен, Зевс үшін, айтшы, сеніңше мен шынымен-ақ ешқандай құдай жоқ деп есептеймін бе?

— Зевспен ант етем, ешқандай.

— Мүмкін емес, Мелет, меніңше осыған сен өзің де сенбейсің. Афиналықтар, меніңше, ол барып тұрған ұятсыз әрі бұзақы, ол осы шағымды ұятсыздықтан, ұстамсыздықтан һәм жастығынан беріп отыр. Ол өзінше бір жұмбақ шешуді мақсат еткен сияқты: "Дана Сократ менің өз-өзіме қайшы келіп отырғанымды, яғни мазағымды түсіне алар ма екен, әлде алданып қалар ма және басқалар да солай болар ма екен" деп. Оның жапқан жаласы: "Сократ құдайларды мойындамайды, өйткені құдайларды мойындайды" деген сияқты былық нәрсе.

— Енді бәріміз бірге байқап қарайықшы, афиналықтар, оның сөздері тап мен айтқандай болып шығар ма екен. Мелет, сен бізге жауап бер, ал басқаларың шуламай тыңдасаңыздаршы.

— Дүниеде, Мелет, адамдардың ісін мойындайтын, ал адамдардың өзін мойындамайтын кісі бола ма? Афиналықтар, ол осыған жауап берсін, бірақ жоқтан өзгеге даурықпасын. Өмірде аттардың бар екенін мойындамайтын, ал атқа шабуды мойындайтын кісі бола ма? Флейташыларды мойындамай, флейтада ойнауды мойындауға бола ма? Олай болмайды. Ең болмаса мынаған жауап берші, генийлердің аян беруін мойындайтын, бірақ генийлердің өзін мойындамайтындар бола ма?

— Жоқ, болмайды.

— Ақыры бір жауап берді-ау! Афиналықтардың сені жауап беруге мәжбүр еткені қандай жақсы болды. Олай болса, байырғылары болсын, жаңадан шыққандары болсын, данышпандардың аян беруін мен танимын және басқаларды да солай тануға үйретемін. Яғни, сенің айтуыңша, мен генийлердің аян беруін мойындаймын, өз шағымында да сен соны айтып отырсың. Егер генийлердің аян беруін мойындасам, мен қалай данышпандардың өзін мойындамай алмаймын? Олай болуы мүмкін емес. Солай емес пе? Әрине солай. Үндемегеніңе қарағанда, сен онымен келісіп тұрсың. Ал генийлерді біз құдайлар немесе құдайдың перзенттері демейміз бе? Солай ма, жоқ па?

— Әрине, солай.

— Сонымен, сенің өз айтуыңша генийлерді мен мойындаймын, яғни сен онымен келістің, ал генийлер — белгілі бір құдайлар, олай болса, жаңа мен айтқандай, сен бәрін бір қылжаққа, не жұмбаққа айналдырып тұрсың, өйткені мені генийлерді мойындайды деп тұрып, әрі мені құдайларды мойындамайды деп айыптайсың. Екінші бір жағынан алсақ, аңыздарда айтылатындай генийлер құдайлардың нимфалардан, тағы басқалардан өрбіген перзенттері десек, қандай адам құдайлардың балаларын мойындап, құдайлардың өздерін мойындамайды? Ол аттар мен есектерден өрбіген қашырларды (мулдарды) мойындап, ал аттар мен есектердің бар екендігін теріске шығарумен бірдей нәрсе ғой. Жоқ, Мелет, сен бұл шағымды біздің бір өзіміздің бүтіндігін сынауға бергендейсің, немесе не де болса бір қылмыспен айыптауға ниеттеніп, бірақ қандай айып тағуда шатасқансың? Басқаша мүмкін емес. Әйтпесе, есі бүтін адамдарды жаңағыдай айыппен иландыру мүмкін емес.

— Сонымен, афиналықтар, Мелеттің маған таңып отырған қылмыстарынан менің пәк екендігім бұдан әрі дәлелдеуді қажет етпес, осы айтқанымыз да жетер. Ал, мен бұрын да айтқандай, көп адамдардың маған деген өшпенділігінің өршіп отырғандығы, ол — шындық. Мені құртса, Мелет те, Анит те емес, тап осы құртады, ал көп адамдардың жаласы мен дұшпандығы бұған дейін де көптеген адал адамдардың түбіне жеткен, әлі де жете береді деп ойлаймын. Тап менімен бұл пәле тоқтар деп ойлауға ешқандай негіз жоқ.

Сократ өзі қақында

Бірақ та, мүмкін біреу: "Өзіңді ажалға душар ететін істермен айналысу, Сократ, саған ұят емес пе?",— дер. Бұған мен былай дер едім: "Бұл айтқаның жақсылықтың сөзі емес, достым, аз да болса шарапатты іспен шұғылданған адамға, ол істің өлімге, не өмірге душар ету мүмкіндігін ғана ескеріп, тек сондай есепті ғана ұстануға бола ма? Ол ең алдымен, тіпті тек қана ол істің әділдігін, не әділ еместігін, жақсы адамға, не жаман адамға лайықты екендігін ескеруге тиіс емес пе? Сеніңше, Трояның түбінде опат болған пайғамбарлар, соның ішінде Фетиданың ұлы да жаман болғаны ғой! Оның ұят қылықтардан жиіркеніп қауіп-қатерлерді елемегендігі сондай, шешесі — құдай Фетида оның Гекторды өлтіру ниетін біліп: "Ұлым, егер досың Патроклды өлтіргені үшін Гекторды өлтірсең, артынша өзің де ажалмен қауышасың: "Приамның ұлының соңынан өз ақырың да дайын тұр" дегенде де, ол қорқақтың масқара өмірінен гөрі достарының кегін алып өлгенді артық көрді. Бүкіл елге мазақ болып, жер бетіне масыл болып тірі жүргенше, жауымды жазалап барып өлгенім артық емес пе деген жоқ па еді ол. Ол үшін ең асыл мұрат өлімнен аман қалу ма еді?

Шындығында, афиналықтар, мәселе мынада: әркім өмір салтында қандай орынды өзіне лайық деп тапса, немесе әркімді оның басшылары оған лайық деген орынға қойған болса, ол сол орыннан, сол міндеттен таймауға тиіс, ол жерде оған қандай қауіп-қатерлер ұшырасса да, өлімнен де гөрі ол масқара болудан қорқуы керек. Егер мені өзіміз сайлаған басшыларымыз Потиденің де, Амфипольдің де, Делийдің түбінде де жүктеген міндеттерден қандай қатер төнсе де таймаған болсам, басқалар сияқты сапта болсам, енді құдай мені философиямен шұғылданып, өзімді де, басқаларды да сынап, өмір сапында осы іске қойып, соны маған жүктеген болса, мен өлімнен, не басқа бірдемеден қорқып саптан қашсам, ол бір сұмдық іс болар еді. Ондай қылық үшін мені шынында сотқа тартып, құдайларды мойындамайды деп айыптауға болар еді, сәуегейлікті тыңдамайтындығымнан өлімнен қорқам, өзімді дана болмай тұрып данамын деп қиялдаймын. Өлімнен қорқу, афиналықтар, — ол өзіңді дана деп есептеумен бірдей, яғни, білмейтін нәрсеңді білем деп ойлау ғой. Шынына келсек, өлімнің не нәрсе екенін, ол бір жақсылық па, әлде жамандық па, ешкім білмейді ғой, әйтседе жұрттың көпшілігі одан ол бір дүниедегі ең сұмдық нәрседей қорқады. Ал дүниедегі ең масқара нәрсе ол білмейтініңді білем деп есептеу емес пе? Афина жұртшылығы, менің басқалардан өзгешелігім болса, кейбіреулерге басқалардан ақылдырақ көрінсем, ол менің білмейтін нәрсемді, мысалы, Аидты жақсы білмей тұрып, сол білмейтіндігімді бүкпесіз мойындауымда. Ал өзімнен артық құдайды, не адамды, һәм заңдарды мойындамаудың ұят және айып екендігін жақсы білемін. Олай болса, жақсы не жаман екендігі белгісіз нәрседен қорқып, одан қашпаймын.

Егер тіпті Аниттің осы жерде: менің бүл сотқа келмеуім керек еді, ал келгеннен соң, мені өлім жазасына тартпауға болмайды, себебі мен құтылып кетсем, сіздердің ұлдарыңыз менің жолыммен кетіп, бәрі де алаңсыз азғындайды дегеніне қарамастан, сіздер: "Бұл жолы, Сократ, біз Анитты тыңдамай, сені босатамыз, бірақ сен бұдан былай осы сынауларыңды, философиямен айналысуыңды қоясың, ал егер осы кәсібіңмен тағы да айналысатының анықталса, онда өлуге тиіссің" десеңіздер, сонда да мен сіздерге былай дер едім: "Мен сендерге, афиналықтар, жан-тәнімен берілген жанмын, сендерді жақсы көремін, бірақ сендерден кәрі құдайдың дегенімен жүремін, демім мен қуатым таусылғанша философиялық ой кешемін, қайсысың ұшырассаң да, бұрын да айтып жүргендей, "Сен қуатымен, даналығымен әлемге аты шыққан Афинаның азаматысың, яғни жақсылардың ортасынан шыққансың, солай бола тұра саған ақшаны еселеп мол табуға ғана ұмтылу немесе даңқ пен сый-сияпатты ғана көздеу, ал зердені, ақиқатты, қаныңның пәктігін ойламау саған ұят емес пе дей беремін. Ал егер қайсыбірің олай емес, мен осы соңғыларды ғана көздеймін десе, онда мен оны сынақтан өткізіп, тәптіштеп сұрай бастаймын, ал кейбіреулерде айтылмыш қасиет жоқ болып көрінсе, мен оның ең асыл нәрселерді емес, ең пәс нәрселерді бағалайтынын бетіне басып, әшкерелеп жүремін. Кәрі болсын, жас болсын, жат жұрттық па, жоқ сіздермен (іс, әсіресе сіздермен, афиналықтар тап осылай істеймін, өйткені сіздер менің қандасымсыздар. Бар иманыммен айтамын, бұл маған құдайдың әмірі, бүтін шаһарда сіздерде менің осы құдайға қылатын қызметімнен артық игілік жоқ. Мен кім болса да, кәріге де, жасқа да тәнді емес, жанды қақсатуды ойлау керектігін айтумен ғана жүрмін ғой. Жақсы қасиеттің ақшадан тумайтынын, керісінше, қауымда да, жеке тірлікте де ақшаның да, басқа игіліктердің де жақсы қасиеттерден болатынын айтудамын. Егер осындай сөздермен мен жас жігіттерді аздырып жүрсем, онда бұл сөздердің зиян болғаны. Ал біреу мен бүл емес, басқа сөздер сөйлейді дейтін болса, ол жалған. Сондықтанда менің айтатыным: "Афиналықтар, Анитқа мойын ұсынасыздар ма, жоқ па, мені босатып қоя бересіздер ме, жоқ па, бір емес, сан рет өлетін болсам да, менің айтатыным да, істейтінім де осы".

Шуламаңыздар, афиналықтар, мен өтінемін: не айтсам да, шыдап тыңдаңыздаршы, меніңше, менің сөздерім сіздерге тек пайдалы. Мен сіздерге тағы бірдеңелер айтпақшымын, оған сендер тіпті айқай көтерулерің мүмкін, бірақ не де болса, олай етпеңіздер.

Сеніңіздер, егер сіздер мені тап осы қалпымда, тек осындай адам болғаным үшін өлімге қисаңыздар, онда тек өздеріңізге зияндық жасайсыздар, маған емес. Маған Мелеттен де, Аниттан да ешбір зиян келмейді, себебі менің ойымша жаман жақсыға зиян жасай алмайды. Әрине, ол өлтіре алады, қуып жібере алады, жамандай алады. Ол ма, басқа ма, кім де болса мұны ең жаман нәрсе деп түсінетін болар, бірақ мен олай деп ойламаймын. Одан да көрі жаман нәрсе: әділеттікті аттап, кінәсізді өлімге үкім еткізу. Сондықтан да, афиналықтар, мен қазір өзімді өзім үшін емес, ол тек солай көрінер, сіздер үшін қорғаудамын, сіздер мені өлімге кесіп, құдайдың өздеріңізге берген сыйынан айырылып қалмауларыңыз үшін. Егер мені өлімге кессеңіздер, меңдей адамды табу сіздерге оңай болмайды, себебі мені осы шаһарға құдай қойған ғой, күлкілі болса да айтайын, дөрекілеу айтсақ, кәдімгі жақсы, бірақ семіріңкіреп, еріншектеніп алған атты бір бөгелек шағып, тыныштық бермегені сияқты. Тап осылай болсын деп осы шаһарға құдай жіберген, күні бойы кезіп жүріп кез келгенді оятып, өтініп, иландырып дегендей... Басқа бір осындай адамды, афиналықтар, сіздерге табу оңай емес, егер маған сенсеңіздер мені сақтай аласыздар. Бірақ, Анитқа құлақ ассаңыздар, шырт ұйқыдан кенет оятылған адамдай, ашу үстінде мені беймаза сонаны соғып жібергендей, өлтіре салуларыңыз да ықтимал. Өйтсеңіздер, қалған өмірлеріңіздің бәрін ұйқыда өткізесіздер. Әрине, егер құдай, сіздердің қамыңызды ойлап, тағы біреуді жібермесе. Құдайдың мені осы үшін біздің шаһарға қойғандығы мынадан - ақ көрініп тұрған жоқ па? Кім өзінің бар шаруасын тастап, жоқшылыққа ұшырап, барлық уақытын басқалардың ісіне арнап жүр, әрқайсыңа тап бір әкесіндей, не ағасындай өсиет айтып, жақсылыққа бағыштап жүр? Одан мен бір пайда тауып, сол үшін ақы алып, не сұрап жүрсем екен, менің айыптаушыларым арсыздықпен қанша қараласа да, өсиет үшін ақы алады дей алған жоқ, куәлік те келтіре алмады. Оның менде болмағандығына мен айқын айғақ келтіре аламын: ол менің кедейлігім.

Бұл жағдайда түсінбестік бір нәрсе болуы мүмкін. Мен неге оз кеңестерімді, өсиетіңді жеке адамдарға ғана айтамын? Неге халық жиналған жерде, мәжілістерде, бүкіл шаһарға кеңес бермеске? Оның себебі менде, бір құдайдың аян беруіндей ме, әйтеуір бір керемет жағдай болады. Мелет мені қаралаған шағымында оған күлген де болатын. Ол менде бала кезден басталды: бір нәрсе істеуге оқталған кезімде өз ішімнен дауыс шыққандай болады, сол істі істеуден тоқтатады, бірақ басқа бір нәрсеге итермелейді. Сол дауыс мені мемлекет ісіне араласуға жібермейді. Ол, меніңше, өте дұрыс. Наныңыздар, афиналықтар, егер мен мемлекет ісімен айналыссам, өзім де, сіздерге де ешбір пайда келтірмей-ақ әлдеқашан мерт болған болар едім. Шындықты айтқаныма ашулана көрмеңіздер: сіздерге не сіздер сияқты қандай да болмасын көпшілікке қарсы тұрып, мемлекетте болып жататын көптеген әділетсіздіктер мен заңсыздықтарға ашықтан ашық жол бермеуге тырысқан адамдардан сау қалатыны болмайды. Жоқ, шынында да кім әділеттілік үшін атой салса, аз уақыт та болса аман жүру үшін, ол ресми істерден аулақ, жеке іспен айналысуы керек. Оған мен көптеген дәлелдер келтіре аламын. Өз басымда болған оқиғаларды айтсам, сіздер түсінесіздер: ажал төніп тұрса да мен әділетке қарсы нәрсеге тізе бүге алмаймын, ал тізе бүкпей, сөз жоқ, мерт боламын.

Ол оқиғаларды айту ауыр да іш пыстырарлық нәрсе. Басқа ешбір қоғамдық орында болмасам да, Кеңесте болдым. Бізде Филеге, Антиохидата 10 стратегті бірден соттауға тура келгені бар. Олар теңіздегі ұрыс кезінде өлген жолдастарының мүрдесін ала алмай кеткен. Ол заңсыз еді, оны кейін бәрі де мойындады. Сонда жалғыз мен притандардың ішінде заңды бұзбай қарсы дауыс бердім. Сондағы сөйлеген шешендер де, тіпті сіздердің өздеріңіз де мені қамауға алуды талап етіп, айқайлап тұрған шақтарыңызда да, мен түрмеден не өлімнен қорқып сіздермен бірге болғаннан, әділет пен заңмен бірге болғанымды артық көрдім. Сіздердікі әділетсіздік еді. Ол кезде қаланы халық билеуші еді. Ал олигархия келген кезде де отыз тиран мені және төрт кісіні Саламиндік Леонтты жазалау үшін алып келуге Толға жіберген. Басқаларға да осы сияқты бұйрықтарды беріп жатты. Бүл жолы да мен Әділетсіздік пен араздыққа барғаннан өлімге бас тігуді артық көрдім. Төрт кісі барып Леонтты алып келді, ал мен бармай үйіме кеттім. Ол үкімет қанша күшті болса да, мені әділетсіздікке көндіре алмады. Мүмкін мені асар ма еді, егер ол үкімет тез құлап қалмаса. Оған көп куәлар бар.

Егер мен қоғамдық істермен айналысып жүрсем, осынша жасқа дейін жетер ме едім? Әрине, адал, әділет үшін кез келгенге қол ұшын беруге ұмтылатын және соны өмірде ең басты нәрсе деп білетін әрбір адамға ол мүмкін емес. Өмір бойы, аз да болса қоғамдық істерге араласқан кезімде де, жеке істерде де: ешкіммен, айыптаушылардың менің "шәкірттерім" деп атағандармен де, басқалармен де, әділетке қайшы келетін келісімге келген емеспін.

Мен ешкімнің ұстазы да болған емеспін. Ал егер біреулер менің оз ісімді қалай атқаратынымды көргісі келсе, оған мен кедергі жасамадым. Ақша алсам — дәріс беріп, алмасам — бермей жүргенім жоқ, жұрттың бәріне байы ма, кедейі ме, бірдей маған сауал беруіне болатын, ал егер, кім қаласа, өзі де жауап беріп, немесе мені тыңдауына болатын. Ал егер соның нәтижесінде біреулер адалдау не арамдау болып шықса, оған мен, әділетке жүгінсек, жауап бере алмаймын, өйткені ешкімді бірдемеге үйретуді мойныма алған емеспін, үйреткенім де жоқ. Егер біреу жеке жағдайда ақы беріп, бір нәрсені үйрендім дейтін болса, ол — жалған.

Бірақ, кейбіреулер менімен ұзақ уақыт болуға неге құштар? Бұдан бұрын да айттым, афиналықтар, оларға білмейтін, бірақ өзін білгірмін деп есептейтіндерді менің қалай әшкерелейтінім ұнайды. Бүл, әрине, қызық. Олай етуді, қайталаймын, маған құдайлар жаршылары арқылы да, түсімде аян беруде де, т.б. жолдармен де тапсырған, маңдайыма жазылған нәрсе. Егер мен бір жас жігіттерді аздырып жүрсем, ал басқаларын әлдеқашан азғындатқан болсам, жасында менен зиян шеккендердің кейбіреулері қазір маған келіп айыптарын айтпас па еді? Олардың өзі болмаса әкелері, туыстары айтпас па еді? Олардың біразы қазір осында да отыр, көріп тұрмын: біріншіден, мынау, Критон менің құрдасым, бір демнанбыз, мынау отырған Критобулдың әкесі: сфеттийлік Писаний, мынау Эсхиннің әкесі, Эпигеннің әкесі кефисийлік Антифон, ал анау ағалары менімен көп уақыт өткізген Феозотидтың ұлы Никострат, Феодоттың інісі, Феодоттың өзі дүние салған, сондықтан ол інісін азғыра алмайды; Демодоктың ұлы Парал, Феагтың бауыры; мынау Аристонның ұлы Адимант, мынау Платон оның бауыры; және Эантодор, мынау Аполлодордың бауыры. Мен тағы да коп адамдарды атауыма болады, Мелет өз сөзінде осылардың біреуін куәлікке тарта алар еді, егер осыған дейін мұны ұмытқан болса, қазір сөйтуіне болады, мен қарсы болмаймын, айтсын, егер айтатыны болса. Афиналықтар, олардың Мелетті емес, керісінше, мені, азғындатушыны, ақтауға дайын екеніне көздеріңіз жетеді. Менен азғындағандар мені жақтауға мүдделі екен дейік, ал олардың әке-шешелері, туыстары мені ақтайды деуге қандай негіз бар? Егер, әрине, мен шынымен оларды теріс жолға салсам. Жарайды, бұл жөнінде енді жетер, афиналықтар! Өзімді ақтау үшін айтатынымды айтып болдым ғой деймін.

Бәлкім, бәз біреулер, кезінде болмашы - ақ айыптаумен сот алдында жауап беріп, жалынып-жалпайып, соттың да жұртың да аяныш сезімін тудыру үшін балаларын, туыстарын алып келіп жазадан құтылғандар, менің қазір ондай мінез көрсетпегеніме жындары келуі де мүмкін, сол үшін маған қарсы дауыс бергісі келер, мен олай деп ойлағым келмейді, бірақ, дегенмен, ондайлар болса, мені түсінсін, ісім қатерлі бағыт алар болса да, мен ондай қылықтарға бармаймын. Ондайларға мен былай деп жауап берер едім: "Менде де, қарағым, қандайда болмасын отбасым бар, мен де, Гомер айтқандай, еменнен, не жартастан туған жоқпын, адамдардан тудым, сондықтан, афиналықтар, мен де бір үйлі жанмын, ұлдарым, тіпті үш ұлым бар, біреуі ес кіретіндей болып қалды, қалғандары әлі тым жас, сонда да мен оларды мұнда әкелмеймін, сіздерден ақтауларыңызды сұрап, өтінбекші емеспін.

Неліктен мен олай етпеймін? Менмендіктен емес, афиналық ағайын, және сіздерді менсінбегендіктен де емес. Мен өлімнен қорқамын ба, қорықпаймын ба, ол сөзді біз осы тұста қалдырайық, бірақ менің абыройыма, сіздердің абыройларыңызға, қаланың абыройына, осы келген жасымда шын болсын, жалған болсын ие болып жүрген атыма айтылмыш қарекет ажар бермейді. Адамдардың көбінен Сократтың белгілі бір ерекшелігі бар дейтін лақап бар емес пе? Я даналығымен, я табандылығымен немесе басқа бір жақсы қасиетімен көзге түсіп жүрген адамдар солай етсе, ол масқаралық болар еді. Бірнеше рет қадірменді аталып жүрген бір-екі кісілердің сотқа тартылып қалған сәтінде сондай қарекеттерімен абыройынан жұрдай болғанын көргенім бар, сонда өлімнен осы жолы құтылса, мәңгілік өлмейтіндей - ақ. Дүниеде өлім деген ең жаман нәрседей-ақ. Меніңше, ондай адамдар қаламыздың атына кір келтірді, әлде бір жат жұрттықтар афиналықтардың ең құрметті деп, жоғары лауазымды орындарға сайлап жүрген адамдарының қатындардан ешбір артықшылығы жоқ екен деп ойлап қалуы мүмкін. Афиналықтар, сіздердің басқа жұрттың алдында қадірменді деген атақтарыңыз бар, қиын-қыстау шақта абыройын төге салатын адамдарды емес, ажалдың аузында да ұстамдылық көрсететіндерді қолдағандарыңыз жон. Әйтпесе, қаламыз күлкілі жағдайларға душар бола береді.

Тіпті абыройды айтпай-ақ, афиналықтар, сотқа жалынып өзін құтқару деген, меніңше, істің мазмұнына теріс көрініс беретін жалған қылық. Сот деген қалауына орай біреуді есіркеп, екінші біреуге қаталдық жасау үшін емес, тек заңды негізде әр істің ақиқатын анықтау үшін қойылған ғой. Сондықтан біз де сіздерді берген анттарыңызды бұзуға шақыруға, сіздер де заңнан ауытқуға үйренбегеніңіз жөн. Ал енді, мені Мелет абыройсыз деп айып қойып отырған шақта соны істесем, ол сіздерді құдайлар жоқ деп иландырумен бірдей, әрі өзімді істің мәнін түсіндіріп ақтаудың орнына, құдайларды мойындамаймын деп айыптаумен бірдей емес пе? Ал мен құдайларды мені айыптаушылардың қайсысынан болса да артық мойындаймын, һәм сіздер мен құдайға өз ісімді ақ жолмен шешуді тапсырамын, мен үшінде, сіздер үшінде ең жақсысы сол.

Сократты айыпты деп шешім қабылданғаннан кейін

Болған іске — мені айыптағандарыңызға ыза болып, ашулануға маған көп нәрселер жол бермейді. Ол мен үшін күтпеген жай да емес еді. Одан да көрі мені қарама-қарсы дауыстардың сан жағынан айырмасының аздығы таңдандырады. Маған қарсылардың сан жағынан артықтығы азғантай - ақ екен. Отыз тас бүл жағына емес, ана жағына түскен болса, мен ақталған болар едім. Мелеттен мен кәзірдің өзінде құтылдым, егер Анит пен Ликон мені айыптап сөйлемесе, Мелеттің дауыстардың бесінші бөлігін ала алмай, мың драхма төлеуге мәжбүр болатындығы әркімге - ақ аян ғой.

Бүл кісі мені өлім жазасына кесуді талап етеді. Мейлі. Ал мен өзіме нендей үкім шығарар едім? Маған не нәрсе лайық? Өмір бойы тыныштық таппай, басқалар сияқты өзіне пайдалы істермен әскери лауазымдармен, басқару істерімен, Халық мәжілісіндегі сөздермен, саяси бүліктер және көтерілістермен айналыспай, — өйткені бүкпесіз шындықты айтатын мен онда әлдеқашан мерт болған болар едім — бәріңе ең үлкен пайда келтірдім, өйткені әркімді жүзбе-жүз ақиқатқа көзін жеткізу, дұрыс жолға бағыштау, меніңше, солай деп ойлаймын. Мен әрқайсыңа: жағдайыңды жақсартудан бұрын өзіңді жақсарт, қаланың істерін жақсартудан бұрын қаланың өзін жақсарт деумен болдым. Өйткені өзің жақсармай тұрып ісің жақсармайды. Осындай адамға сонымен не лайық? Әрине, бір тәуір нәрсе! Ал қалаға еңбегі сіңген, бірақ өзіне ешбір пайда таппаған жарлы адамға, әрі сіздерге өсиет айтуға бос уақыты болуы үшін ең алдымен не жетпейді? Ондай адамға ең дұрысы — Пританеяда тегін ас ішу. Олимпиялық ойындарда жеңіске жеткендерден, ат шабыстарда, ат жеккен жеңіл арбалармен жарысқанда озғандардан көрі ол маған дұрыс, олардың сіздерге келтіретіні жалған бақыт, ал менікі — шын бақыт, оларды асыраудың қажеті жоқ, ал мен асырауға мұқтажбын. Нағыз әділетімен шешсек, меніңше, ең дұрыс үкім осы — маған Пританеяда қонақасы беріп тұру.

Бәлкім, бұл сөзім де сіздерге астамшылық болып көрінер. Бірақ, олай емес, афиналықтар. Мен былай ойлаймын: ешбір адамды әдейі жәбірлемеймін, бірақ оған сіздерді иландыра алмай тұрмын, себебі біз тым аз сұхбаттастық. Басқалардағыдай сіздерде де өлім жазасына кесуге бір күн емес, бірнеше күн берілетін болса, дұрыс болар еді. Аз уақытта тағылған ауыр айыптардан өзіңді аршып алу оңай емес. Сонымен, ешкімді жәбірлемегендігімді біле тұрып, мен, әрине, өзімді де жәбірлегім келмейді, өзіме өзім жала жауып, өзіме өзім негізсіз жаза бере алмаймын. Не үшін? Мелеттің талап еткен қазасынан қорқып па? Мен бірақ, өлімнің жақсы нәрсе ме, жаман нәрсе ме — соны да білмейтінімді айттым ғой. Әлде өзімді бір жаман жазаға кесуім керек пе? Мысалы, түрмеде қамауға. Бірақ, әрқашан қайтадан сайланып тұратын он бір адамның мен неге құлы болуым керек? Немесе айыппұл төлеуге ме? Ол бірақ мен үшін бәрібір мәңгілік қамауда болумен бірдей, себебі менде төлейтін ақша жоқ. Мүмкін, мені қаладан аластап қууға ма? Мұндай үкімге сіздер бәлкім, қуана келісер ме едіңіздер. Онда мен тірі жүргенді бәрінен де соншалықты артық санауым керек қой. Егер менің сөздеріме, сұхбаттарыма сіздер соншалықты төзбейтін болсаңыздар, менің отандастарым, оны басқа жұртшылықтың адамдары қалай төзеді? Олар да мені қуар еді? Сөйтіп осы жасымда үнемі кезбелік тіршілікте жүрер едім? Басқа жұрттың жастары да мені соншалықты әуестікпен тыңдар еді деп ойлаймын. Ал егер, мен оларды әңгімемді тыңдатпай қуар болсам, олар өздері әкелеріне айтып мені қуып жіберер еді.

Баз біреу, мүмкін, былай дер: "Сократ, бізден кеткен соң үндемей жүріп-ақ, жайбарақат өмір сүруге болмай ма?"

Біразыңызға тап осыны ұқтыру бәрінен де қиын болып тұрған жоқ па? Үндемей жүру мен үшін құдайдың әміріне қарсы болу екенін, ал онда жайбарақат жүре алмайтынымды айтсам, оған сіздер нанбайсыздар. Күнбе-күн адамдармен жақсылықтың не екені, басқа да қасиеттер жөнінде сұхбаттасып, өзіңді де, басқаларды да сол өлшеммен айқындап жүргеннен артық не бар! Онсыз өмір деген өмір ме десем, көбіңіз онан да бетер сенбейсіз. Сонда да болса, шындық тап осы.

Ақшам болса, айып пұл да төлей салар едім, одан менің түгім де кетпес еді. Бірақ ол жоқ. Дегенмен, мен бір мина күміс төлейтін жағдайым бар. Сонша - ақ болсын, онда. Бірақ осында отырған Платон және Критон, Критобул, Аполлодор отыз мина айып пұл төлеуді ұсыныңыз дейді, ақшаны төлеуді өз мойындарына алып отыр. Онда солай-ақ болсын, ал кепілдік беріп отырғандар сенімді адамдар.

Өлім жазасына үкім қабылдағаннан кейін

Онсыз да төрінен көрі жақын адамды өлімге қиғандарыңыз үшін афиналықтар, енді сіздер туралы жаман лақап тарайды. Әшейінде де біздің қаламыз туралы өсек сөзге үйір адамдар енді сіздерді іштеріндегі ең дана адамды өлтірдіңдер деп айыптайтын болады, мен дана болмасам да, олар солай дейтін болады. Егер сіздер біршама уақыт күте тұрғандарыңызда, бәрі де өзінен өзі болатын еді; көріп тұрсыздар ғой, менің әбден қартайған адам екенімді, ажалымның жақын екендігін. Мұны мен бәріңізге емес, мені өлімге бұйырғандарға айтып тұрмын. Оларға тағы да бір нәрсе айтпақпын: сіздер мен жеткілікті дәлелдер, сіздерге жағатын жарамсақтық сөздер таба алмағандықтан, өлімге бұйырылдым деп ойлайтын шығарсыздар? Тіпті олай емес. Егер меңде бірдеме жетіспесе, ол — ұятсыздық, ұятсыздық өлермендігі. Ондайды сіздер көріп үйренгенсіздер. Мен ондай арсыздықты өзіме лайық деп тапқан емеспін. Өлімнен олай құтылғаннан, өзіңді адам атына лайықты ұстай біліп өлгенің артық. Жай өмірде де, соғыста да өлімнен ақ жол мен қара жолды ажыратпай құтыла беруге болмайды. Өлімнен құтылудың жолдары көп, бірақ оның бәрі бірдей адам затына жарай бермейді.

Өлімнен құтылу, афиналықтар, оңай, бірақ арамдықтан құтылу қиын. Өлімнен көрі адамды арамдық тез қармайды. Мені, қартайған әрі енжар адамды, өлім қармады, ал менің айыптаушыларымды, әрі күшті әрі шапшаң адамдарды, арамдық қармады. Бұл жерден мен өлімге бұйырылып кетіп барамын, ал мені айыптаушылар зұлымдықтары мен әділетсіздігі айқындалып барады. Солай болуы тиіс те еді және ол бірден бір дұрыс.

Ал енді, афиналықтар, мені өлімге байлағандар, мен сіздердің келешектеріңізді болжайын. Маған да адамдарда өлім алдында болатын көрегендік қасиет келген сияқты. Ал, мені өлтіргендер, мен былай деймін. Зевстің атымен ант етем, мен өлгеннен кейін-ақ, сендер маған тартқан өлімнен де жаман бір жазаға ұшырайсыздар. Осы қиянатты істеп алып, одан әрі өз өмірлерің қақыңда қандай болса есеп беруден құтылдым деп ойлайсыздар ғой, ал іс жүзінде бәрі керісінше болады: сіздерді әшкерлеушілер көбейе береді, мен оларға тосқауыл едім. Әшкерелеушілер неғұрлым жас болған сайын, олардың айыптаулары ауырлай түседі. Шынында да, адамдарды өлтірумен өздеріңіздің жалған өмірлеріңізді масқаралауды тиып аламыз деп ойлайсыздар ғой, олай болмайды, адасасыздар. Өзіңді олай қорғау жамандығынан басқа әлсіз де, ал әрі дұрыс, әрі берік жол мынау: басқалардың аузына қақпақ қоюдың орнына, өзің жақсы болуға тырыс. Осыны айтып, мен енді сіздермен, мені өлімге үкім шығарғандар, сөзімді доғарамын.

Енді мені ақтау үшін дауыс бергендермен Архонттар ісін бітіргенше, өлетін жеріме барғанша, болған жай қақында шын жүректен әңгімелескім келеді. Осы шақта менімен бірге болыңыздар, достарым! Әзірше бізге сұхбаттасуға ешнәрсе кедергі болмайды. Сіздерге, өзімнің достарыма, қазіргі менімен болған жайдың мәнін түсіндіргім келеді. Менің қазыларым, — сіздерді шын мәнінде осылай деуге болады — менде бір керемет жағдай болды. Бұрын әр жағдайда менің ішкі аян беруші дауысым кейбір істен, кейбір сөзден (егер ол дұрыс болмаса) мені үнемі тоқтатып жүруші еді. Ал бұл жолы, көп жұрттың ойынша, бәленің ең жаманына душар болар сәтте, құдайдың аян берер даусы мені тоқтатпайды — таңертең үйден шыққанда да, сот үйіне кірерде де, сөз сөйлеп тұрған кезімде де. Оның себебі неде? Мен айтайын: болған нәрсе мен үшін тек жақсылық болды, олай болса, өлімді бәленің ең жаманы деушілік дұрыс емес. Енді оған менің толық дәлелім бар. Егер мен теріс нәрсеге барған болсам, ішкі жаршының үні мені тоқтатпауы мүмкін емес.

Өлім деген екінің бірі. Я өлу деген — алаңсыз жоққа айналу, яғни одан кейін адам жаны ешнәрсе сезбейді, түйсіктейді, екіншісі — егер аңыздарға сенсек, — өлім — ол жан үшін бір өзгеріс, жанның бүл жерден басқа бір жерге көшуі. Егер ешнәрсе сезбесе, ол бір ұйқы сияқты нәрсе, әсіресе, бір қатты ұйқы, ешбір түссіз ұйқы. Оңда өлім деген бір керемет олжа сияқты емес пе? Кім болса да, тіпті ең атақты патша болсын, өмірінде сондай қатты ұйықтаған түндерін ең жақсы сәттерім демес пе еді? Егер өлім осындай болса, онда ол мен үшін бір жақсылық, өйткені барлық уақытың өткен бір түніңмен бірдей.

Екінші жағынан, егер өлім аңыздарға орай жанның басқа, бұрынғы өлгендердің тұратын бір жеріне ауысуы десек, онда одан жақсы не бар, менің қазыларым? Аидқа барып, мынау қазысымақтардан құтылып онда, аңыздарда айтылатындай, шын қазыны құрушылар — Миносты, Радамантты, Эакты, Триптолемды жолықтыру және тағы басқа тіршілігінде әділеттігімен көзге түскен пайғамбарларды жолықтыру — нағыз ғанибет емес пе?

Орфеймен, Мусеймен, Гесиодпен, Гомермен бірге болу үшін қайсысың нендей құрбандықтан бас тартар едің? Басқаны қайдам, өз басым осының бәрі рас болса, сан рет өлуге бармын, мен үшін, мысалы, ертеде әділетсіз соттың құрбаны болған Паламедпен және Теламонның ұлы Аякспен кездесу, олармен әңгіме дүкен құрып, олардың тағдырын менің тағдырыммен салыстыру, тамаша болған болар еді.

Ең негізгісі — осындағы сияқты ол дүниенің тұрғындарын да сынап, олардың қайсысы дана, ал қайсысы тек дана емес, бірақ өзін дана деп ойлайды, соның бәрін ажыратып әңгіме өткізу қандай қызық! Өзінің әскерлерін Трояның түбіне әкелгенді де немесе Одиссейді, Сизифті тағы басқа ерлер мен әйелдерді сынға салып отыру рахат емес пе? Басқасын қойғанда сол үшін сол жақта жазаламайды ғой. Олардың тағы бір артықшылығы — олар, аңыз дұрыс айтса, мәңгі өлмейтіндер ғой!

Сендерге де, менің қазыларым, өлімнен тек жамандықты күтпеу керек, ең дұрысы мынау: жақсы адаммен бүл тіршілікте болсын, ана дүниеде болсын, ешбір жамандық болмайды, құдайлар тек солардың қамын үнемі ойлауда болады. Менің тағдырым да қазір өзінен-өзі шешілген жоқ, сондықтан, менің білуімше, маған енді өлген жақсы, мұндағы барлық азаптардан құтылған жон. Сол себепті мені ешбір ішкі жаршының үні тоқтатпады, мен де өзіме жаза кескендерге, олар маған жақсылық тілемесе де, ашуланып тұрған жоқпын. Дегенмен, менің оларға бір өтінішім бар: "егер, афиналықтар, менің ұлдарым өскеннен кейін жақсылықтан көрі ақшаны және т.б. нәрселерді көбірек ойлайтын болса, сіздер де менің сіздерді сынағанымдай сынап, шын бағасын беріп жүріңіздер. Егер олар өзі туралы тым астам ойлайтын болса да, олардың шын мәнінде кім екенін есіне түсіріп, көздерін жеткізіп жүрсеңіздер екен. Егер осылай істейтін болсаңыздар, онда маған да, ұлдарыма да жасаған шын қызметтеріңіз болады".

Енді бұл жерден кететін де уақыт келді, маған — өлуге, ал сіздерге тіршілік етуге, ал олардың қайсысының игілік екендігін құдайдан басқа ешкім де білмейді.


ПЛАТОН. Апология Сократа // Сочинения в трех томах. Т-1.

М.: Изд-во "Социально-экономическая литература", 1968, с. 81-112.


Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...