Дэлүүн мектебінің іргетасыМХРП VI съезі (1926) шешімі бойынша социалистік ұлы жорықтың екінші кезеңі...
Әкенің шарапаты
Мәскеу. СОКП-ның ХХҮ11-съезі қарсаңы. Желтоқсан айы. Ол екі тәулік жолаушылар бекетінде жан сақтап, үшінші күні табан тоздырып жүріп, тағы бір қонақ үйге бас сұқты. Еш жерде паналайтын бос орын жоқ. Өзінің төлқұжатымен бірге бұл жолы әкесінің «Ұлы Отан соғысы ардагері» деген қызыл кінәжкесін қоса ұсынған еді. Шыныдағы оймақтай тесіктен қабылдап алған әйел:-Сәл тосыңыз.-деп аяқ суытатын орынды нұсқады. Жолұрғысына соңғы күндергі қосылған жүдеу тірлігі-жылы да жайлы жерге кірген соң ойы мен бойын қалың тұмандай тұқыртып әлсірете жөнелді. Үйінен жол азық деп ала шыққан бір құты айран мен үш-төрт шелпек салған түйіншегі жамбасына батқанын да елер емес. – Қонақбаева Гүлжихан, Сізді әкімшілікте тосып отыр.-деп неше қайталанған хабарландыруды естісе де өзіне қатысты екеніне сене алмай абыржып, жан-жағына жалтақтайды.
Қонақбаев Ахметхан 1902 жылы бұрынғы Андреев ауданы Жыланды ауылында дүниеге келген. Атақты Черкасск қорғанысы кезінде шепке тартылған өзге қазақ жұрты арасында қызылдарға азық-түлік тартысыпты. Кейін Турксиб ьемір жолын төсеуге ат салысқан екен. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1945 жылы аман-есен еліне оралады. «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдерімен марапатталып, Бас қолбасшы Сталиннен неше мәрте алғыс хат алады. 1-ші Украина майданы жауынгерлеріне Ұлы Сталин 74 қабат ерен ерліктері үшін алғыс жариялапты. Соғыс аяқталып, бейбіт өмір майданына аттанғалы тұрған кешегі сарбаздарға 1-ші Украина майданының қолбасшысы Кеңес Одағының маршалы И.Конев «Алғыс грамотасын» тапсырады. Соның бірі осы Қонақбаев Ахметхан еді.
Гүлжихан апай көз жасын сүрте отырып әңгімесін ары жалғады. - Әппақ құс төсек, телевизор, жуынатын бөлме тура жұмақтың төріне түскендей болдым. Қайран әкем осының шет пұшпағын да көре алмай кетті ғой. Осы бөлмеге ертіп әкелгенде:- Әкеңіз қайда?-деп сұраған. Әкем соғыстан оралған соң ер-азаматын жоғалтып қаңыраған шаруашылыққа келе араласқан-ды. «Дорстрой» ашылып, осы бүгінгі күре жолға айналған үлкен даңғылдың танабына тас төсеген адамдардың бірі болды. Мал бақты. Құрылыста істеді. Зейнетке шыққан соң да қол қусырып босқа отырмады. Үшаралдан көшіріп шешем екеуін қолыма алғам. Ленин атындағы ұжымшарда асыл тұқым жылқы бақты. 1979 жылы аурлап, бүткім ауыл боп ақтық сапарға шығарған ек.
Үшарал кенті. Гүлжиханның бала кезі. Әкесінің майданнан әкелген әшекейлі, әдемі қағаздарын қабырғаға қамырмен желімдеп, кілем ілгендей қуанатын. Әкесі:-Қызым, осы қағаздардың саған бір күні көмегі тиеді. Сақтап қой. Арқаланар аға-бауырларың жоқ. Біз өлген соң әкең де, шешең де өкімет болады. Тек аяғыңды шалыс баспай ақиқатпен жүр.-деп өсиет айтады. «Бұзықтық жасап, жаман жолға бейімделер ең болмаса ұл да емеспін, бұнысы қалай?» деп кейінге дейін ойлап жүреді.
1987 жыл. Мәскеу. Кремль. СОКП-ның Бас хатшысы М.С.Горбачевтың атына жазылған арызды Бирюкова деген жауапты қызметкер қарап:-Енді қам жемей ауылыңызға қайта беріңіз. Мәселе оңды шешіледі.-деді. 44 айға созылған сергелдеңге расымен нүкте қойылатына Гүлжихан сенер-сенбесін білмей елге бет алды.
- Дүкендегі тауарларды бір түнде «переоценка» жасап, ұйпа-тұйпамызды шығаратын сол кезде бір үрдіс болған. Үш адам істеуші едік. Тауарымыз есептегіден артық шықты. Ұрлап-жырлаған дәнеңеміз жоқ. Тегі, жетпесе төлеп құтылып, артық болса сотталасың. Бар затты бастықтарымыз кіріске алмай, сүргінге ұшыратты. Әділдік іздеп бармаған жер, баспаған тау қалмады. Үміт артқан биігіміз етекке ысырды. Ұйып тұрған берекеміз сөйтіп бір-ақ түнде тозаңға айналды. Алты баланың анасы едім. Тоқсандағы шешемнің қолына қарап олар қалды. «Жығылғанға жұдырық» демекші, үйіміз құлап, баспанадан айырылдық. Күйеуімнің мойнына мал мінді. Ақыры өзім ауыр науқасқа шалдығып, айлап емханаға таңылдым. Сонда медбике боп істейтін бір қыз бала менің жағдайымды естіген соң, үлкен қызметтегі ағасына айтқан көрінеді. Ағасы:-Жуық арада партияның ХХҮ11-съезі болмақшы, неде болса соның қарсаңында Мәскеуге барып арыздансын.-деп кеңес беріпті. Үлкен қызым Жанна өз күнін өзі көрмек боп, студенттік құрылыс отрядына кеткен еді. Менің бетім бері қараңқырап қалған. Сол өызымның тапқан ақшасын алып жолға шықтым. Әкемнің бар құжат-қағаздарын ала кеткенім абырой боп, көзі жоқ болса да аруағы жебеп ісім әділдігін тапты. Әкемнің атын жамылмасам сірә, сол бейтаныс, бөтен қалада тентіреп жүріп үсіп өлер ме едім де те кейде жағамды ұстаймын.
Күйеуі Тентекматаев Қастай 1990 жылы зейнетке шыққан. Семей малдәрігерлік-зоотехникалық институтын бітірген. Ленин атындағы ұжымшарда мал шаруашылығы маманы болды.
Қонақбаева Гүлжихан 1940жылы туған. 1958 жылдан зейнетке шыққанша сауда саласында істеді. Үлкен қызы Жанна заңгер, Талдықорған қаласында қызметте. Салтанаты мен Лаурасы осы Қойлық ауылында, бірі дәрігер, екіншісі ұстаз. Айдын, Алтай атты ұлдарымен сырттай оқитын кеже қызы Гүлназ өздері құрған «Игілік» шаруа қожалығында әке-шешесінің қолын ұзартып еңбектеніп жүр. Шабындық жайылымымен 200га жуық жер үлестері бар. Бастапқыда жалғыз жылқымен ғана тың көтерген олар бүгіндері төрт түлік мал өргізіп отырған толымды шаруагер. Таяу арада Гүлжихан апай ауданға барып көңілді қайтты. «Өлі разы болмай-тірі байымайды» деген аталы сөзге орай, ауыл ішінен жер еншілеп, бір кәсіпорын ашып, соның маңдайшасына әкесінің атын жазып рухын әспеттесем деген ойы бар. Ата есімін ұрпақтан ұрпаққа сабақтайтын қалың қазағыма ғана тән қастерлі дәстүрдің бір дәлелі осы болар.
Заман Төлеуов