Тлеулиева Толқын: «Ана жүрегі» спектаклінде ойнаудан бас тартқанмын

ТЕАТР
2717

Тлеулиева Толқын Орынбайқызы -  Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келген. Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде «қуыршақ театры артисі» мамандығы бойынша С.Мақұлбеков шеберханасынан білім алып шығады. 2005 жылдан бері Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театрында қызмет етіп келеді. Балаларға арналған қойылымдарда «Атамекен» - Ана, «Қызыл телпек» - Ана, «Орыс халық ертегілері» - қоян, «Кішкентай бақаның оқиғалары» - Филуночка, «Аладдиннің сиқырлы шамы» - Ана, «Сұғанақ ешкі» - Әже, «Көңілді қонжықтар» - Топ, «Аяз ата жазғы демалыста» - Свет сынды кішкентай бүлдіршіндердің сүйікті кейіпкеріне айналған актриса,  «Ана жүрегі» - Ана, «Сағыныш шөбі» - Бейбарыстың анасы, «Ана – Жер Ана» - Толғанай бейнелерімен көпшілікке жақсы таныс. Талантты театр актрисасымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.


 

Толқын ханым, қайырлы күн! «Қуыршақ театрының артисі» болуды армандамайды, көбісі. Сіз бұл өнер саласына қай жолдан бұрылып келдіңіз және бүгінде мамандығыңыз қандай жауапкершілікті жүктейді? 

Иә, дұрыс айтасыз. Кішкентайымнан әнші, әртіс боламын деп армандадым. Оқу бітірген соң, таңдауыма екі жыл бойы ата-анам қарсы болып, мұғалімдік оқуға түсірді. Құжаттарымды оқу орнынан өзім алып шығып кеттім. Әкем қаталдау кісі болды, дегенмен, арманыма тұсау салмай, батасын беріп Алматыға шығарып салды. Оқуға тапсырарда кешірек келгенмін, көп мамандықтар қабылдап қойған. Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде «Қуыршақ театр артисі» мамандарын дайындайтын курс әлі талапкерлерді қабылдап жатқанын айтты. Ол кезде расымен қуыршақ мамандығын жете түсіне қоймадым. Қызығушылық пайда болып, арманыма жетер жолдағы алғашқы баспалдақты басып көруге бел байладым. Солай, студент атандым. Бірінші курсты бітіргеннен кейін мені сөз сөйлеу жанры артисі мамандығына шақырды. Тіл байлығың, дауысың жақсы екен деп ұсыныс жасады.  Сонда бір жыл сабақ берген ұстазым С.Мақұлбеков мамандықтарың болашақ жейтін нандарың. Нандарыңды аяққа таптатпаңдар деп үйреткені есіме түсіп, біздің мамандығымызға тіл тигізбеңіз деп ауыспай қалғанмын.  

Қуыршақ театры артисі болудың ерекшелігін, артықшылығын айтыңызшы? 

Қуыршақ өнері бірден баурап алады. Қиындығына төзіп, жанын салған адам ғана мұнда қала алады. Балалық, тазалық бойыңнан арылмайды. Себебі, балалар өтірікті бірден сезеді. Қартаймайсың (күлді). Драмалық шығармаларды да, басқасын да ойнай аласың. Ал, драма театр артистері біздің қуыршақпен жұмыс жасап кете алмайды. Сондықтан, кәсіби білім, тіпті тәжірбие жағынан көп театрлардан жоғары деңгейдеміз деп ойлаймын.  

Жанұяңызда жалпы өнерге немесе қуыршақ театры өнеріне ынтасы бар балаларыңыз бар ма?  

Туыстарымнан да, балаларымнан да өнер саласында жүргендер жоқ. Жұбайым да негізі қуыршақ театр артисі мамандығын бітірген. Бірақ, қазір бұл салада жұмыс жасамайды. Үш балам бар. Олар да өз жолдарын басқа саладан таңдады. Мен өзім болашақ мамандығымды жүрек қалауыммен таңдағаннан кейін, балаларымның да мақсаттарына да ешқандай кедергі болғым келмейді. Қазір өздері таңдаған мамандықтары бойынша жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. 

Жақсы, енді театрдағы шығармашылығыңызға ойыссақ. Қуыршақ театрының жаңа кезеңі басталғаны жайлы жиі айтылады. Ересектерге арналған спектакльдер, фестивальдер, жүлделер... Қанатын кеңге жайған театрдағы Ана бейнесі дегенде көз алдымызға сіздің сұлбаңыз елестейді. Рольдеріңіз жайлы әңгіме қозғайықшы? 

Әрине, осы кезге дейін тек ширманың артында жүрдік. Ішкі жан-дүниеміздегі сайрап тұрған ой, сезім бәрін қуыршақтарға салып, өзіміз көрінбеуге үйренгенбіз. Театрда жұмыс жасаған он бес жыл уақытымда алдыңғы планға шығып өнер көрсетпегенмін. Осындай мүмкіндіктер сыйлап, барынша өсуімізге жағдай жасаған басшылыққа алғысымыз шексіз. Бұл – тек қуыршақ театрына көрсетілген қамқорлық емес, қазақ өнеріне жасалған жанашырлық деп білемін. Менің актерлік қабілетімді шыңдап, басқа қырымнан ашқан «Ана жүрегі» спектаклі болды. Режиссер А.Зайцев маған Ана ролін ұсынғанда, алғашында қорқыныш басым болды. Тіпті, қарсы болып, бас тарттым. Басқа артистерге берген жөн деп есептедім. Бірақ, режиссер менің ішкі потенциалымды көрген соң шығар, сенім білдірді. Біразға дейін драмалық рольдің тереңіне бойлай алмадым. Сахнадан жылап кетіп қалған сәттерім де болды. Өзімді-өзім қайрап, рольге басқаша көзқараспен қарай бастадым. Дәл сол уақыттарда менің де ұлым он бес жастағы жасөспірім еді. Осының бәрін ой-елегімнен өткізіп, ізденіске түстім. Сонда ғана роль маған өзі ашыла бастады. Қуыршақтарды ғана ойнатып үйренген артистер үшін драмаға бірден еніп кету оңай дүние емес. Ол – заңды. Драма театр артисін қуыршақ театрына әкелсе, ол үшін де оңайға соқпайтыны анық. Ұлым спектакльге келіп, алғаш көргенінде «Анашым, кешіріңіз мені»,- дегенінде мен еріксіз жылап жібергенмін.  

Қуыршақ театры соңғы екі жылда ересектерге арналған қойылымдарды жиі сахналап жүр. Жалпы, үлкендерге спектакль қоятын театрлар көп. Сіздер, басты миссияларыңызды атқаруда, балаларға арналған қойылымдар сахналауда қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

Жалпы, қуыршақ театры өз миссиясын ұмытқан емес. Репертуарымыздың басым көпшілігін балаларға арналған қойылымдар құрайды. Біздің мақсатымыз – болашақ драма театрының көрермендерін дайындау. Бұл тұрғыдан, балаларға эмоциялық әсер сыйлап, таным-түсініктерін кеңейту мақсатында спектакльдер сахналап келеміз. Тіпті, ересектерге арналған қойылымдарда да біз қуыршақтарды ойната отырып сахнаға шығамыз. Балаларға арналған жаңа премьералар да аз емес. Кішкентай бүлдіршіндерімізді ерекше қуантып жүрген «Батылдар уақыты», «Сағыныш шөбі», «Бауырсақ» сынды спектакльдеріміз жүріп жатыр. Ал, бұрыннан келе жатқан «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?», «Каштанка» қойылымдарының орыны бір төбе, олардың тұрақты көрермендері бар. Қуыршақ өнерінің жан-жақтылығын көрсету мақсатында жұмыстар жасап жатырмыз. 

Көп театр артистері армандайтын білікті режиссерлермен жұмыс жасадыңыздар. А.Зайцев, А.Салбан, Д.Жұмабаева. Қай режиссермен жұмыс ерекше есіңізде сақталды? 

Иә, Д.Жұмабаева режиссерлігімен сахналанған Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» спектаклі де мені ана бейнесінде көпшілікке таныстырды. Толғанай бейнесінде үш ананың бірін сомдадым. Бірақ, қойылымға ену қиын болған жоқ. Себебі, «Ана жүрегі» маған біршама тәжірбие болды. Екеуі де тағдырлы аналар. Сахнадағы серіктестермен жұмыс қуыршақ театрының артистері үшін өте маңызды. Себебі, кейде бір қуыршақты бірнеше адам жүргізіп отырамыз. Бір-бірімізді сезіну, бірдей қимылдау ол бізде қалыптасқан. Сол жағынан алғанда қандай қойылымда болмасын актерлік ансамбльдің толықтай атмосфера түзе білуі бізге қиындық тудыра қойған жоқ. Д.Жұмабаевамен жасалған жұмыс ерекше әсер етті. Осы қойылыммен біраз кәсіби мамандардың жоғары бағасын алып келе жатырмыз.  

Мұғалім болудан бас тартып, өнер жолына келдіңіз. Бүгінде тәжірбиелі театр актрисасысыз. Қазір, ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеуге қалай қарайсыз? Болашақ қуыршақ театрының артистеріне дәріс беру туралы ұсыныс түссе? 

Мүмкін, ол да болатын шығар. Өзіңнің білгеніңді, тәжірбиеңді бөліскен дұрыс. Бұрынырақта ат тонымды ала қашқаным кішкентай болдым, ол кезде мұғалім болуға дайын емес едім. Қазір өзімнің көзқарасым, өмірлік тәжірбием қалыптасты. Сондықтан, ұсыныс түссе бас тартпайтын едім. 

Астанамызда, облыста бірнеше қуыршақ театры жұмыс жасап жатыр. Қазақ қуыршақ театрларының болашағын қалай елестетесіз? 

Иә, қазір бірнеше қуыршақ театры ұжымы жасап жатыр. Болашағы әлі де биік сияқты. Әлі де өсеміз деп ойлаймын. Қазірдің өзінде бұрынғы көзқарастар мен стереотиптер өзгеріп келе жатыр. Тек Алматы қаласының көрермендеріне ғана емес, жалпы еліміздің әр облысына барып спектакльдерді сахналау ойымызда бар. Сол арқылы қуыршақ өнеріне қатысты көзқарастарды қалыптастырғымыз келеді.  

Бүгінде,  қуыршақ театры өзінің «балаларға ғана арналған театр емес» екендігін екенін дәлелдеді. Отандық ғана емес, шетелдік театр фестивальдерінен өзінің бағасын алып жатыр. Театр жайында ерекше есіңізде сақталған пікірді айтыңызшы? 

Ең алғаш драмалық қойылыммен Ақтөбе қаласына фестивальге бардық. Қорқыныш пен үрей басым болды. Қалай қабылдайды, қалай ойнап шығамыз деген ой болды. «Ана – Жер Ана» қойылымын орыс көрермендеріне көрсеттік. Спектальден жылап шығып, сахнаның артына келген орыс көрермендерінен: «Қазақ тілінде ойнасаңыздар да, бізге түсінікті болды» деген пікірлкерін есту біз үшін ерекше жағдай болды. Одан кейін, биылғы жылы ақпан айында драма театрлары фестивалінде өнер көрсетуге Челябинск қаласына бардық. Біздің алдымызда Иран мемлекетінің спектаклін өте қатты талқылаудан өткізіп, сыни пікірлер айтылды. Келесі шығатын біз болғандықтан, қорқыныш та көбірек болды. Бірақ, біздің талқылауда бір де бір рет сыни көзқарас айтылмады. Тіпті, қазылар алқасы «ілеспе аударма жүргізіп отырған құлаққапты (наушник) шешіп тастап спектакль көрдік. Қуыршақ жүргізудің мұндай шеберлігі бізді қатты таңдандырды»,- деп пікір айтты. Ерекше есте сақталған Ресейдегі осы сапарымыз болды. 

Театрдағы бірінші буын С.Абуева, Г.Ильясова, Е.Жүнісова сынды мен өнер қайраткерлері болса, екінші буында Б.Қаюов, Б.Момынжанов, М.Тәуекелова, А.Тәуекелов, А.Жақыпбаев, Қ.Исмагулова сынды қуыршақ шеберлері ізін жалғастырып келе жатырсыздар. Үшінші буын жайлы сөз қозғайықшы. Олардың ізденісі талпынысы қай деңгейде? Болашақтарынан қаншалықты үміт күтесіздер? 

Театр жастары өте білімді, әрі ізденісі мол. Ерекше ізденімпаз деп Арайлым Байырбекованы айтар едім. Осындай қарқынмен жүрсе, әлі де бағындыратын биіктері алда деп ойлаймын. Одан өзге талантты жастар өте көп. Мақсат Камалов, Шохан Құлназаров, Дамира Иса, Руслан Абу сынды жастарымыз бар. Олар барда қуыршақ театрының болашағына алаңдамауға негіз бар. Мамандықтарына махаббатпен қарайтын жастарымыз көп болсын деп тілеймін. 

Әсерлі әңгімеңізге көп-көп рахмет!

Әңгімелескен Бейбіт Әлкеева


Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...