Әрбір мемлекет өз дамуында елең-алаң кезеңдерден өтетіні анық. Бұл дегеніміз мемлекеттің тарихи даму...
Өсиет әңгіме.
Бір күні Ар,Ұят және Намыс үшеуі бас қоса қалады. Олар өткен-кеткенді әңгіме етіп отырып, өздерінің адамзатқа қандай пайда әкелетіндері туралы айтысып қалады.
- Мен адам бойына сәби кезінен инабаттылық нұрын дарытамын,- дейді Ұят.
- Ал мен болсам, адам баласының жеке басына ғана емес, дос-жаран, туған-туыстары, тіпті барша адамның ағаттық істеріне жауапкершілікті сезіндіремін,- депті Ар.
Сонда намыс тұрып: - Мен болсам, жаңағы өзің айтқандарға қоса: Туған жер, Туған ел, яғни Отан деген ұлы ұғымды бойына сіңдіріп, сол үшін қасық қанын аямайтын азамат етіп тәрбиелеуге үлес қосамын. Жауапкершіліктің ең зоры - ел Аманаты,-дейді.
Осындай әңгімені сырттай тыңдап отырған Әдеп:
- О достарым! Айтқандарыңның барлығына шүбәсіз қосыламын! Менің қосарымды білгілерің келсе айтайын: үшеуінің де істері өте қастерлі шаруа. Осының бәрі адамды ақыр түбінде әдепті етуге бағышталған. Үшеуің де адам баласына ауадай қажетсіңдер. Себебі, тек арлы, ұятты, намысшыл адам ғана - нағыз адам! Сондықтан да бір-біріңнен мәңгілікке ажырамастай туыс болыңдар! - деп бата беріпті.
Содан бері Намыс-ағасы, Ар-інісі, Ұят-кенже інісі болып, бірге өмір сүре бастапты.
«Ұяты бар бала - арлы бала болып, арлы бала - намысшыл болып өседі» деген нақыл осыдан қалған көрінеді.