Түркістан облысында Полиция департаментінің қызметкерлері Сарыағаш ауданында тұратын азаматтың үйіні...
"Жазықсыз адамдарды өлтірмедім": Сәрсемәлиев сотта қылмысқа баруына не түрткі болғанын айтып берді
Фото: Сот кадрларынан скрин/Ақжайық
Атырау облысында бір отбасының төрт адамын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев сотта алғаш рет егжей-тегжейлі жауап берді. Ол қылмысқа бұрынғы әйелінің отбасымен арадағы көпжылдық жанжал, жиналған өкпе мен өшпенділік себеп болғанын айтып, қайын атасы мен қайын енесін өлтіру үшін әдейі барғанын мойындады. Сондай-ақ айыпталушы қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп, Индонезияда жасырынғанын және ұсталған кезде қарсылық көрсетпегенін мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz stan.kz-ке сілтеме жасап.
16 маусымда Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Жаңгелдин ауылындағы отбасының бұрынғы күйеу баласы, төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша сот отырысы жалғасты.
Жауап алу басталғанда айыпталушы жәбірленуші тарап пен прокурордың сұрақтарына жауап бермейтінін айтты. Алайда судья мен өз адвокатының сұрақтарына жауап беруге келісті.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, отбасындағы мәселелер оның бұрынғы қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваның араласуынан кейін басталған. Оның сөзінше, қайын енесі өзін ұнатпаған және бірнеше жыл бойы қысым көрсеткен. Ол Ақбаянмен 2016 жылдан 2021 жылға дейін бірге тұрғанын, ал 2022 жылы төрт баласының болғанына қарамастан ажырасуға мәжбүр болғандарын айтты. Ажырасқаннан кейін де олар араласып тұрған. Сонымен қатар ол бұрынғы әйелінің туыстары балалардың жәрдемақысын алу үшін өз мүдделерін көздеді деп мәлімдеді.
“Әйелімің туыстары балалардың жәрдемақысына қызықты”
Сәрсемәлиев 2024 жылғы оқиғаларды да еске алды. Оның айтуынша, бесінші баласына жүкті болған Ақбаян өкпе қабынуымен ауруханаға түскен. Дәрігерлер оған күйеуі ретінде хабарласып, ана мен баланың өмірін сақтау үшін күшті дәрілер қолдану қажеттігін айтқан. Алайда айыпталушының сөзінше, Ақбаянмен кездесуге оның әкесі Мақсат Қарабалин мен ағасы Наурыз Мұқанғалиев мүмкіндік бермеген.
Сәрсемәлиев дәл сол кезде бойында ашу мен өшпенділік жинала бастағанын айтты. Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі туралы айтқанда айыпталушы тағы да өзін-өзі қорғау нұсқасын ұстанды. Оның айтуынша, өткен жылдың мамыр айында Наурыз Мұқанғалиев жұмыс іздеп емес, қарындасын алып кету үшін келген. Әңгіме барысында Сәрсемәлиев отбасын сақтап қалғысы келетінін айтып, өз ұстанымын түсіндіруге тырысқан. Алайда "бойдақ адам менің жағдайымды түсіне алмайды" деген сөзінен кейін екеуінің арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан.
Айыпталушының сөзінше, төбелес кезінде Наурыз оның мойнынан қысып, тұншықтыра бастаған. Сол кезде ол пышақ қолданған.
“Ол мені тұншықтырған кезде миым жұмыс істемей қалды. Мен тек қалай қорғанып, өлмей қалуды ойладым. Себебі дем ала алмай жаттым”, – деді Сәрсемәлиев.
Судьяның "өлтіруді ойламаған болсаңыз, неге пышақ алдыңыз?" деген сұрағына ол қорыққанын және өмірін сақтап қалуға тырысқанын қайталап айтты. Сонымен қатар Сәрсемәлиев оқиғадан кейін марқұм Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие рәсімдегенін және WhatsApp арқылы оның ата-анасына сол болып хабарлама жібергенін мойындады.
“Шайтан азғырған шығар”: Ата-енемді өлтіруге өз ниетімен барған
Ал бұрынғы қайын атасы мен қайын енесінің өлімі туралы айыпталушы әлдеқайда нақты пікір білдірді. Ол олардың үйіне өлтіру ниетімен барғанын ашық мойындады.
“Мүмкін шайтан азғырған шығар. Бұл шарасыздықтан болды. Осыдан кейін түрмеге түсетінімді және ұсталғанымды білдім. Балаларымнан айырылғанша өзім кеткенім дұрыс деп ойладым. Балаларды алып кете де алмадым. Үлкені де, кішісі де әжесіне қатты бауыр басып қалған еді”, – деді ол.
Сәрсемәлиев сотта Ақбаянның туыстары оның балаларына жаман қарады. Ал қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева Ақбаянның құрсағындағы (туылмаған) бесінші баланың өмірге келуін қаламады деп айтты. Ал өзі керісінше, сол жүктілікті сақтап қалуға тырысқан екен.
“Сол кезде ішімде жиналған барлық өшпенділік сыртқа шықты. Бастапқыда қару-жарақсыз келіп, кейін пышақ таптым. Үйдің ішінде жүзеге асыра алмайтынымды түсініп, біраз уақыт қайын атаны бақылап жүріп сарайға кіргенін күттім. Сол кезде шешім қабылдадым”, – деп қосты ол.
Ол бастапқыда отбасының барлық мүшесін өлтіруді ойлағанын да жеткізді. Айтуынша, Ақбаянға жақындағанда күмән туған. Бірақ кейін бәрібір жоспарын жүзеге асырған.
Мейрамгүл Қарабалинаның өлімі туралы айта келе, Сәрсемәлиев оны өлтіруді жоспарламағанын айтты. Қайын атасы мен қайын енесі қайтыс болғаннан кейін ол Ақбаян мен Мейрамгүлді Мұнайшы шағынауданындағы үйге алып барған. Оның сөзінше, жолда олар тамаққа тапсырыс берген. Үйге келген соң Мейрамгүл басқа балалардың қайда екенін және Ақбаянның неге үнемі ұйықтап жатқанын сұрай бастаған.
Айыпталушы бұл сөздерді қайын енесінің сөздерін қайталау ретінде қабылдағанын айтты. Сондай-ақ оның пікірінше, қыздың психикалық дамуында кідіріс болған және ол туыстарынан естігендерін жиі қайталайтын болған. Сәрсемәлиев дәл сол сәтте бұрынғы өкпе-реніштері қайта оралып, өзін тоқтата алмағанын айтты.
“Мен оны өлтіруді ойлаған жоқпын. Егер өлтіргім келсе, Мейрамгүлді Ақбаянмен бірге Жаңгелдиннен алып келмес едім. Сараптамада көрсетілген 32 пышақ жарақаты туралы қорытындымен келіспеймін, бірақ бұл мені ақтамайды”, – деді ол.
Жауап алудың соңында айыпталушы кісі өлтіруден кейінгі әрекеттерін, соның ішінде мәйіттерді жасыру мен аула және сарай аумағында жерлеу орнын дайындауды өзі жоспарлағанын мойындады.
“Мен өмірімнің аяқталғанын түсінемін”, – деді Сәрсемәлиев сотта.