1987 жылы қаңтар айында сол кездегі Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов одақтың жаны...
ТЫНЫШТЫҚБЕК ПОЭЗИЯСЫНА ТОЛҒАУ
(20 жыл бұрынғы мақала)
Бір сөзбен Тыныштықбекті XX ғасырдың соңындағы қазақтың лирикалық поэзиясының шыңы деп, түп сөзге түйін қоя салуға болады. Ақындар, қолына қалам ұстаған азаматтар бұл сөзімізді түсінеді!.. Алайда, қарапайым оқырманның көкейінде «неліктен?!», «неге?!», деген сұраулардың қалуы мүмкін, мүмкін емес, ақиқаты да сол!.. Ендеше, біз Тыныштықбекті ақын ретінде мойындаған алғашқы кітабын[1] талдап көрейік.
Өлеңсөзге[2] бармас бұрын, ұмыт қалып бара жатқан бір нәрсені - біздің бұдан бұрын жазған Серік Қабшықбаев өлеңіне жасаған талдауымызды естеріңізге сала кетейік! Сол мақалада Серіктің өлеңін оқымас бұрын Тыныштықбектің өлеңін оқыдық, деп айтқанбыз. Сөз ретіне [3] қатысты Серік ақын Тыныштықбектің алдына түсіп кеткен еді!
Жат жұрттықтар Мағжанның өлеңінен бұрын Олжас Сүлейменовтың өлеңін мойындады. Онда да, бодандау идеологияның ықпалы болды. Бізді бодандаған орыс қауымы бір кезде Испанияның шала күрмеу ықпалына ілігіп[4], сол тұста туылған орыстың ақын, жазушылары сол саясатты әшкерелеуі арқылы[5] жаңа орыстың[6] идеологиялық әдебиетін қалыптастарғаны белгілі. Солармен қатарласып, «Менің мектебім» деп, Горкий, «Тың» деп, Шолоховтар жүрді. Біз - өткен ғасырдың қазақ әдебиетшілері осы екеуінің төңірегінде шарлап, солардың сарытап өрісіне «ат жайылтып» өстік. Әрине, Мұқаң мен Сәбеңдерге осы сұрақты қойсақ, ол кісілер әлде нені айтар еді. Уақыт озып, біздің «еркін сайрауымызға» кезек келгеніне тәубе айтамыз!.. Дәл сол қапырық тұста сонау бір жылдардағы «жаңа орыс» ұрпағының немерелерінен бодандық орыс әдебиетін шенеген бір топ жаңа буын өкілдері пайда болды. Олардың өлеңсөздеріне «жылымық дәуір поэзиясы», деген жалған, жасанды ат қойып, ақындардың әрбір сөзі мен әрбір қадамын орталық партия комитеті мықты бақылауға алды. Ақиқатында бұл кезең «жылымық дәуір» емес, адам баласының тұла бойындағы киелі рухтың қайта бір серпін алған тұсы еді. Сондай тұста Олжас Сүлейменовты Тұран даласының киелі рухы қайта оятты. Қарапайым қара тілмен айтқанда, Олжасқа аруақ қонды. Нағыз өлеңсөз аруақ арқылы келеді. Аруақты өлең [7]бірден әуелгі мекені- жанға барып қонақтайтыны- Тәңіріден бұйырған ақиқат. Осы ақиқат күшімен Олжас Сүлейменовтан кейін қазақтың өлеңсөзіне бір дәуірдің өкілі болуға Тәңіріден Тыныштықбек Әбдікәкімов деген есімді ақын арнайы жіберілген екен. Біз оның Тәңірісімен тілдескен өлеңсөздерін оқып, бөтен бір түс әлеміне еңгендей ғажайып күй кешеміз. Жас ақын Бақыт Беделханұлының «Түс», деп аталатын өлеңіне қаратып Тыныштықбек: «түс ақыл естің ғажайып бір тұспал шағы[8]», дегендей ойды айтқан екен. Бұл - өлең сөзге қойылатын абсалюттік шарт! Осы шарт мызғымай орындалған тұста ғана сөз ақыл ойдың[9] теңдессіз туындысы- өлеңсөзге айналмақ. Бұл көзге көрінбейтін, жанның әңгімесі. Көзге көрінетіні - Қоңыр жер (кіндік қаны тамған мекен), соған туылған ақынның- Тәні, жоғарыдағы жамылғы- Көк аспан. Әуелі осы үшеуі бірігіп, бір ағымға[10] тоғысуы керек. Тыныштықбектің «ақшам хаттары», деп аталатын өлеңдер жинағынан осы түсініктерді таптық. Оның туған жер топырағынан алыстамай отырғаны да осы шартты- Тәңірдің тапсырмасын тапжылмай орындап[11] отырғанынан ба екен, әуелде ақындық рухтың өзі- иманның бес шартынан (әсіресе, бес уаққы намаздың шартынан) ауыр болмаса, жеңіл емес-ау!..
« Бауырым, қойшы ұлының сөзіне сен,
Сен оның көзіне сен, әсіресе:
Жартастың үкі ұшатын қолтығынан (!)
жантайып, жарықтық Ай есінесе[12]...»,
Тыныштықбектің өлеңдері бірден осындай күрделі өрімдермен[13]өріледі. Осы өлеңдегі «қойшы ұлының», «сен» деген сөз, сөз тіркестері әншейін айтыла салмаған сияқты. Ой елегіне қарай жақындатсаң, «қойшы» деген сөздің өзі- күрделі аят түйініндей, сені әрі-сәрі ойға жетелеп, «қойшы ұлы» саған: «қоя тұр, қой ұлым!», деп тұрғандай да, сен ұлылардың терең зердесіне үңіле бастағандайсың[14]! Сөйткен бір тұста, әлде қайдан Тыныштықбек құлағыңа сыбырлап, «Сен», деген бір ауыз «біссімілласымен» сені имандай ұйытып, «әнеу тұста, жартастың үкі ұшатын қолтығында!..», деп-дәлдікті көздеп, өзі де сол жартастың қолтығында аймен бірге күбірлеп тұрғандай, «Сен оның көзіне сен, әсіресе!..», деп ескертіп, уақытпен бірге жылыстап, дауысы алыстап бара жатқандай, Сен айлы түнде (қызығы өлеңде «түн» деген сөз жоқ!) қойшы баланың ауызына қарап, байырғы уақыттың көк емшегін еміп отырғандайсың. Көңілге әлде бір жеңіл мұң ұялап, сонау серілердің өлеңінен бері қарай келе жатқан айлы, салқын түн тынысыңды жетілдіреді. Өлеңде «салқын», деген сөз жоқ, сөйте тұра, тау түніне сана тыныс алып, әлде қайда жылыстап кеткен уақыт қойнауына тығылған әлде бір ай-бұлақтан шөл қандырғандайсың. Әлде бір көз саған «жантайған ай» бетінен телміре қарап тұрғандай!.. Төрт-ақ жол өлеңге сиып тұрған мұндай күрделі ойлардан кейін ақынның өлеңдерін ары қарай қалай оқуға болады?!.
«Таң да атар, күн де батар... кешқұрым.
Сол бір тірлік қалыпты.
Ай да туар сақалындай ешкінің,(!)
Ол да өзгермес жарықтық.
Менікі де көрген күні бақсының (!)...
Ел тым ынтық жұмбаққа.
Көз еттерін көңіліме жапсырып,
Көлгірсумен тынбақ па?...»[15]-, дейді Тыныштықбек.
Тағы да «ешкінің сақалындай» сұйылған[16] кәрі ай арқылы ақын нені айтпақ болды екен?!.. Әуелі ешкінің сақалы шошаңқы да, имектеу келуші еді, және ол ешкі жартаста тұрған кәрі теке[17] болса ше!.. Бірақ «ол да өзгермес жарықтық!»,- деген пысықтауыш арқылы «мәңгілік ғұмыр», деген өзгермес сөз тіркесін ақын өз санасына жасырып қалған. Осы сөз тіркесін қолданса, ақынның бар қасиет, арман-мұраты сол сәтте бірге төгіліп, жаны ғайыпқа сіңіп кететіндей. Сұлулықтың ақ тұманына бөккен ақын әуелгі сәтте нені айтып отырғанын өзі де ескермесе керек. Көзді ашса төгіліп кетердей кілгіген әппақ мұнар - ойдан ақын жаңылмайды. Дүниені көзбен емес, оймен шолиды. Біз жетпек болып аңсайтын, бірақ ой бойлатып бара алмайтын қашықтықты дөп баса аңдап, соның әсем әуеніне тербеледі, «Ай», деп айтып тұрғаны болмаса, оның санасында бөлек ай, бір түрлі әсемдік дүние тұрғандай... Қуатын ойлауға көңіл дауаламайды!... Сонан, сонан бір сәтке көзді ашып қалғанда (сана сейіле бастағанда деп түсініңіз! Х.Ж) қадалып тұрған «көз етін» көреді. Әйтсе де, дүниені жұмыршақпен[18]өлшеп, көз жеткенді ғана көретіндерді «көр соқыр» деген қалыпты атауымен атамайды. Санамен сезіп тұрғаны болмаса, мәңгілікте отырған ақын мына жалғанға келіп, солармен теке тіресуді қаламайды (білмейді, деп айтқан орынды сияқты!Х.Ж). Кейіннен!.. кейіннен тәтті ойдан[19]арылған тұста «көз еттерінің көңілге жабысқанын» сезеді, сезеді де қайтадан: «Олар, егер, санадан тыс күш барын қойған болса түйсініп, Құлқындардың қызыл жолын (!) ұстану- қай құдайға сүйсіну??...»[20]-дейді, манағы ауыр ойдан арыла алмай...
Әдебиетте «өлең туа ма, жазыла ма?!», деген пікір таластың айтылып келе жатқанына бірталай уақыт болды. Тыныштықбектің өлеңдері «өлең жазылады», деп айтатындарды жерге қаратқандай, нағыз өлеңді ақын өзі жазбайды, ол ақын арқылы санадан тыс күштен келеді!...,деп ескертіп тұрғандай!.. Қай өлеңін оқысаң да, оның астарында жатқан терең ойлардан тек Тыныштықбекке тән қасиеттерді[21] ғана көресің, оны өзге біреуге айырбастау немесе өзге тағы біреу дүниені дәл осылай сезіне алады-ау деп ойлау ағаттық болар еді!..
Тыныштықбектің өлеңөрісінде[22] үш түрлі Жан[23] бар екен. Бірінші Жан- есінеген Ай; Екінші Жан-жартаста қалған Үкі; Үшінші Жан- ұлыған Ит. Ақын осы үш жаны арқылы мәңгілікке қарай қадам басады. Осы үшеуінсіз Тыныштықбекті көз алдыға елестету мүмкін емес, қай біреуін шалыс қалдырсаң, ақынның қалпы[24] да өзгеріп шыға келмек...
« Жазғы түннің етегінде Ес жатқанда мөлдіреп[25]
Үкілер мен бөрілерді мен ұйқыға көндірем.
Үрген итті иесіне (!) тастаймын да ысырып,
Ес үстінен екі көзді арлы-берлі ұшырып,
Жатып алам жалғыз өзім, аспан жаққа есінеп (!).
Мен осылай соңғы өлеңнің шырағданын өшірем.»
Әуелі осы өлең шумағынан «Үрген итті иесіне (!) тастаймын да ысырып...», деген бір жолын бөліп алайық. Ақынның ұштасқан тұтас ойлы өлеңдерінен бір жолды, бір сөзді бөліп алу әсте қиын, әйтсе де, осы бір жол өлең біздің жоғарыдағы айтып кеткен ойымызды дәлелдеп, одан ары аша түседі. Ендеше бұл «иттің иесі», деп отырғаны кім?! Қорадағы күнде ұлитын «Қотан» төбеттің «иесі» «Қотырбай ма?», әлде өзге дүние ме?! Тыныштықбектің өлеңдерінен оның көпті оқыған, өте терең білімді һәм аса аруақты ақын екендігі байқалады. Сондығынан да бұл жердегі «ит иесі» Тәңірлердің «атасы»- тотемдіктен келіп отыр. «Ит» деген атауы болмаса, бұл ит емес- Көк бөрі, Хоа Марал! Анығырақ айтсақ, ақынға Көкбөрілерден қонған киелі рух! Уақыты тозғанда ақын сол «итін[26]» иесіне (Тәңіріне) қарай «ысырып» (шегеріп, деп түсініңіз! Х.Ж), бере салады да, өзі мәңгілік мекеніне қарай жылыстайды, Тыныштықбектің бір жаны- Ит туралы әңгіме осылай аяқталады. Енді өлең шумағына тұтастай зер салайық! Біз «Жан» деп жалпылама айтып отырған ұғымды Тыныштықбек «Ес» деген тағы бір тарауға бөледі. Бұл да көк түріктер заманында, одан қалды Әл Фарабилердің еркін меңгеріп, бізге жетпей қалған көне соқпағы. Біз көне түрік дәуіріндегі Білгі, Білікті деген атауларды бір мағыналы сөз деп түсініп, Ақыл ой мен Ақыл есті шатастырып алдық. Абай айтып өткен «Ахли кітаптың» мәніне бойлап бара алмадық. Ұлылар өрісі бізге алыстық етті. Содан барып, дүниені шала жансар толғайтын сорақылыққа ұрындық. Тыныштықбек сол ұлылардың өрісіне ат шалдырып жүр!... Оның санасында Жан бөлек, Сана бөлек, Ақыл бөлек, Ес бөлек... Біз соның әр қайсысына жеке-жеке баруымыз керек. Ес атауы Тыныштықбектің сөз қолданысында байырғы мәніне ие болған. Естің- жанға ұқсастау, қозғалысты, қасиеті кәміл, дәтіңе серік боларлық үлгісі бар. « Жазғы түннің етегінде Ес жатқанда мөлдіреп», деп ақын оны анық көреді де [27], Естің әрбір қырын парықтап, терең күшке[28] бөленіп, Ес- адамның санасынан тыс, құдіреттен берілер күш екенін аңғартады. Біздің қиял жетпейтін бұл ұлылықты ақын терең игерген, оның «әрекетін» анық көреді де, өзі сондай қуатына келген тұста: «Үкілер мен бөрілерді мен ұйқыға көндірем[29]», деген жір жол өлеңі арқылы өзінің қандайлық биік дәрежедігі[30] ақын екенін аңғартады. Бұл ес сөзінің философиялық мағынасы. Өлең құрылымына келсек, «Ес» сөзінің қолданысы дыбыс арқылы сөзді көркемдікке айналдыру үлгісін[31] берік сақтаған. Байырғының шығыс ақындары бес ілімді[32] терең игерген. Әрбір іс, қимыл әрекеттерін сол біс ілім арқылы орындап отырған. Және бір ерекшелігі- олар бойдарына қондырған сол ілімнің өздеріне Жаратушыдан берілгеніне кәміл сенген, солай деп түсінген. Тіптен олардан ілгеріде өмір сүрген Түрік бабаларымыз да дүниені солай ұғынған[33]. Бізге ең таныс Күлтегіннің үлкен жазуы: «Жоғарыда Көк Тәңірі, Астыда қоңыр жер[34]..», деп басталатыны соны аңғартады. Кейіннен біз сананы үрей билеу арқылы қоңыр етүкенді «қоңыр аю», деп түсінетін болдық. Яғни, байырғы ұғымнан алыстап, түсінікке қарай бейімделдік. Келе-келе түсініктің өзі сұйыла бастады. Бұған «Жаратушы бір Аллах, Аллах біреу ғана», деген абсалюттік түсініктер ықпал етті де, біз Хан тәңір, Рағит тәңір, Бигман тәңір, Анарбаған тәңірлерді[35], оған қоса Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба..т.б тәңірлік атауларды аңыз есебінде түсінетін халге[36] шегіндік... Тыныштықбек осылардың барлығын саралай келіп: «Ес» деген байырғы атауды қайта тірілтіп отыр! Тәңірлі ақын Тәңірінің бұйрығымен ұйқыдағы санаға үлкен серпін беріп:
«Ес үстінен екі көзді арлы-берлі ұшырып,
Жатып алам жалғыз өзім, аспан жаққа есінеп...»,-деген өлең жолдары арқылы бізге Жоғарғы жақтың хабарын жеткізеді. Мұндағы «жалғыз өзім», деген сөз тіркесін астарсыз, тікелей түсіну қателік болады. Оны «Мен», деген ұғымға айналдырып, «Мен» арқылы Тәңіріге бойлап барып ұғынған, «Тәңірінің ұлы» деп санаға сіңірген жөн. Ұлы Абайдың : «Мені» мен «менікінің» мағынасы екі!..»,- дегені де осыған саяды. «Есінеп», деген сөздің де Тыныштықбектің ұғымындағы мағынасы көне қалпында. Ол «айды», «текені» содан қалды өзін «есінетеді!». «Ес» арқылы терең есінеп[37], дүниені толғап алып:
« ...шегірткенің шырылынан Түн баласы түшкіріп...
Жан шошырлық болса керек сондағы осы ұсқыным.
Мен- әдет ем, дағдыланған көксеместі көксеуге...
Түн баласы түшкірініп... жаратылды ақ Сәуле!..»[38]- дейді.
Осы өлеңде де ақынның бойында оның сана сезімінен тыс бір күштің тұрғаны байқалады. «Түн баласы[39] түшкірініп... Ақ сәуле жаратылады!». Иә, сол бір кезде бабаларымыз Айды еркек кіндікті хан есебінде қадір тұтып, соның құдіретіне бас иетін еді [40], Тыныштықбек соны «Ес» түйсігі арқылы толық сезініп отыр! Әуелі «Түн баласы» деген пысықтауыш арқылы Айдың ұлы, Ай ханның ұлы дегендерді бізге қолмен қойғандай етіп анық дәлелдейді. «...шегірткенің шырылынан Түн баласы (!) түшкіріп», деген теңеулердің өзі жайдан-жай айтылып тұрған жоқ. Өлең осылай басталады. Көп ноқаттан кейін «шегіртке» атауы кіші әріппен берілген. Былай үстірт қараған адамға сөз саптаудың өзіндік бір үлгісі іспетті сезілуі мүмкін. Алайда, бұл- сөз саптау емес, сананың әмірін орындау. Төменгі халыптан жоғарғы халыпқа көшудегі қас қағым көрініс. «Жан шошырлық ұсқыннан» жанға жайлы ұсқынға көшу! Әдеттен арылып, дағдыны ысырып, ерекше бір халыпқа келу[41]. Мұндай сәтте ақын жаны ұйқыға көшеді. Ақын жанның емес, «Естің» қуатымен тәңірінің дегенін орындайды. Өзінің бұған дейін «Әдет» болғанын сезеді. Сезеді емес, солай екенін түйсігі арқылы мойындайды, Мұндай сәтте «шегірткенің шырылының» өзі ұлы бір күшке айналады. Ақын сол шырылдың сыртқы үнін емес, ішкі ырғағын тыңдайды. Сол ырғақ арқылы өлеңсөзі қағазға өріледі. Бұл жерде ақын тек орындаушылық (жалғастырушы, хабарлаушы, деп түсініңіз! Х.Ж) міндетін атқарады. Керен Бетховен осындай сәтте айдың үнін тыңдаған. Энштейн, Ибн Сина, Паскаль, Ломоносов, (зағип) Гомерлер... осындай сәтте ғажайып жаңалықтарын ашқан. Тан дуәрінің Ли Бо ақыны осындай сәтте шалшық судан айдың нұрын ішкен... Осындай сәтте Ақ қамал тұрғызылып, Прамида сәулеттендірілген... Осындай сәтте Шыңғыс қаған қалың жауын жеңіп, Күлтегін, Иолық тегін бабаларымыз мәңгілік дастандастарын тасқа қашаған. Ең ғажабы - мұндай сәтте ана құрсағынан сурылып, сәби дүниеге келген!.. Міне, осылайша Тәңірдің әмірімен ақын өлеңдері дүниеге келеді. Бұл - дүниедегі саусақпен санарлық ұлы ақындарға ғана берілетін ерекше бақыт! (аруақ, деп түсініңіз! Х.Ж)...
Иә, біздің айтып отырғанымыз ақын өлеңінен түйген ұлылық төңірегінде. Енді өлеңнің көркемдігі туралы бірлі-екілі ой айтайық:
Ай туғанда аспанға қарап кәрі төбет ұлиды... Ай туғанда әлде қайдағы еске оралып, миллиардтаған жылдар жиегінен баба дәуірдің сыбысы құлаққа естіледі... Ай туғанда ырымшыл елдің баласы айға қарап: «Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа!..»,- деп, дұға қылады... Ай туғанда ақындар Ай мен бірге мүлгіп аспан кеңістігін шарлайды!.. Сол кеңістіктен әлде бірде Тыныштықбек мынадай бір өлең жолдарын күбірлепті:
«Не деп саған жазайын, қой қоздаған,
Тау мөңіреп(!), аспанда Ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,
Түсініксіз діріл бар бойда аздаған.
Не деп саған жазайын, төбет үрген,
Сандырақтап түз жатыр көне тілде (!).
Аш байғыздар пәлекет шақырады,
Осы түнде қырылып өлетіндей.
Не деп саған жазайын, көк өспеген,
Өмір сүріп жатырмыз елеспенен (!).
Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық,
Даңғырлатып ойнайды тегешпенен (!)...»
Қауызын ашқан гүлдей қою кірпіктің тасасынан жалт етіп бір көрінер жанарды көру үшін адам баласы дүниеге келеді. Әсте көне, сөйте тұра сужаңа сол жанар өзіндегі құпия сырымен жан тартады. Сен мына дүниеге миллиардтаған жылдардан бұрын келсең де, кейін келсең де, сол жанар қарсы алдыңда тұрады. Бір сәтке сұлулықтың[42] жүзін (болмысын, деп түсініңіз! Х.Ж) көруге өмірге келген екенбіз, байырғы өмір бізге жаңа сияқты болып елестепті. «Сандырақтап түз жатыр көне тілде», дейді, Тыныштықбек соны меңзеп. Мұндағы «Сандырақтап», деген жалғыз сөзі өлеңнің тұла бойына көркемдікті пайда болдырған. Сөз астарында «жас та болса кәрі, кәрі болса да жас!», деген терең ой бар. Сөйте тұра, «сандырақ» сөзінің ішкі екпіні көне далаға жан бітіреді. Көне даланың терең тамырынан бусанып келе жатқан жастық мысал көз алдыңа елестейді. Бойдағы «аздаған» діріл арқылы өлі далаға жан бітіп, өлеңсөзге көркемдік пайда болған. Ал, өлеңнің басқы төрт жолын қиыстырып тұрған , «қой қоздаған», «Ай боздаған», «бойда аздаған», деген ырғақты теңеулер үн сарынымен[43]бойға сәуле қондырып, көкірекке әсем ырғақ пайда болдырады да, оның гармониясы есебінде әлде қайдан «аш байғыз» үн қосады. Дала түгелдей әлде бір ескі сарынға елітеді. Көкіректі күй тербеп, дүние түгелдей қозғалысқа еніп, баба тағылымын ұмытқан балаң мысықтың өзі тегештің түбін даңғырлатып «ән салады». Тербетіле отырып, сенің өзің де сол «симфонияның» ішіне қалай еніп кеткеніңді аңдамай қаласың! Мұндай көркемдік бұрын Абайдың өлеңдерінде болған. Ұлы ақынның:
«...Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең,
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең [44]...»,- деген өлеңіндегі көңіл күйі Тыныштықбектің өлеңінде сол қалпында өрілген. Абайдың өлеңі күз туралы да, Тыныштықбектің өлеңі көктеме туралы. Уақыт өлшемімен бірі -аға, бірі - іні. Ғажабы екі ақынның да уақыт туралы түсінігі бір жерге тоғысқан. Егер де, Тыныштықбек осыдан 150 жыл бұрын туылған болса, дәл Абайша сөйлеп, егер де, Абай 150 жылдан кейін дүниеге келсе, Тыныштықбекше толғар ма еді деген ойға қаласың. Сәл өзгешелігі - Абайдың «иті» жем іздейді, Тыныштықбектің «мысығы» үн іздейді. Өнер зертеулерінде мұны дәстүрлі өнер деп те атап жүр. Біздіңше бұл дәстүрмен ғана шектелмейтін, уақыт өлшеміне қатысты ұғым. Адам баласының жүріс-тұрысында, күнделікті тұрмысында дәстүрлік жалғас болуы мүмкін, ондай болған күннің өзінде, ол жалғастық уақытша ғана, мезгілмен өлшенеді. Ал, жалпы адам баласына қатысты көркемдік пен сана үйлесімін дәстүр деп атау-бір жақтылық ұғым. Соның үшін де Тыныштықбек «Өмір сүріп жатырмыз елеспенен», деген ойды айтып отыр-ау! Адам баласының өзі төрт мезгілден: Көктем-үміт, Жаз- қуаныш, Күз-мұң, Қыс-қайғыдан тыныс алады. Шығыстың ұлы ақындарында осы төрт мезгіл туралы өлең толғамаған ақын жоқ. Әуелі өлеңсөздің межелі тұсына жеттім дегендері «Төрт мезгіл», «Махаббат- Ләйлі» өлеңдерімен күш сынасқан. Кез-келген ақын бұл тақырыптарға бара бермеген. Қәзір ғой «Махаббат-Ләйлінің» ойынға (Ғапу етіп, «қуыршақ-кукла», деп түсініңіз! Х.Ж) айналып, «Төрт мезгілдің» сырға емес, жырға оранып тұрғаны!.. Тыныштықбектің бұл өлеңі де сол жоғарғы талаптан шыққан, «тарғыл мысықтың» ойнап отыруының бір жағы - осыған келіп саяды. Өлең әуелде әлде бір махаббатқа арналып басталады. Бірақ, ол махаббат иесін біз тағы көре алмаймыз. Ол да бізден жырақтағы - көрініс, тек нағыз ақынның ғана қолы жететін, санасымен өбетін әсемдіктің өлшемі. Ақын оған да «сүйдім», «талдым», «өртендім»... деген жалаң, сыртқы сөздерді айтпайды. Сүйгендігін тек «Не деп саған жазайын...», деген көңілдің ішкі емеуріні арқылы жеткізеді. Бұл да ұлы Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас...», дегені сияқты, шынайы көңілден өрілген, көркемдік (сіз «ғашықтық»,деп түсініңіз! Х.Ж) үлгісінің биік көрінісі...
(Бұл жерде айта кететін тағы бір нәрсе-біздің қазақтың көркем өлеңсөзінің зерттеуі Ұлы Абайдан бастау алатындығы. Абайдан бұрыңғы көркем әдебиеттеріміз «ауыз әдебиеті» деген желеумен екінші орыңға ысырылып келді. Сол олқылық біздің Тыныштықбектің өлеңдерін талдауымызға да кедергі болып отыр. Кемеліне келген кез келген ақын тұтас халықтық, адамзаттық ойды арқалап тұрады. Соның үшін оны жете түсінуге сол деңгейдегі ойлар қалыптасуы шарт. Бұны ғылыми айналым дейміз. Біздің әдебиет зерттеуімізде мұндай тұтастық жүйе коммунистік таптың таптық жүйесінің салдарынан әлде қашан үзіліп қалған. Біз тұтас халық әдебиетін екі тапқа бөліп зерттеп, зерделеп келеміз. Бірі - аңыз ертегілер де, Бірі - шындық әдебиет. Ал, Ахмет Байтұрсыновтардың тұсында мұндай үзік болмаған еді. Енді соны толықтыратын кез келген сияқты. Сонда ғана біз Тыныштықбектей үлкен ақындарымызды толық түсіне аламыз. Себебі: сонау тотемдік дәуірден бастау алған ақын өлеңіндегі күрделі ойларды шындыққа емес, ертегі аңыздарға салыстырған сияқты біртүрлі сыңар ойдың елес беріп отырғанын біз өзіміз де сезіп отырмыз. Лажы жоқ өлеңнің көркемдік астарындағы ойлар солай болғандықтан соның ырқынан шықпауды көздейміз де!..)
Тыныштықбек айтады:
«...Бір ашылып есігі, бір жабылып,
Тау ішінде жалғыз үй есінеген.
Өз басынан өткермей, сенген бе өзге,
Ертек сынды бәрі де көрген көзге.
Дем алармын желіні сыздап таңның
Қозы бұлттар жамырап емген кезде»,- дейді.
Шынайы көркемдік кемеліне жеткен тұста өлім де сұлулық болып сезіледі. Ақындарға өлім туралы толғану әсемдікпен пара-пар ұғым. Мағжанның «Әлдиле, өлім әлдиле!...», дегені де осындай ойдан туылған. Тыныштықбек аспан толғатып, «қозы бұлттар» жамыраған тұста дем алмақ. Дүниенің қапасынан құтылып, мәңгіліктің шырынын еміп, тыныс алмақ. Әрине, өмірдің өзі - Ертегі, түс - оның мәңгілік Кітабы. Оны оқып көрмеген адам «сенбейді» де. Сенейін десе де, дәрмені жетпей қалады-ау! Сонан барып дүние тірлік тұнжыраған тыныштыққа айналады. Меңіреу дала, меңіреу жел, меңіреу аспан..т.т. Сол меңіреуліктен құтылудың тура жолы- «есінеп алып, аспаннан ой түю». Тыныштықбек жоғарыда осы ойды айтып отыр. Тыныштықта өмір есігінің бір ашылып, бір жабылғанын тыңдап, қозы бұлттарды қайырып, тау қойнауындағы қой ауылының тірлік тынысын (тіріліктің белгісін! Х.Ж) өн бойына сіңіріп, ақыл ойдың құшағында бусанып отыр!.. Мұхтар Мағауин Гетенің мұндай сәтін «мәңгіліктің құшағына бөлену[45]», деген еді. Талғампаз прозаик аруақты ақынның сезімін дөп баса суреттеген. Бұл жерде де Тыныштықбек «Қылышбұлақта[46]» сол Гетенің сезімін бастан өткереді. Оның санасында дүниенің сұлулығынан басқа еш сурет жоқ. Көз алдынан көлбеңдеп өткен қозғалыстың бәрі ақын көкірегіне ерекше бір сұлулық ырғағы арқылы құйылады. Дәл мұндай сәтте әлемге әйгілі Джоконда қасына келіп, сүйкеніп қалса, ақын демінен жүкті болар еді! Ақынның бойына бар құдірет топтасқан. Оның ақыры өлім екенін ақын сезеді, бірақ оны өлім деп атағысы келмейді. Өлімді қозы бұлтқа айналдырып, одан мәңгілік тыныс алады. Ақын өлмейді... Ақындар мәңгілік!
Ал, «Қозы бұлт»-көшпелілер поэзиясын өзгеден ерекшелеп тұратын өшпес КӨК ТАҢБА!
Қаратал. 1991. 10-ай - 2004. 12.27.
[1] Тыныштықбек Әбдікәкімов «ақшам хаттары»,Алматы,1993 кітабын айтамыз. Бұл дағдылы атау ғана.Шын мәнінде нағыз ақындарда бір кітап, бір өлең ғана болады. Көпіртіп том-том өлең жазатын ақындарда «мына өлеңімнен ана өлеңім, мына кітабымнан анау кітабым артық болар ма! », деген есек дәме басым болатыны байқалады!
[2] Өлеңсөзге- көркем поэзия деген ұғымды беретін әдеби атауды, біз бұдан былай «өлеңсөзге» деп береміз. Ал, «тақпақ» дегенді сөз ұйқастыру, тақпақтау, астарлы көркем ойды қажет етпейтін шешендіктің бір үлгісі деп түсінуіңізге болады. Мұндай әдеби дәстүр көшпелілерде тым ертеден қалыптасқаны «шешен», «білгі», «тапқыр», «ойлы», «астарлы»...т.т қалыптасқан атаулардан анық байқалады.
[3] Реті- қисын дегенге келіңкірейді, бірақта қисын заңдылығынан тыс өзіндік жүйесі тағы бар.
[4] Санкт-Петрбургті батыс үлгісіндегі қала жасау, орманды халықты салт-санасынан алшақтату сияқты сол тұстағы саяси олқылықтар.
[5] Гогольдың «Мұрын», «Шинель» т.б шығармаларын меңзеп отырмыз!
[6] Жаңа орыстың- сол дәуірдің идеологиясына қарсы тұрған орыс оқымыстыларын айтамыз!
[7] Аруақты өлең- жан рухының туындысын осылай атағымыз келді.
[8] Ақынның сөз қолданысы бұдан сәл бөлектеу, біз бұл жерде Қазақ радиосының «Ақ қауырсын» хабарынан (2004. 12.25) берілген нұсқадан санамызға қондырғанымызды айтып отырмыз.
[9] Ақыл ойдың, бұл сөзді кей тұста біз «философия» терминінің қазақша баламасы есебінде де қолданамыз. Дәл осы жерде бұл атауда «жан» деген қосымша тіркесі бар. Жан, ақыл, ой үшеуінің жиынтығы деп түсініңіз.
[10] Ағымға- «гармония», деген атау төңірегінде қолданып отырмыз.
[11] Тыныштықбек бір өлеңінде осы туралы «КӨК ПЕРІЛЕР КӨКТЕН СӨЙЛЕП, ЖЕЛ ЕМГЕН, КӨК БӨРІЛЕР ЕСТЕН ТАНЫП-МЕНІ ЕМГЕН ..», деген. (Тыныштықбек Әбдікәкімов «ақшам хаттары» Алматы, 1993, 102-бетте)
[12] Аталмыш жинақ, 16-бетте
[13] Өрімдермен- ішкі жан үйлесімі дегенді білдірдік.
[14] Бұл жерде өлеңнің тек ғана бір жағын түсіндіріп отырмыз.Уақыт озған тұста өлең астарындағы терең ойлардан әлде қандай («қойшы ұлы ма?», «қойшы, ұлым ба?!»деген сияқты) таластар айтылуы ғажап емес! Себебі, Абай Құнанбаевтың өлеңдері төңірегіндегі қазіргі айтылып жүрген кейбір талдаулар соны меңзейді.
[15] Аталмыш жинақ, 59-бетте.
[16] Сұйылған- өлеңсөзде «жұқарған, нәзік» деген ұғымды білдіреді деп білеміз.
[17] Біз ойлағандай ақынның өлеңінде «кәрі текенің сақалындай», деген теңеу де бар.
[18] Жұмыршақ- асқазанның әуелгі атауы. ХҚР мен Моңғолиядағы қазақтар әлікүнге дейін осы атауды қолданады.
[19] Біздің сөз қолданысымызда осындай бір сөз тіркесі бар. Әуелде өлеңге, кейіннен (1992 жылдан) Жұматай Жақыпбаев поэзиясы туралы жазылған «Жұмбақ жұлдыз кім екен» («Азия» газеті 1993 жыл), деген мақалада жалпы өлеңсөздің ырғағын анықтаушы сана өлшемі есебінде қолданғанбыз. Бұл жерде сана тереңдігіне қаратыла қолданылды.
[20] Жоғарыдағы өлеңнің жалғасы.
[21] Қасиет- бұл сөзді де діни тәпсірлерде айтылатын терең ойлар: «Халиф», «Зүлжәлел», «Мұғжиза»... атаулары төңірегінде түсініңіз!
[22] Өлеңөрісі- бұл атауды ақынның жантұрағы деген мағынада қолданып отырмыз.
[23] Жан- қазақтың ежелгі ертегілерінде айтылатын жандар осы, негізінен сұлулықтың, әсемдіктің жаны деп атаған да дұрыс болады.
[24] Қалпы, бұл атауды Тыныштықбек осылай қолданады екен, біз де ақын нұсқасын қолдандық. Діни шығармаларда «халпы» деп жазылады. Тәпсірлерде: жаратушыдан адам баласын жаратқандағы түгел болмысының жиынтық мағынасының атауы, деп түсіндіреді.
[25] Мөлдіреп, кітапта «мөлдіріп», деп жазылған екен, әріп қатесі болар деген оймен «мөлдіреп», деп өзгерттік. (Қараңыз! Аталмыш жинақ, 93-бет «Маза» өлеңі.)
[26] Ит, ит иесі деген сөздер жеке талдауды қажет етеді. Бұл жерде «итқұс», «иткөйлек»... деген сияқты көнеден келе жатқан атауларды естеріңізге саламыз!
[27] ақынның шабытты шағы, яғни рухпен тілдескен сәті айтылып отыр!
[28] Терең күш-ақыл, Ес күші деп түсініңіз.
[29] Иссус Христосты да осындай жан-жануарларды өлтіретін, тірілтетін қасиеті болған деп жазбайды ма?!
[30] Дәреже, кәзіргі біздің қалыптыстырған түсінігімізден жоғары мәні бар сөз. Дәреже күллі жаратылысқа Жаратушы тарапынан берілетін, солардың қасиетін анықтаушы (қараңыз! Risal-i Nur Kűlliyafindan, Sőzler, Istanbul 1992. ) атау. Оны біздің «мәнсап-дәреже», деп қолданып жүргеніміз, әнтек қателеу ұғымды танытады. Себебі дәрежеде «төменгі», «жоғарғы» деген айырма болмайды, белгілі межені білдіретін атау. Біз бұл жерде әуелгі мағынасында қолданып отырмыз!
[31] Көркемдікке айналдыру үлгісі- бір сөз қолданып, екі мағынаны қатар беру тәсілі, ғарзу түркі үлгісі іспетті. Бірақ ақын өлеңінде одан сәл өзгеше, рисалиге жақындау өзіндік үлгі бар. Біз соны айтып отырмыз!
[32] Бес ілім- ғылымда дәлелденген бес ілімнің негізгі себебін- ақынның көру, есту, тұщыну, сезіну, ғайыптан аңдау сияқты рухани тұспал түйсігін, яғни хауаси хамса заһири арқылы қабылдаған дүниені ақынның өз ерекшелігін сақтай отырып баян етуін, содан азық алуын меңзеп отырмыз.
[33] Ұғынған, «түсіну» мен «ұғыну» екеуі екі бөлек мағынаны білдіретінін естеріңізге саламыз! Бұл жерде ұғыну!
[34] Үзе көк теңрі, асра йағыз йір қылыңдұқта, Күлтегін үлкен бітік жазуында осылай. Ескерткіш Моңғолияның астанасы Ұланбатырдан 400 шақырым қашықтықтағы Эрдэнэзуу деп аталатын көне хитенің маңында орналасқан.
[35] Бұлар Тәңірлік дәуірде әбден кемеліне жете қалыптасқан ұлық ұғымдар! ( С. Дулам «Монгол домог», Улаанбаатар, 1989ж, 84-85 беттер)
[36] Халге, бұл да біздің санамыздан тыс, Жаратушыдан берілген ұлық күш жігердің атауы.
[37] Есінеу- көшпелілер дүние танымында киеліліктің маңызды нышаны есебінде саналады!
[38] Аталмыш жинақ, 89-беттегі «Тірлік» атты өлеңінен.
[39] Құпия шежіре кітабында: Әр түн сайын күлдіреуіштің саңылауынан ақ суле үйге еніп, от басына үйріліп, адам кейпіне келіп, Алун -хоа (қоңырат қызы!) шешенің құрсағын сипалап, ай мен күн қылаң бере бастаған тұста сары итке айналып, жаланып-жұқтанып есіктен шығып кететіні жазылған. Сол арқылы Алун-хоа ерсіз тапқан ұлдарын Тәңірдің балалары екенін дәлелдеп баққан! ( «Монголын нууц товчоо», Улаанбаатар.2004. 21-бап,)
[40] Плона Карпинидің белгілеуінде осы наным төңірегінде аңыздар айтылады (Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Рубрука...М. Географиз, 1957) және Б. Ренчиннің жазбаларында да «Күн-шешелі, Ай-әкелі..» деген өлең жолдары кездеседі. (Б. Ренчин, ШУА. м. 1975,40)
[41] Рағит тәңірдің ырқына көну. Мұндай тұста аспанды еркін шарлайтын, Рағит тәңірдің күшімен жай түсіріп, дауыл тұрғызатын бақсылардың талайы өткен ғой. Рағит тәңір Абайдың қара сөздерінде, аспанды шарлау туралы қазақ аңыз ертегілерінде, жазба мұраларда көптеп кездеседі.
[42] Сұлулықтың- Достаевский «әлемді сұлулық құтқарады», дегенде осыны айтқан. Әйтсе де, біздің тілге сұлулықтан гөрі «әсемдік» көбірек үйлеседі. «Әсем әнім сырнайдай...», деген өлең жолдары соны аңғартады.
[43] Үн сарын- жеке ілім есебінде қолданып отырмыз! Кейінгі мақалаларда үн сарыны іліміне кеңірек тоқталамыз.
[44] Абай Құнанбаев «Күз» өлеңінен.
[45] Бұл түйін жазушының Батысқа сапары жөнінде жазылған сапарнама толғауындағы ойлардан, неміс ақыны Гете туралы баян еткен эссесінен алынды.
[46] Ақын өлеңінде әспеттелген жер атауы, ақынның кіндік арқаны!
Жүкел Хамай, ақын, аудармашы