«ТОМИРИС»: ТАҒДЫРЫ ТАҢДАЛҒАН ПАТШАЙЫМ

КИНО
6604

Таққа тағдыры таңдалған тұлғалар отырады. Кездейсоқтық болмайды. Бірақ, көпшілігі оның себебін бос талқылайды. Ол мөр сияқты. Таңбаланады. Бұйрық шығады. Белгілер беріледі. Құпиясы оқылады. Тілін танысаң.

Томирис патшайымның тағдыры таққа таңдалған. Біз тарихты нақты фильмнің оқиғасының желісімен ғана пайымдаймыз. Тарихи жадыдан көп нәрсе өшірілген болуы да мүмкін. Фильмде саяси астармен көп көркемдік шындық қосылуы да мүмкін. Қалай болған күнде де фильмнен бір-ақ фактіні алға тартамыз. Бұл, менің қағидамдағы «Әйел отбасындағы отанасы орнында отырып-ақ әлемді басқара алады» деген пайымым. Бұл ақиқат. Томиристей әйел заты өз дәуірінде осыны дәлелдеп шыққан.

  Ол өжет. Ол сезімтал. Ол ұстанымдарына берік. Оның түйсігі оны алдағы үлкен миссияларына қарай бағыттап отырды. Ол қалаған жоқ. Ол мақсат еткен жоқ. Бар көздегені әкесінің кегін қайтару болды. Ол өзінің үлкен мәртебелі таққа тағдырымен таңдалғанын уақыт өте тылсым белгілермен ғана түсінді. 

Шешімдер. Батыл шешімдер көп түйінді шешеді. Оның ұтымды тұсы да сол болды. Томирис маңызды шешімдер қабылдай білді. Елдік, таптық, халықтық мүдделерді қорғаудың жауапкершілігін сезінді. Өміріндегі маңызды шешімдерінің бастамасы – оның өзіне лайықты жар таңдауы болды. Әйелдің табиғаты – әр-азаматқа тәуелді. Еркектің ерлігі мен жаужүректілігіне теңесер бәрібір ешнәрсе жоқ. Томирис әр-азаматтардың күш-жігерін өз мақсатына жұмылдыра білді. Оның даналығы да осында. Тақты да жерді де осы шешімімен ұстап тұрды.

Әйел – ана. Томирис бақытты ана. Тақ ұрпақпен байланысты. Әкесінен мұрагерлікке қалған қоғамды басқарудың жауапкершілігімен қоса, өзінің жар ретінде теңін тауып, әйел-ана ретінде бала сүйіп табиғатына сай үйлесімде өмір сүрген үлгілі тұлға. 

Тарихта таңқалыс тудырған оқиғалар болса, оның бірі және бірегейі осы – Томирис. Әлемдік саясатта елді әйел басқарған оқиғалар жоқ емес. Аз болса да тарихта маңызды қадамдар жасаған рухы мықты әйел тұлғалар болған. Олардың бейнесін, болмысын, табиғатын, түйсігінің тілін зерттеу, түсіну, қорытындыға келу қашан да қызық. Олардың басты миссияға қарай жүрген жолындағы түйсігінің табиғатын түсіну маңызды. Не себептен?! Кім үшін?! Не үшін?! Бұл сұрақтар қашан да өзекті. «Томирис» тарихи фильмінен бұл сұрақтардың жауабын табуға болды. Және бұл фильм Қазақстанның киноөндірісінде маңызды тақырыптарды ашудағы шешуші қадам.    

Гүлзат КӨБЕК
Кинотанушы,
Өнертану PhD докторы, 
Тұран» университетінің профессоры

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...