Айбек Қобдабай. Тіс

ӘДЕБИЕТ
4482

Айбек Қобдабай

Тістесіп жүр... Тістелеп-ақ жатыр... Қайралған тістер қарш-қарш, гүтір-гүтір. Кең тыныс алған сәтте сәл бәсеңсіп, бір сәт қол араның жүзіндей қышыр-қышыр етті. Жапан түздегі жалғыз пенденің тіс қайрап жатқанында жан баласының жұмысы жоқ...

...Сүт тістердің сүрепеті қазір мүлдем өзгерген. Екіге толғанға дейін Ана емшегін талай шайнап, қан-қақсатқан алдыңғы тістер тіп-тік күрек тіске айналған. Тұқыл шөткемен әбден қайралған демесең, сол сәби кезіндегі қалпы. Туа салғандағыдай алған жерінен айырлмай, жылы-жұмсақ, ащы-тұщының дәмін алдымен өзі татып көргенімен, айызы қанып шайнап көрмеген. Ары қарай кетіп қалады. Адам көзіне бірден түсетіндіктен құр аңтарылудан басқа амалы жоқ. Аңқау... Ақкөңіл... Тістенсе де ар жағында арамдық нөл... Ақыры алдынан шыққан аз-кемге малданып, кім көрінгенге алданып, айдаудағы ажалсыздың күнін күйттейді...
- Ау!
- Игілігін ит тістері көретін шығар дейсіз бе?
- Жоооғааа.
Ит тістердің көргені ит тірлік. Иә. Сүреңсіз. Суық. Сұсты. Сөйте тұра қатты мен тәттіні морт дегізуге ғана қажет. Қалған уақытта ақсиып тұрғаны. «Сен мықтысың» деп қойса болды. Ажарсыз болса да, арсалаңдап жүгіре береді. Айтқандарын екі етпейді. Кез-келгенге керек екенін білсе де, бұл байғұстың да күні күңгірт. Күрек тіске қарап, күпрілікпен шүкірлік еткені болмаса, күйзеліп жүргенін көп жұрт біле бермейді...
- Ау! Не?
- Ақыл тістер ше?
- Ойбай, оны айтпай тұра тұрыңыз! Азуды қайда қоясыз?!
Олар «күректер» мен «иттерге» қарағанда крутой! Оқыған. Тоқыған. Көздері ашық, көкіректері ояу. Көзге мүлдем түспейді. Көп оларды көгілдір «лупамен» ғана көреді. Алғы шептің әлгі тірлігін ақылға салмай, апыл-ғұпыл шайнап, жұта салады. Айтылмайтын айбарларынан ат үркеді. Атақ... Асқақ... Даңқ... Дақпырт...
- Тііііііісссс!
- Не болды?
- Біреу-міреу естіп қоймасын! Ақыл тістер ше? Тағатты тауыспай тез айтып бітірші өзі.
- Ақыл тіс пе?! Әй ақыл десе, ақыл. Алдыңғы тістерге де, әлгіндегі азу тістерге де жақын. Кейбіреуі «ақын». Енді біреуі «қатын». Тағы біреулері «ғалым». Арасында «зәлім». Әйтеу өзін өлтірмей, өзгені өзеуретпей, анығы өкпелетіп алмайын деп өмір кешкені кешкен. Ақылы асып-тасып тұрса да, азуға батпайды. Өзі азып-тозып жүрсе де, алдыңғыларын сатпайды. Өзімен өзі...
- Кет әкеңнің...
Қой соңынан қалмайтын кәндені қолын жалап жатыр екен. Селк ете түсті. Тіс... Түс... Жамба-жан иегіне ілінген күрек тістерін бір-біріне тигізді. Тәуба. Түгел секілді. Қалғандарының іріп-шіріп түсіп қалғаны қашан?! Қатты қажығанда, күрек тістерін қайрайтын әдеті есіне түсіп, мырс етті.
Көзін көңілсіздеу ашып, бас жағындағы умаждалған көнетоз көбентесін жоғарырақ көтерді де, көкке тікті...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...

Жаңалықтар

Журналист Гүлмира Әбіқай «Елге көмек» қайырымдылық қоры туралы тың мәлімет жариялады, де...