Әлия Бөпежанова: Рахымжан қайда болса да алда жүретін

ТЕАТР
5032

Осы жылдың 18-21 қараша аралығында Атырау қаласында Рахымжан Отарбаев шығармашылығына арналған республикалық театр фестивалі өткізілмекші. Соған орай белгілі сыншы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежановамен сұхбат құрдық. 

         Әлия ханым, драматургия – әдебиет саласындағы ерекше қабілет пен ыңғайды талап ететін ең бір күрделі жанр екені о бастан белгілі. Бүгін Рахымжан Отарбаев драматургиясына байланысты әңгіме өрбітсек деген оймен, өзіңізбен жолығуды жөн көрдім. Ол кісімен жақсы әріптес,  қызметтес болған жансыз, Рахаңның шығармашылық тұлға ретінде қалыптасып, танылу кезеңдері де көз алдыңызда өтті деуге болады... 

 – Рахымжанмен сонау 80-жылдардың орта тұсында «Қазақ әдебиеті» апталығында бірге қызмет жасадық. Бір топ жас едік. Шерағаның – Шерхан Мұртазаның мектебінен өттік. Рахымжан сол жас кезінен-ақ үлкен жүрегімен, отты мінезі, қиып айтар сөзімен ерекше болатын. Осы бір ішкі қуат жазуында да айқын сезіліп тұратын. Негізінен проза жанрында танылған ол 90-жылдардан бастап драматургия жанрына қалам тарта бастады. Жалпы, Рахымжан Отарбаев драматургиясын тақырыптық жағынан әлеуметтік және тарихи деп екі жүлгеде қарастыруға болады. Алғашқы пьесасы – «Әбутәліп әпенді» атты өткір әлеуметтік комедия. Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясының тапсырысымен осы комедияға пікір жазып бергенім есімде. Ол кезде сараптамадан өткен пьесаларды Коллегия театрларға ұсынатын тәжірибе болды. Бұл комедия алғаш рет Қырғыз елінде сахналанды. Кейінірек Түркістан облыстық әзіл-сықақ театры қойды. Рахымжан қоғамның, әлеуметтің ахуалын терең сезінетін сергек суреткер болды. Мысалы, ол жеке адам, әулет, содан да келіп қоғам үшін қасірет – нашақорлық мәселесін алғаш рет ашық сөз етті. Бұл әлеуметтік драманы алғаш рет Қызылорда облыстық драма театры, содан кейін қатарынан тағы бірнеше театр сахналауы бекер емес. 

«Бас» пьесасын, қателеспесем, алғаш рет Республика тәуелсіздігінің он жылдығына арналған республикалық драматургия байқауында оқыдым. Байқау Қазылар алқасының мүшелері ретінде, әсіресе, осы жолдардың авторы мен белгілі сыншы, бүгінде марқұм Сайлаубек Жұмабеков қатты қолдаған пьеса жүлделі екінші орын алған-ды. Қоғамдағы болып жатқан үдерістерді, кереғарлықтар мен қайшылықтарды қатты сезінетін жазушы Р.Отарбаев кейін «Бас» романын жазды. Күрделенген, ой кеңістігі кеңейген роман бойынша Атырау театрында режиссер Ж.Телтаев қойған  сюрреалистік драманың айтары көп. 

Рахымжанның пьесалары алғашында Қырғыз елінде қойылуының бір  себебі – оның сондағы елшілікте қызмет етіп, сахна қайраткерлерімен тығыз шығармашылық байланыста болуы. Бауырлас қырғыз елі кейіннен Р. Отарбаев шығармашылығына арналған арнайы фестиваль да өткізді. Ал Рахымжанның сахна үшін өнімді жаза бастауына оның, 2000 жылы болуы керек, Атырау облыстық драма театрында директор болып келуі де әсер еткенге ұқсайды. Театрдың тынысын, өзекті мәселелерін іштей білген, көрермен сұранысын, өзінің суреткерлік парызын жақсы түсінген ол тарихи тақырыпта қыруар еңбек жасады. Солардың алғашқысы - Атырау театрында қойылған «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасы. Бейбарыс сұлтанды алғаш рет сомдаған көрнекті актер, марқұм Төлеген Қуанышев болатын.

 – Бұл тарихи драма М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында да сәтті қойылды ғой? 

– Иә. 2013 жылдан бері театр репертуарында. Белгілі режиссер Ю.Ханинга-Бекназар қойған спектакльді көрермен аса қызығып көреді. Өйткені онда қан-қазыналық (генетикалық) кодтар бар. Қоюшы-режиссер  мен театрдың  интерпретациясы өзгешелеу – «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – Бейбарыс туған еліне оралады. Жер мәселесі, байып алып, шетел асу жағдайлары өзекті болып тұрған шақта – М.Әуезов театрының «Бейбарыс сұлтаны» туған жерге, туған елге деген перзенттік махаббаттың апофеозы сияқты. Тағы бір айтатын жайт – қандай да спектакль белгілі бір деңгейде қоюшы-режиссердің жан проекциясы. Бұл «Бейбарыс сұлтанда» өзі туралы «мен соңғы эвенкпін» дейтін режиссердің жан дауысы да естілетіндей (кейіпкерлердің эмоциялық ахуалын күшейте түскісі келген режиссердің өтінішімен Бейбарыс анасына, Тәжбақытқа, Фатимаға ақ өлең түрінде бір-бір монологтан жазуыма тура келген және автор мұны премьерада жылы қабылдаған.) Белгілі режиссер Болат Мансұров түсірген «Бейбарыс сұлтан» фильміндегі  Нұрмұхан Жантөрин – Бейбарыс ойшыл, философ болып көрінсе; спектакльдегі Азамат Сатыбалды – Бейбарыс сұлтан рухы мықты, қарекеті мықты тұлға; қазіргі жастарға үлгі болатындай, Отанға, туған жерге деген махаббаттың не екенін көрсете алатын дәрежеде шықты. Сахна деген – ол эстетика, ізгілік, осы  тұрғыдан алғанда да әсері өте мықты... 

«Бейбарыс сұлтаннан» кейін Рахымжан өте қарқынды жұмыс істеді. Мысалы, «Жәңгір ханды» жазды. Жәңгір хан патшаның сойылын соққан жағымсыз кейіпкер ретінде «танылып» келді. Ал іс жүзінде Жәңгір хан өте прогрессивті тұлға, жасампаздық істері жеткілікті. Жалпы алғанда тарихты ақ пен қараға бөлу, айталық, Исатай-Махамбет пен Жәңгір ханды бір-біріне қарама-қарсы қою қаншалықты дұрыс? Олардың әрқайсысының қазақ тарихында лайықты орны бар ғой. Өткенімізге біржақты қарамауымыз керек. Сонда ғана тарихымыз тұтас жаңғырады. Рахымжан осы қағидамен көп шаруа тындырды.  Осы күнге дейін толық ашылмаған тақырып - Алаш қайраткерлері туралы ақтаңдақтарды ашуға саналы түрде барды деп ойлаймын. «Мұстафа Шоқай», «Сырым батыр», «Нарком Жүргенов», «Әміре», тағы да басқа тарихи драмалары тарихи санамыздың тұтастануына үлес қосатын,  кеңірек аядан қарастырғанда, халықтың өзін өзімен табыстыратын туындылар. Орайы келгенде айта өтейін, Рахымжанмен соңғы әңгімелесулеріміз – Әбілхайыр ханның аяулы жары, серігі, қайраткер Бопай ханым туралы тарихи драма жазып беруіне байланысты болып еді. Соңғы рет телефондасқанымызда «Материалым жеткілікті. Бір аптаға Қытайға барамын. Сол сапардан келісімен отырамын, ақпанның соңына қарай бітіріп беремін»  деген-ді... Бопай ханым қазақ тарихындағы бір дара тұлға ғой...     Рахымжан  қайда болса да алда жүретін.  Жазса жазуы, сөйлесе сөзі, жасаса ісі ерек, айналасына қайырымы мол  азамат;  тарихи танымы терең, санасы сергек, жүрегі өз еліне, ұлтына деген мейірім-махаббатқа шүпілдеп тұрған тұлға, Махамбет рухтас суреткер еді. 

 – Рахымжан Отарбаев драматургиясы бойынша қараша айында Атырауда театр фестивалі өтпекші екен... 

 – Фестиваль дегеніміз – рухани мереке, рух салтанты. Сондықтан да бұл дәстүрлі фестивальға айналса деген тілек бар. Әрине, бұған қомақты қаржы керек. Осы орайда Атырау облысы басшылығының, азаматтарының фестивальдің, жалпы рухани шаралардың маңызын жақсы түсінетіні ерекше сүйсініс туғызады. Алдыңғы өткен фестивальдарға  қатысқан болатынмын. Жаңа фестивальға да табыс, биік деңгей тілеймін. Рахымжанның рухани мұрасы халыққа қызмет ете берсін.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Заман Төлеуов

11 қазан, 2019

         


author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Сенат және Мәжіліс депутаты Абзал Құспан соғыстың қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды mad...

Жаңалықтар

Ресей Днепрге шабуыл жасаған баллистикалық зымыран қырғи қабақ соғыс кезінде де қолданылған, деп хаб...