Үстіміздегі жылдың 17 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Алматы Мемлекетт...
Ержан Дәуітов: «Әртістер – басқанда дыбыс шығаратын фортепиано емес»
Биыл «Астана Операның» бас хормейстері Ержан Дәуітов шығармашылық қызметінің 25 жылдық және өзінің 50 жылдық мерейтойларын атап өтеді. Оның кәсіби жолы айтулы жеңістермен басталған: ол Польшада өткен «Хайнувка» фестивалінде үздік дирижер атанды, одан кейін тек биік белестерді бағындырды...
- «Астана Операның» бас хормейстері, көптеген халықаралық марапаттардың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, дирижер, осының барлығы бір бойыңызда бар, мұндай елеулі нәтижелерге қалай қол жеткіздіңіз?
- Мен музыкамен алты жасымнан бастап айналысамын. Өз-өзіммен көп жұмыс істеуге тура келгені сонша, музыка менің өмірімнің мәніне айналды. Дирижердің, хормейстердің жұмысы көбінесе дайындықтармен байланысты. Өйткені көрерменнің сахнада көретіні – біздің дайындық залдарындағы негізгі еңбегіміздің 10 пайызы ғана. Дегенмен тағы бір нюанс бар – ұжыммен жемісті жұмыс істеуді бастап, нәтижесін көру үшін алдымен өзің шындап дайындалу керексің. Әртістерге зор музыкалық білім жүгімен барып, музыканың неден құрылатынын, композитордың сол шығарманы қалай және не үшін жазғанын білуің қажет. Жауапкершілікпен қарау арқылы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Әрбір дайындалған сайын осы нәтижені арттыруға тырысамыз. Бір шығармаға қаншама рет оралсаң да, жыл өткен сайын оны әрқалай сезініп, түсінесің, сондықтан өз-өзіңді дамытуды ешқашан тоқтатпау керек...
- Барлық ұл балалар секілді, сіз де сегіз жасқа дейін футболист болуды армандаған екенсіз. Арманыңыз орындалмағанына өкінбейсіз бе?
- Футболмен 15 жасқа дейін айналысып, оны музыкамен қатар алып келсем де, ақыр соңында музыка жеңді. Спорттың осы түрін әлі күнге дейін жақсы көремін, тек енді жанкүйер ретінде. Жарыстарды жиі тамашалаймын, сүйікті командаларым өте көп, жуырда Әлем чемпионатын қарадым. Өз жұмысымды спортпен жиі салыстырып тұрамын, екеуінің арасындағы бір ғана айырмашылық – нәтижеге қол жеткізуде. Музыкада спорттағы секілді бағалау критерийлері жоқ, атлет барлығын басып озса жеткілікті, оның қалай жүгіріп өткені жайлы ешкім ойланбайды, тек нәтижесі ғана маңызды. Музыкада да түпкі нәтиже маңызды, алайда барлығы анағұрлым күрделі, мұнда жылдамдықта, кетірген секундта, ұзындық пен биіктікте өлшемдер жоқ. Қазіргі уақытта дәулескерлікпен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Қазір көпшілік музыканы тыңдап, орындаудың тереңдігін сезіну үшін ғана емес, сондай-ақ оның сахнада қалай көрінетінін қарау үшін де келеді. Осы әсерлер адамға ықпал етіп, көрермен театрға қайта келгісі келетіндей сезімде болуы керек.
- Бас хормейстердің жұмысында ең күрделісі не және оның бойында қандай басты қасиеттер болуы керек?
- Театр хормейстерінің басқа хормейстерлерден айырмашылығы бар, бұл мүлде басқа категория, мұнда музыкамен айналысу аздық етеді. Әртістер сахнаға шығып, әндетіп, ол барлығына ұнауы үшін музыканы «дұрыс» жасау жеткіліксіз. Маған жиі режиссер болуға тура келеді, ұжымның алдына міндеттер қойып, оның қалай алға жылжуы керектігін айтып отырамын, Сондай-ақ ұйымдастырушылық мәселелер көп болғандықтан, менеджердің де қызметін атқаратын, тіпті әртістерге костюм таңдайтын кездерім де болады, осының барлығы менің міндетіме кіреді. Мәселен, «Евгений Онегин» операсына киетін костюмдермен көп жұмыс істедім. Суретшінің эскиздерін көрген бойда әрбір әртіске костюмді өзім таңдай бастаймын, себебі барлық әртістердің дене бітімдерінің ерекшеліктерін, кімге қандай түстер келетінін білемін. Әртістер – басқанда дыбыс шығаратын фортепиано пернелері емес, адамдар екенін, олар көңіл аударуды қажет ететінін ескеру қажет. Әйнекші шынымен, етікші былғарымен жұмыс істесе, үлкен ұжымның жетекшісі ең алдымен адамдармен жұмыс істейді. Ал адамның жаны анағұрлым нәзік, әртістердің әрбіреуі – жеке тұлға.
- Қаншама ауқымды жұмысты атқарып жүрсеңіз де, көлеңкеде қалып қоятыныңыз көңіліңізге келмей ме? Хор – сахнада, ал хормейстерді біз көрмейміз.
- Егер көрермен ұжымға қол соқса, бұл біздің дұрыс жұмыс істеп жүргенімізді білдіреді және көпшіліктің осы ризашылығы – мен үшін ең жақсы мақтау болып табылады. Көрерменге өнер көрсету ұнаса, мен содан рақат аламын.
- Мінсіз театр хоры қандай болуы керек?
- Ұтқыр, жан-жақты, икемді, бар болғаны осы, және әлбетте әртістер жақсы әншілер болуы керек. Біздің ұжымның әмбебаптылығы – ол театр хоры болып та, жеке әртіс болып та жұмыс істей алады. Әртістердің әрбіреуі шығарманы кез келген қалыпта орындай алуы қажет: отырып та, тұрып та, жатып та, ал кейде тіпті дирижерді көрмей, теріс қарап та. Сондықтан басты критерий – музыка, ән айту, әртістік тұрғысынан барлық қатынастардағы жинақтылық. Егер қойылымда белгілі бір жерлерде хор ән айтпаса да, ол бәрібір жұмыс істейді: кідірістерді толықтырады.
- Сіз театрда жиырма жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келесіз. Осынау уақыт ішінде қандай қойылымдар хор үшін ең күрделі болды?
- Опералық спектакльдердің барлығы өзінше күрделі. Біз ұлттық репертуармен өте көп әрі шындап жұмыс істеудеміз, олар қарапайым спектакльдер емес. Сондай-ақ «Аида», «Кармен», «Турандот» секілді мықты қойылымдарда ән айту, актерлік ойынға қатысты күрделі тұстар бар. Әсіресе бірінші актіде хор ұжымы үнемі қозғалыста болады және сонымен қоса, сапалы ән айтуы керек. Мәселен, «Турандот» спектаклін жарыққа шығармас бұрын, біз бұл операны қойылымнан бір жарым жыл бұрын жаттауды бастадық, бұл өте үлкен спектакль. Бұған бұрын-соңды мән бермесеңіз, біле жүріңіз, опера ұжымы сахнада әрдайым жатқа әндетеді. Материалды жаттауға көп уақыт кетеді, әсіресе опера француз, итальян тілдерінде орындалатын болса.
- Әртістерге спектакльдерде техникалық тұрғыдан айрықша дүниелерді орындауға тура келген кездер болды ма?
- «Дон Карлос» операсында әртістер үлкен биіктікте тұрып ән салады, сосын жоғарыдан төменге түседі. Бірақ біздің театрда технологиялар заманауи, сондықтан әртістерге ешнәрсе қауіп төндірмейді. Биіктіктен қорқу секілді әдеттегі туа бітті қорқыныш бар. Кейде хор сахнаның астына 30 метр тереңдікке түсіп, сол жерде ән салады. Сол кезде хор әртістерінің кейбіреуі өздерін жер астында тұрғандай, сонда қалып қойғандай сезінуі, одан қорқуы да мүмкін. Алайда біздің хорда негізінен жас әртістер еңбек етеді, олар өте қызыққұмар, әр нәрсеге әуес, ештеңеден қорықпайды, жаңа нәрсенің бәрін көруге дайын. Бұл көңілге қуаныш ұялатады.
- «Астана Операның» ерекше және жоғары кәсіби хорындағы дауыстар өте күшті деп айтып жатады.
- Иә, шынымен солай. Адамның дауысы – табиғат жасаған жалғыз аспап, ал қалған аспаптарды адам жасады, сондықтан адамның дауысы – бірегей аспап. Онымен жұмыс істеу зор ұқыптылықты талап етеді. Егер сенің музыкалық аспабың сынып қалса, оны апарып жөндете аласың, ал егер аспапты жоғалтып алсаң, оны сатып ала аласың. Алайда дауысқа бірдеңе болса, оны ешнәрсемен ауыстыруға келмейді. Сондықтан онымен жұмыс істегенде білімің болуы қажет, оны қинауға болмайды, әйтпесе ол кейін үн қатпауы мүмкін. Әсіресе спектакль алдында аса мұқият болып, әртістерге әнді абайлап айтқызу керек.
- Ұжымыңызда бәсекелестік бар ма? Хор әртістері солист болуға ұмтыла ма?
- Біздің театрдың көптеген солистері – «Астана Операның» хор ұжымынан шыққандар, мен бұған өте қуаныштымын. Бізде кез келген сәтте жеке партияда ән салып бере алатын хор әртістері бар. Менің ойымша, ұжым ішінде адал бәсекелестіктің болғаны өте жақсы, ол ұжымның өсуіне ықпалын тигізеді. Әртістердің жеке дара дамуларына қарсы емеспін. Мәселен, Ерұлан Кәмел, Руслан Совет хорда ән салып, ал келесі күні спектакльде жеке партияны орындай алады немесе керісінше.
- Кездейсоқтыққа сенесіз бе?
- Менің өміріме келетін болсақ, мен бас хормейстерлікке кездейсоқ, анығын айтқанда қапы жіберілмеген мүмкіндіктің нәтижесінде келдім деуге болады. Бұл осыдан тура 23 жыл бұрын, қаңтарда болған еді. Ол кезде хор ұжымын жинау кімнің қолынан келер еді деген мәселе талқыланып жатқан болатын, сонда жас хормейстердің бар екені айтылып, маған опера хорын ұйымдастыруға өтініш түсті, мен осы мүмкіндікті дәл уақытында пайдаландым. Өмір адамға мүмкіндік бермеуі мүмкін емес деп ойлаймын, тек соны пайдаланбайтын адамдар болады...
- Сіз бильярд, теннис ойнағанды, балық аулағанды жақсы көресіз, сондай-ақ әлеуметтік желіде парақшаны жүргізуге үлгересіз, мұнша күш-қуатты қайдан аласыз?
- Мұның бәрі мен үшін демалыс. Кәсіпқойлар мен әуесқойлар болады, ал мен олардың біреуіне де жатпаймын. Балық ұстай алсам – жақсы, ұстай алмасам, ол да – жаман емес, мен үшін бастысы – табиғаттан қуат алу. Ол жаққа әркез жақсы таныстармен қонаға барамыз, шатыр тігіп, далада от жағамыз. Сосын аулаған балықтардың суретін әлеуметтік желіге саламын. Десе де бұлай мақтанғанды ұнатпаймын, көбінесе кәсіпке қатысты мәліметпен бөлісу үшін солай жасаймын.
- Хордың орындауын жуырда болатын қандай қойылымдарда ести аламыз?
- 25 қаңтарда біз «Реквиемді» орындаймыз, бұл өнер көрсету ұлы композитор В.А.Моцарттың туған күніне орайластырылған. Бұл қайталанбас туынды, оның симфониялары мен операларының ішіндегі ең танымалы әрі атақтысы. «Реквием» – бұл веналық классик өз-өзіне арнап жазған музыкалық ескерткіш. Сондықтан біздің концертімізге және «Астана Операның» барлық спектакльдеріне қош келдіңіздер дейміз!