Кино – асау арғымақ секілді

КИНО
2903

Кино – асау арғымақ секілді. Сырын білмей жалына жармасқан жалбағайларды жалт беріп жығып кетеді. Талайлар бұл асау тұлпардан ұшып та түскен, талайларды теуіп те кеткен. Сонда да шылбырын сүйретіп кеткен арғымақ соңынан қалмай жүргендер әлі де аз емес. Солардың не жақсыға, не жаманға жатпайтын ортақол немесе шаладүмбілез дүниелерін көріп көңілім күпті болып жүруші еді. Балық басынан болса, онда қазақфильмнің қасына Шәкен (Айманов) сияқты шығармашылық жетекші қашан келер екен деп те ойлайтынмын. Өйткені, экранда өтіп жатқан оқиғаға кіргің келеді, сенгің келеді.

Қысқасы, мен қазір апта сайын Қазақ ұлттық өнер университетінің Ш.Айманов атындағы кинозалынан табылып жүрмін. Ол жерде студенттердің, түлектердің жұмыстары да, белгілі режиссерлердің туындылары да әр сенбі сайын көрсетіліп отырады. Өткенде көрген Э.Әбдіжапаровтың «Саяқбай» фильмі ұнаған болатын. Ал бүгін Е.Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмін көріп қуандым. Біз көбінде төл дәстүрімізді өз деңгейінде көрсете алмай жатамыз ғой, не жетпей қалады, не әсірелеп жібереміз. Дәстүр дегенде бұл жерде бояуы баттасқан таза этнологияны айтып отырған жоқпыз, дәстүр дегенде түрі ұлттық, мазмұны қазақы болып келетін өнер туындысындағы сара бағытты айтамыз. Режиссер осы қазақы нақышты жоғалтпай, адамзатқа ортақ проблемаға бара алған. Е.Тұрсыновқа бір тәнті болар жерім, ол басты рөлге танымал актерлерінің бірін емес тыңнан тауып бекітетіні. Тек бекітіп қана қоймай, жеке онымен жалпы құраммен жұмыс істеуінен өзгелер үйренетін жәйттер көп екен. «Актерлерді дұрыс таңдай білсе, онда режиссердің жұмысының жартысы біткені» деп бекер айтпаса керек. Көп жағдайда режиссерлер басты рөлге іріктеуден осалдық танытады, содан барып ол фильм нәрсіз топырақта өнген сүмер шөптей тез солып қалады. Сосын ол фильмге қайта оралмайсың. Ал мына «Шырақшыны» қайта көргім бар, себебі, тарқатып талдап жазатын әдемі тұстары бар екен.

Айзат Қадыралиева

Жаңалықтар

Қазақстанның заңнамасына сәйкес ерлі-зайыпты некеге тұрғанда бір-бірінің тегін ала алады. Әрине, мұн...

Жаңалықтар

ForteBank бос жұмыс орнына түйіндіме жариялап, ол түйіндемеде қазақ тілін маңызды емес деп көрсетіп,...