"Жыныма тимеңізші"
Жыл басында ұлттық экономика министрінің бұрынғы орынбасары Серік Жұманғариннің тарифке қатысты сауалға берген жауабы әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
"Шара шағын және орта бизнес жайлы. Ал сіздер тариф туралы сұрауға келдіңіздер ме? Маған ресми келіңіздерші, мен сізге тариф туралы бәрін айтып беремін. Жынымды келтірмеңізші", – деп Жұманғарин тілшіге жауап беруден бас тартқан.
Шенеуніктің бұл жауабы желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Кейін Серік Жұманғарин ерсі әрекеті үшін БАҚ өкілдерінен кешірім сұрады.
Бүгінде Серік Жұманғарин Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі (министр), Мәскеу қаласында жұмыс істейді.
Жұрттың ашуына тиген экс-министр
Мәдина Әбілқасымова 2018 жылдың 9 ақпанынан 2019 жылдың 25 ақпанына дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды. Жоғары лауазымды қызметтегі басшы бір жылдың ішінде халықтан біраз сын естіп, соңында қызметінен кетті. Әбілқасымованың жиі сынға ұшырауына себеп те жоқ емес.
2019 жылдың қаңтарында көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы 15,4 мыңнан 16,1 мың теңгеге дейін көтерілді. Министр бұл жаңалықты зор мақтанышпен айтып, жұрттың ашуына тиді. Оның пікірінше, басқа елдерде аналарға мұндай жағдай жасалмапты.
Осыдан соң көпбалалы аналарды "миллионерге" теңеп қойған Әбілқасымованың сөздері әлеуметтік желіні шарлап кетті.
Ал 4 ақпанға қараған түні Нұр-Сұлтанда (ол кезде Астана қаласы) болған ауыр трагедия жағдайды одан әрі ушықтырды. "Времянкадан" шыққан жойқын өрт көпбалалы ата-ананы бес бірдей баласынан айырды. Белгілі болғандай, бес қыздың әке-шешесі түнгі уақытта жұмыста болған. Бұл қайғылы жағдайдан кейін қазақстандықтар сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етті.
Бүкіл қазақстандықтың қабырғасын қайыстырған жағдайдың ертесінде Әбілқасымованың Forbes Kazakhstan журналына берген сұқбаты мен мұқабаға басылған суреті жарияланды. Бұл желі қолданушыларының наразылығын одан әрі күшейтті. Қайғылы оқиғадан кейін үкімет отырысында төбе көрсетпеген Әбілқасымова тағы да сынға ұшырады. БАҚ өкілдерінің барлық сауалына оның орынбасары Светлана Жақыпова жауап беріп, министрдің неге отырысқа қатыспағанын түсіндірді.
"Министр өткен аптадан бері ауырып жүр. Кеше (4 ақпан күні – Sputnik) өзі барып ата-анасына көңіл айтты", - деді Светлана Жақыпова.
Әбдірахымов Лондоннан сәлем жолдады
Биыл жазда Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Ұлыбритания астанасы Лондоннан туған жеріне жалынды сәлем жолдады. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.