Қазақтың немістен несі кем?

ТАНЫМ
2419

Тақырыпқа осы сөзді жазып қойып ойланып қалғандаймын. Қолымда бір жапырақ қағаз. Неше жыл болды екен сақтап жүргеніме, ширек ғасыр, әлде одан да көп пе? Оның да тақырыбы бар, көз қиығын саламын: «Немістер үшін он өсиет». Көк сия қаламмен қолмен жазыппын. Мен бұл өсиеттерді жазып алғанда, сірә, егемендігімізді жаңа ғана алып жатқан кезіміз болар. Ол кезде өзімізді неміспен салыстырайықшы деген ой басымызға келмес те еді. Бұл қағаз сосын да қозғаусыз ұзақ жата берген шығар. Ал қазір әлем таныған бақуатты елдің біріміз. Дамыған отыз елдің қатарына жақындап қалдық деп те жатыр. Бізде өндірілетін мұнай, газ, көмір, темір, алтын бастаған түсті металдар, қыруар астық Жапония, Түркия сияқты индустриалды ірі елдердің түсіне де кірмейді. Олай болса, салыстырайын неміс қандай, біз қандаймыз. Неміске айтылған өсиеттердің бізге жұғысты болған жерлері бар ма екен?

«Бірінші, дейді, неміске арналған өсиеттерде, тіпті ұсақ-түйек шығын шығарғанда да Отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептес». Ұсақ-түйек дегені не болды екен? Сіріңке, әлде тіс шұқығыш. Олардан ұсақ не болуы мүмкін. Іздейсің. Бар екен. Отандық емес. Шеттікі. Пеш жағу, тіс шұқу күнделікті үзілмейтін қажеттілік. Аласың. Отан деген ұғымның осы ұсақ-түйектермен бірге жойылып кетеріне мән бермейсің. Өйткені санаң өлген, етің үйренген.

«Екінші, шетелдің пайдасына жұмсалған соқыр тиыныңды да ұмытпа», дейді. Есең кетті, қайтарымын ойластыр, көзін тап, жаңағы шетелдің ұсақ-түйегіне жұмсалған «соқыр тиыныңды» қайтарып ал дегені ғой. Бізде ондай ой түгіл, қарапайым түйсік те жоқ-ау. 

Әрі қарай оқимын. «Үшінші, дейді, сенің ақшаларың тек неміс саудагерлері мен жұмысшыларына пайда әкелуі керек». Дұрыс-ақ. Базарға барам. Дүкенге бас сұғам. «Қай елдікі?» «Қытайдікі. Ресейдікі...» «Ал мына жемістер қай жерден?». «Сарыағаштан». Бәрінің айтатыны осы, Сарыағаштан. Астананың барлық базарын жалғыз бір аудан көкөніспен толтырып қойғандай. Қасынан жылыстап өте берген ем, сатушы сұрша келіншек ашулана тіл қатты: «Айта береді Сарыағаштікі деп, көбі Қытайдікі. Сосын өзбек, тәжік, қырғыздан». Қалтамда азын-аулақ теңгем бар, мұнайды, газды сатқаннан немесе соларды өз пайдасына өндіретін шетелдік алпауыт компаниялар төлейтін азын-аулақ салықтан түскен, маған тиесілі зейнетақы түріндегі сөлкебай. Соларды беріп көкөніс пен жеміс алам. Теңгем енді шетелдік саудагер мен жұмысшылардың пайдасына кетеді. Мен болсам ондайды ойлап бас қатырмаймын. Модный сөзбен айтқанда, менталитетімде жоқ нәрсе болғасын. 

О, неміске арналған өсиеттің төртінші дегенін қараңыз: «Шетелден келген машина және құрал-саймандарды қолданып, герман жерін, герман шаңырағын қорлама!». Өйдөйт! Пойыздар, машиналар, ұшақтар, фабрика, зауыттардағы, кәсіпорындардағы құралдар, электронды алуан мүліктер, тетіктер... Қазақ жерін, қазақтың шаңырағын қорламаймыз деп осылардан бас тартсақ не боламыз. Орыстанған келіншектеріміздің тілімен айтсақ, «кошмар какой-то» болатын шығар. Бұл да біздің қазіргі болмысымызға мүлде келмейді екен.

«Әр уақытта неміс қағазына неміс қаламымен жаз». Бұл - алтыншы өсиет. Былай қарағанда түк емес сияқты-ау. Дейсің де басыңды қасисың. Өйткені қағаз да, қалам да өзіңдікі емес.

Әрі қарай жетіншіге кетейін. «Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің жемісі, немістің еті жарайды». Аллаға шүкір, тау-тау астық өндіреміз, нан жабатын ұнға зәру емеспіз», дей беремін де, жеміс түгіл, ет пен сүттің, не солардан жасалған өнімдердің басым бөлігін сырттан әкелетініміз еске түсіп кетеді де, тілімді тістей қоямын. Қазақтың басты байлығы төрт түлік малының Шопан ата, Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара аруақтарын ренжітіп алғанбыз-ау, сірә.

Сегізіншісі не дейді? «Тек қана неміс матасынан тігілген сырт киімдер мен неміс қолынан шыққан бас киім ки». Үстіме қараймын, сырт киімім түріктікі, бәтеңкем, бас киімімді қытай тіккен. Осылай-ақ көшеге шығам, қонаққа барам, кемеңгерлердің сөзін тыңдап жиналыстарда отырам. Осылай жүргенім үшін қымсынып, ұялуым керек-ау деген ой басыма кіріп те шықпайды.

Тоғызыншы. «Егер сен неміс кофесін ішкің келмесе, Германияның достас елінен әкелінген кофені іш». Қалай әдемі айтылған. Өзіңе болмаса, досыңа көмектес. Әттең, бізде кофе түгіл, шай да өнбейді. Бәлкім, Өзбекстанның көк шайын көбірек алғанымыз жөн болар. Бауырласпыз ғой. Әрине, егер олар сатса.

Соңғы, оныншысы не түйін айтты екен? Оқимын. «Ешуақытта шет елдің тауарына қызықпа және есіңде берік сақта: герман азаматының керегін тек Германия шығара алады». Қалай шегелеген. Патриот болу, Отанды сүю дегенің еңбек ету, ешкімге ештеңеден тәуелді болмауың керек деген сөз екен ғой. Немістің техникасы мен технологиясы, жалпы өнімінің 90 проценті көлемінде, «немістік сапа» деген брендпен бүкіл әлем елдеріне сатылады. Екінші дүниежүзілік соғысты айтпағанда, бірінші дүниежүзілік соғыс үшін де 2010 жылға дейін контрибуция төлегенін ескерсек, ұлтты құдіретті ететін Адам Ата, Хауа Ана, Мұхамбет пайғамбар, Англия королі Артур, Шыңғысхан қазақ болған деген сөз емес, ғылымды, техника мен технологияны игеру, дамыту арқылы қол жететін қарапайым еңбек екен ғой.

                                                                                     Өтен Ахмет

P.S. Соңғы кезде әлсіз де болса, «алдымен Отандық өнімді сатып алуымыз керек» деген сөз естіліп қалып жүр әредік. Қазіргі күнде қаржымыздың басты көзі мұнай, газ, басқа да шикізаттар екені белгілі. Түбі таусылатын байлықтар ғой. Содан кейін не болмақ? Ойласаң, денең түршігеді. Обалы не керек, артымызға қарасақ, шын ба, өтірік пе, ауылшаруашылығының керегі шамалы, индустриалды ел боламыз деп талпыну, қыруар ақша шашу болғаны рас. Алайда ірі өндіріс ошағын жобалау, құрылысын салу, сосын оны заманауй ең озық технологиялық құралдармен жабдықтау, осы істердің бәріне білікті маман жұмысшыларды тарту жан-жақты ойластырылды ма? Өз басым кешегі маман шахтер ретінде айтсам, күмәндімін. Кешегі қойшы мен сауыншының, әрі кеткенде механизатордың баласы мұндай аса жауапты міндетті бірден алып кетеді деп ойлау не кещелік, не әдейі есептелген көзбояушылық. Мұндай жағдайда пысықай қулар ауызға өзі келіп түсіп тұрған миллиардтарды бөліп алмағанда не істейді. Әрине, талан-тараж. Астарына үңілсең, қоғамның біліктілік пен іскерлік қабілетінің дайындығы кем әлсіздігін, көп жағдайда мүлде сауатсыз болғанын көресің. Ал бұл кезде, қазір де, біздің оқу орындарымыз түкке жарамсыз дипломдарды штамптаумен айналысты. Әлі де айналысып жатыр. 

Шағын және орта бизнеске келсек, оның басым дені алып-сатарлық аясында қалып қойған. Өйткені «прихватизация» кезінде көктен түскен оңай ақшамен байып алғандар қазір жаппай рантьеге айналған. Олар отандық ұсақ-түйек өндірісін жасаумен әуре болмайды. Басқа елден бір теңгеге алып, өзімізде он теңгеге сатқаны әлдеқайда пайдалы әрі жеңіл. Шағын бизнестің тынысын тарылтып тұрған тағы бір жәйіт – аренда мәселесі. Базар ішіндегі көлемі 14 шаршы метр, қыста жылусыз дүңгіршек. Бір жарым миллион теңгеге сатып алған. Айына 150 мың теңге жалдау ақысын төлейді. «Дүңгіршек өзіңдікі болса, бұл қалай?». «Солай, егер өзімдікі болмаса, айына 400 мың теңгеден төлер едім». Әрі қарай созбасам да, түсінікті болар, оқушым. 

Жақында бір зерттеуші Қазақстан байлығының алпыс пайыздайы 154 адамның қолында деп жазды. Егер рас болса, бұларды ақша айналатын тамырлардың бойындағы қансорғыш сүлік деуге келетіндей. Тіпті жерді де жалға беріп қояды. Көнсең, итшіле, көнбесең, әрі жүр. Иесі кім? Таппайсың. Әрине, менің бұл айтқандарым көпке белгілі ақиқат қой. Қазіргі билік те осы төңіректе қатты ойлана бастағанын сездіреді. Соның бір мысалы Президентіміздің сауда және интеграция министріне қадап айтқан тапсырмасы. Олай болса, «Қазақтың немістен несі кем?» деп ширығып, «Отандық өнім шығарып, алдымен тек соны сатып алуымыз керек», дегенді жәй ғана айтып қоя салмай, патриоттық ұранымызға айналдыра алсақ қой, шіркін. Тек отандық өнімдер басқа елдер тауарларының қатарында тұра алатындай, алуан түрлі, сапалы және мол болса, кәнеки.

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...