Ермек Балташұлы. Өнермен өрнектелген өмір

ӘДЕБИЕТ
2463

Дүлдүлдер мен бұлбұлдар

Ұлттық театр өнеріміздің абыз анасы, өнертанушылар «ән салудың академигі» деп бағалаған Жүсекеңнің аяулы жары Хабиба Елебекованы қазақ жұртына таныстырудың қажеті болмаса керек. Алдымыздағы шілдеде 95 жасқа толатын (құжат бойынша), осы ғұмырының 75 жылдан астамы қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында өтіп келе жатқан кеудесі қазына Хабиба Қарақбайқызының бүгінгі ұрпаққа айтар ой-пікірі де, артар аманаты да жетерлік. Сол себепті, Алматыға арнайы сапарлап, әз анамен жүздесіп, тілдесудің сәті түскен еді.

Есікті баласы Біржан ашты.

Осыдан бес-алты жыл бұрын өткен, қазақтың дәстүрлі әнін орындаушылардың Жүсіпбек Елебеков атындағы кезекті республикалық конкурсында көргендегі өң-түрін жоғалтпағанымен, апай үй ішінде ғана болмаса (оның өзінде қол арбаға сүйеніп), сыртқа шығып жүрмейтін болыпты.

– Арқа аймағы аман, жұрт тиыш па? Адам қартайған сайын елшіл, жершіл болады екен. Қарағанды мен Қарқаралыға қатысты сөз естілсе, елеңдеп отырам. Сыртқа шығудан қалып барам. Театрдың қос шынарындай болып Хадиша Бөкеева екеуміз қалып едік. Күні кеше ол да бақиға көшті. Міне, жалғыз қалдым. Бірер күн бұрын, әкімшіліктен бе екен, телефон шалып, Президент стипендиясын тапсыру салтанатына шақырған-ды. Барам деп едім, аяқ жүре алмағандықтан, үйде отырып қалдым. Біржан жанымда, күтімім мына Рахима қызымның мойнында. Өзіміздің туыс – Қаракесек. Түнеугіде басқа бір жұмыс тауып алып, кетпекші болып еді, жібермедім. Аяғым ертеден ауырады ғой. Былтыр кенжеміз Естайдың ұлы Шәкен үйленгенде Болат айналайын көтеріп апарды. Болатты білесің ғой, Атабаев – режиссер, – деп апай бірден әңгіме тиегін ағытып қоя берді.

– Апай, биыл Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толады ғой. Қарағанды жұрты осы найзағай ақынның ғасырлық мерейтойын лайықты атап өтеміз деп әзірлік жұмысына кірісіп жатыр. Қазіргі таңда Қаскеңді көрген, қатар жүрген адамдар сиреп барады. Қазақ өнерінің кешегі алыптарының көзі боп арамызда Сіз қалдыңыз. Қаскең жайлы не айта аласыз?

– Япыр-ай, Қасымның туғанына да жүз жыл толып қалған екен ғой. Өтіп жатқан өмір. Бір топырақтан жаралып, «өртке тиген дауылдай» өлеңдерін тамсана оқып жүрсек те Қасымның тірі кезінде қатты араластығымыз болған жоқ. Қайта, Қасым қайтыс болғаннан кейін отбасымен қатысып тұрдық. Сақыпжамал жеңгеміз жақсы адам еді, мені қайынсіңілі көріп, бауыр тартып, «қыз» деп жүретін. Тек бір оқиға ғана есімде қалыпты. Соғыстың алдындағы мезгіл болуы керек, Сәбит Мұқанов қонаққа шақырды. Құрманғазы көшесіндегі жер үйде тұратын-ды. Көп адам жиналдық. Дастарқан басына жайғасқан шағымызда «Ассалаумағалайкум!» деп Қасым кірді. Сірә, арнайы шақырылмаған болуы керек. Үйдің жанынан өтіп бара жатып Сәбеңе сәлем беруге бұрылды ма, әлде бұл не қылған жиын екенін білгісі келді ме, ол жағы беймәлім. Қасым сәлемдесіп үлгерген жоқ, қонақтардың арасында отырған кісі, аты аузыма түспей қалды... «Біржан – Сараның» либреттосын жазған...

– ...Қажым Жұмалиев.

– Иә, сол орнынан атып тұрып: «Бұл жерге неге келесің? Сені мұнда кім шақырды? Кет қане, кет!» деп дүрсе қоя берді. Не отырған қонақтардың бірі, не Сәбең: «Бұл менің үйім ғой. Қой!» деп Қажымға тиым салған жоқ. Қасым түсі бұзылса да үндемеді. Көпшілікті сыйлаған болар. Жақ жазбаған қалпы шығып кетті. Мұндай намыстанбаспын. Қонақта әзер отырдым, үйге келген соң: «Ынжықсың, жігерсізсің! Ініңе неге ара түспедің!» деп Жүсекеңді де біраз тықсырып алдым. Зады жуас адам ғой, «Үй иесі ештеңе демесе, мен қайтейін?» деп қоя салды.

Кейін, ауырып жүрген шағында Жүсекең Қасымның әндеріне қатты ден қойды. Әсіресе, ақынның «Өзім туралы» толғауының:

Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін.
Арпалыс, ала құйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін...

Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап, – деген шумақтарын қайталап айтып, «Қайран Қасым-ай!» деп, көзіне жас алып қоятын. Сөйтсем, Қасымның сөзімен өз басының мұңын, қамшы сабындай қысқа ғұмырында атқарып үлгере алмаған, соңында қалып бара жатқан іске өкінішін айтқан екен ғой. Ұлы адамдардың жеке басының ой-пікірі, арман-мүддесі көпшіліктің көңілінен табылатынына, оларға ұлт атынан сөйлеуге құқық берілетініне бір айғақ осы болса керек.

– Хабиба апай, бүкіл саналы ғұмырыңыз өнермен өрнектелгені көзі қарақты қауымға аян. Осы жол қалай басталған еді?

– Өзің білесің, орыс отарлығы кәріне мінген кезде қазақтың көрмеген құқайы жоқ қой. Әсіресе, кеңес билігі тұсында. Соның көпшілігі менің көз алдымда өтті. Халқымыздың осы қаралы тарихын арқау етіп, бейнетаспаға «Ғасыр қасіреті» деген атаумен фильм жазған едім. Ел тағдырына жаны ашиды-ау деген бірсыпыра лауазымды кісілерге хабарластым, әзірге қозғалыс жоқ. Сол жаныма батады. Нәубет жылдары әулетінде 33 жан бар немере туыстарымнан жалғыз ұл, екі әулеттегі 17 адамнан мен ғана қалдым. Сөйтіп, қаңғырып қалған жерімнен әке-шешемді көрген, кешегі Қарақбайдың қызы, Далиланың сіңілісі еді ғой деген жандар Қарқаралыға жеткізіп, 1934 жылы ашылған шаруа жастар театрына енгізді. Театр дегеннің не екенін де білмеймін, қайдағы актрисалық, әйтеуір мен күнін көрсін деген ғой...

– Сөзіңіз – аузыңызда. Сол жылдары Қарқаралыда Баймұқаш Қалабаев деген әнші болыпты. Танушы ма едіңіз?

– Әрине. Сауығымыздың жартысы ойын, жартысы концерт болып өтеді. Ұйымдастырушы Жақсыберген Толымбетов деген жігіт. Театрда Баймұқаш, Қырықбай деген әншілер болды. Келесі жылы Жаңыл Қартабаева қабылданды. Менімен бірге Рахима Түгелбаева деген актриса жұмыс істеді. 1935 жылдың жазында Қарқаралыға Қаллеки мен Жүсекең келді. Екеуі демалыс алып, ел аралап, концерт қойып жүр екен. Ол кезде республикалық театрдың өзінде спектакль үшін арнайы тігілген костюм, әзірленген реквизиттер жоқ. Концерттен соң халық берген шапан, бөрік, етік сияқты киімді, кілем, алаша тәрізді мүлікті әртістер өздері пайдаланбай, театрға тапсырады. Сол заманнан келе жатқан бір қоржын Әуезов атындағы әкемтеатрда әлі де бар.
Сонымен, Қарқаралы халық театры Қуанышбаевтың «Малқамбай» деген комедиясын қойды. Маған Хадиша деген әйелдің ролін берді. Бір-ақ рет көрінетін, жалғыз ауыз сөзі бар эпизодтық бейне. Ойынды демалыста жүрген Қаллеки мен Жүсекең де көрген екен. Сауық біткен соң Қаллеки шақырып, жақсы ойнағанымды айтып, жөнімді сұрады. Далиланың сіңілісі екенімді білген соң, «Қарағым, ауылда қалма, Алматыға алып кетеміз. Мына Жүсіпбек сүр бойдақ, екеуің қосыласыңдар» деді бірден кесіп-пішіп. Менің пікірімді сұраған да жоқ. Сөйтіп, мені қайтарда ала кетпек болып, өздері концерт қою үшін Баянауылға жөнелді. Соның алдында Семейде тұратын Адамбай деген туысымыздың мені қолына алып, оқытамыз деген сәлемін естігем. Есілдертім сонда бару. Екі күннен соң Қаллеки мен Жүсекең келеді. Олардың хабарын естіген соң бір құрбымның үйіне жасырынып қалып едім, іздетіп, тауып алды. Менің құжаттарымды жөндетіп, екі жас қосып, жаңа метрке алдық. Кәмелетке толмаған қыздың тұрмысқа шығуына болмайды. Содан кейін Семейге жүріп кеттік. Онда сытылып қалып қойсам деген ойым орындалмады. Алматыға бардық. Астанадағы жұрт керемет тұратын болар деген қиялым сағымға айналды. Жұпыны тіршілік. Үй толы жан. Шалшық су, сыз жертөледен шыққан бақа көрпе-төсегімізге араласып жүреді. Солай үй болып кеттік. 1935 жылдың 1 қыркүйегінде қазақ драма театрының актрисасы болып жұмысқа кірістім. Еңбек кітапшамдағы сол жазба өзгерген жоқ. Бұрын да айтқан едім, тағы да қайталаймын, мен – бақытты адаммын. Жүсекең екеуміз 42 жыл жарастықты ғұмыр кештік. Пенде баласы көретін қызықтың ешқайсынан құр қалмадық. Жақсы адамдардың ортасында жүрдік.
Қазақ театр өнерінің шаңырағын көтеріп, уығын қадаған тұңғыштармен, дәстүрлі әншілік өнерімізді классикалық арнаға салған тарландармен қатар жүрген, солардың көпшілігіне қолынан дәм берген, тарихтың көзі тірі куәсі Хабиба апай сонау бір сағынышты жылдарды ерекше тебіреніспен, толқумен еске алады. Біз үшін ертегі тәрізді оқиғалардың бәрі күні кешегідей көз алдында. Мақсат етіп шыққан мол қазынамыз орнынан табылғанына қуанып, мағмұрланып қалдық.

– Апа, ұлылардың қолын алдыңыз, ұлағатты сөздерін өз ауыздарынан естідіңіз. Арманыңыз жоқ шығар.

– Иә, дүйім дүлдүлдермен қатар ғұмыр кешуім, өнер өрісінде бірге жүруім – Алланың маған тартқан сыйы. Олар ұлы мақсат, ұлы мұрат жолында жеке бастың мүддесін, уайым-қайғысын жиып қойып, тастүйін болып жұмыс атқаратын жаратылысы бөлек жандар еді. Мәскеуде Қазақстанның алғашқы онкүндігі өтетін болып, сапарда кетіп бара жатқанда қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің баласы қайтыс болды. Сәбидің шетінегенін білсе, теміржол басшылары ата-анасымен бірге жолда пойыздан түсіріп тастайды. Сондықтан, Жұматтың әйелі Жанбике өлген баланы құндақтап алып, емізген тәрізді өңгеріп отырды барғанымызша. Жүрегі қан жылап жүріп Жұмат мәскеуліктер мен көсемдер алдында керемет концерттер мен спектакльдер қойды. Елдің абыройы үшін. Бұл ерлік емес пе? Осындай жандарды «халық жауы» деген жаламен құрбандыққа шалдық. Дәл осындай жағдай Жүсекеңнің де басынан өтті. Ұлы Отан соғысының қайнап жатқан уақыты. Хабарланып қойған көрермендерге қолайсыздық туғызбау үшін оң жаққа салып қойған ұлымызға қарамастан, Жүсекең көпшіліктің алдына шығып, концерт берді. Несін айтасың, азаматтық сертті, халыққа рухани қуаныш сыйлау парызын жеке басының қасіретінен де жоғары қоятын мәрт адамдар еді ғой олар. Сөйтіп жүріп, қандай қиын-қыстау заманда да әзіл-қалжыңға жол берген періште пейіл, тіні мықты тұлғалар-ды. Қаллеки Нәдір деген баласы туғанда:

Айналайын, бір кішкентай жас бөбегім, балапан,
Мен тілейін тілегіңді, жайып көкке алақан.
Тілегімді қабыл қылсын тілеген,
Сен көргенді көрмей өтсін дүниеде ешбір жан.
Бар тілегім: басбұзар бол жасыңнан,
Жуықтасып, жолдас болып жан жүрмесін қасыңнан.
Арақпенен күнің өтсін, қарағым,
Борыш деген артық болсын басыңдағы шашыңнан.
Бір тілегім: түзу қызмет бір ай бір жерде істеме,
Бір үшкөлде екі ай оқып, өзіңді өзің күштеме.
Шегірткеше ырғып түсіп, тарта бер,
Кім істейді мұндай істі, қызық емей немене?
Бір тілегім: бухгалтер мен кассир болсаң, ақша ұрла,
Айдалусыз, байланусыз, сотталусыз құр тұрма.
Оқимын деп, қызмет қылып, талаптанып ұмтылма,
Асық боп жүр өзіңді өзің жерге тығып, құртуға.
Бір тілегім: бәрі келсін, күнің өтсін осылай,
Қиыр жайлап, шет қонып жүр, түзулікке қосылмай.
Сенен басқа жанға мұны жазбасын,
Кім істейді мұндай істі, шыбын жаны шошымай, – деп бата бергені бар. Қаллекидің өзі айтқандай, өмірдің бар көлеңкелі жағын әшкерлеген мұндай батадан кейін ол жолға қандай есі бар адам түседі.

– Апа, кеңес дәуірінде көптеген қазақ әндерінің мәтіні өзгеріп кетті деген пікір жиі естілуде. Мысалы, ел адамдары Мәдидің «Қаракесек» әнінің түпнұсқасы «Сұрасаң, руымды – Қаракесек, Обал-ды біз момынның малын жесек» деп басталғанын, отызыншы жылдары мәтіннің екінші жолы «Досымнан дұшпаным көп қылған өсек» деген тіркеске ауыстырылғанын айтады.

– Дұрыс айтады. Адамдардың ойлау жүйесін, таным-түсінігін түбірімен өзгерткен мүгедек қоғамда басқаша болуы мүмкін де емес еді. Коммунистік-кеңестік идеологияға томпақ келген сөзі құрбандыққа шалынса да әуенді сақтап қалу мақсатымен сұңғыла адамдар мәтінін қайта жазып, халықтың рухани қажетін өтеуге жаратты. Сейітжан салдың «Қанатталды» әнінің төл сөзі басқаша болатын.

Тау қалғып, тамылжыған шілде күні,

Ызылдап шыбын-шіркей шықпайды үні.

Жалғыз-ақ сорғалаған бұлбұл күйі,

Дауыстан естілгенде өмір жыры, – деген шумақта кездесетін «шабын-шіркей» тіркесі үстем тап өкілдерінің кедейлер мен жалшыларға қаратып айтқан сөзі деп сыналған-ды. Қазір айтылып жүрген әннің сөзін Қанабек Байсейітов жазды. Ол көп әндердің сөзін тыңнан шығарды. «Смет», басқа да халық әндерінің сөзін өзгерткен Иса Байзақов. Біраз әннің мәтінін Мақсұтбек Майшекин жазды. Бұның бәрі аталған адамдардың өздеріне дейінгіні құртып, жою мақсатынан емес, тым құрыса халық мұрасының қаңқасын сақтап қалмақ болған ізгі ниеттен туған әрекет еді.

– Заманында саясаттың салқыны тигендіктен ән мәтіндері амалсыздан өзгерсе, осы күні бүгінгі сұранысқа сай қыламыз, «оранжировка» жасаймыз деген желеумен халық мұрасының әуендері де әр алуан құбылысқа түсіп жатқаны белгілі. Осы дұрыс деп ойлайсыз ба?

– Жоқ, әрине. Қай кезде де ән табиғаты сақталуы керек. Әрбір әннің тарихы, жаны, жүрегі, тағдыры болады. Оларды шығарған адамдар ақымақ емес. Әуен мен сөзді үйлестіріп, әрбір оқиғаға орай, сол сәттегі көңіл-күйі мен айналасындағы болмысқа сай әнді дүниеге әкелген. Жаяу Мұсаның «Сапары» сүйген жарының зираты басында көзінен қанды жас ағып, зарлап тұрып айтқан жан азасы. Біржан салдың «Теміртасы» мен Ақан серінің «Құлагері» де осындай әндер. Осыларды алақайлап, қол шапалақтап, Жаяудың қасіреті тұтасқан «Хаулауы» мен Мәдидің ыза-кек кернеген «Шіркін-айын» желдіртіп, желіктіріп орындаса қалай болар еді? Қазір кейбір әншілер солай жасап та жүр. Өнердің өрісін тарылтатын осындай өресіздер. Бірде Шәкен, Аймановты айтам, Жүсекеңе: «Шеберлігіңде қапы жоқ, бұлбұлымыз – өзіңсің. Бірақ, кез-келген әнді көркемдеп, бояуын қалыңдатып жібересің. Ерекшелігін сақтай бермейсің» деп ескерту жасап еді. Дұрыс сын. Жүсекең шынында да әнді түрлендіріп, құлпыртып, тым сұлулап жібереді ғой. Шәкеннің ескертуінен кейін ол ән мазмұнына терең бойлап, табиғатын танып айтуға ден қойды. Оған көз жеткізу үшін Жүсекең шырқаған Біржанның «Айтбайын», Мәдидің «Қарқаралысын», Елебаевтың «Жас қазағын» тыңдаңыздаршы. Әрқайсы болмыс-бітімі бөлек, жүрегі лүпілдеп тұрған дара-дара дүние емес пе?! Тоқбайдан үйренген «Екі жирен» ше?! Мен әнші емеспін, бірақ әнді жақсы түсінем. Тіпті, кезінде Жүсекемнің өзі: «Мына тұсы қалай шықты? Басқа ырғаққа ауысып кеткен жоқпын ба?» деп кеңесіне алып отыратын. Өнердің кепиеті соғып кетпесін десеңіз, әнді түсініп, түйсініп айтыңыз. «Құр айғай бақырған, Құлаққа ән бе екен?» дейді Абай, сондықтан. Әннің әсері дауыстың күштілігінде емес. Күшті дауыс есекте де бар. Күшті даусы бардың бәрі әнші емес.

– Арқаның сал-серілері бастап, Жүсекең жалғастырған алтын арқауды – қазақтың дәстүрлі ән өнерін үзбей, ертеңгі ұрпақтың қолына ұстататын осы деп өзіңіз таныған әнші бар ма бүгінгі күні?

– Ерлан Рысқали. Әннің табиғатын танып, астарына зер салып, ақылмен айтатын саналы әнші.

– Өз балаларыңыздың ішінде әке жолын жалғастырған, өнерге ден қойғандары болды ма?

– Жоқ. Мына Біржанның жап-жақсы мүмкіндігі бар еді, біз де құнттаған жоқпыз, өзі де бой салып, ден қоймады.

Хабиба апамыздың жанында отырған, қас-қабағына қарап, кесесін әперіп қызмет жасаған баласы Біржан өзіне қатысты әңгімеден тыс қалғысы келмеген болуы керек:

– Қазақ мектебіне бермей, адам боласың, орысша оқы деген сендер ғой. Содан кейін басқа саланың жетегінде кеттік. Әйтпесе, біршама жерге баратын едім, – деп, Мәдидің «Қарқаралысын» аңыратып қоя берді. «Ырғағын дұрыс алмай отырсың, тым қатты көтеріп бастамау керек. Міне, былай» деп, Хабиба апа ашық даусымен өзі жалғастырып әкетті. Ана мен бала арасындағы әзіл-шыны аралас, жарастықты пікір таласты бір сәт қызықтай қарап қалдық.

– Апа, биыл мереке де, атаулы оқиғалар да көп болғалы тұр ғой. Еліміздің тәуелсіздік туын көтергеніне 20 жыл, Желтоқсан көтерілісіне ширек ғасыр толады. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымдай, Қасым атамыздың туғанына – жүз жыл. Аманжолов мерейтойының, әсіресе, Арқа жұрты үшін орны бөлек. Осыған орай ел-жұртыңызға айтар тілегіңіз, туған жерге жолдайтын сәлеміңіз бар болар?

– Қарағым, жоғарыдағы бір сөзіңде арманыңыз жоқ шығар деп қалдың. Пенде баласында арман неге болмасын. Менің арманым – еліміздегі байлық пен барлықты жеке адамдар емес, бүкіл халқым көрсе екен. Жеріміз соншалықты үлкен болғанымен, онда өмір сүретін халқымыз аз. Осы аз халық бір-бірінің қадірін білгені жөн. Отызыншы жылдардағы аштық пен ұлттың барлық жақсы-жайсаңдарын жаусатып салған репрессияның зардабы әлі білініп келеді. Абай мен Шәкерімнің, Тәттімбет пен Мәдидің кіндік қаны тамған қасиетті жерде қырық жыл бойы ядролық сынақ жасап, қазақтың тұқымын тұздай құртуға әрекеттенген отаршыл империяға менің жүрегім жылымайды. Осындай азап шеккен арда халық бейнетінің зейнетін көруге құқылы.

Тағы бір айтарым: ұлттың болмысын түзетін, мерейін үстем ететін өнер шеберлерін – ақын-жазушы, әнші-күйші, әртістерін қадірлеген халықтың келешегі зор. Қасымның ғасырлық мерекесін атап өтуді қолға алғандарың игілікті іс екен. Ердің тойы – елге, елдікке сын. Оның дүбірін естігенде, мына жердегі Президент стипендиясын алуға аяғы жетпей отырған менің де елге барғым келеді. Құт қонған Сарыарқаға, Жүсекеңнің Балқантауына, менің Қарқаралыма дұғай-дұғай сәлем айт.

Қазақтың өткен ғасырда жасаған дүлдүлдері мен бұлбұлдарының көзін көрген дария кеуде әз анамен қимай қоштастық.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Мәдениет қайраткері
Наурыз, 2011 жыл

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...