2023 жылғы 25 мамыр күні Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты к...
Қытайға наразылық нота жолдауды талап етемін!
КӨСЕУІ ҰЗЫННЫҢ ҚОЛЫ КҮЙМЕЙДІ
(немесе аты шулы мақаланың артында кім тұр?)
Құрметті бауырлар!
Қытайдың әйгілі «Соху» сайтының «Тарих» бағанында жарияланған Қазақстанның тарихын, мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін жоққа шығаратын, халқының ар-намысына тиетін мақаланы мен де оқып шықтым. Дәл қазіргідей Қытайдан тараған коронавируспен күресіп, төтенше жағдайда отырған еліміз үшін, мұны мен жығылғанға жұдырық, немесе халықтың төзімі мен жүйкесін сынаған ақппараттық соғыс деп есептеймін.
Сонымен бірге, бұл екі елдің қарым-қатынасына, екі ел халқының достығына ірткі салатын мүлде негізсіз, принципсіз, жауапкершіліксіз сөздер деп есептеймін. Бұл бұрыннан бері жағы талмай айтып келе жатқан іріқытайшылдық насиқаттың жаңа дәуірдегі байытылған, жетілдірілген көрінісі.
Менің таң қалатыным ‒ осындай арандатқыш мақаланың қалайдан қалай ҚХР -дағы білдей бір беделді сайтта жарияланып, бір жарым миллиард халықты қамтыған ең танымал әлеуметтік желіде таралып жүргені болып отыр. Егер ниеті түзу болса, ақпарат құралдарын, сайттар мен әлеуметтік желілерді кірпік қақпай күзетіп отырған Қытай үкіметінің мұны байқамай, көрмей қалуы мүмкін емес. «Көсеуі ұзынның қолы күймейді» дегендей, мұның артында біреуді осыған айдап салып, аңысын аңдып отырған әлде қандай мығым күш бар деп ойлаймын.
Екі ел арасында 1994 жылғы шекара келісімі мен кейін келе қол қойылған оның қосымша құжаттарына сәйкес, екі елдің қазіргі шекара лениясы 2002 жылы 10 мамырдан бастап ресми шегенделіп, мойындалды. Сол кезден бастап, Қытай үкіметі тарихи дау-дамайға нүкте қоюға міндеттеме алған болатын. Өкінішке орай, содан бері Қытай үкіметі Қазақстанға деген территория талабын ресми ортаға қоймаса да, бейресми реуіште ішкі ойын білдіріп келеді. Бұл Қытайдың әлемдегі екінші экономикаға айланғаннан кейінгі кезде сыртқа қарай өз ықпалын арттыру, басқа елдерді өз протекторатына айналдыру, мүмкін болса қосып алу амбициясының күшейіп келе жатқандығын көрсетеді. Сол үшін олар тарихтағы қандайда бір «жер дауын» ауық-ауық көтеріп отыр.
Осыдан жиырма жыл бұрын қытайлардың менен келешекте Қазақстан мен Қытайдың достық қатынасына не кедергі болады?- деп сұрағаны есімде. Мен дипломат емеспін. Бірден ойыма келген үш мәселені айтып қалдым: бірінші, тарихи-территория дауы, яғни Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігіндегі 440 мың шаршы шақырым территория тарихта Қытайдікі болған деген далбасаны тоқтату керек. Оның тарихи негізі жоқ, бұл Кеңес-Одағы мен Қытайдың қырым-қатынасы нашарлап тұрған кездерде қатты көтерілген тақырып. Енді екі ел арасында шекара келісіміне қол қойып отырып, бұл мәселені қайта-қайта бықсытудың қажеті жоқ. Оны тарихи атластардан, оқу құралдарынан, энциклопедиялық еңбектерден алып тастау керек дедім. Екінші, транс-шекаралық өзендер мәселесі. Қазақстан су көздеріне тапшы ел. Елдегі төрт ірі су артериясының төртеуі де шет елден келеді. Егер Қытай бізге келетін өзендерді бөгеп алса Қазақстанда экологиялық, гуманитарлық катастроф орнайды, бұл басы ашық мәселе, бұған халық шыдап тұра алмайды дедім. Үшінші, Қытайдағы қандастар мәселесі. Бұл да біздің жан жарамыз. Біз аз халықпыз. Бір-бірімізді жақсы білеміз. Қытайдағы қандастардың Қазақстанға емін-еркін қатынап тұруына жағдай жасалса дейміз. Бұдан Қытайға келер-кетер жоқ, оны саясаттандырмау керек -дедім. Өйткені сол кезде Қытайда қазақ шовинизмі (大哈萨克主义) деген мәселе көтеріліп жатқан. Үрімжідегі «Бинтуань қызмет жиналысы» дегенде бұл мәселе күнтәртібіне шыққан. Сөз сөйлегендер Назарбаев дүниежүзіндегі қазақтарды жинап үлкен Қазақ мемлекетін құрмақшы деп дабыл қағыпты. Қазақстанның тәуелсіздік алуын көре алмайтындар, мысық тілеулілер сол кезде осы терминді ойлап тауып, қазақтардың келуіне шектеу қоймақшы болды. Оны ғылыми негіздеп мақала жазған «ғалымдары» да болды. Әрине, бұл біздің намысымызға тиетін сөз еді. Олардың еркіне салсақ, біз тәуелсіздік алмауымыз керек, алсақ та өз жолымызбен жүрмеуіміз керек болатын. Олар бірден Қазақстанды АҚШ-тың ықпалына түсіп кетеді, онда Орта Азиядан Қытайға қарсы үлкен дәліз ашылады деп қорықты. Сондықтан, ендігі жерде Қазақстанның экономикалық қиыншылығынан пайдаланып, оны өз ықпалына алуға әрекеттенді. Сол үшін тарихи-идеологиялық негіз дайындауға кірісті. Сөйтіп, Дэн Сяопин кезінде басылып қалған нендей бір «қолдан кеткен жерлер» туралы концепция қайта жарыққа шықты. Қазақстанның тарихын бұрмалау, мемлекеттілігі мен территортиялық тұтастығына күмән келтіру, сол арқылы халқының санасында біздің еліміз туралы белгілі бір түсінік қалыптастыру үдерісі жүріп жатты. Бастабында, ит үрер, керуен көшер, әлде бір жат ниеттілердің пікірі шығар дедік. Бірақ мұның тоқтайтын түрі болмады. Ақыры еріксіз назарымызды аударды.
Соның бір мысалы – кешегі мақала. Мақала тақырыбы: «Қазақстан Қытайдың құзырына қайта оралуды неге аңсап отыр» деп қойылған. Осы арада «қайта оралу», «аңсап отыру» деген сөз тіркестері бірден көзге түседі. Жүрекке түрпідей тиеді. Мақаланың идеясы бойынша Қазақстан бұрын Қытайдың жері екен де, енді оның халқы Қытайдың құзырына қайта кіруді зарығып «аңсап отыр» екен-мыс. Өз ойын жеткізу үшін автор алдымен Қазақстанның нендей бір «Қытайдың құзырында болған» тарихын өзінше тереңнен толғап ақтарып шығыпты.
Бірақ, автор бірді айтып бірге кетіп, ойын жинай алмай қалыпты. Бұл жердің біртіндеп Қытай қоластына кіріп, одан біртіндеп Қытай қоластынан шығып кеткенін айтпақ болыпты. Алайда, өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен дегендей, мұның сөзінде жүйе, хронологиялық тәртіп, географиялық түсінік, тарихи-теориялық пайым деген атымен жоқ екен. Фактілерінің өзі бір-бірімен қиыспайды. Еш дәлелсіз. Дегенмен сен тұр мен атайын сотқар, сотанақтарға жарап жатыр. Бұл құдды сондай топтарға арнап жазылған мақала секілді. Оларға көп түсіндірудің, тым ғылыми сипаттап жатудың, дәлел-дәйектің керегі жоқ. Басын айтсаң болды. Құдды шикілі-пысылы бере салған тамаққа ұқсайды. Соған қарағанда, бұл Қазақстан туралы тарихи білімін жедел жетілдіруді талап етіп жатқандар үшін атүсті дайындалған материал болса керек. Мейлі, қалай болғанда да әсері жаман. Себебі, ол бүкіл бір мемлекеттің өткенін, келешегін жоққа шығарады. Оның тарихы мен тағдырын тек Қытаймен ғана байланыстырады. Осы идеяны «Wechat» желісімен бүкіл елге таратады. Ендеше, біздің елге келген және келешекте келетін қытайлардың көпшілігі осындай түсінікпен келгендер немесе келетіндер деуге болады. Ол сенімен достық жайлы сөйлесіп отырып, ар жағынан «Wechat»-тан алған «білімдерін» сарапқа салып отырады.
Ендеше ағайындар, елдікті зор қылатын да, қор қылатын да сол елдің тарихи санасы. Тәуелсіздік жылдарында біз тек батырларымызға ғана маңыз беріп, тарихымыздың ащы шындықтарын айтпадық. Батырлардың жекпе-жегін дәріптей отырып, тарихи санамызды алдағы жекпе-жектерге дайындамадық. Қазақтың тарихын тек қазақ үшін жаздық. Елдің біз туралы және біздің тарихымыз туралы не айтып жүргеніне маңыз бермедік. Екі мың жылдан астам уақыттан бергі Қазақ даласы мен Қытайдың Орта жазық патшалықтарының қарым-қатынасын арнайы зерттемедік. Оны дәуірлерге, кезеңдерге бөліп қарастырып, тарихи-деректанулық тұрғыдан негіздеп, дұрыс қорытынды шығармадық. Қытаймен отыз жылға таяу дипломатиялық қатынас жасаған кезімізде өз тарихымыз туралы олардың қолына пышақтың қырындай болса да бір кітапты ұстата алмадық. Керісінше, екі арада болса да болмаса да болатын шараларды көп өткіздік. Ал еліміздегі жоғары оқу орындарында тарих, шығыстану, халықаралық қатынас және аймақтану мамандықтарының білім алушыларына өз жеріміздің, өз аймағымыздың халықаралық қатынас тарихын оқытпадық. Саяси мәселе шығып кетеме деп, болмаса Қытайдың шамына тиіп аламыз ба деп магистранттар мен докторанттарды ерте, ортағасыр және таяу заманғы тарихты зерттеуге тәрбиелемедік. ХХ ғасырдан арғы тарих қажетсіз болып қалды. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қытайдан әкелген қаншама деректерді ғылыми айналымға қоспай жинап қойдық. Нәтижесінде, біздің тарихымыз туралы басқалар аузына келгенін айта бастады.
Біз Қытай тараптан екі елдің тату көршілік қатынасына кері әсерін тигізетін мұндай сандырақтарға жол бермеуін талап етеміз. Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар деген, тарихты айтсақ өңменінен өткізіп, жеріне жеткізіп айтуға біздің де тіл мен жағымыз, біліміміз жетеді. Өйткені тарихқа төрелік айтатын тек Қытай ғана емес.
Бүгінде дүниежүзінің көптеген елдеріндегі ғылыми-зерттеу мекемелері мен университеттеріндегі тарихшы мамандар, олар жетістірген мыңдаған ғылыми-педогогикалық кадрлар Қытайдың тарихын Қытайдың өзінен жақсы біледі. Сондықтан, Қытай ойламасын, елдің бәрі надан, тарихтың оқулығын тек біз ғана жазамыз, біз ғана оқытамыз деп. Тұтас дүниежүзі тарих ғылымының сан ғасыр бойы қалыптасқан теориялық, методологиялық аспектілеріне, принциптеріне жүгінеді. Мұндайда кейбір жат ниетті ғалымсымақтардың алып шыққан дәйектері мен тұжырымдары, зерттеу әдістері түкке тұрмайды. Олар, тіпті, өздеріндегі мыңдаған жылғы дереккөздерін де бұрмалап пайдаланады. Елдің бәрі тарихқа қытайлық-коммунистік принциппен қарамайды. Бүгінге дейін көзіміз жеткендей, елдікі ғылыми принцип, ал Қытайдыкі шовинистік, қытайцентристік принцип, қып-қызыл саясат. Мұндай принциптің күндердің күнінде өзгеге емес, Қытайдың өзіне тигізер зардабы ауыр болмақ. Ол Қытайды халықаралық қауымдастықпен жақындатпайды, керісінше жырақтатады. Қытайдың Қазақстанға деген осындай тарихи талабын көре отырып, оның «бір белдеу - бір жол» стратегиясымен қалай келісуге болады? Әлемдегі екінші экономика, қару-жарағы заманауи Қытайдың біздің тарихымыз бен мемлекеттілігімізді жоққа шығарып, жерімізге көз тігіп отырған түпкі ниетін, пейілін көріп-біле отырып, кеңірдегімізден қалай ас өтеді.
Сондықтан, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінен Қытайға ол елдің жетекші сайытында жарық көрген еліміздің ар-намысына тиетін мақала бойынша наразылық нота жолдауды талап етемін.
Сонымен бірге, Қазақстан тарихшыларынан, жазушыларынан, ғылыми-зерттеу ұйымдарынан дәл осы мәселеде сергектік танытып, өз ойларын ортаға салуын, тасада үнсіз қалып қоймауларын үміт етемін.
Тұрсынхан Зәкен,Тарих ғылымдарының докторы, жазушы, «Күлтегін» сыйлығының иегері