Бекзат Смадияр. Бұл кезең – ұмыту кезеңі...

ӘДЕБИЕТ
8217

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар.  Мәдениет порталы осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Бұған дейін "Мәдениет порталы"  бір апта бойы Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты топтама өлеңдерін және сол шығармаларға жазылған Әбіл-Серік Әліакбардың "Ерекше өлеңнің ерекше сардары", Жанат Жаңқашұлының "Мұңаяды. Жылайды. Өкпелейді" , Анар Қабылқақтың "Бірақ ол атамекенге саналы түрде оралды емес пе?", Біржан Ахмердің "Имитация"  деп аталатын талқылар мен талдауларды жариялаған болатын. Олай болса бүгін, құрметті оқырман, көктемнің алғашқы күнінде Бекзат Смадиярдың өлеңдерін ұсынамыз. Мархаббат!

Ақын Бекзат Смадияр

Адасқақ
Осы күзден екеуміз де аман шықпаспыз... 
Өзіңнің хатыңнан

Сол кеште, 
Көкжиек орамалына үкі таққан кеште, 
Үмітім, 
Ұятың, 
Ортақ күмәнді 
Дастарқан басына сыйдырып, 
Аңсарсыз мезетке бағыштап отыра беруге 
Дәтіміз жетті – 
Қасіретімізге бауыр басып кетіп ек, әсте. 

Сол сәтте, 
Кемиек түн тасбиxын тарқата бастаған сәтте, 
Кембағалдық молда қылған ағаның 
Шимай-шимай сеніміндей
кетік кесемен
Шәй ұсындың - 
суып қалған шәй.
Суып қалған...
Әттең!


*** 

Бұл кезең – ұмыту кезеңі... 
Ажал сепкен семсердің жауыздығы секілді 
Сен ұмытыласың, 
Мен ұмытылғандай – 
кітаптар ішінен. 
Кітаптар – боздағым, 
Кітаптар – ойлардың сатқындығы секілді, 
Ал, жырлар – сенгісі келетін маусымдарым ғой 
Үсіген. 
Ал, жылдар... 
Е-хе-хей, жылдар! 
Әжемдей бәрін жұтқаным – 
Қоңырлық. 
Мойнына тас байлап өлген Ойлар кезегі 
Түсінем, 
Өмірлік. 

Бостандығымның туы секілді желбіреп шашы 
Жайығым келді. 
Жайық – менің жыланым! 
Басыма қарғалар қонды...
Мен бәрін ой деп түсіндім, 
Осыған сендім – 
Түнегінен боз бояу іздеп 
Күнәнің. 
Қалам – саған серт! 
Қарындасым куә 
Жаңбырға тағдырдың ұйқасатыны секілді, 
Үмітке күдіктің ұйқасатыны секілді 
Ғайып... 
Жырға айналдырам дедім сені 
Шыдадым. 
Тостым. 
Омыраулы шағылдарымнан сезім сауатын 
Азапты ойларым қарқылдап ұшты. 
Қарқылдап ұшқан қарғалар сынды 
Кітапқа көшкім 
келеді менің 
Жайық. 


Жекеқоңыр

Осы неге
Халықтардың жылағаны ұқсайды,
Кемпірлері ұқсайды,
Әжімдері ұқсайды?
Ақ қағазға «болашақ» деп дән ектім,
Мұсылман боп шықса игі.

Үміті үшін
Қонған құсын көтере алмас бұтақтың,
Айдың күміс тостағынан сүт ақты.
Қасіретіне ғашық мынау өлкеде
Мен көп ішкен кітаппын...

Енді езіліп жұбатпаймын ешкімді!
Қаламымнан жөтел даусы естілді.
Өзіме-өзім қойған талай сауалдың,
Жауаптары ескірді.

Күмән жоқта Құдай дағы көнерер,
Уақытты енді сезінбейді төбелер...
Бәріне үнсіз көндігуді үйреткен,
Отырықшы ойларым тұр себелеп -

Сыныққанат сәттеріндей кісінің,
Жаңа ашылған дәптеріндей кішінің.
Түн секілді аппақ менің жырларым –
Әжем, әпкем, үш інім...

Қайғысындай тек қан төккен шоқпардың,
Бұрын кірген есіктерге көп бардым.
Аяулы өмір – оңашада шырқайтын
Әндеріндей іздеушісі жоқтардың...


Арылу

Қимастардың қысмет биін күз билеп 
Жолда көмген қасіретімді еске сап, 
Тырнақ салған іздей боп 
Ай туғанда... алапес.. 
Үш қайтара сәлем салған әжемнің, 
Бетін сипап жұбататын Қара Кеш – 
Дініміз бір туыс ек қой, Сұлтаным! 
Мінәжатым құса болып жазылды 
Оны қалай жыртамын? 

Дәл сол сәттің, 
Азапты сәт ауғанын, 
Оқылмауға тиісті ойлар серті үшін 
Жыртқан жырлар жапалақтап жауғанын, 
Одан бұрын жерлеп тұрып өзімді, 
Жан таба алмай көметін 
Қорланғаным... 
Зарық кешкен кезімді 
Сен көрдің ғой, 
Неге, 
Неге кешіктің?! 
Енді міне, мен күл сынды тазардым, 
Ақты аққа бояғанда не шықты... 

Ескі күнәм жаңа жырды бөктер қып 
Тірі екенін сездіруі... 
ал, сосын, 
Сырың білер жолдастағы өктемдік – 
Қарасындай суық екен өгейдің. 
Қаншалықты шындық бар 
Сұраншақтау көз жасында кедейдің? 
Сұрақ қалды. 
Басқасынан арылдым. 
Жан әжемді жұбат барып Қара Кеш, 
Соңғы тісін қағардай боп сабырдың 
Ай туыпты – 
Таныс тырнақ таңбасы. 
Менің әпкем жасымасын шалғайда, 
Жасымасын менің сырқат жамбасым... 
author

Бекзат Смадияр

АҚЫН

Жаңалықтар

Елімізде дәрігерлерге күш көрсетіп, жұмысына кедергі келтіретіндер қылмыстық жауапкершілікке тартылу...

Әлем

Польшадағы Димаш Құдайбергеннің Фан-клубы алғашқы «поляк-қазақ тілашарын» шығару арқылы...