Төрехан Майбас. Олжас

ӘДЕБИЕТ
4502


Қазір тағы бір әуезе пайда болды. Олжас қазақтың ақыны ма, ақыны емес пе деген? Тіпті, Олжасты ақын қылған Қадыр Мырзаәлі деген жазбаларды да оқып қалып жүремін. Сонда бұл не?
***

Қазақта ақын жетеді. Бәрі де мықты. Бәрі де әлемдік деңгейдегі ақындар. Мұқағали, Бақытжан, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Кеңшілік, Жұматай, Ұлықбек, Серік, Тыныштықбек, Қорғанбек, Ғалым, Есенғали, Абзал, Свет, Сабыр, Базар, Арман...
Бұлардың бәрі де классиктер!
Бірақ бұлардың бәрі де Екіншілер!
Ал бірінші – ...
Олжас Сүлейменов!
Бүкіл қазақ баласының қолынан келмеген нәрсені сол Олжас ағамыз істеді! Бүкіл түрік, бүкіл әлем жұртының қолынан келмегенді Олжас жасады.

***
Ол Ұлы Орыс империясының ПАСПОРТЫ – «Игорь жорығы туралы жырын» тас-талқан етті! Атом бомбасымен емес, әрине... Сұрапыл зымырандармен да емес, әрине... Ақындық ішкі жойқын поэтикалық қуатымен! Бүкіл әлем жұртшылығы оқи алмаған «Игорь жорығы туралы жырды» ҚАЗАҚ Олжас Сүлейменов оқыды! Қасқиып тұрып сол жырды проҚАЗАҚ жазғанын бүкіл әлемге паш етті! Әлем ақынның аузына қарады!
***
Бұл әлемге заһарын шашқан орыс рухының полигоны болатын.
Сол полигонды Олжас жапты.
Бұл 1975 жыл болатын!
Сол орыс заһардың тағы бір полигоны бізде еді.
Жан-жағына ажал шашқан орыс атомының полигоны.
Сол полигонның жайылымы белден еді. Сол полигонда кешегі проҚАЗАҚТЫҢ ұрпақтары  қой құрттап жатты...
Содан дүниеге шараналар келе бастады.
Олар ҚАЗАҚҚА ұқсамаушы еді!
Олар тіпті проҚАЗАҚҚА да ұқсамаушы еді!
Олардың ОНЕКІ мүшесі түгел емес еді!
Сол СЕМЕЙ полигонын жапқан да ОЛЖАС!
Бұл 1991жыл болатын!
***
Ресейде «Орыс әлемі» деген түсінік бар.
Сол ОРЫС ӘЛЕМІН келместің кемесіне мінгізіп жіберген де  Олжас!
Ел айтып жүргендей Орыс жұртын горшокке отырғызған Киссинджер емес, Олжас Сүлейменов!
Ол орыс әлемін шайқады!
Сонау 1975 жылы!

***
Дүниедегі ең қымбат кітапты білесіз бе?
Құран Кәрім!
Одан кейін?..
АзиЯ!
«АзиЯ»-ның бір данасы Бақыда - «Москвич» автомобилі тұрды!
Қарабақта – «Волга» автомобилі  тұрды!
Ал Мәскеуде – 140 шаршы метр тұрды!
Сол Мәскеуде Олжастың бір фанаты Арбатта тұрыпты.
Қолындағы тақтайшада мынадай жазу жазылыпты.
«Шея - 0,18-0,2 см; рука (плечо) -0,18-0,2 см; нога (бедро) - 0,32-0,36 см; нога (икра) - 0,21-0,23 см; грудь (не бюст) - 0,5-0,55 см; таз - 0,54 см - 0,62 см; талия - 0,35-0,40 см.
И она моя жена. Моя богиня. Меняю на кн. «АзиЯ...»
***
Ал бізде... сол кітапты отқа тастап жатты!
Бір залалы тиіп кете ме деп...
Өзіміздің оқымағанымыз аздай баламызға да оқытпадық!
Сөйткен Олжас ағамыз сексен бес деген жасына келіп жатыр.
Орыс жұртының тырс етпей тұрғанын түсінейік. Біздерге не болды екен?
Олжастың бар өлеңін жатқа оқыған үш адамды білуші едім.
Бірі ақын Серік Жүсіпов еді!
Бірі ақын Ерден Қажыбеков еді!
Бірі ақын Төрехан Майбас еді!..
Өзім едім...
***
1973 жылы Қарағандыға келдім. Паспортымда «Отчислен» деген белгі бар!
Мұндай белгімен оқуға түсу мүмкін емес еді.
Алайда түстім. ҚарМУ-ге.
Қазақ ұлттық әдебиетінің корифейі Задан Жұмағалиевтің алдында Олжастың «Адамға табын жер енді» поэмасын жатқа оқыдым!
Бәрін сол шешті.
***
Кешелі-бүгінгі қазиттерді қарап шықтым. Олжас түгенбай, Олжас сүгенбай дейді...
Олжас біздің түгенбай, сүгенбайымызға зәру емес. Алайда шамаларына қарамай Олжас ағаларына баға беріп жатқан бауырларыма қарап тұп-тура Олжастың деңгейіне келіп қалғанбыз ба деп те қалдым...
***
Ең қасиетті кітаптарды АҚЫН жазған!
Құран Кәрімді Мұхаммед жазған!
Илиаданы Гомер жазған!
Капиталды Маркс жазған!
АзиЯны Олжас жазған!..
Бұл кітаптар әлемді өзгерткен кітаптар!
***
Әлемде ғаламдық сілкіністер жүріп жатыр.
Ерте ме, кеш пе оның қазақ топырағына жететіне де сенемін.
Бүгінде менің Қарағандым да өзгерген. Көктем өтіп барады. Тырс еткен тамшы болсайшы.
Есесіне гептиль жауып тұр. Көзге көрінбей...
Елдің бәрі ауруханада...
Екі өкпесінен қабынған Қарағандым тұншығып жатыр...
Ал мен Сізге Тәңірімнен денсаушылық сұраймын!
***
ОЛЖАС Аға! Сіздің маңдайыңызға полигондарды жабу жазылған ғой... Қазақ даласында ажал бүркіп тұрған тағы бір полигон қалып барады. Ол – Байқоңыр ғарыш айлағы! Сол Байқоңыр Қарағандыма гептиль «ұшырып» жатыр... Сәулетті үйлер салғанның орнына менің құрылысшы бауырларым ауруханалар салып жатыр... Шахтерлер қаласы деуші еді... Бір күні көкжөтел, болмаса күркілдек  қаласы деп жүрмей ме деп қапаланам...
***
Ақын қандай болу керек? Өзі айтқандай... Поэт красивым должен быть как Бог!
***
И он красивый!
И Он – Бог!..
***
Екіншілер!
Сіздер де ренжімеңіздер.
Мы с Вами ПолуБоги!..

                                                                                                                                                                                                                   Төрехан Майбас
                                                                                                                                                                                                                           01.06.2021.

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...