Нұрдәулет Омарбек. Досхан Жылқыбай және симулякр

ӘДЕБИЕТ
6366

Жаңа заманның мәдени қауымдастықтары орталықсыздандырылған жүйеге қарай жылжығаны айқын көріне бастады. Мұны жазушылардың әртүрлі бағытта жазылған эксперименталды, стильі мен идеясы әртүрлі әңгімелерінен байқауға болады (заманауи қазақ әдебиетінде модерн құндылықтарды дәріптейтін, модерн қоғамның моделіндегі әдеби стильдер мен формаларға ұмтылған жазушылар көп. Сонымен қатар, кеңестік социалистік реализмді қазақ әдебиетінің дәстүрлі әдебиеті ретінде танып, сол бағытта қалам сілтейтін топ та қалыптасқан. Постмодерн қоғамның идеясын қолдайтын, әдеби стильдері мен философиясынан хабардар топ, сонымен қатар, қазіргі орыс әдебиетінің көркемдік, эстетикалық ізденістерін арқа сүйейтін топ та бар. Батыс әдебиетін қытай интерпретациясы арқылы таныған қытай қазақтары да бүгін де қазақ әлеуметінің бір бөлшегі. Тәуелсіздіктен кейінгі Араб, Египет исламшыларының танымын сіңірген жаңа топ, дәстүрлі исламды ұстанатын топтың бірі т.б). Бізге мәшһүр әдеби-тарихи дамуының ешбір талқысы (сызықтық, циклдік, толқынды, инверсиялық) заманауи қоғамның сипатын дөп басып айқындауға шамасы жетпейді. Мәселен сызықтық дамудың ешбір схемасы жанды әдеби үдерістердің толыққанды бейнесін көрсетіп бере алмайды. 

XX ғасырдың екінші жартысында мәдени кеңістікте идеялық дағдарыс туып, «тарихтың ақыры», «мәдениеттің ақыры», «романның ақыры», «автордың өлімі», «кейіпкер өлімі» деген сынды концепциялар туды. Негізгі құндылықтарды қайта електен өткізу арқылы абсурд идеясы өзекті бола түсті. Бұл XX ғасырдағы адамзат баласының құндылықтар жүйесін тығырыққа тіреген кезең ретінде есте қалды. Сонымен қатар, дәл осы абсурдты жағдаяттан идеялық тұрғыдан шығудың жолдары қарастырылды. Бейнелеп айтқанда бұл тығырықтан шығаратын екі жол тұрды. Бірі адамзаттың гуманистік идеяларына құрылған моральдік құндылықтар жүйесі болса, екіншісі бейсана мен түпсанадан өрбіп шығатын эзотерикалық құндылықтарға иек арту. Аталған екі жолдың біріншісі адам құндылығы, өмір құндылығы, индивид құндылығының мәнін іздеуге ұмтылса, екінші жол бәріне күдікпен қарап, күмәнға бой алдырады. Жалпақ тілмен айтқанда, жаңа тұрпаттағы әдебиетте моральдік құндылықтарды келемеждеп, бұған дейінгі адамзат танымын ойын ретінде тану үрдісі басталды.

Осылайша заманауи әдебиетте, иронияның эффектілері әлеуметтік өмір мен моральдік құбылыстарды соны интерпретациялау арқылы қолданылды. Қазіргі жазушылар үшін парадокс әлемнің сипатын бейнелеу үшін әдеби мәтіндерде ирониямен қатар жүреді. Себебі қазіргі адамның тіршілігін компьютер және виртуальдық ұғымдарынсыз елестету еш мүмкін емес. Әсіресе, кино өндірісінде кең етек алған виртуалдану үдерісі (қабылдау психологиясында өте маңызды саналады) өнердің әр саласында көрініс тауып отыр. Кино өнерінің беретін формалары дендеп әңгімелерде көрініс табуда. 

Мәселен, Д.Жылқыбайдың «Квант» және «Матрица» сынды әңгімелерінде әлемдік деңгейде танымал болған Жако Ван Дормальдің «Ешкім мырза» және Лана Вачовский мен Лилли Вачовскийдің «Матрица» деген фильмінің формасын қайталаған. Аталған фильмдердегі өмірдің мәні мен тағдырдағы таңдауға қатысты метафизикалық сұрақты да әңгіме мазмұнына арқау етеді. 

"Ешкім мырза" фильмінен үзінді

«Ешкім мырза» фильміндегі жанның қайдан келетіні, әрбір өмірдегі шешуші таңдауға келгенде үш жол үнемі алдыдан шығып отыраты хақында ой жүгірткен форма мен идеясы жаңаша тұрпатта интерпретацияланып, жазушы әңгімесінде қазақ әлеуметінің жағдайында қозғалады. «Квант» әңгімесінде әлеуметтік мәселесі шешілмеген екі студенттің арасындағы қарым-қатынас этикалық, моральдік тұрғыда сынақ түсіп, біршама әурелейді. Бір жағдаятты үш түрлі нұсқасы қатар өріліп, фильмде көтерілген үш таңдаудың қатар шығатыны туралы, ғылымдағы кванттық әлемнің қыр-сыры хақында метафизикалық сауалды автор қозғайды. Университет қабырғасында болған емтиханнан шпаргалка қолданып ұсталып қалған Кәмиланың аудиториядан шығып қалғаннан кейінгі Бекболдың әрекеті үш жақты сипатталады. Бірінші таңдауда, Бекбол аудиториядан Кәмиламен бірге шығып кетіп, екеуі де степендиядан қағылады. Екінші таңдауда, ақылға салған Бекбол өзі стипендиясын сақтап қалу үшін, емтиханын жазып шығуға тиіс. Бірақ, қиын сәтте жанынан табылмаған ғашығына қыздың реніш білдіруі кәдік. Үшінші таңдау бар. Бірақ бұл таңдау екеуіне де қолайсыз. Ақыры ажырасуға ұласатын адамгершіліктен ада таңдау. Әңгімеде осы үш таңдауда үш оқиға желісі ретінде қатар өріліп, шым-шытырық жағдаяттың куәсі боласыз. 

Фильм атаулы әдебиеттің шекпенінен шыққан өнер саналғанымен, технология мен телевидениенің қарқынды дамуымен өз алдына дербес өнер болып, формалық, мазмұндық ізденіс тұрғысынан әдеби шығармалардан алға кеткені айтылып жүр. XX ғасыр басында енді ғана тәй-тәй басқан кино өнері осылайша жаңа ғасырда жаңаша айшықталатын эстетиканы тудырып, әдебиетке өз ықпалын тигізе бастады (әдеби шығарма фильм болып таспалануы үшін, камералық көзқараспен өріліп, сюжеті фильмге шақталып жазылуға тиіс деген идеяны насихаттаушы жазушылар бар). Жазушы аталған әңгімесінде фильмнің сыртқы формасы мен метафизикалық сұрақтарын алғанымен, әдеби тұрғыдан жаңаша мағына үстеп, фильмдегі сюжеттік баяндауға бармаған. 

Ал «Матрица» деп аталатын әңгімесінде, жалпы, өмірдің шынайылығына күмән келтіреді. Мәселен, «– Бірақ мұнымен әлемнің бейматериялық екенін дәлелдеу мүмкін емес деп ойлаймын. Әлем біздің миымыздағы голограма десек – мидың өзінің материядан тұратынын қайда қоярмыз? – деп тауға қарап тұрған Екінші Досжан қалаға қарай бұрылып алды да: 

– Расы солай емес пе? – деп Екінші Досжан сынай қараған.

– Рас. Миды біз бас қауашағымызды ашып, қолымызбен ұстап, көзімізбен көре аламыз. Бірақ ол да электрондық берілетін сигнал ғана, – деп Досжан қысқа түйіндеді.

– Сонда біз кімбіз? Неден жаратылдық?» деген жолдар әңгімеде кездеседі. 

Аталмыш жолдардан автордың идеясы постмодерндік көзқарастан өрбіп шыққан ой екені анық байқалады. Жалпы әлем матрица, өмір симулякр деген Бодриаяр идеясы өткен ғасырдың 90-жылдары талай қаламгерлер мен киногерлердің тынышын алған идея. Мәселен, режиссер Питер Уирдің «Труман шоуы», Гэрри Ростың «Плезантвиль», Алекс Пройастың «Күңгірт қала» фильдерінде аталмыш тақырып әр қырынан қозғалады. «Құдайға байланған адам өмірі, Құдай өлген соң не болмақ? Адамзат тұрлаусыз, қайталана беретін бір құрылғы ішінде өмір сүре ме? Біздің ғаламамыз бен қоршаған ортамыз шынайы ма?» деген сынды сұрақтар Бодриаар идеясын өміріміздегі маңызды мәселенің бірі екенін айғақтайды. Әрі постиндустриялдық қоғамдағы бір-бірінен аумайтын күнделікті күйбең тірлік, түрлі ойға жетелейді. Дайын өнімдердің тұтынушысына айналған бүгінгі күннің адамы шығармашылық әлеуетін пайдаланбай, дайын тауарлар мен дайын идеялардың жетегінде өмір сүрмек.

"Матрица" фильмінен үзінді

Заманауи постиндустриалдық немесе ақпарттық қауымның басты белгісі ретінде түннұсқа белгіні емес, өзге белгіге сілтеме жасайтын симуляция яки симулякр идеясы саналады. Индустриалдық қауымның орнына әлеуметтік тәртіпті орнатушы қауым ретінде бұқара шығып отыр. Мәдениеттің авангартдтық-модерндік үлгісінің орнына постиндустриалдық қоғамның бұқаралық мәдениеті келді. Капиталистік қоғам революциялық жолмен орнаған еді. Ал посиндустриалдық қоғамдағы негізгі өзгеріс катастрофа болмақ. Аталмыш қоғамдық жүйеде зорлықтың орнын терроризм, сексуалдықтың орнын порнография, объектінің субъективтілігінің орнын объектінің объектілігі, ал сахнаның орнын сахнасыздану үрдісі басады. Капиталистік қауымда таңбаның орнын референт басса, ал постиндустриалдық қауымда таңбаның орнын таңба баспақ. Симулякр дегеніміз осы. Айналамыздағының барлығы симуляцияға айналады. Таңба дегеніміз классикалық лингвистикадағы таңба емес, индекске айналып кеткен. 

Бұл жайында Бодриар: «Ғаламды түсіндіруге келмейді. Оның тепе-теңдігінен гөрі ақыры таяу. Біз шындықтан гөрі шынайыға өтіріктен де жалған дүниені қарсы қоямыз. Біз сұлу нәрсеге ұсқынсыз дүниені қарсы қоюдың орнына, сорақының сорақысын тауып аламыз. Біз көзге көрінетін нәрсені жасырынған дүниеге қарсы қоймаймыз, оның орнына оқшауланғаннан да жасырын дүниені (құпияны) тауып аламыз. Біз өзгерістерді іздемейміз әрі қозғалмайтын нәрсені қозғалатын дүниеге қарсы қоймаймыз. Біз қозғалатын нәрседен де қозғалғыш (метаморфоза) дүниені тауып аламыз. Біз ақиқатты өтіріктен арашалап алмаймыз, оның орнына өтіріктен де асқан жалғанды (иллюзия) тауып аламыз» деген ойды айтады.

Аталмыш «сынында» Бодриар диаликтиканы жалған дүниетаным ретінде емес, модерн қоғамның қалдығы ретінде санайды. Дегенмен Бодриардың ойынша, мүлдем жаңа әлем туды. Аталған әлемге диалектиканың қағидалары мен заңдары әсер етпейді. Осылайша Бодриар бізге қарсы қою арқылы да айқындалмайтын дүниелердің бар екенін көрсетеді. Постиндустиалдық қоғам тудырған жаңалықтар, қарсы қою арқылы, тіптен логика арқылы қисынын табуға келмейтін дүниелерді ұсынып, жалған мен ақиқатты ажыратудан қалған әлем ұсынады. Түпнұсқасы жоқ көшірмелерге тола әлемде өмір сүретін бүгінгі адамзаттың шым-шытырық өмірін бағамдауға тырысқан симулякр идеясы әлі де өзектілігін жойған жоқ. 

"Труман шоуы" фильмінен үзінді

Д.Жылқыбай аталмыш әңгімесінде жоғарыда көтерілген мәселелер «фильм-әңгіме» формасында жазып, қазақ қоғамын бейнелей отырып көтеріп отыр. Автор мақсатты я мақсатсыз түрде постмодерндік дискурс саналатын симулякр идеясын қозғаған. Дәстүрлі яки модерн үлгідегі қоғамда адам әрекеттеріне тарихтан бері жалғасып келе жатқан жоралғылар мен қоғам бекіткен нормалар бағдар берсе, постиндустриялдық қоғамда адам өмірі сызықтық (дәстүрлі қоғам бекіткен нормалар) жалғасынан айырылады (бұл ойымызды Бодриардың «Ақпарат мейлінше көбейіп, мағына жойылған заман» деген бір сөйлемі ашып бере алады. Дәстүрлі қоғамда адам өмірі бір сызық бойымен ғана жүріп отыратын. Мәселен ақпарат ауыздан-ауызға ғана тарап, жалпы өміріңде көп ақпарат білмей өтетін болған. Ал, постиндустриялдық қоғамда, таңертең жұмысына аттанған адам аялдамада тұрып, аялдама қабырғасына жапсырылған түрлі хабарламаларды оқиды. Оқып бұл хабарландыруға қатысты ой жүгіртем дегенше автобус та келіп қалады. Автобуста тұрғанда уақыт оздырмай смартфон арқылы әлеуметтік желілерге кіріп, жаңалықтар яки түрлі ақпаратты көзі шалып қалады. Бір уақыт әлеуметтік желілерден де зерігіп youtube-ке кіріп видео көреді не музыка тыңдайды. Дыбыс зорайтқыш құралдар мен технологиялары жоқ дәстүрлі қоғамның адамға музыка бүгінгідей қолжетімді болмаған. Әрі музыка сауық қана емес өмірінің айнымас бір бөлшегі, тіптен киелі саналған. Ал, постиндустиялдық қоғамның адамы үшін бәрі басқаша. Көңіліне жаққан музыканы тыңдап, ақпаратты оқып, бір күнінің бірер сағатының өзі дәстүрлі қоғам өкілінің бір жетіде, тіптен, бір айда алатын ақпаратты алып үлгереді. Сондықтан, осы бір ақпарат тасқынын електен өткізіп, мағына іздейтін уақытта табылмайды. Осы бір қауырт тірліктен назарыңды бір арнаға аударудың өзі қиын шаруа. Сол себепті бүгінгі күннің адамының өмірі біртұтас оқиғадан гөрі, үзік-үзік оқиғалардың мағынасыз жиынтығы тәрізді ғана). Аталған мағынасыздық «біздің өмір сүріп отырған әлеміміз шынайы ма?» деген сауалды тудырмай қоймайды. Дәл осы мәселер Д. Жылқыбайдың аталмыш әңгімесінде сәтті көтерілген деп санаймыз. 

Нұрдәулет Омарбек

жазушы

author

Досхан Жылқыбай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Жаңаөзенде 11 жастағы оқушы қыз сыныптасын ұрып-соғып, оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жақсы жаңалықпен бөлісті. Енді халықаралық ғылым...