«Сахна» деп аталатын киелі өлкедегі 45 жылға көз жүгіртсем санамда сандуғаштай сайраған...
Алтынай Жүсіпәлі: «Қуыршақ өнерінде шығармашылыққа шектеу жоқ, еркіндік басым»
Суретші әлемі – ғажайып пен шынайылықтың ортақ тұсын тауып, оқырман мен көрерменге ой сала білер құдіретке ие. Суретші көзі көретін тылсымды, сезінетін сиқырды ешбір шебер түсіндіріп бере алмайтын болса керек. Тылсымын ішіне бүккен ғажайып өнерді жасаушылар жайлы да жиі жазыла бермейді. Бүгін, өзінің нәзік иірімді суреткерлік шеберлігімен театр өнері саласында елеулі еңбек етіп жүрген Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының бас суретшісі Алтынай Жүсіпәлімен сұхбаттастық. А.Жүсіпәлі театр репертуарындағы «Тоба», «Медея», «Айко мен Страшко», «Өмір-Өзен» спектакльдерінің қоюшы суретшісі ретінде қызықты әрі сапалы жұмыстар жасаған болатын. Жуырда ғана Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналанған жаңа қойылым «Ер Төстік» ертегісінің суретшісі ретінде қызмет атқарған шығармашылық иесінің ойларын бірге білейік.
Қайырлы күн, Алтынай ханым! Мемлекеттік қуыршақ театры осы жылы бірнеше жаңа қойылымдар сахналап үлгердіңіздер. Солардың бірі, балдырғандарымыздың сүйікті ертегісі «Ер Төстік» қойылымы. Спектакль суретшісі ретінде қандай көзқарастар, ерекшеліктер болғанын айтып берсеңіз?
Сәлеметсіз бе?! Иә, биыл театрымызда балаларға және ересектерге арналған бірнеше қойылымдар сахналанды. Негізінен қойылымның бірінші ерекшелігі, ертегінің сахналық нұсқасы ақ өлеңмен жазылып шықты. Ертегіден бала көрермендер үшін қызықты тұстары алынып, режиссердің көзқарасымен өзгертілді. Суретші ретінде ұлттық ертегі болғандықтан, қуыршақтардың болмыс-бітімін қазақиландырып бейнелеуге тырыстым. Спектакльде қолданылған қуыршақтардың бәрі киізден жасалды. Бұл да біздің ұлттық ерекшелігіміз деп есептеймін.
Қойылым қанша уақыт дайындалды? Жалпы, осы спектакльде жұмыс жасаған шығармашылық топпен бірлескен жұмыс туралы айтып берсеңіз? (режиссер, автор, актерлер, композитор) Ойларыңыз бір жерден шыға алды ма?
Қойылым әлемдік пандемияға байланысты ойлағанымыздан кешірек шықты. Режиссер заманауи көрермендердің сұранысын қанағаттандыру үшін көп ізденіп, ерекше формалар таба білді. Әрине, шығармашылық топта әрқайсысының қосқан үлестері бар. Артистер де кейіпкерлеріне ерекше мінездеме ойлап тауып, біртұтас дүние шығуына атсалысып жатты. Композиторлар да әр сахнаға лайықтап әуендік ерекшеліктерді ойластыра білді. Осындай бірлескен жұмысымыздың нәтижесін көрермендеріміз бағалайды деп ойлаймын.
Қазақ театр кеңістігінде бірнеше театр ұжымдарымен жұмыс жасадыңыз. Қай спектакль, қай жұмысыңыз өзіңізге ұнайды? Жалпы, шақыртумен облыстық театрларға барар ма едіңіз?
Негізінен, әрбір жаңа дүниеге ден қойғанда бір-бірін қайталамайтын, ерекше болса деп ойлаймын. Шыны керек, әр ұжыммен жұмыс жасаған әртүрлі. Бірақ, әр жұмыс үлкен тәжірибе. Қиындықтары мен қызықтары қатар жүреді. Есесіне, көрерменді қуантатын дүние жасалып шығады. Біз үшін бастысы осы. Жалпы, қуыршақ театрына келгелі осы күрделі де құпиясы мол өнер түрі ерекше жақын болып кетті. Айтқың келген ойларың мен сезіміңді шығаруға барлық жағынан мүмкіндіктер бар. Көбінде, драма театрларында тек артистер мен сахнаға назар аударсақ, қуыршақ театрында қуыршақтар арқылы да ойыңды жеткізе аласың. Өзге театрлардағыдай қуыршақ өнерінде шектеулер жоқ сияқты сезіледі. Егер, шақыртулар болып жатса баратын едім. Қазірдің өзінде бірнеше мемлекеттік театрлардағы режиссерлар ұсыныс білдірді. Шығармашылықта жан-жақты болған ұнайды.
Қазіргі қазақ театрының жағдайына көңіліңіз толады ма? Көрермен сұранысы, мемлекет қолдауы, театр еңбегі бір-біріне сай ма? Әлде кешеуілдеп дамып жатқан дүниелер бар ма?
Менің ойымша, көрермендер көп ретте ізденіп келе бермейді. Бұл – барлық театрға қатысты нәрсе. Театрлар негізі көрермендерге емес, өзімізге жұмыс жасаймыз. Бірақ, бұл жаман емес. Себебі, біз – өз жұмысымыздан ләззат аламыз. Әдемілікті, жақсылықты дәріптейтін дүние жасаймыз. Біздің осындай жұмыстарымызды келіп көргісі келетін көрермендердің бар екеніне қуануымыз қажет деп ойлаймын. Күштеп емес, өз қалауларымен келетін көрермендер де бар. Соларды қуантсақ, оның өзі жақсы. Театр қызмет көрсету орталығы емес, мәдени кеңістік. Соны сезіне алатын қанша көрермен болса да қуанамыз.
Театрдың алдағы жоспарлары мен жаңалықтарымен бөліссеңіз?
Театрымыз демалыссыз жұмысын жалғастырып жатыр. Жаз бойы кішкентай көрермендерімізге, қала қонақтарына қойылымдар ұсынып келеміз. Одан бөлек, бірнеше шетелдік театр фестивальдеріне шақыртулар келді. Әлемдік пандемияға байланысты кейбір өнер бәйгелері онлайн өтіп жатыр. Дегенмен, сәті түссе өнер ордасы алдағы уақытта бірнеше театр фестиваліне барып, қазақ қуыршақ өнерін дәріптейтін болады. Негізінен, көп таныстарым «театрларыңыздың артистерін фильмдерден көріп жүрміз» деп айтып жатады. Мен кинодан гөрі театрда ойнау қиын дер едім. Артистердің кәсіби шеберлігіне куә болғыларыңыз келсе, театрға келіңіздер. Ондағы атмосфераны, сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Театрға кішкентай бүлдіршіндерімізді шақыратын болсаңыз, қай қойылымдарды ұсынар едіңіз?
Маған театр репертуарындағы қатты ұнайтын спектакльдердің бірі – «Каштанка». А.Чехов шығармасының негізінде сахналанған спектакльдің айтар ойы, жалпы ұжымдық еңбек өте сәтті шыққан. Ересектер де, кішкентай балдырғандар да қойылымды өте жақсы қабылдайды. Әрдайым көрермен залы лық толы болып, спектакльден ерекше әсер алғандарын айтып жатады. Театрда барлық жастағы көрермендерге спектакльдер бар. Сондықтан, ересек көрермендерімізді шақыратын едім. Көбіне, балаларын ғана әкеліп үлкен буындар өздері шығармашылық тынысын білмей жатады. Бұрын қалыптасқан көзқараспен балаларға ғана арналған деп ойлайды. Сондықтан, театрға келіңіздер дегім келеді. Театрымыздың ұсынар жаңалықтары көп.
Жуырда қаламыздағы ең үлкен кешендердің бірі саналатын Aport Mall ойын-сауық орталығында «Ертегілер елінде...» атты шығармашылық көрмеңіз ашылды. Құттықтаймыз! Бұл көрменің ерекшелігі неде?
Рақмет, бұл көрменің ерекшелігі – мұнда сахна суретшісі ретінде жасалған жұмыстарым топтастырылды. Қуыршақ театрымен қатар, еліміздегі драма, балалар мен жасөспірімдер театрына, жеке театрларға сахналаған жұмыстарымның эскиздері қойылды. Біздің мақсатымыз – орталыққа келетін қонақтар мен балаларға эстетикалық әдемілікті ұсыну, сол арқылы мәдени кеңістікті қалыптастыру болды. Бір баланың өзі суреттер мен театр спектакльдеріндегі қуыршақтарды көріп әдемілікке сүйсіне алса, ол өскенге дейін миында дамып, ой-өресінің қалыптасуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз.
Сұхбатыңызға рақмет, шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан: Бейбіт ӘЛКЕЕВА,
театртанушы