«Халықтар достығы» орденді, Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма теат...
Мәдениеттің алғашқы мектебінде алғыс айту мерекесі тойланбақ
Шуақты да мерекелі көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін – Алғыс айту күні құрмет пен сыйластықтың, бірлік пен достықтың жарастығы асқақтаған мазмұндық ерекшелігі терең жарқын мереке. Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры да аталмыш мерекеге орай кішкентай бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына рухани демалыс, шаттыққа толы көңіл-күй, таңғажайып сиқырлы сапар сыйлау мақсатында театр репертуарындағы үздік қойылымдардың бірі де бірегейі – «Қуыршақ думан» қойылымын қайырымдылық мақсатта ұсынуды жоспарлауда.
Шынайы да тұнық болмысымен періште жүректі кішкентай көрермендерді ертегілердің тұңғиық әлеміне жетелейтін қуыршақ театрының ұжымы жыл сайын театр төріне әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға арнап қайырымдылық қойылымдар көрсетуді ұмытылмас үрдіске, жаңылмас дәстүрге айналдыруда. Биылғы жылы да театр сахнасында отыз сегіз жыл бойы үздіксіз көрсетіліп келе жатқан алпысқа жуық қуыршақ түрі өнер көрсететін «Қуыршақ думан» қойылымы өз көрермендерін асыға күтуде.
Сүйікті бүлдіршіндеріне үзіліссіз қызмет жасайтын өнер орда репертуар қоржынындағы үздік қойылымдарды ұсыну барысында көрермен санына емес, ұсынылатын қойылым сапасымен санаса келе балалардың демалыс уақытын дұрыс бағытта ұйымдастыру мақсатында репертуар көкжиегін тәрбиелік, адамгершілік, эстетикалық құндылықтар мен аса бай мәдениетіміз бен асыл мұрамызды дәріптеуді мақсат ете кеңейтуде.
«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалығы – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деп атап өткен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен жарияланған «Балалар жылы» аясында театр ұжымы қаламыздағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арнап тәрбиелік және танымдық мағынасы зор достық пен көпшілдікке үндейтін «Үйшік», музыкалық сауаттылыққа шақыратын «Қасқыр мен жеті лақ», қорқынышты жеңуге үйрететін «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» сынды қойылымдарды көшпелі формата ұсынып келеді. Сонымен қатар, балаларды мәдениетке шақыру, қуыршақ өнерімен таныстыру және театр мәдениетін қалыптастыру мақсатында жалпы білім беретін мектеп оқушыларына театр артистерінің қатысуымен «Қуыршақтар құпиясы» атты шеберлік сағаттарын өткізуде.
Мәдениеттің алғашқы мектебі – Қуыршақ театрының қазыналы қойылымдарынан қапы қалмаңыз, қадірлі көрермен!
Мадина ТӨЛЕ