Қазақстандағы кино өнері қазіргі таңда қарқындап дамып келеді. Әр түрлі жанрдағы фильмдер, сериалдар...
Серік Ибраев: «Біздің басты мақсат – режиссердың талабына сай сапалы фильм шығаруға көмектесу»
Ибраев Серік – продюсер, «Қадам» кинокомпаниясының директоры.
- Қайырлы күн, Серік мырза! Продюсер мамандығының мақсаттары және міндеттері туралы айта кетсеңіз?
- Менің ойымша продюсердің басты міндеті – кино жобаны кіршіксіз абыройлы атқарып шығу.
- Сіз өзіңіздің негізгі бітірген мамандығыңыз экономист туризм деп айтып едіңіз, продюсерлік жолға қалай келдіңіз? «Қадам» киностудиясының басшысы лауазымына қалай ие болдыңыз?
- Ол қызық оқиға енді, оқуды бітіргеннен кейін менімен қатар үш мыңға жуық экономист мамандығын алып шыққан студенттер болды, сондықтан экономист мамандығында жұмыс табу өте қиын болды. Кейін мен тек қана продюсерлік емес, басқа да жұмыстар атқардым: сақтандырушы, одан да басқа салаларда бағымды сынап көрдім, бірақ уақыт ағымы мені осы киностудияға алып келді. Бұл жерге де мен басында бірден продюсер немесе директор болып отырған жоқпын. Мен продюсерлікке ең төменгі сатыдан әртүрлі басқа қызметтерді атқара отырып көтерілдім: администратор, жоғарғы администратор, директордың көмекшісі, директор, ал қазіргі уақытта продюсер қызметіндемін. Өзімнің осы еңбегіме, адалдығыма назар аударған алдыңғы басшы, аманат етіп, «Қадам» компаниясын менің қарамағыма қалдырды.
- Түсірілім барысында қандай қиындықтар туындайды және оның шешімін қалай табасыздар?
- Кинода кез келген мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Әрине, түсірілім барысында көптеген оқыс оқиғалар болады, кейбірі жеңіл шешілсе, ал кейбірі ұзағырақ уақытты талап етеді, мысалы, ауа-райы. Күн керек болғанда жаңбыр жауады, ал жаңбыр керек болғанда керісінше, аспан шайдай ашылып тұруы мүмкін. Түсірілім экстерьерде, яғни далада болған кезде, бұл мәселені шешудің жалғыз жолы бар – түсірілімді келесі күнге ауыстыру. Ал жаңбырлы саханаларды қажет етсек, ол үшін арнайы техникалық құрылғылар мен мамандарды шақыртуға тура келеді.
- Түсірген фильмдеріңіз өз қаражатын ақтады ма? Ал ақтамаған жағдайда ол кімнің кінәсі деп ойлайсыз?
- Біздің компанияның түсіретін туындыларының бағыты – авторлық фильмдер. Олар – көрерменді ойландыратын кинолар. Оны қарапайым халықтың көбісі түсіне қоймайды және көбісі бара бермейді. Өкінішке қарай, көреремендердің қалауы – қантөгіс, төбелес немесе комедиялар. Біздің негізгі табысымыз – Қазақстанның атын шығару мақсатында қатысқан фестивальдерден және жүлделерден түседі. Дегенмен, көбінесе қаражат ақталмайды.
- Сіз қандай фильмдердің түсіріліміне ат салыстыңыз?
- Мен өзім біраз фильмдердің түсіріліміне ат салыстым, телехикаяларға да қатыстым. Соның ішінде ең танымалдары Сәбит Құрманбековтың «Оралман» және біздің соңғы түсірген туындымыз Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» туындылары. Ол да жоғарғы жүлделерлі жеңіп, әлемге әйгілі болып келе жатыр. Осы екі фильм менің фильмографиямдағы басты жетістігім деп есептеймін.
- Өзіңіз айтып өткендей «Ақын» фильмі авторлық киноны бағалаушылардың көңілінен шығып, жоғары жүлделерге ие болып жатыр. Бұл туындының өзектілігі неде деп ойлайсыз және оның болашағы қандай болмақ?
- Дәрежан Өмірбаевтің «Ақын» фильмін тек авторлық емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар деген мағынада айтуға болады, себебі қазіргі таңда ақын-жазушылардың қажеттілігі бәсеңдеп барады. Адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығы азайып, барлығының назары киноға ауысып жатыр. Біз осы туынды арқылы ақын-жазушылардың қазіргі жағдайын көрсеткіміз келген және ол біздің қолымыздан келді деп айта аламын.
- Продюссерлік жолыңыздағы ең қызық кезең?
- «Тойдан көрі дайындық қызық» дейді, мен үшін фильмге дайындық кезеңі қызық.
- Сіздің ойыңызша біздің елде авторлық киноның ықпалы басымырақ па, әлде продюсерлік пе? Сіздің өзіңізге киноның қай түрі жағымдырақ?
- Авторлық кино басымырақ деп айта алмаймын, қазір продюсерлік киноның ықпалы жоғары. Қазіргі заманда адамдардың ойы ақша және табыс табу. Сол себепті, көптеген продюсерлер коммерциялық кино түсіруге тырысады. Біз өнер адамы болмасақ та, өнерге ғашық болып, авторлық киноның басында жүрміз. Байқағаныңыздай, авторлық кино жаныма жақынырақ.
- Режиссермен жұмыс істеу барысында оның қандай адами қасиеттеріне мән бересіз?
- Негізінде біз кез-келген режиссермен жұмыс істей аламыз. Біз оның белгілі қасиеттері болу керек деп ойламаймыз. Әрбір режиссердың өзінің мінезі бар, көзқарасы бар. Біздің басты мақсат – сол режиссердың ойын, идеясын іске асыру. Оның талабына сай сапалы фильм шығаруға көмектесу.
- Кинобілім беру саласында қандай мәселелерді шешу қажет?
- Қазіргі студенттер оқудан шыға салып, бітірген мамандығында жұмыс істегісі келеді. Бірақ олар теорияны білгенімен практикасы аздау, көп қателіктер жасайды. Сол себепті оқуын бітіре салып,«мен» деп көкірегін ұрмай, алғашында ассистенттен бастап тәжірибе жинап, өніп-өскен дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі кинобілім беру саласында практика міндетті түрде болу керек.
- Кино әлеміне енді қадам басқан жас мамандарға айтар кеңесіңіз?
- Ештеңеден қорықпай, тек алға басып, біреудің айтқандарына еріп көз қарастарын өзгертпеуін қалар едім.
- Уақыт бөліп, сауалдарға тұшымды жауап бергеніңізге зор алғысымды білдіремін.
Диана Абаева,
«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті (Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА)