«Аладдиннің сиқырлы шамы» қойылымы турасында

ТЕАТР
2561

Алматы қаласының мәдени кеңістігінде ерекше орын алатын киелі, рухани мекендердің бірі әрі бірегейі – Мемлекеттік қуыршақ театры. Өнер ордасы көрермендерге әр түрлі тақырып пен бағыттағы қойылымдарды ұсынып келеді. Театр репертуарындағы бүлдіршіндер мен ата-аналарының сүйікті қойылымдарының бірі – «Аладдиннің сиқырлы шамы» ертегісі. Қоюшы-режиссері – иллюзия өнерінің дамуына орасан зор үлес қосқан Сұлтанғали Шүкіров. 

Көрініске арқау болған шығарма Бағдат қаласының қарапайым тумасы, ақылды, ержүрек, мейірімді Аладдин жайында. Сұлтанның қызы Будур ханшайымға жолындағы кедергілер мен қиыншылықтарға қарамастан қол жеткізген кейіпкер-Аладдиннің батылдығы кішкентай бүлдіршіндерге үлгі болатыны анық. Спектакльдің көрерменге берер тәрбиелік мәнінен бөлек, қызықты тұстары да бар. Мысалы, қойылым кезінде орын алатын сиқыр сахналары балалардың қызығушылығын арттырып, назарын аударады. Спектакль атмосферасы жарқын, балғын бүлдіршіндерді бірден өзіне баурап әкетеді. Сонымен қатар музыкалық ансамбльдің үйлесімділігімен әр көрініс тартымды болды. Сондай-ақ жас көрермендерді таң қалдырып, көңілдерін аулаған – ол әр кейіпкерге лайықты етіп ерекше үлгіде жасалған қуыршақтар. Ал осы аталған қуыршақтарды сөйлетіп, билетіп, оларға жан бітіретін театр актерлері. 

Қойылым үстінде өзі роль сомдап, дыбыс берумен қатар қуыршақтың да қимылын қоса бақылауда ұстайтын актерлердің міндеті өте ауыр. Дегенмен, сиқырлы көріністерге толы «Аладдиннің сиқырлы шамы» спектаклінде актерлер аталған қиындықтарға қарамастан жақсы деңгейде өнер көрсетті. Мысалы, сахна пердесі ашылған бойда гүл қуыршақтарды әуеннің ырғағына салып билеткен театр актерлері Ә.Күнтуған, Р.Укарова, Г.Бейсембаева, Г.Рахимова еңбектерін атап өтуге болады. Одан бөлек ханшайымның сахнаға алып піл қуыршақпен шыққан сәтінде бүлдіршіндердің таң қалып қарағанын байқаймыз. Пілді алтын түстес әшекейлермен сәндеуінің өзі Сұлтанның қызы Будурдың тектілігін көрсетеді. Сондай-ақ оның сарайының биік болғаны, әрі сәнді безендірілуі ауқатты әулеттен екенін танытады. Ал Аладдиннің сарайшығы әшекей бұйымсыз қарапайым үлгіде жасалуы кедей отбасыдан екенін түсіндіреді. Сонымен қатар, сарайдан ілініп тұрған ескі етікті байқаймыз. Ол Аладдиннің әкесі кедей тігінші болғанын меңзейді немесе жігіттің жарлылығын көрсететін тағы бір мысал деп түсінеміз. Тағы Сұлтан мен оның қол астындағылар лауазымдарына сай сәнді киінсе, Аладдин мен анасының киімі қарапайым отбасыдан екенін білдірді. Бұдан қойылымдағы әр детальдарға аса мән беріліп қаралғанын көреміз. 

Режиссер әр көріністі өте әдемі ұйымдастырған. Спектакльде актерлермен бірге олардың образына сәйкес жасалған қуыршақтардың қоса өнер көрсетуі ұтымды шешім болды. Пілдің үстінде қуыршақ ханшайым отырса, түскен кезде Будурдың рөліндегі актриса (Төребай Салтанат) сахнаға шыға келеді. Сонымен қатар Аладдин (Амангелдіұлы Ғалым) сарайшығына кіре салысымен қуыршаққа айналып кетеді. Мұндай иллюзиялар қойылымда жиі қайталанып отырады. Мысалы, джиннің сахнаға шығып, бір сәтте жоғалып кетуі, көзді ашып жұмғанша екінші шетінен шыға келуі ерекше қызықтырады. Осы тұста джиннің Аладдинге көмектесіп, сатқындыққа жол бермеуінің өзі жас көрерменге адалдықты үйретеді. Басты кейіпкерлерді сомдаған Ғ.Амангелдіұлы мен С.Төребайдың өзара жарасымдылық тапқан, керемет билеріне қарап екі жастың арасындағы нәзік сезімді сезінеміз.  Бағдат қаласының жігіті сұлуды көре салысымен оған ғашық болуы оқиғаны жандандыра түсті. Одан бөлек сахнада актерлердің кәсіби деңгейде орындаған қуыршақтардың үйлесімді қимылдары еріксіз баурайды. 

Жан-жағындағы оқиғалар мен адамдардан көргенін үйренуге бейім шақтағы нәзік сезімді бүлдіршіндерді жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен мейірімділіктің ара жігін ажыратуға үйретіп, адалдыққа баулитын «Аладдиннің сиқырлы шамы» ертегісі шоқтығы биік туындылардың бірі деп айта аламыз. Себебі, балалар қойылым кезінде кімнің жақтасы болатынын, кім жақсы кейіпкер екенін, олардың қиындықтан қалай шығатынын ойлай отырып, бейсаналы түрде ой түйетіні анық. Жас көрермендерді тәрбиелеуде таптырмас туындылары мен әдіс-тәсілдерді қалыптастыра білген Мемлекеттік қуыршақ театрының шығармашылық жолы мен репертуары әлі де кеңейе түсетініне сенім білдіреміз. 

Мақпал АБДУЖАББАРОВА 

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...