Ақын, талантты аудармашы Ақсұңқар АҚЫНБАБА қазақ әдебиетіндегі аударма саласына көп жылдардан бері е...
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА. Алтынқазған (әңгіме)
Дала тас қараңғы. Қаракер құнанын жайдақ мінген Жомарт көзұшында бұлдырай көрініп жылтылдаған не нәрсе екенін түсінбей соған қарай жүріп келеді. Кейде шауып, кейде желіп енді жақындай берсе, демде ғайып болады. Бір кезде сонадайдан қайта жылтылдап, қылаң береді. Осы жолы жеттім бе дегенде, тағы да жоқ. Еліріп, екпіндей жүріп, Жомарт ескі қорым жаққа қалай келіп қалғанын байқамады. Байғыздың баяу шақырған даусынан есін жиды. Аяқ астындағы аласарып, топырағы шөге бастаған бірнеше төмпешікті басып та кетсе керек. «Алла өзің кешіре гөр!» деп іштей күбір етті. Бойын біртүрлі түсініксіз үрей билеп барады. Елесімен арбаған әлгі жылтыр әлем әне анау жерде тағы тұр сусылсоңындап. Атының жүгенін қатты тартып, кілт тоқтады. «Ойпыр-ай, мұнысы несі? Мен не істеп жүрмін? Жылтырағанның соңынан кетіп бара жатқаным қалай?». Ол өзді-өзіне күбірлеп тіл қатты. Қараңғы түнде жападан-жалғыз моланың басында ұзақ тұруға сескеніп, амалсыз кері қайтты.
Сүт пісірім уақыт бұрын екі кештің ортасында Жомарт үйден апыл-ғұпыл шығып кеткен еді. Шаңырағының берекесін кіргізіп отырған қара сиыры өрістен аяқасты келмей қалған. Үлкен ұлын — құм жаққа жіберіп, өзі тауға қарай беттеген. Мал іздеп келе жатып жылтырағанның соңынан сонша қуғанын қарасайшы. Жолай Алтынқазған жазығынан қара сиырдың мөңіреген даусын естіген соң Жомарт сонда келген. «Әлгінде ғана осы тұстан өткенде сені жер жұтты ма?» деп кіжінген. Алтынды қуып, жолдан тайған әрекетіне ызасы келді іштей. Тездетіп ауылға қарай тартты.
* * *
Біз анамызбен бірге көз ілмедік. Алдымен ағам келді үйге. Ол да ауылдың төменгі жағына жоқ іздеп кеткен болатын. Сиырды таппапты. Әбден қалжыраса керек. Жастыққа басы тие сала бірден ұйықтап қалды. Артынша көп ұзамай әкем де келді. Ат тұяғының дүбірімен бірге қара сиырдың мөңіреген даусын естігенде барлығымыз елеңдеп, мәз-мейрам болып қауыштық.
— Қайдан таптың? — деді анам.
— Кең жазықта жалғыз өзі жайылып жүр екен. Қуанып, айдап келе жатқанмын. Бір кезде екі-үш қадамдай жерде бірдеңе жылтылдайды. Мен оған қарай жүрсем, ол әрі қашады. Мен қуа бердім, ол қаша берді, - деп әкем қызу әңгіме бастады.
Анам салған жерден: «Жомарт, сен көшпелі алтынға кезіккенсің ғой. Қап-ай, қолыңды кездігіңмен тіліп қанатып жіберіп, алтынды ұстап қалмадың ба? Көшпелі алтын да азаматтың адалына жолығады деуші еді бұрын әжем жарықтық. Сен де тегін емессің ғой. Бірақ ол неге мола жаққа қарай жылжыды екен? Жаман ырым ғой, құрысын. Қуа бермегенің де жақсы болыпты. Қу дүниенің соңына кім жете алған дейсің.?!» деді анам. Алдыңғы айтқан ойынан біртүрлі өзі де үрейленіп кеткендей, өңі бозарып, қуарып кетті демде.
«Жоға, онда қайдағы алтын?! Әлде... Алтынқазған былтырғы Наурыз мерекесінде тіккен киіз үйді жыққанда бірнәрсе түскен болар. Темірдің өзі Алтынқазғанға түскен соң алтынға айналып кетті ме екен», деп әкем сөзінің соңын әзілге бұрып далаға қарай беттеген. Іле табалдырыққа жетпей, кері оралды. «Сенің сөзіңнің жаны бар-ау. Қалай ойыма келмеген ел аузында қалған Алтынқазған, «Құлқынбектің қырғыны» ше? Бала күнімде біздің үй де сол тұста болатын. Бірақ бізге де «Құлқынбектің қырғыны» әсер етіп, осы аймаққа көшіп кеткенбіз. Талай сол жерде асық ойнап жүгіріп едім. Бабалардан қалған мұра маған белгі бергені ма, сонда?!».
Әкем терең ойға батты... Анам әлі де болса алтынды қимаған сыңай танытып: «Қап, алтыннан айырылғанымыз-ай, әшейінде үйге қайтар жолды жазбай танитын қара сиырды бүгін сонда Құдай айдап апарған ғой. Бір күнде бақ-дәулетті болып шыға келер едік», деді сөзінің әзілге бұрып. Қиял шіркін жүйрік қой, ол алтынды миллиардтарға, миллиондарға шағып, өз ойымен біраз мемлекеттерге де барып қайтты. Анамның сөзіне не қосып-аларын білмей, үнсіз отырған әкем сәлден соң: «Алтынқазған қазір осы дүйім жұрттың рухани қазынасы. Сайын даланың төсі екі-күннің бірінде думанды ән мен жырға бөленіп жатады. Одан артық бақыт жоқ.Тәуелсіздікпен қайта түлеген салт-дәстүріміз ұрпақтан-ұрпаққа жоғалмай жетсе, байлық деген сол емес пе?!» деді өз-өзін жұбатқандай күбірлеп. Осы әңгімеден соң сол даланың сырын әкемнен толық сұрап білуге асығып, таң атқанша дөңбекшіп шықтым. Таңғы шайда Алтынқазғанға қайта оралдық...
* * *
Құлқынбек түн жарымда ұйқысынан шошып оянды. Сұлу күйеуінің бұл әдетіне үйреніп қалғалы қашан. Мойнын бұрып қарамады да көрпесін қымтай жамылып, қорылын үдетті. Құлқынбек жайлап басып далаға шықты. Жаздың түні тып-тыныш. Ылдида қалған ауыл тегіс ұйқыда. Таудың самал желі денесін түршіктірді. Ол бар сырын ішіне бүккен жазық далаға мелшиіп тұрып ұза-а-ақ қарады...
Ауылдан жырақ кетіп, осы аймаққа жападан жалғыз үй тұрғызғалы көңілі әлденеге үнемі албұртып тұратын болған. Өйткені, ол «жоқ» іздеуші еді. Арнайы жоғалтқан түгі де жоқ. Бірақ бұл мекенде патша өкіметі тұсында бір бай атбасындай алтын көміпті дегенді атасы Сарбастан бала күнінен естіп өскен. Атасы өмірден озарда: «Менің айтқан дерегім аңыз емес, ақиқат. Түбі сол жазыққа барып тұр. Соны іздеп тап», деп аманаттаған-ды. Зейнет жасына дейін совхоз директоры болған Алтынбек кезінде осы жерді өз атына жаздырып та алған болатын. Оның бұл ісіне ашуланған ауыл халқы: «Бұған бүкіл аймақтың кең жазығы жетпеді-ау» деп кіжінген. Содан бері Алтынбекті жұрт Құлқынбек атап кеткен.
«Неге өйттінің» байыбына барып жатқан ол жоқ. Біреумен таныса қалса, азан шақырып қойған шын есімін емес, жолдан қосылған жанама ныспысын айтуға бейіл. Дөрекілігі өз алдына, ашкөз, көрсеқызарлығы тағы бар. «Бітті! Ертең бүкіл техниканы осында жұмылдырып, жердің астын-үстіне шығарып қопартамын. Мазамды алып бітті. Табамын сол қазынаны» деді өз-өзіне серт беріп. Сол түні ол таң бозарып атқанша үйіне мың кіріп, мың шығып «құпия» далаға телміріп қараудан бір сәтте жалықпады. Ертеңмен орталыққа барып жер қазатын бес техника алып келді. Бес жігіттің ас-ауқатын жылы жұмсағын қамдап қойды, қас қарайғанша осы жерді қазуды тапсырды. Ақысын екі есе төлейтінін де ескертті. Жігіттер жанталасып, Құлқынбектің үйі тұрған кең жазықты алқапты кешке дейін азан-қазан етті. Жартысына тақағанда жаздың ең ұзақ күнінің өзі ұясына тегіс батып, түн қараңғылығы түнек тартқан.
Төрт жігіт үйлеріне қайтты да, араларындағы Мейірқұл есімді тракторшы Құлқынбектен қосымша ақы төлесе, айдың жарығымен де біраз жұмыс жасауға ниетті екенін жеткізді. Бұл ұсынысқа Құлекең бірден қуана келіскен. Кешкі тамақтан соң Мейірқұл трактор рөліне қайта отырды. Ұзақ түн, дала күндізгідей ми қайнатар емес, өте салқын, баяу ескен самал жел. «Күндізгіге қарағанда түнде жұмыс өнімді болатын секілді» деп ойлап, жерді қаза бастады. Түн ортасынан ауған шақ. Трактордың дүрсілінен басы шыңылдап, өзі де әбден қалжырап, титықтаған Мейірқұл жазықтың тау жақ шетіне таман барып, Құлқынбектің көзінен тасалау болсын деп аз-кем көз шырымын алуға бекінген.
Тоқтай салысымен көзі ілініп кетсе керек. Қанша уақыт ұйықтағаны белгісіз. Кенет маңдайынан біреу нұқығандай болып, шошып оянды. Көзін ашса, қасында әппақ киінген, әппақ қудай сақалы белуардан асқан бір қаусаған шал отыр бетіне бажырайып қарап. Ай сүттей жарық еді. Әлгінің көзі шоқтай жанып тұр. О, тоба! Мейірқұл қорыққаннан үні шықпай, көзін қайта-қайта жұмып ашып, тілін кәлимаға келтіріп зәресі ұшып барады. Шалдың жағасына жармасайын десе, аяқ-қолы дәрменсіз, біртүрлі жансызданып қалған ба, икемге келер емес. Неде болса көзін тарс жұмып жата берді. «Бұл киелі жер, қазбай жайына қалдырыңдар. Қазына бұл маңнан көшіп кеткен» деген әлгі шалдың дауысын анық естіді Мейірқұл. Сөйлеп отырған жын ба, пері ме, сайтан ба көзін ашып, анықтап көруге батылы бармады.
Бұл кезде таң да бозарып атқан. Мейірқұл терең ойға батты. Қазынасы несі? Құлқын мұнда егін егемін деп еді ғой. Борпылдаған қара топырақ бау бақашаға өте қолайлы деген. «Еее, ендеше халықтан жасырған бірі сыры болды ғой» деді, өзінеөзі тіл қатып. Түскі аста Мейірқұл көрген-білгенін Құлқынбек пен қатарластарына айтып еді, «қиялисың», «жын соққан», «арқалысың» деген мазаққа қалды.
Көргеніне ешкім сенбеді. Тек ауылдағы үлкен қариялар ол мекеннің алтынға қатысты құпиясын барын айтты. Соны айтамын деп Құлқынбекпен бірнеше мәрте сөзге де келіп қалған. Құлқынбек оған «мен сені ауылдан қуып жіберемін, жайыңа жүр» деп талай қоқан-лоққы да көрсетті. Мейірқұл түсінде әлгі шалды екінші рет көрді. Аққұба шал тағы да: «Ол жазықтың ешқандай жазығы жоқ, қазбаңдар! Ол жердегі алтын баяғыда көшіп кеткен. Байлық адамзатқа ешқашан опа әпермейді» деді. Мейірқұл соңғы кезде елірме дертке шалдықты. Құлағында өзі көрген ақ киімді шалдың сөзі дамылсыз жаңғырып тұрады, бейнесі көзалдынан кетпей, адам көрсе үркетін күйге түсті. Жұрт оны арқалы, ауру болыпты десті... Құлқынбектің де дәрмені таусылды. Кең жазық даланы бірнеше жыл жұмысшыларды мезі етіп, бет-албатты қазып бітірді. Ақыры соқыр тиын да таппай, ішқұса болып, айықпас белгісіз дертке шалдығып, өмірден озды. Әйелі Сұлу болса, ауылдастарымен жылы қоштасып, ақсақалдардың ақ батасын алып, жалғыз ұлымен қалаға қоныс аударды. Олардың сол сардаладан салған екі бөлмелі үйлері де қараусыз қалған соң тоз-тозы шығып, қабырғалары омырылып құлап, көп ұзамай жермен жексен болды. Теп-тегіс мидай даланы содан бері ауыл жұрты «Алтынқазған» немесе «Құлқынбектің қырғыны» атап кеткен-ді.
* * *
Кең дала төсіндегі той-думанның дүрсілі ауыл шетіндегі біздің үйге де анық естіледі. Ерте тұрған бойда өзімнен бір-екі жас үлкен ағам мен әпкеме ілесіп, үшеуміз «Алтынқазғанға» тартып тұрдық. Алатаудың бөктерінде орналасқан кең жазықты сардалаға сол күні ауылдың еңкейген қартынан, еңбектеген баласына дейін ығы-жығы болып жиналыпты. Киелі мекенде күй күмбірлеп, ән әуелеп, би билеп, көкпар тартылып, сәйгүліктер де сынға түсіп, спорттың сан түрінен жарыс өтіп, мерекенің тамашасын қыздарып берді. «Қайта оралды қазағыма бүгін дәстүрлері...» деп басталатын әннің жаңғыры анадайдан естіліп тұр. Бірқатар ақшаңқан үй қаздай тізіліп, онда әртүрлі дәммен көмкерілген астатөк дастархан жайылып жатыр. Бірнеше жер ошаққа қойылған үлкен қазанға жеңгелеріміз бен апаларымыз наурыз көже қамдауға кірісіпті. Бір жағында ыстық бауырсақтың буы бұрқырап пісіп жатыр.
Ауылдық клубтың меңгерушісі біздің ары-бері жосып жүргенімізді байқап қалып: «Әй, балақалайлар, үлкен сахна жаққа қойылған көрермен үстеліне барып жайғасыңдар, қазір ауылымыздың қазыналы қарты Мейірқұл аталарың сөз сөйлейді» деді. Біздің көшенің аяқ жағында тұратын Мейірқұл атаның ақ батасынсыз бұл ауылдың ешқандай жиын-тойы өтпейтін. Ылғи көзіне қара көзілідірік тағып жүретін Мейірқұл қарт «Алтынқазғанның» тарихы туралы осы жиында да көп сыр шертті.
Қалың көпшіліктің арасынан аталас туыс болып келетін 4-5 жас үлкендігі бар Жанбатыр ағамызды көріп қалдым. Біздің үйдің Алқаракөк атты жүйрік тайын мініп алыпты өзі. Кеше ғана әкемнің ағама: «Ертеңгі наурызда өтетін тай бәйгеге Алқаракөкті қосу керек еді. Бірақ суытып та үлгермедік, өзінің басы қатты екен, мінуге де дұрыстап үйретпедіңдер» деп айтып отырғанын естігенмін. Жанбатырға таңданып қарадым. Ол жымиып бас изеп амандасты да, өзінше кетті. Түске таман күннің көзі жадырай түсті. Бір кезде үлкендердің «тай бәйгесін тамашалайық» деп орындарынан өре түргеліп шеткері жаққа кетіп бара жатқанын көрдім. Алқаракөкті жайдақ мінген Жанбатыр да солай қарай шаба жөнелді. Бір қарасам атты бәйгеге тіркетіп жатыр екен. Мен ішімнен таңданып қалдым. Үйдегілердің бұл істен хабарсыз екені бірден ойыма оралды. Әкем мен анам қалаға қонаққа кеткен. Сонымен тай бәйгесі басталды. Ол аяқталғанша біз қарап тұрмаймыз ғой, басқа шараларды тамашалауға кеттік. Кенет мінбеден жүргізушінің «балаларға арналған жарыс ұйымдастырылады балалар, бері жиналыңдар!» деген даусы естілді. Елеңдеп солай қарай жүгірдік. 100 метрге жүгіруден жарыс болатынын, жүлдеге ақшалай сыйлықтың бар екенін білдім. Ағам мен әпкем мені қайрап-қайрап, жарысқа қосты. Мәрені бірінші болып кестім. «Ой, жарайсың!» деген сөздерден құлағым тұнып, құдды бір олимпиада шыңын бағындырғындай кәдімгідей желпіндім.
Қолыма тиген 1000 теңге жүлденің буы тағы бар. Ол кезде сағыз 5 теңге, коржик 10 теңге, балмұздақ 50 теңге. Ой, бір қарық болатынымызды ойлап үлгердім. Біз осылай мәз-мейрам болып жүріп байқамаған екенбіз. Қарасақ анадайдан, Жанбатыр бізге қол бұлғайды. Өзі бір үлкен тоқтыны өңгеріп алыпты. Сөйтсек, тай жарыста Алқаракөк бірінші келіпті. Қаумаласып тұрғанымызда қасымыздан өтіп бара жатқан үлкендер «Әй, жануар шапты иә. Бас бермеді ғой, шіркін!» деп тамсанып қойды. Біз одан әрі наурызды тамашалаған жоқпыз, шаттанып үйге қарай асықтық. Ертерек үйдегілерге жүлдемізді жария еткіміз келді. Ата-анамызға сүйінші хабарлар жетіп қойса керек. Бізді құшақ жайып қарсы алды. Әкем риза кейіппен: «Биылғы наурыздың чемпиондары Алақаракөк пен Айсәуле» деді. Орынды әзілге үлкендер ду күлді. Мен масаттанып, қалтамда қалған 500 теңгемді әкемнің қолына ұстаттым. Әкем басымнан сипап, маңдайымнан иіскеді. Содан кейін мен мектептің желаяғы атандым.
...Алтынқазғанда жалтылдаған сары алтын сонша жылдан кейін неге көрінді екен?..