Уинстон Черчилль. Жазудың рахаты

ӘДЕБИЕТ
1527

Бұл дүниедегі ең бақытты жандар, жер жүзіндегі жалғыз ғана шынайы бақытты кісілер – тек өз жұмысынан шексіз ләззат ала алатын адамдар болса керек. Бұлардың қарасы көп емес... Ал қаламгерлердің осы санаттағылардың аса маңызды құрамдас бөлігі екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, олар – ең берісі, тіршілік гармониясынан жан қалауын табушылар. 

Уинстон Черчилль

Менің ойымша, бұл дүниеде өзіңнің нағыз бақытыңа айналған, жолына барыңды арнауға татитын жұмыстан артық шаруа болмауға тиіс. Ал, дәл осы өздерінің жасампаз қиялдарының асып-төгілген қуанышынан тірлігінің мағынасын тапқан, бір сағаттық еңбегі бір сағаттық рахатына айналған, сәл танысының өзі, қанша қажеттілігіне қарамастан, мәнсіз бекершілік тәрізденіп, ұзақ демалысы, тіпті, уақытты босқа зая қылу болып сезілетін адамдарды әлдебіреулер қызғанып, күндеп жатса, мен бұған таңданбас едім. Бір адам жазғанының жақсы не жаман, ұзын не қысқалығына қарамастан жазуды жанындай сүйсе, онда ол шығармашылық бақытын сөзсіз сезіне алады. Алдында ақша қардай аппақ қағаз, қолында жүрдек қалам, таза төрт сағат бойы ешкім мазалай алмас оңашада, ертеңгілік күннің шұғыласын жамылып жазуға отыру –бұл енді нағыз керемет! Бұл өмірде жаның қалар жұмысқа өзіңді ұмытып, бар ынтаңмен кірісуден артық арман қылар нәрсе бар ма екен, сірә? Басқа дүниенің бәрі адыра қалсын! 

*   *   *

Ал енді еркіндік туралы айтсақ, ат төбеліндей аз ғана адам еркін болғанда, жазушылар еркін емес пе екен? Азшылық топ алаңсыз болғанда, олар алаңсыз емес пе екен? Олардың өндіріс құралдарының қарапайым һәм арзан болғаны сонша – ешбір айырбас құны қалмаған. Олар қандай бір шикі материалдар үйіндісіне, сезгіш аппараттарға және адам мен хайуанаттардың қызметіне мұқтаж емес. Олар өз кәсіптерінде өздерінен басқа ешкімге де кіріптар емес, сыртқы дүние олар үшін – мәнсіз бос әлем. Мұнда олар кемеліне келген, төрт түлігі сай алып империяның билеушісіне ұқсайды. Ешкім де оның мал-мүлкін тартып ала алмақ емес. Ешбір жан олардың айналымға қосқан жарнасын иелене алмайды. Ешкім де олардың қабілет-қарымын өзінің еркіне қарама-қарсы келетін күреске айдап сала алмайды. Оларды өз таңдауы бойынша бастаған күрестен тоқта да алар пенде жоқ. Олардың қаламы – адамдар мен ұлттарды азаттыққа шақырушы ұлы күш. Олардың санасынан ұшқан еркін сәулелерді қандай сиқыр шынжыр да матап, ешбір кедейшілік тұсап, ешқандай бір кеден бөгеті тоқтата алмайды...

Шығармасының жақсы не жаман болғанына қарамастан хал-қадырынша еңбек етсе, бұл – олар үшін ең үлкен қуаныш. Мен өзімнің орнықсыз әрі ала көңіл саяси өмірімде өзімді «келер күндерде тыныш һәм гүлденген бір елге кері қайтар жолым бар-ау, онда мені ешбір айғай-аттан қуып бара алмайды, ешкім қара тұяғынан хал кеткенде де ауыртпалығын артып, масыл бола алмайды» деген сенім арқылы қайраттандырып отырдым. Ондай кездерде мен, шынында да, өзімнің жазудан жан рахатын ала алатын адам болып туылғаныма шын жүректен риза болдым. Сонымен қабат, мен, ондай шақтарда қайсыбір дәуірде, қайсы бір елде жасаған, қаламның дәл қазіргі даусыз еркіндігін орнықтыру үшін күрескен батыл да жомарт адамдарға мың қайтара алғыс білдірдім.

Ал, ағылшын тілі қандай керемет бейнелеу құралы десеңізші?! Біздің ана тіліміздің байлығы мен қуатында, икемділігі мен тереңдігінде ақ қағазға ештеңені күшті әсерсіз түсіру мүмкін емес. Еш мүмкін емес. Егер қайсыбір ағылшын жазушысы өзінің айтайын дегенін ағылшын тілінде айтып бере алмаса, онда, ашып айту керек, оның айтайын дегені – ешбір арзымас нәрсе.

*   *   *

Қашанда өз биігінде жұмыс істей алған жазушыларды еске алайықшы! Оларда жал табу деген болған емес. Қайсыбір крикетшінің жарыс кезінде нағыз бабында болмай қалуы – бек ықтимал жай. Қайсыбір генералдың шешуші шайқас жүргізетін күні тісі қақсап, не жасағынан жағдай қашуы әбден мүмкін. Енді бір адмиралдың теңізден басы айналатын шығар – ондай-ондай менде де бар болғандықтан, осындай тиімсіз тығырықтардан шығар жолды алдын ала ойлай алғаныма дән ризамын. Карузо, бәлкім, тыныс жолы қабынуынан, ал кейбіреулер жұқпалы тұмаудан азап тартатын болар, танылған шешен үшін ойлауда кемелділік пен мүлтіксіздік аздық етеді. Соған қоса, ол қағылез болуға міндетті. Самдағайлық – ол үшін ең шешуші нәрсе. Лақылдап ақтарылу – әсерлі сөйлеудің бірден-бір өлшемі болып қала бермек. Аталған өзгерістердің жүзеге асуы алдымен сөйлеушіден қалыптасқан ахуал өз ығынан шығып кеткен күнде де өзінің ерекше мезеттегі мүмкіндігін толық аша алуын талап етеді. 

Жазушыларға мұндай талап жоқ, олардың қашан дайын болғанға дейін көп көзіне түспеуге қақы бар. Өздерінің кемеліне келген кездерін дәл басуға жағдайы толық. Өздерінің қайсыбір күнгі келісті бабына ғана тәуелді емес. Олар жиырма күнгі ең жақсы мезеттердің басын қосып, біріктіре алады. Егер олар өздерін толық көрсете алмаса, ақтала алар сылтаулары жоқ. Биіктік – олар үшін үлкен жауапкершілік. Кім екенін ұмыттым, біреудің: «сөз – жалғыз ғана мәңгілік нәрсе», дегені бар. Меніңше, бұл – тамаша айтылған ой. Әлдебір үп еткен тыныспен қосыла шыққан, иесінің құбылмалы қиялының жарқ еткен бір жариясы іспетті жанды сөздің қасында адам қолымен тастан қаланып жасалған, кісінің ақыл-парасатына ең мықты ескерткіш бола алатын керемет берік құрылыстардың өзі шаң-тозаңға айналып, қирап қалатыны рас. Ондай сөздер тарихтың таңбасы, археологияның ғажайыптары, не болмаса, бағзының бағалы мұраларындай шыдамды болмағанымен, жаңа туғандағы қуатты өміршеңдігін мүлтікісіз сақтап, кейде алғаш айтылғанынан әлдеқайда күшейіп, үш мың жылдың иінінен емін-еркін қарғып өтіп, бүгінгі біздің заманымызға да жарық түсіріп тұрады. 

(Ағылшын, 

Нобель сыйлығының иегері)

Аударған: Серік Нұғыман

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...