Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті кеңсесінің құрлымдық бөлімшелерінің басшылары тағайындал...
Жомарт ОСПАН. Қазақстан Әлем чемпионатына қашан қатысады?
Соңғы бір ай ішінде бүкіл әлемнің назары – Парсы шығанағындағы аяққа құсқан астай шағын мемлекет Катарда болды. Осында төрт жылда бір болатын доп додасы – футболдан әлем чемпионаты дүбірлеп өтті. Таяу Шығыста бірінші рет өткізілген бұл айтулы мерекені ұйымдастыруға жер көлемі 11 жарым мың шаршы метрді әзер құрайтын, халқының саны 3 миллионның ар жақ-бер жағы араб елі өзінің соңғы ширек ғасыр уақыт ішінде жүргізген сарабдал саясатының арқасында қол жеткізді. Бүгінде Катар – бір адамға шаққандағы кіріс бойынша әлемдегі ең бай мемлекеттің бірі. Мұнай мен табиғи газдың мол қоры, оны дұрыс игере білу мемлекетті, тарихи өлшеммен қарағанда, шамалы уақыт ішінде бай елдердің қатарынан бір-ақ шығарды. Бұл ел газ, мұнай өнімдерінің табиғи қоры бойынша әлемде үшінші және аталған өнімдердің экспорты бойынша алтыншы орында. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейі – бір адамға шамамен 127,660 АҚШ доллары! Ресми зерттеуге сүйенсек, Катардағы отбасылардың шамамен 14 пайызы миллионер! Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын тусырап жатқан қу медиен дала бүгінде көздің жауын алатын әсем қалаға айналды. Ел астанасы Дохада әлемдік деңгейдегі түрлі мәдени, спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылып тұрады. Елдің бет-беделін танытатын басқа да үлкен форум, симпозиум, т.с.с. өтіп жатады. Бір сөзбен, қоғам өмірінің барлық саласы бойынша жаппай өрлеу бар. Осының барлығы жердің табиғи байлығын елдің дамуы үшін ұтырлы пайдалану, ішкі-сыртқы саясатта, экономикада демократиялық, әділ, ашық бағыт-бағдар ұстанудың нәтижесінде мүмкін болды. Енді, міне, ең бір алпауыт мемлекеттердің ғана шама-шарқы жететін әлем чемпионатын бар сәнімен, сәтті атқарып шықты.
Қаршадайдан қанға сіңген қасиет – қызу қанды жанкүйермін. Бір футбол емес, барлық спорт түрлерін қадағалап отыруға тырысамын. Жаздың басындағы Елена Рыбакина қызымыздың Уимблдондағы жеңісіне қалай қуандық десеңізші?! Бұл бір айды аспанға шығарған емес, аспандағы айды жерге түсіргендей ғажайып оқиға болды, білем. Менің бұл әуестігім, «ермегім» ұлыма да жұққан. Сонау 2013 жылы, сол елде білімін шыңдап жүріп, Америка Құрама Штаттары ашық чемпионатының финалын көру үшін бір аптаға арнайы кешігіп қалып, әйгілі теннисшілер Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичтің ойынын Артур Эш стадионының (Нью-Йорк) төрінен тамашалауының өзі не тұрады?! Біздің түнімен ұйықтамай футбол қарайтын тақуа тірлігімізге күліп жүретін қызым өткенде «Қазақстан әлем чемпионатына қашан қатысады?» деп сұрап қалды.
Әдетте мұндай сауалдарға жеңіл, әзіл-қалжыңмен жауап бере салатын мен тосылып барып: «Шамасы, енді бір 20-30 жыл керек-ау, ондай мерейлі сәтті, сендер болмасаңдар, біз көрмейтін шығармыз!..» дедім. Дегенмен іштей қатты ойланып қалдым. 20-30 жыл... Сонда кем дегенде әлі бес әлем чемпионаты өтуі керек қой. Есіме осыдан отыз шақты жыл бұрын, тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде Елбасының: «Алла жазса, енді бір ширек ғасыр иінінде біз де табиғи ресурстардың, мұнай мен газдың арқасында байып отырған алыс-жақын шет елдердің қатарына жетеміз. Елдің дәулеті артады, жеріміздің, қалаларымыздың сәулеті, сән-салтанаты әлемнің әсем қалаларынан бір де кем болмайды!» деген асқақ сөзі түсті. Ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Не көріп отырмыз? Айтып қоймайтын, атын өзгертуден Гиннестің рекордтар кітабына енген Астана!.. Бей-берекет салынып жатқан қала. Басталып, аяқталмай тұрған құрылыс ғимараттарынан, тұрғын үй кешендерінен көз сүрінеді. Қаланың өзіне тән ортақ архитектуралық ерекшелігі, үндестігі, жүйелілігі жоқ. Қысқартып айтқанда, елімізді жегідей жеп жатқан, көлемі, айсберг сияқты бізге, қара халыққа көрініп тұрған мөлшерінің өзі ақылға симайтын, космостық масштабқа жеткен коррупция – жемқорлықтың нақты көрінісі, символы сияқты елестейді кейде Астана. Бір ғана ЛРТ-нің өзі қаланың сұрқын қаншалықты кетіріп тұр?! Қаланы белінен буып қойған жемқорлықтың жібек белбеуі сияқты.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Біздің жас мемлекетіміздің қақпағы ашылғалы бері, байлық, билік қолымызға тигелі бері жұмыла кіріскеніміз, бар бітіргеніміз осы жемқорлық болды. Дым көрмеген, тексіз біреулер аласапыран кезеңде билік қолға тиген соң, еркіндіктің жөні осы екен деп, елдің ырыс-несібесін аяусыз талан-таражға салуды ғана білді. Қазірде ел көлемінде коррупция жайламаған, оның жылбысқы тамыры жайылмаған бір де бір сала жоқ. Болмаса, бұл күндері, жоғарыда Елбасы айтқандай, әлемнің Катар сияқты қауырт дамыған елдерінің қатарында жүретініміз анық еді.
Көсіліп сөйлеуге, көпіріп мақтануға шеберміз. Бәрін жасап тастадық, бәрі жайнап тұр деп тақылдағанда тіліміз таңдайымызға жабысып қала жаздайды. Тақырып футбол ғой, отыз жылда салғанымыз – жалғыз стадион. Оның өзі әлемдік стандарттарға сай келмейді. Соған енсек футбол қарыштап дамып кете қоятындай, ашылған-жабылғанымызға қарамай, УЕФА-ға да кіріп кеттік. Отыз жылда Месси, Роналду, Неймар, тіпті Шевченко, Аршавин деп ауыз ашпай-ақ қоялық, ана армян Мхитарян, украин Зинченко дәрежесінде, Еуропа деңгейінде доп тебетін бір ойыншы шықпады-ау... Қайдан шықсын, бұл саланы да жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, ала қолдық, ашкөздік, көз бояушылық жайлап алса?!.
Ұлым маған Қазақстан біріншілігінің, премьер-лигасының ойындарын қарауға, тамашалауға «бейресми» тыйым салған. «Әке, ана Еуропа грандтарынан кейін мына топалаңды қалай көресіз? Уақыт шығындап қайтесіз?» дейді. Бір жақын жолдасымның баласы сол премьер-лигада доп тебеді. Соның әредік әңгімесінен, басқа да ақпарат көздерінен хабардармыз, бұл саладағы былық-шылық, берекесіздік жан түршіктіреді, еріксіз жаға ұстатады. Егемендік алғалы бері, етек-жеңімізді жинағалы бері елімізде футбол мен хоккейге мемлекеттік бюджеттен қыруар, қыруар дейміз-ау, орасан зор қаржы бөлініп келеді. Соған орай премьер-лигада ойнайтын футболшылардың айлық ақысы да Еуропа футбол қауымдастығы одағына кіретін елдердің көпшілігінен жоғары. Сондықтан да Еуропада бәсекелестікке жарамайтын елдердің футболшылары біздің елімізге келіп доп тебуге құштар. Біз де оларға келгенде керемет «қонақжаймыз». Сол келіп-кетіп жатқан сансыз легионерлердің қатарынан мына әлем чемпионатында өнер көрсеткен біреу бар ма? Сырттай болсын малданайық. Әлем чемпионаты дейміз-ау, Еуропалық турнирлерде бәсекеге жарайтын бір футболшы жоқ қой. Ал оларды біздің футболымызды дамытуға ықпал етеді деп шақырамыз емес пе? Демек бұл жерде де әлгі жемқорлық деген диагноздың құлағы қылтияды...
Сондай-ақ өзіміздің отандық аяқ доп шеберлері де әлемдік, еуропалық футболға соншалықты құлшынбайды. Қайдан құлшынсын, тамағы тоқ, көйлегі көк болса?! Еуропаға барып, жан алып, жан беріп жүріп тапқан қаржыны елімізде, қосалқы құрамда есінеп отырып-ақ табатын болса арам тер боп қайтеді? Еуропаны қойыңыз, көршілес Ресей елінің футбол командаларына шақырылған бірен-саран ойыншымыздың тұрақтамай қайтып келуінің түп-төркіні де осыған келіп тіреледі.
Қайдағы-жайдағы еске түседі. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын, ғасыр басында Қазақстан футбол федерациясына басшылық қызметке келген бір азамат қуаныш үстінде әй-шәй жоқ алдағы уақытта елімізде әлем чемпионатын өткізуге болады деп қойып қалды. Әлі күнге сол шенеуніктің денсаулығын тексерту керек шығар, тәрізі деп ойлаймын. Әйтпесе, мұндай оспадар, мағынасыз мәлімдеме жасау үшін де үлкен жүрек керек қой!
Мәселен, өз басым Катардың әлем чемпионатын өткізгенін де жөн дей алмаймын. Мұндай ірі турнирді ұйымдастыру үшін елішілік футболдың деңгейі әлемдік футбол державаларымен иық тіресе алмаса да, қарсыласуға жарайтын дәрежеде болуы керек. Ал Катар не істеді? Топтық кезеңдегі үш ойынның үшеуінде де ойсырай жеңіліп, әупірімдеп жүріп бір гол соғып, соған тап бір турнирді жеңгендей мәз болысты. Одан шығатын қорытынды, әлем чемпионатын өткізді екен деп, Катарда күні ертең футбол қарқындап дамып кетеді деуге сену қиын.
Қайсыбір жылы Азиаданың буымен Қазақстан қысқы Олимпиада өткіземіз деп талап қылып, алашапқын болғанымыз да жақсы есте. Меніңше, біз қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге мүлде дайын ел емеспіз. Ия, Медеуіміз бар, Алатау баурайындағы түрлі қысқы спорт кешендері бар, байлық, қаржы жетеді, қосымша үстеп спорт алаңдарын, ғимараттар, самсатып қонақ үйлер, т.с.с. салып, Олимпиада өткізсек өткізерміз-ау. Ал содан турнирді қабылдаушы ел ретінде неше медаль олжалаймыз? Соңғы Олимпиадалардағыдай 1, 1 жарым медаль?!. Олимпиада өткізу үшін ең алдымен қысқы спорт түрлерін дамыту керек, жоғары деңгейге көтеру керек. Дұрыстап шаңғы тебе алмай жүріп, конькиге дұрыс тұра алмай жүріп, хоккейіміздің деңгейі анау, қалай, не бетімізбен Олимпиада өткіземіз?
Айталық, Еуропаның Италия, Франция, Германия секілді азулы мемлекеттері, Скандинавия елдері тұрмақ, Австрия, Голландия сияқты шағын елдерінде, бар-жоғы 150-200 ғана халық тұратын ықшам қалаларының өзінде Олимпиада өткізе беруге болады. Өйткені оларда спорттық инфрақұрылым да, материалдық-техникалық база да әуел бастан дұрыс жолға қойылған. Соған сай қысқы спорт түрлері де кеңінен дамыған. Спортшылары әлемдік деңгейдегі турнирлердің қарын боратып, мұзын тіліп, әспеттеп сурет салып жүр.
Әйгілі Пеленің: «Еліңді әлемге танытқың келсе спортты дамыт!» деген қанатты сөзі бар. Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде төрт жылда бір өтетін спорт мерекесі – олимпия ойындарында еліміздің абыройын негізінен былғары қолғап шеберлері мен палуандарымыз, ауыр атлеттеріміз қорғап келеді әзірге. Басқа, командалық спорт түрлері мүлде кенжелеп қалған. Нөмірі бірінші спорт түр саналатын футболды дамыту үшін көп нәрсені, әлде бұл саладағы барлық саясатты қайта қарастырған жөн. Жыл сайын мемлекет қоржынынан бөлініп келе жатқан, астрономиялық сандармен өлшенетін қаржыны сүреңсіз ойын көрсетуден жаңылмайтын футболшыларымыздың, федерацияның төңірегінде жүрген шенеуніктердің қалтасын толтыруға есепсіз жұмсауды доғарып, футбол стадиондарын, алаңдарын салуға, спорт клубтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағыттау керек. Әлбетте, бұл айтылмай жүрген сөз емес. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас...» «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды...» Дегенмен «үміт ең соңынан өледі». Жаңа Қазақстан деп жатырмыз, бәлкім бұл салада да үлкен өзгерістер қолға алынар. Сонда біздің балаларымыз ғана емес, өзіміз де Қазақстан әлем чемпионатына қатысатын тарихи күнді көріп қалармыз, мүмкін!..
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Астана