8- маусым күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында М.Әуезовтың 125 жылдық мерейт...
Мұхтар Бақтыгереев – сахна дүлдүлі
Биыл Қазақстанның халық артисі, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі болған сахна саңлағы Мұхтар Бақтыгереевтің туғанына – 90 жыл!
Театр сыншысы, көрнекті ғалым Әшірбек Сығайдың актер туралы толғаныс-жазбасының өзі шығармашылығына берілген ең жоғары баға десек болады:
«Мұхтар Бақтыгереев – кесек тұлға! Әлеуметті, арқалы актер. Ішкі қуаты серпінді сахнагер. Бір қараған кісіге сырт келбеті көп сыр шаша бермейтін. Пішімі нобайы болмысы пәлендей келісті болмағаны рас. Жүріс-тұрысы апай-шопайлау, қайсыбір мінездері дөрекілеу көрінері де шындық еді. Бірақ сахнадағы Мұхаң жібектей жұмсақ мақтадай мамық дерсіз. Оның сәбидей таза кіршіксіз көңілі мөп-мөлдір жылы жымиысы риясыз көркем күлкісі тартымды еді. Әдемі еді, әсем еді».
Мұхтар Бақтыгереев – 1933 жылы Атырау қаласында (қазіргі Гурьев) өмірге келген. Өзінің өнердегі ең алғашқы қадамын 1948 жылы Гурьевтегі облысаралық музыкалық театрдан бастады. Бала күнінен театрға ғашық болған Мұхтар Бақтыгереев күн сайын өнер ордасына келіп, кейде рұқсатпен, кейде түрлі қулық ұйымдастырып рұқсатсыз де ішке өтіп кетіп жүрген. Қайсар балақайды Атырау театрының билет тексерушілері жақсы танып алады. Үйренісе келе олар бала Мұхтарды түрлі жұмыстарға жұмсай бастайды – афиша ілдіреді, басқа да ұсақ тапсырмалар міндеттейді. Есесіне, күн сайын спектакльге тегін кіруге мүмкіндік береді. Бірте-бірте ұжымның өз адамындай боп кеткен жасөспірім егер әлдебір себеппен театрға келмей қалса, ондағылар кәдімгіде» мазасызданып іздейтін жайға жеткен. 15 жасқа толғанда, жас баланың өнерге іңкәрлігін байқаған Атырау облыстық драма театрының директоры Мұхтарды жұмысқа алады. Алдымен сахнадағы декорацияларды жасайтын қарапайым жұмысшы боп орналасып, сосын адам жетіспеушілігіне орай көпшілік көріністерге қатысып, сахнаға шыға бастайды. Ақыры оның актерлік қабілетін көре білген театр жетекшілері оған елеулі рөлдер бере бастаған.
1951 жылы «Жас Абай» спектаклінде Құнанбайдың образын сомдаудағы шеберлігін көрген әйгілі режиссер Асқар Тоқпанов жас талантты Алматыға шақырады. Өзінің дарынын шыңдау барысында өнер ордасы – Алматыға келіп, Асқар Тоқпановтың көмегімен өнер училищесінің үшінші курсына оқуға алынады. Осылайша Мұхтар Бақтыгереевтің шығармашылық өмірі бастау алады.
1956 жылы театр училищесін бітірген соң, балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа тұрып, 40 жылдан астам уақыт бойы сол ұжымда еңбек етті. Актердің театр сахнасындағы образдар галереясы да жан-жақты: Ж.Жұмахановтың «Қарагөз қарындасымында» – Ақын, Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниында» – Асанбай, Б.Майлиннің «Шұғасында» – Қарасай, И.Байзақовтың «Ақбөпесінде» – Құдияр, Н.Хикметтің «Әпендесінде» – Нұри, Р.Ғамзатовтың «Тау қызында» – Осман, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Дәруіш, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Клавдий, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері Ақтоқтысында» – Науан хазірет.
Театрдағы рөлдерінен тыс кинофильмдерге де түсе бастайды. Қырғызстан мен Қазақстан кинематографистері бірлесіп түсірген «Алыстағы тауда» Құлтемір бейнесін, М.Бегалиннің «Шұғыла» фильмінде, сондай-ақ «Шабандоз қыз», «Ұлым меніңде» Есен бейнесін, «Тыныштықта» Нартай, «Ақ шаршы алаңда» жаттықтырушы Жұмекен бейнесін, және тағы басқа бейнелерді сәтті сомдаған. 1960-1975-ші жылдар аралығын танымал актердің сахна өнерінде әбден толысып, қалыптасып, өз шеберлігінің нағыз биігіне шыққан кезеңі деуге болады. Сол жылдары ол табиғаты жөнінде әрқилы болып келетін сан бейнелерді сомдап, өмірге келтірді. «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы – Науан Хазірет рөлін керемет сомдап шыққан.
Мұхтар Бақтыгереев контрастық ыңғайда шеберлік танытар аса ізденгіш суреткер еді. Бір қаһарманның екіншісіне ұқсап кетуі – ол үшін сұмдық көрінгені өз кезеңінің еш қоспасыз таза шындығы еді. Актер жайлы әріптестері де сағына сөз қозғап, сахнадағы сан қырлы бейнесін еске алады:
«Қаракөз қарындасым» атты қойылымда мүлдем сыршыл да ойшыл, лирикалық нәзік жанның жұмсақ жүрегін аңғарғанымыз жалған емес. Актердің әнді бар жан-жүрегімен беріліп айтар табиғилығына айрықша әсерленгенбіз. Тек Бақтыгереевке ғана тән әдемі жымиыс пен әсем күлкі залда отырғандарды ерекше бір көңіл-күйге бөлейтін. Ол өз рөлдерін жағымды жағымсыз деп топтап жатпайтын, «мынау ақ, мынау қара» деп тағы жіктемейтін. Ақ бояу, қара бояу деп ара жігін ажыратпай, бір кейіпкердің жан дүниесінен сан алуан ішкі ырғақ сан салалы нақыш іздестіретін. Және оны таба да білетін «Арманым Әселімдегі» Ілиясты, «Гамлеттегі» Клавдийді еске түсіріңіз. «Жас Абайдағы» ұлы Шәкен Аймановпен бірге Құнанбай мінез-құлқын қосыла іздескен ғажап та қимас сәттері бұл күнде театр тарихының мазмұнды беттеріне айналады».
Мұхтар Бақтыгереев Қазақстан мен Орта Азияның кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ол ұзын-ырғасы алпыстан астам көркем фильмдерге түсті. Телефильм, радио-пьеса саласында сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Киноға түсіп қана коймай, оны орыс тілінен аударып, оқып жеткізіп жүрген. Теледидардың құлағын бұрадың-ақ, өзіңе етене таныс актердің жағымды үні жаныңды ерекіпе бір рахатқа енгізгендей күйге түсіреді. Оның даусын сан дыбыстан айырып алмас адам жоқ. Өйткені, ол қазақ радиосы мен ұлттық теледидардан жиі тіл қатады, сыр шертеді, ой толғайды, қиял қозғайды.
Үлкен суреткерлік, дарқан шеберлік — шынайы адамгершіліктен, биік азамат-тықтан ғана туады. Аңқылдаған ашық мінезді, кей кездері дүр етіп басыла кояр қызба мінезі бар, кісілік жолын, адалдық жөнін жүрегіне терең ұялатқан Мұхтар Бақтыгереев үлгі-өнегесі балалар мен жасөспірімдер театры ұжымының да мақтанышы болған дейміз.
Бақтыгереев өзінің театр өнеріндегі 45 жылдай уақыт шығармашылық өмірінде 100-ден аса сахналық рольдерді сәтті ойнап, барлығын да келістіре орындап шыққан қарымды артист ретінде таныла білді. Үлкен өнер иесіне 1965-ші жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» 1984-ші жылы М.Әуезовтың «Алуа» (реж.Р.Сейтметов) пьесасы бойынша түзілген қойылымда – Доғал рөлі үшін, «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» және 1993-ші жылы «Қазақстан Республикасының халық артисі» атақтары берілді. 1992-ші жылы Ғ.Мүсреповтің 90 жылдық мерейтойына арналған Республикалық театр фестивалінде «Ең үздік ер адам» мараптына ие болған актер еңбегі әлі жадымызда.
Актер 1999 жылдың жазында қайтыс болды. Содан бірнеше ай ғана бұрын шыққан соңғы сұхбаттарының бірінде, ол: «Әрбір сахна адамы сомдайтын образын алдымен жан-жүрегінен өткізіп, кейіпкерінің мінезін ұғып, болмысын танып, сосын барып сахнаға алып шығуы керек. Сонда ғана ол бейненің шынайы табиғатын ашады. Сол арқылы көрермен санасына, адам жандүниесіне әсер етеді. Өнердің басты мұраты да осы емес пе? Мен қашанда осы қағиданы ұстандым. Демек, өмірімді өнерге бекерден-бекер арнамаған болсам керек», – деп еді.
Бұл сөздер Мұхтар Бақтыгереевтің актерлік кредосын, кәсібіне шын берілген майталман екенін аңғартады. Кеудесі – алтын сандық, ойы – ұшқыр, шығармашылық ізденіске бай алымды өнерпаздың өмір жолы да, өнер соқпағы да өзінен кейінгілерге үлкен сабақ.
Мұхтар Меруерт
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» факультетінің 4 курс студенті
Мәдениет порталы