Қарағанды – талай талант пен дарындардың кіндігін кесіп, томағасын сыпырған, қазақ үшін құт да...
Тайқазан құйылған ауылда мыңжылдық тұт ағашы бүр жарды
Түркістан облысында Қарнақ атты ауыл бар. Қаратаудың баурайында орналасқан шағын елді мекеннің тарихы терең. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған тайқазан құйылған. Қарнақ медреселерінде есімдері елге етене таныс ойшылдар Шәді Төре, Жаяу Мұса, Шортанбай Қанайұлы және Мұхтар Әуезовтің атасы Бердіқожа секілді көптеген ұлт зиялылары білім алған.
Қарнақ – Түркістан облысындағы Кентау қаласынан 14 шақырым батыста, Түркістан қаласынан 25 шақырым солтүстікте орналасқан тарихи ауыл. Бүгiнде мұнда он бес мыңнан астам халық тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Жергiлiктi тұрғындар негiзiнен егiн шаруашылығымен айналысады. Шаруалар мақта, күздiк бидай, жүгерi, картоп, жүзiм мақсары, жоңышқа және өзге де бақша өнiмдерiн өсiрiп, қасындағы қос қаланы көкөнiспен қамтамасыз етiп отыр. Жақын маңда орналасқан Түркiстан мен Кентау қалаларына күнделiктi барып-келiп жұмыс iстейтiн қызметкерлер де бар.
Қарнаққа кіре-беріс тұста биікте орналасқан 3 мың орындық мешіт көзге бірден түседі. Ғибадат үйін ауыл тұрғындары асарлатып салыпты. Құрылыс жұмыстарына Шымкент, Астана, Алматы, Ташкент, Мәскеу қалаларында тұрып жатқан қарнақтықтар да үлестерін қосқан.
Ал, тайқазан құйылған орын ауылдың орталығында орналасқан. Үлкен төбешек болып қалған жер археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге сұранып-ақ тұр. Қазіргі таңда бұл орын тарихи-мәдени нысан ретінде қорғауға алынған. Бұл туралы Қарнақ ауылын 10 жыл басқарған Мамыржан Юлдашев есімді азамат кең көлемде айтып берді.
«Ертеректе Қарнақта металл өңдеу ісі негізгі кәсіптің бірі болған. Әзірет Сұлтан кесенесіне Әмір Темір сыйға тартқан, аңызға айналған алып тайқазан осы Қарнақта шебер Абдулазиз Табризий әулетінің қолымен құйылған. Біз үшін бұл – мақтаныш. Тайқазанға сирек кездесетін жеті түрлі металдың қоспасы қолданылыпты. Олардың ішінде мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір бар. Алып қазанды құю ісі арнайы жобамен жүзеге асқан. Қазанның бөліктері қалыптарда жеке-жеке құйылып, соңынан құрастырылған. Қазанды дайындауда сол заманға тән өзіндік ерекшелігі бар басқа да озық технологиялар қолданылғаны сөзсіз», - дейді Мамыржан Юлдашев.
Жалпы, Қарнақ ауылы ілгеріден білім мен ғылымның орталығы болған. Мұндағы медреселерде есімдері ел-жұртына етене таныс Шәді Төре, Жаяу Мұса, Шортанбай Қанайұлы және Мұхтар Әуезовтың атасы Бердіқожа секілді ойшылдар білім алған. Ал, бергі жылдары бір ғана шағын ауылдан 3 академик, 15 ғылым докторы, 50-ден астам ғылым кандидаты шыққан.
«ХХ ғасырдың басында Қарнақта «Халфе», «Шахмұхамед ишан», «Молда Хашыр дамолла», «Әбілхайыр қазы» атты 4 медресе болған. Бір айта кетерлігі, сол сәтте Орталық Азияда Қарнақтан бөлек 4 медреселі қала болмаған. Сондықтан, Қарнақ ағарту орталығы ретінде танымалдылығы арта түскен. Медреселер ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін жұмыс істеген. Оны бітіргендердің білім деңгейі Бұхара, Самарқанд қалаларындағы медреселердің шәкірттерінен кем болмаған», - дейді ол.
Қазір Қарнақтағы медреселердің орны ғана қалған. Тіпті бұзылып, орнына дүкен салынып кеткен. Тек, Шаммат-Ишан (Шамухаммад-Ишан) медресесі ғана музей ретінде сақталып тұр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, алғаш бұл жер қорым, мешіт, ал кейіннен медресе болыпты. Балалардың сауат ашуы 1917 жылға дейін жалғасқан. Сол жылдан бастап ғимарат жетім балалар үйіне беріліп, 1928 жылға дейін пайдаланылған. Ғимарат кейінгі жылдары қараусыз қалып кеткен. Содан 2005 жылы мұражай болып қайта ашылды.
«Қазіргі мұражайдың жалпы алаңы – 320 шаршы метр. Мұражай 26 бөлмеден тұрады. Қабылдау бөлмесі, қор сақтаушы бөлмесі, жәдігерлер тұратын бөлмелер, үлкен ақсарай және кіші ақсарайлардан және жер асты қылует. Бүгінге жеткен құнды дүниелердің көбі орта ғасырлар және жаңа кезең тарихынан сыр шертеді. Мұражайдағы жәдігерлердің 80 пайызына жуығы – қолөнер туындылары. Сонымен қатар, өте бағалы деп саналатын көне кітаптар да қорда сақтаулы», - дейді музей директоры Мырза Мирзаев.
Түркістан облысындағы 1000 жылдық тұт ағашы осы Қарнақ ауылында өсіп тұр. Ағаштың түбі қурап кеткенімен, төбесіндегі бұталары бүгінде жапырақ ашып, көгере бастады.
Жергілікті тұрғындар оны «Мәжарат тұт» деп атайды. Биіктігі 8-9 метр болатын ағашқа 6 адамның құшағы әзер жетеді.
«Жалпы, бұл ағаш туралы бірнеше аңыз-әпсана бар. Соның бірінде VІІІ ғасырда Ислам дінін Орта Азия елдеріне таратуға келген араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим отырғызғаны айтылады. Ал, екінші нұсқада Имам Бахли есімді діндар кісі жылқы байлау үшін жерге қаққан ағаш көгеріп, өсіп шыққан деген дерек бар. Ал, кей әпсаналарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары осы маңнан өткенде бұлақ басына тіреп қойған аса таяғы қалып кеткен деседі», - дейді шырақшы Абдулатип Смайлов.
Қазір ағаштың түбірі қурап кетсе де, шыбықтары көгеріп, жапырақ ашып тұр. Ал, ортасы үшке бөлінген. Ауыр тартқан бөліктерін тұрғындар арнайы ағаштармен тіреп қойыпты. Соңғы кезде алып ағашты көру үшін еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келетіндер көбейген. Тіпті, шет елден келіп жатқандар да бар. Баршасы тұт ағашының басында құран оқып, тілек тілейді.
Абдулатип Смайловтың айтуынша, ауылда мұндай тарихи үш тұт ағашы болған. Екеуін ауыл балалары ойнап жүріп, өртеп жіберіпті. Ал, үшіншісін жергілікті тұрғындар қамқорлыққа алып, қоршап қойған. Арнайы құдық қазып, арық тартқан.
«Көптеген жыл бойы суарылмай қалды. Содан қурап кеткен болатын. Қазір су келіп тұр. Жиі-жиі суарамыз. Бүр жарып, көк ала бастағанын көріп, қуанып жүрміз. Бұл да бір жақсылықтың нышаны болар», - дейді ол.