Қарағанды гастрольмен келетін «Астана Опера» әртістерін қарсы алады

ТЕАТР
740

27 мамырда Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залының сахнасында өтетін гастрольге опера труппасының солистері мен хор әртістері қызу дайындық үстінде. Талғампаз көрерменге көрнекті гала-бағдарлама мен С.Рахманиновтың «Алеко» операсының концерттік орындауы даярланды. Музыка кешінде өнер көрсететін әртістерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Петр Грибановтың жетекшілігімен Еркеғали Рахмадиев атындағы Қарағанды академиялық симфониялық оркестрі сүйемелдейді. 


- Театрдың мерейлі оныншы маусымы опера труппасы үшін жемісті өтуде. Әртістер отандық және шетел сахналарында жеке өнер көрсетті. Мәселен, Медет Чотабаев жуырда Еуропада болып келсе, Салтанат Ахметова мен Талғат Мұсабаев Италияда ән әуелетті. Сондай-ақ осы жылдың сәуірінде опера труппасының тағы бірнеше әртісі Қазақстанның түрлі қалаларында тамаша концерттік бағдарламалармен театрымызды паш етті. Қарағандыға биыл бірінші рет барғалы жатырмыз. Осы орайда айтарым – қарағандылық көрермендердің талғамы өте биік. Бұл қала мәдени өңірлердің алдыңғы шебінен әлдеқашан орын алып қойған, мұнда театрлар, музыка училищелері, мамандандырылған мектептер, көптеген концерт залдары бар. Солардың бірі – біз өнер көрсететін «Шалқыма» концерт залы, оның акустикасы өте керемет, – деді «Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Атап өту керек, Гала-концертте сахна саңлақтары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Жамиля Жарқымбаева, Гүлжанат Сапақова, Азамат Жылтыркөзов, Мейір Байнеш, солистер Әсем Сембина, Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан мен Нарұл Тойкеновтер, Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірті Дінмұхамед Көшкінбаев әйгілі опералардан үзінділер мен арияларды жеке және дуэт болып шырқайды. Сондай-ақ труппа көрерменге С.Рахманиновтың «Алеко» операсының концерттік орындауын ұсынады. Оның премьерасы жуырда ғана «Астана Операның» Мәрмәр залында «Рахманинов трибьют» фестивалі аясында өткен болатын. Бүкіл әлемде С.Рахманиновтың 150 жылдық мерейтойы тойлануда, соған орай Ташкентте осы айда «Рахманинов көктемі» халықаралық музыка өнері фестивалі кеңінен аталып өтіп, танымал қазақстандық баритон Азамат Жылтыркөзөв Өзбекстан Републикасының еңбек сіңірген әртісі, пианист Мадина Файзиевамен бірге «Романспен кездесу» атты жеке концертін орындады. 


Әртістер алдағы концертке өз жанкүйерлері зор ықыласпен келеді деген үмітте. 

- Біз қарағандылық көрермендермен өте жақсы таныспыз, әрқашан бізді ыстық ықыласпен қарсы алады. Менің ойымша, біз де, әртістер, тыңдарман қауым да бір-бірімізді сағындық, сондықтан да болар ол жаққа қуанышты көңіл-күймен бара жатырмыз. Гала-концерт бағдарламасы көрерменнің қызығушылығын тудырып, осы сапардан жақсы әсермен ораламыз деген үміттемін. «Астана Опера» ұжымы дирижер Петр Грибановты және ол жетекшілік ететін оркестрді өте жақсы таниды. Бұл мол тәжірибесі бар кәсіби оркестр, бұған дейін біз тұтас спектакльде бірге өнер көрсеттік. Шығармашылық коллаборация әрдайым пайдалы, мұндай өзара алмасу біз үшін аса маңызды әрі құнды, – деп операның жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова өз ойын жеткізді. 

Қарағандыдағы гастрольдік сапардан кейін «Астана Операның» опера труппасын өз театрының сахнасында бірден Ц.Кюидің балаларға арналған «Етік киген мысық» опералық спектаклінің тұсаукесері күтеді. Сонымен қатар, әртістер театрдың К.Байсейітова атындағы Камералық залында әйгілі композиторлардың мерейтойларына орай өтетін концерттерге дайындалуда.    

Ұжым оныншы мерейтойлық маусымда талғампаз қауымды көптеген тың дүниелермен қуантып жатқанын атап өту қажет. Өткен жылдың желтоқсан айында Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы қарсаңында Б. Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» ұлттық спектаклінің премьерасын тарту етсе, ал биыл С.Рахманиновтың 150 жылдығына орай опера труппасы композитордың «Алеко» операсын алғаш рет орындады. Көрермендердің толассыз қошеметі мен әлеуметтік желілерде қалдырған оң пікірлері қойылымдардың ең жоғары деңгейде өтіп жатқанын дәлелдейді. Бұдан бөлек, «Астана Опера» әртістері гастрольдік сапарларын жалғастырып, түрлі сахналарда асқақ өнер жанашырларын қуантуда. Олар кең байтақ өлкеміздің түкпір-түкпірінде сұранысқа ие әрі сүйікті ұжым болып қала бермек.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...