«Қазақ халқы әлемде бірінші болып жазу ойлап тапқан халық», – дейді абайтанушы ғал...
Балапан Рабатов. Мақпал-ау, Мақпал
Менің білуімше, естелік немесе эссе жанрының құны мен қымбаты ондағы басты обьекті мен уақытқа байланысты секілді. Өйткені, басты обьекті елге танымал адам, әлде дабыралы оқиға болған сайын уақыт жағынан арыға, өткен күндер қойнауына бойлаған сайын, бұл жазбалар тіпті де қызықты да тартымды шығатын көрінеді. Десе де, осы болжамдар үшін бодау беруге тура келеді. Ол бодау естен кетпес есімдер мен елеулі оқиғалар үшін шығын боп жатса оған өкінудің орны жоқ.
Асқар Алатаудың етегінен еркелеп көтерілген ән әуені, талғар Тянь-Шань тауларын көктей өтіп, Ұлы қорғанмен ұласып жатыр. Қарлығаштай қалықтаған ән қанатында көктемнің леіб, достықтың дәйегі, махаббаттың мәйегі бар еді. Ол бірде «аққу» болып айдынға жуынса, бірде «әгугай домбыра» болып күмбірлейді. Бірде «өмір» философиясын термелесе, кейде «бір ауыз сөздің» қадір-қымбатын зерделейді. Мейлі ол эстрада немесе домбыраның сүйемелімен орындалсын, оның әсем де әуезді үнінен сөз бен әуеннің, текст пен мелодияның жігі ажырамастай керемет көркем кестесі көздің жауын алып, құлақ құрышын қандырады. Ол ешқашан жалаң орындаушы ғана болған жоқ, шын мәніндегі әнші бола білді. Сондықтан да, ән мен Мақпал, Мақпал мен ән басыбүтін нәрсеге айналып кетті. Мен Мақпал Жүнісовамен жолым болып Бейжіңде кездестім. Оның жөні былай болды: «Өнер өлкесінде» атты музыкалық бағдарламаның кезекті нөмірін әзірлеу маған жүктелген болатын. Әдетте авторлармен аралық шалғай, ұлттық өнер саласымен барыс-келісіміз шекті болғандықтан, бағдарламаға қатысты материалдарды газет-журналдардан үзіп-жүліп пайдалануға тура келетін. «Мақпал Бейжіңге келіпті» деген хабар таралысымен-ақ менде тыным болған жоқ. Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі арқылы Мақпал түскен қонақ үй мен пәтер нөмірін біліп алдым да, төте телефон соқтым. Қарсы жақтан «алло» деген биязы үн бірден құлағыма келді.
- Мақпал Жүнісова боласыз ба?
- Иә...
Сонымен, мен өзімді, қызмет орнымды таныстырып, шаруамды айттым. Ол аз-кем үнсіздіктен кейін:
- Ертең сағат 9-дан 10-ға дейін боспын. Сол аралықта келіңіз, келістік қой?,- деді.
- Жарайды! – деп трупканы қойдым.
Ертесі сағат 9-дан ширек минут өткенде Бейжің қонақ үйінің 3115-нөмірлі есігін еппен қақтым. Сәлден соң «рұқсат» деген үн естілді. Ішке енгенімде «Келдіңіз бе?» - деді Мақпал.
Түскен үйі екі бөлмелі, кең тынысты пәтер екен. «Шекті уақытты ұтымды пайдаланып қалайын» деген оймен магнитофонды ток көзіне қосып, алдын-ала әзірлеп алған сұхбат сұрауларын ыңғайлай бастадым.
Мақпал ішкі бөлмеден бір стакан шай мен түрлі жеміс-жидектерді аласа қоңыр үстелге әкеліп тізді де, өзі қасындағы орынға жайғасты.
«Мың естігеннен бір көрген артық» деген. Десе де, көргеннің жөні осы екен деп таңдай қағып таңырқап, әсіре әңгімеге ырық беруге болмас. Онсыз да мақтау, марапаттан құралақан Мақпал бұл емес қой...
Бұл менің жол-жөнекей түйген ішкі дайындығым болатын. Мақпал бірден шешіле қойған жоқ. Есесіне «кім боласың?» деген адамдай өзін барынша салмақты ұстап, көбінде менің ыңғайыма бағып отырды. Мен де соны біліп, соған орай өзімді, қызметімді, әуестігімді телефонда айтқандағыдан гөрі жаңғыртып, кеңірек толғадым да, «теледидар мен радио тілшілерін көп қабылдап, қандай сұрауға да мүдірмейтін болып, төселіп алған шығарсыз?» деп болмашы әзілмен сөз сыңайын келген шаруама қарай ойыстырдым. «Мүмкін, хабарыңыз бар екен ғой» деп күлді Мақпал.
- Ақын Жарасқан Әбдірешітпен өткізген сұхбатыңызды көргенім бар,- дедім мен.
- Иә, иә, Жарасқан ағаны айтасыз ба? Дұрыс, осыдан бірер жыл бұрын телеарнада кездескенім рас,- деді Мақпал.
Манағыдай емес, шаралы көздерінде шарапаттың нұры ойнап, қараторы жүзіне қазақы жарқындық ұялап, бұрыннан таныс адамша бүкпесіз ағытыла бастады Мақпал.
Сөйтіп, біздің шағын сұхбатымыз магнитофон таспасына қаз-қалпынша жазылып жатты...
- Менің анам ауыл-аймаққа аты мәлім әнші болған екен. Бір ғажабы, анам мені босанғанда әлгі әдемі даусы аяқ астынан ғайып боп кетіпті. Сонда анам: «Менің Мақпалым келешекте әйгілі әнші болады екен. Өйткені, менің даусым қызға көшкен көрінеді» деп ырымдапты. Расында кейін анам айтқандай ауылдағы бала-шағаны жиып алып, қаз-қатар отырғызып, өзім алдыға шығып, «қазір Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова ән шырқайды» деп айғай салатынмын. Мұныма балалардан гөрі үлкен ауыл адамдары мысқылдап күлгендей болатын. Әкеміз ерте қайтыс болып, анамның аялы алақанында ержеттім. Кейіндеп мектеп сахнасында жиі-жиі ән салатын болдым. Бағым жанғанда, өнер мені Алматыға алып келді. Онда бастабында қобыз үйрендім. Соңынан эстрадалық әнге бейімделіп жүргенімде «Тамашаның» бастығы Мұқаддас деген ағамыз мені қояр да қоймай мені домбырамен ән айтуға көндірді. Сөйтіп, қазақтың қоңыр үнді домбырасы менің жан серігіме айналды.
Бұл жолы мен арнайы өнер сапары емес, жай сапармен жүрмін. Ашалап айтқанда, сіздердің Шиян қаласы мен біздің Алматы облысы дос өлкелер тоқтамына қол қойысты. Соған қатысты адамдарды Заманбек ағай бастап келген болатын. Мен де сол орайда бірге сапарлас болдым. Ол жақтың адамы да қонағуар, мәдениетті келеді екен. Қазақ тілін білмегенімен қоймай, мені қолқалап көп ән салдырды.
Менің Жұңго еліндегі тұңғыш сапарым осылай, жай ғана басталды. Алда қазақ өнерінің күндері осы елде де өтеді деген сөз бар. Алла бұйырса, сол кезде арнаулы өнер сапарымен келетін шығармыз. Айтпақшы, бұдан бұрын да Үрімжіге келудің сәті түскен болатын. Бірде Алматыда Фариза Оңғарсынова апай ұшырасып, «Ойбай, Мақпал, сен әлі мұнда жүрсің ғой, сені келеді деп Үрімжінің елі екі көзі төртеу болып отыр. Концерттің билетін де сатып жіберді. Бұларың ұят емес пе?» деп ұрысқандай бейне танытты. Айтқанының жөні бар, бірақ мен белгілі себептермен сол жолы бара алмай қалдым. Ол үшін өнер сүйер қауымнан кешірім сұраймын. Сонымен, елдеріңізге келіп қалды. Бейжің тамаша қала екен. Осында оқуда, қызметте жүрген қазақтар да аз емес көрінеді. Кешелі бері Шұғыла, Тұрсынгүл деген қыздармен жүздестім. Шұғыла биші ғой. Алматыда телеэкранда би кеші болған. Ал, анау Тұрсынгүл деген бала студент болса да, термені жақсы орындайды екен...
Қазір бір көңіл толмайтын жағдай екі ел ара мәдени қарым-қатынастар тоқтамына қол қойылса да, оның жүзеге асуы тым баяу көрінеді. Өйткені, біз бұл елдегі өнер адамдарын толық біле бермейміз. Өнерпаздар тобы жиі-жиі барып өнер көрсетсе, теле-радио мен баспасөзде таныстырса жөн болар еді. Әдетте бір елдің өсу дәрежесі ең алдымен оның өнерімен өлшенеді ғой.
«Енді не айтам» дегендей Мақпал маған қарады. Мен де қазбалай беруді ерсі көріп, «соңында біздің тыңдармандарға айтатын қандай сәлеміңіз бар» дедім төтесінен.
«Сәлем дейсіз бе?» - деп Мақпал орнынан әнтек қозғалып, аз-кем бөгелді де, сосын: «Барша қауымға ашық аспан, әр отбасына береке-бірлік тілеймін. Екі еліміздің шынайы достығы жалғаса берсін» деді. Одан ары «Мынау менің жақында Германиядан шыққан кассетам еді» - деп өз орындауларында лазер таспасына жазылған әндермен қоса екі дана портретін маған ұсынды. «Осыдан бір әнді таңдарсыз, менің сәлемім сол болсын»,- деді. Дәл осы сәтте телефон шырылдады. Мақпал сағатына қарады да, трупканы көтерді.
- Алло, иә, интервю (сұхбат) бітті. Келе беріңіздер,- деді. Көп өтпей екі жігіт кіріп келді. Мен нәрсе-керегімді жиыстырып, есікке беттеп бара жатып:
- Бір маңызды шаруаны ұмытып кете жаздаппын-ау,- деп артыма бұрылдым. Суретке түсіп алайық.
- Жарайды, жөн.
Сонымен Мақпал екеуміз екі қайтара суретке түсіп, естелік қалдырдық.
Бұл 1997 жылы шілде айының шуақты күні болатын. Тысқа шықсам күн шайдай ашық екен. Қонақ үйдің алдынан бір таксиді ұстадым да, төте мекемеге тарттым.
Жол бойы Мақпалмен өткізген шағын сұхбатты қалай көркемдеп эфирге шығару жайлы толғанып келемін.
Мақпал образына ілесе оның жолдасы Заманбектің де азаматтық келбеті айшықтала бастағандай... Сол күндері күнделікті телехабарда Қазақстан Республикасының зұңлиы Нұрлан Балғынбаевтың еліміздегі достық сапары туралы жиі-жиі қайталап жатқан. Біз де телеэкрандағы қонақтар арасынан орта бойлы, қызыл шырайлы кісіні көріп, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Заманбек осы болар деп шырамытқанбыз. Бірақ, оның есімі әкімдігінен емес, қайта Оразбек Бодықовтың «Шәмші Қалдаяқов туралы хикаяттар» деген кітабындағы мына жолдармен есімде қалыпты.
«Нұрқаділов (Заманбек) шын азамат екен... Ол 1991 жылдың қараша айында Алматы қалалық әкімшілігі атынан Шәмшіге «Қазақстан халық артисі» атағын беруді ұсынып, құжаттама жөнелтті». Азамат әкімнің мұндай адамгершілік іс-қимылынан бүгіндері Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әнші дәрежесіне көтерілген Мақпал Жүнісова да тыс қалмаған көрінеді.
Атағы Алатаудай Мақпалдың елдегі Тәңір таудай танымал өнер адамдарын білмегенімен «әттеген-айдан» гөрі қым-қуыт қайшылықты ойларға бастады. Әрине, бұған Мақпалдың өзі айтқандай, «екі ел ара мәдени қарым-қатынастардың шабандығы» себеп болды деп қарағандығымызбен, ежелден ешбір озық көліктері мен хабар-ошар құралдары болмай-ақ, дабыралы жиналыстар өткізбей-ақ өнерлісін ауыздан-ауызға таратып әкететін көшпенді халық мына заманда бірін-бірі біле алмай қалыпты дегенге салдар таппай сандаласың.
Дүниеде бейбіт өмірге болған құлшыныс жаппай етек алып, елдер ара достық пен істестік, мәдени ауыс-түйіс тоқтамдары толассыз жүзеге асып жатқан осындай заман ауқымында өзгені қойып, өзімізді танымай, жоғымызды толықтап, барымызды бағаламау – салғырттықтың салдары емей немене?!
Ертесі Мақпал Жүнісова Қазақстанның Бейжіңдегі бас елшілігінде бір бөлім қазақ азаматтарына өнер көрсетті. Әнші көмейінен төгілген әуезді әуендер мен ойлы текстер біздің Мақпалға деген шынайы құрметімізді одан ары еселей түсті. Дей тұрсақта, әрбір өнер адамы салауаты тасып, абыройы асып, беделі биіктеген сайын алысты көре білетін, айналасын шола белетін болған жөн.
Көптеген қазақ өнерпаздарының бойында кәсіптен тыс кәнігі тереңдік пен көшіл көрегендік жетіспей жатады. Жадағай, жаттанды нәрселерден ары аспай, содан барып өнеріне тамсанғанымен, өз басына көңілің толмайды.
Баршаға аян, Мақпал Жүнісова ән әлеміндегі жарық жұлдыздардың бірі. Мақпал адам жүрегінің нәзік пернелерін баса білетін сазды да назды даусы бірде домбыра шанағымен астасып, ұйқыдағы тауларды тербетсе, бірде эстрадалық әуендермен қала кештерін әлдилейді. Ол орындаған әндер жастарға да, қарттарға да бірдей ұнады.
Мұны әншінің ән мәтіні және ән әуеніне болған терең талғамы мен саналы сарабынан бөле қарауға болмайды.
Ән дегеніміз қазақ музыкасындағы бөгенайы бөлек, тұлғалы жанр. Ол терме, желдірме, шертпе өлеңдерден жанрлық құрылым жағынан парықталады. Сол сияқты «әу» дегеннің бәрін әнші деп қабылдай беру бері айтқанда көңілшектік, ары айтқанда, талғамның таяздығы болар еді.
Әнші болу жаратылыс сыйы. Бірақ, сол сыйдың қадір-қымбатын біліп, ел кәдесіне жарату – азаматтық борыш. Ол үшін ең әуелі әншінің жеке құлшынысы мен қоғамдық ортаның оң ықпалы қажет болады. Өйткені, нағыз оқу көрген әншілер өз дауысының актавалық аумағын немесе дыбыс көлемін жақсы біледі. Сол көлемге лайық әнді таңдайды. Тіпті, дәстүрлі ән салудың майталман шебері Дәнеш Рақышов та өзінің орындаушылық мәнеріне, дыбыс көлеміне олқы немесе сай келетін әндерді ешқашан репертуарына енгізбеген.
Жалпы алғанда, әр әннің өз орындаушысы болады. Нағыз орындаушысын тапқан әннің бағы жанса, өзіне лайық әнге жолыққан әншінің де беделі биіктейді.
Мақпалдың иісі қазаққа танылған әнші болуының да осындай қырлары бар деп білеміз. Басқаша айтқанда, Мақпал осы шарттарды толық меңгерген әнші.
«Айғайлағанның бәрі әнші емес, ән жазғанның бәрі Шәмші емес», ән табиғатын түсінбейтін, ғылыми дыбыстауды меңгермесе де әннің нақышына келтіріп айта алмайтын, жүрекпен емес, желбезекпен орындайтын, ән тексін текстей білмейтін әншілеріміз бұл жөнінде тереңірек ойланса мақұл.
Сазгерлеріміз де көңіл-күй жетегімен кете бермей, әншілердің орындау мәнеріне, дыбыс көлеміне сәйкес келетін кәсіби өресі биік туындылар жаратып, аққу-қазы гаккулеген ән айдынын қаптап келе жатқан қарға, құмайлардан тазартуға атсалысқаны абзал.
Қазақтың әйгілі әнші қызы Мақпал Жүнісовамен кездесу бақытына ие болғаныма өте қуаныштымын. Мақпал есімі ескірмейтін есім, Жүнісова жүрегі жүдемейтін жүрек, оның атын ата-анасы Мақпал деп бекер қоймаған. Өйткені, бұрын өткен өнер саңлақтары Ақан сері, үкілі Ыбырай және Әсен Найманбай арқылы ән болып таралған.
Мақпал, енді ел есінде «Әнші Мақпал» болып қалары хақ.
Бізде өкініш те, өкпе де жоқ. Есесіне ел аралық көршілік, достық қатынастың күн санап нығаюына ілесе тереңдей түскен түсінік пен ізгі тілек ғана бар.
Мақпалға ұзақ ғұмыр, үстем мерей тілеймін!
Мезгіл мелодиясы
Махаббаттың шер жайлаған шебінде,
Сүйем сені... демедім бе, дедім бе.
Дерт бар еді жүрегімде менің жас,
Өрт бар еді сенің ыстық деміңде.
Күбірлей ме, күрсіне ме күзгі бақ,
Жапырағын жайлап қана үзді бақ.
Арық талдар арбаң-құрбаң әбігер,
Бұтағымен бұла таңды сызғылап.
Керіліп таң, келе жатты күн шығып,
Жұтаң бақты жарылқауға құлшынып.
Масаң көңіл, маужырады махббат,
Гүлден ұшқан тозаңдарға тұнышығып.
***
Біле алмадым армысың, ұятпысың,
Мықынына жинаған мият күшін.
Мақпал қара шашыңмен майысқанда,
Смал ұрған сәмбі тал сияқтысың.
Түймең бе екен, жоқ әлде тарағың ба,
Алып жатып, иіліп қарадың да.
Кетіп бара жаттың сен бұрылмастан,
Түйіліскен төрт көше торабында.
Кісі нөпір, көше ду, ғұмыр шұнақ,
(Қияметтің қайтпек ем қызын сұрап?)
Қиянатшыл, қызылкөз немелердей
Қылаң етті қарсыдан қызыл шырақ.
Шырақ жанды, шуылға шым батырды,
Қиялға да қимады қымбатыңды.
Ақын біткен жақпаған бояуламен
Сызып алсам деп едім сымбатыңды.
Байқадым да бойыңнан қуат құнды,
Көбік шашақн көңілде күй асқынды.
Қайдан жүрген арусың қан көшеде,
Жоғалуға айналған ұят сынды.
***
Сен маған бір сөз айттың жерден ауыр,
(Естімесін оныңды ел мен ауыл.)
Өмір деген осы ғой шапқан аттай,
Кейде тәуір, арқасы кейде жауыр.
Қалды көңіл, сыздады көкірегім,
Күліндей боп шылымның от реңім.
Күтпеген сөз болды ғой, салмағы ауыр,
Қайтсем оны санамнан өшіремін.
Жақындарым жалтарып, жат арбаған –
Шерге айналып барады «шекер заман».
Қармағымды қапқанда майда бақыт,
Арманыңды айттың-ау бекер маған.
Батасын да, қызын да берген ауыл,
Ойнағанын көрмесін төрге дауыл.
Қауырсындай пендеңе қауқары жоқ,
Неге сәулем сөз айттың жерден ауыр?!
***
Секундті кері санап, кештетіп,
«Колумбия» көтерілді көкке тік.
Тартылысты талақ етіп лезде,
Ертегідей енді әлемге бір өзге.
Он алты күн орбитаны қоныс қып,
Он алты күн әлдиделі кеңістік.
Сосын олар ана-жерді бетке алып,
Келе жатты кемелерін от қарып.
Табыс түгел байланысты барысқа,
Жершары да жетім екен ғарышта.
Тақыл сайын таяғандай алыс жер,
Сифрларды күзетуде ғарышкер.
Бағыт-бағдар, хабарласу, қарқын да
Бәрі-бәрі баяғыдай қалпында.
Кім аңдаған жаратылыс оспағын,
Ақтық рет аңтарылды жас ғалым.
Лебізін де жеткізе алмай бір ащы,
Жарылыстан «Колумбия» гүл ашты.
Жеті жұлдыз жеті жаққа босқанда,
Жеті бояу пайда болды аспанда.
Жер өзегі өкінішке кептелді,
Бірақ олар биікте өлді, көкте өлді.
Жердегілер – жетім шардың ұрпағы,
Ұшыруға әзірленіп жүр тағы.
***
Ер едің Хемингуэй сен ізгі,
(сені де табиғат емізді.)
Ақынша сапырдың не керек,
Акула тулаған теңізді.
Шығынға бермеген бір оқты,
Әскер де болдың сен жүректі.
Сыр ашпай сылқымдар жайында,
Сынаптай сырғанап жыл өтті.
Жыл өтті жалынға оранып,
Бақыты баянсыз, соры анық.
Тәніңде бомбының сынығы,
Жаныңда болашақ таранып.
Шымырлап бойыңда сыр-мақпал,
(Шұрайлы шығарма, құнды ақпар.)
Сөзіңде сомдалып азамат,
Көзіңде шалқыды «түнгі оттар»*.
Кеңдеңде кешулер баяны,
Сырқаттай сыздады баяғы.
Атанып үлгердің алайда,
Нобельдің біртуар нояны*.
Гүлдерге құшағың толғанша,
Қинады қиямет жол қанша?!
Жүйрік журналист Эрнестен
Жүлделі Хемингуэй болғанша...
Кім білед сыздаған тыртық па,
Жылаған жаның ба жыртыққа?
Қомағай ғұмырға қош айтып,
Қол создың қос ауыз мылтыққа.
Ойламың парасат кеніндей,
Сөйлемің Алланың деміндей.
Өмірің өшпейтін өнеге,
Өлімің ерліктің шегіндей.
Ерсің ғой, Эрнест Хемингуэй!
***
Тас алаңдардың тандыры кеуіп,
Тұрғанда қауып шаң жапырақты.
Жаратылыстың жаңбыры келіп,
Жарылқап өтсе жарлы атырапты.
Сергісе тәнім жуынып текке,
Тоғытып көлге алғандай көміп.
Көйлегім шылқа жабысып етке,
Тұрсам-ау, шіркін малмандай болып.
Қала да қаңсып қаталап еді,
Асфальт жол мен аспаны қызып.
Аңсаған нөсер төпелеп еді,
Қалалықтардың қашқаны қызы.
Саңырауға айтқан сөз мәні ғайып,
Тағдырдың бұл да тармағы шығар.
Пенделік пейіл, өзгені қойып
Табиғатты да алдағысы бар.
***
Қазан айы, сары күз, салқын ауа,
Әлде неге жапырақ алқына ма...
Үзілуге әзер тұр міне, міне,
Сары бояу жүгіріп реңіне.
Қауашағы гүлдің де қуырылып,
Шынашақтай шырпыға тұр ілініп.
Құс та қайтып барады мекеніне,
Құдіреттің ілесіп жетегіне.
Алыстады амал не, бәрі бізден,
Көңіл ғана қауышты кәрі күзбен.
Күз айтады күбірлеп қыстан хабар:
«Адамсың ғой, апырай ұстамға зар.
Ақ аязға жүзіңді қарытпасаң,
Көктемді де сағынып жарытпас ең».
Рас-рас, не керек уайымдап,
Құлпырады дүние, құдайым хақ!
Қыраулы қыс көктемге алмасады,
Жапырақтар биікке жармасады.
Тамшыларға тамсанып гүлдің ерні,
Сәулемен де сүйісіп үлгіреді.
Құсқа қарап оралған қозар қайғы,
Біреулерді күтесің, оралмайды.
***
Іргесінде біз отырған бинаның,
Күбірлейді жетім көлдің айдыны.
Күз бе, сірә, қыз ба, сірә беймәлім,
Әйтеу бірі қалыңдатар қайғыны.
Атырапты билегенде күш ұлы,
Жапырақтың сарғаяды жаны ізгі.
Ғашықтардың аймаласқан мүсіні,
Арыдағы айғақтайды аңызды.
Періште де сүйеді екен пендеді,
Мына ғажап махаббатты көріңіз.
Ғашық болып сал жігітке жердегі,
Көктен түсіп келген дейді пері қыз.
Телегейдің теріп ойнап ұлуын,
Тереңіне тебіреніп ау салып.
Сыбызғысын сызылтқанда сұлуы,
Жігіт өлең оқиды екен тамсанып.
- Қайт ордаға!
Қайталады жаңғырық,
Үнге мынау жапырақтар күзелді.
Жағалауға желпуішін қалдырып,
Гүлге айналып бара жатты қыз енді.
Жігіт жалғыз жеңе алмады қайғыны,
Сабағына қауашақтың жармасты.
Содан бері жетім көлдің айдыны,
Бір аңызды күбірлейді жалғасты.
Бiздiң анықтама: Балапан Рабат Қытайдың Бейжiң қаласында тұратын қазақ қаламгерi. Ақын-аудармашы. Композитор-әншi. Сондағы Орталық радионың аға дикторы. Әдеби-сазды хабарлар қызметiнiң директоры . "Макпал-ау, Мақпал" деген бұл эссе Бейжiң радиосына 1997 жылы шiлдеде жазылған екен. Автордың 1998 жылы Бейжiңдегi Орталық ұлттар баспасынан шыққан "Сортаң тағдыр, тарпаң талант" деген кiтабынан алынды. Дайындап, ұсынған: Сержан Сәрсенбайұлы