Астанада тұрғынды сан соқтырған жиһаз жасаушы анықталды, - деп хабарлайды madeniportal.kz тілшісі ma...
Жиі мазалайтын "маяктан" қалай құтылуға болады?
Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Астана тұрғыны Facebook желісінде Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына үндеу жазды. Дәлірек айтқанда ол операторларға біреу қоңырау шалған соң қайта-қайта келе беретін қысқа қоңыраулар функциясы туралы ескертіп, мұны неге алып тастамайтынын, оның ыңғайсыз екенін айтты, деп хабарлайды madeniportal.kz тілшісі Janabastau.kz сілтеме жасап.
“Ұялы байланыс операторларына үндеу. Неліктен біреуге қоңырау шалғаннан кейін немесе біреу сізге қоңырау шала алмағаннан кейін, қысқа "маяк" қоңыраулар ұзақ уақыт бойы жалғасады? Тіпті соңында ол адамға қоңырау шалып, сөйлессек те сөйтеді. Сосын адамдар абдырап, қоңырауды өткізіп алдым ба деп ойлап, бір-біріне қайта-қайта хабарласады. Бұл опцияны алып тастаңыздаршы. Ыңғайсыз. Немесе мүмкін болса, нөміріңізден мұндай функцияны қалай өшіруге болатынын айтып жіберсеңіз?” – деп жазды Facebook қолданушысы Асан Қазбеков.
Желі қолданушысының бұл үндеуіне қазақстандықтар жауап беріп, қолдау білдірді. Олар да мұндай функцияның қолайсыз екенін айтып, шағымданды.
Асан Қазбековтың осы үндеуіне Kcell және Beeline байланыс операторлары жауап берді.
"Қайырлы күн! Телефонда *162# пәрменін теріп, қоңырау шалу түймесін басып, өшіріп көріңіз", – деп жауап берді Kcell компаниясы.
Сонымен қатар оператор ##002# пәрменін теріп, қоңырау шалу түймесін басып көруді де ұсынды. Мұндай функцияны Beeline нөмірінен де өшіруге болады. Ол үшін компанияға жеке өтініш білдіру керек.
"Сәлеметсіз бе! BEEP CALL қызметі – қысқа қоңырау түріндегі қабылданбаған қоңыраулар туралы есеп. Функция Қазақстан аумағында және кез келген бағыттағы қоңыраулар бойынша жұмыс істейді. Сағат 22:00-ден 08:00-ге дейінгі кезеңде микроқоңыраулар қабылданбайды. Егер бұл қызмет сіздің телефон нөміріңізде қосулы болса және оны өшіргіңіз келсе, бізге жеке хабарлама түрінде телефон нөміріңізді және өзіңіздің ЖСН-іңізді жазыңыз. Деректерді жеке хабарлама арқылы жіберіңіз, себебі бұл сіздің жеке ақпаратыңыз және ол жалпыға ортақ жарияланбауы керек. Біз тексеріп, көмектесуге тырысамыз", – деді оператор.
Дәл осындай функция Tele 2 операторында да бар екен. Аталған компания өкілдері мұндай функцияны өшіру үшін әр адам жеке өзінің байланыс нөмірін, ЖСН-ін және аты-жөні жазылған хабарлама жіберуі керек екенін айтады.
“Тек сұраныс қалдыру арқылы өшіруге болады, өшіру пәрмені жоқ”, – деп жауап берді Tele 2 компаниясы өкілі.
Қолданушылардың айтуынша, қысқа қоңыраулар функциясы Altel байланыс операторларында жоқ