Дүниежүзі бойынша үздік 7 беделді олимпиадада жеңіске жеткен 26 қазақстандық оқушы қаржылай сыйлыққа...
Депутат Асхат Аймағамбетов білім бюджетін облыстан ауданға қайтарудың ең тиімсіз шешім екенін айтты
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында білім беру шығындарын облыстық бюджеттен аудандық деңгейге қайтару туралы заң нормасына қарсы шығып, оның ең тиімсіз шешім екенін айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Кеше Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осы құжатта білім беру шығындарын облыстан аудандарға қайтару туралы норма бар.
Асхат Аймағамбетов бұл норманы қазіргі күйінде қабылдай салуға болмайтынын айтты.
Қазір Қазақстан мектептерінде 4 млн бала оқып жатыр. Олар осы жерде қандай заңдар қабылданып жатқанын білмейді. Олар бұл түзетулерге қарсы шыға алмайды. Бірақ олардың тағдыры мына заңға тікелей заңға байланысты. Проблема мектептерді қайтадан аудан әкімдеріне бағындыруда. Бұл – 4 млн баланың болашағына қатысты шешім. Иә, әкімдердің өкілдері бар, иә, аудан әкімдерінің ықпалы мен күшін көріп отырмыз. Ол дұрыс та, даусын жақсы естіп жатырмыз. Ал енді осы 4 млн баланың атынан кім сөйлейді? – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, бірнеше апта бұрын бұл заңды ашық талқылаған. Дегенмен, сонда айтылған аргументтерді ескермей, эксперттердің айтқанын тыңдамай осындай тиімсіз, 4 миллион баланың тағдырына әсер ететін дұрыс емес шешім қабылданған.
Ол шешім - мектептерді, балабақшаларды, жалпы сондағы барлық саясатты облыстық білім басқармасынан алып аудандық әкімдіктерге беру. Ал біздің ұсынысымыз, егер аудан әкәмдеріне шаруашылық мәселелерін, жөндеу, материалдық-техникалық база және басқа да мәселелерді берсек ол түсініктірек болар еді.