Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі а...
Мемлекеттік грант – үлкен мүмкіндік: Саясат Нұрбек талапкерлерге үндеу жасады
Фото: әлеуметтік желіден
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім грантының нәтижесіне байланысты талапкерлер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады. Ол грант иеленген жастарды құттықтап, ал тізімнен өз есімін таба алмаған талапкерлерге бұл нәтижені өмірлік үкім ретінде қабылдамауға шақырды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, бүгін Қазақстандағы он мыңдаған отбасы үшін ерекше күн. Бір үйлерде қуаныш пен жаңа жоспарлар басталса, енді бір отбасыларда күткен нәтиже шықпағандықтан үнсіздік орнауы мүмкін.
Жастық шақтағы осы сезім маған жақсы таныс. Бір емтихан немесе бір конкурс бүкіл алдағы өміріңді анықтап қоятындай көрінеді. 17-18 жаста мұндай сәттерді шынымен солай қабылдаймыз: өттің – алдыңнан жол ашылды, өтпедің – арманың алыстап кеткендей болады. Бірақ білім маған ең маңызды сабақтардың бірін үйретті: адамның жолы сирек жағдайда түзу сызықпен жүреді. Кейде бүгін ашылмаған есік басқа жол іздеуге мәжбүрлейді. Ал кейін дәл сол жолдың ар жағынан сенің шынайы мүмкіндігің табылуы мүмкін, – деді Саясат Нұрбек.
Биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Министр олардың әрқайсысын және отбасыларын құттықтап, бұл нәтиженің артында үлкен еңбек тұрғанын атап өтті.
Тізімдегі бір ғана жолдың артында айлар, кейде жылдар бойғы еңбек, ұйқысыз түндер, ата-ананың алаңдауы, ұстаздардың қолдауы және өз табандылықтарыңыз тұр. Сіздер бұл нәтижеге лайықсыздар, – деді ол.
Саясат Нұрбек биыл конкурс деңгейінің де айтарлықтай өскенін айтты. 2025 жылы 113 мың өтініш берілсе, 2026 жылы олардың саны 127 мыңға жеткен. Яғни өтініш саны бір жылда 14 мыңға артқан.
Министр осыған байланысты мемлекеттік грантқа аз ғана ұпайы жетпей қалған талапкерлерге ерекше тоқталды.
Мемлекеттік грант – сөзсіз үлкен мүмкіндік. Бірақ ол жоғары білімге апаратын жалғыз жол емес. Бүгінде Қазақстанда қосымша қолдаудың тұтас жүйесі бар. Биыл университеттер 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынды. Тағы 2000-нан астам білім грантын әкімдіктер бөлді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары бар, – деді министр.
Ол мысал ретінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынып отырғанын айтты. Сондай-ақ KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да ұйымдар өздерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
Саясат Нұрбек көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндік бар екенін де еске салды. Оның айтуынша, оқуға қабылданғаннан кейін жыл сайын мемлекеттік гранттардың бір бөлігі босайды. Сонымен қатар оқуын ақылы негізде бастап, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін бос білім гранттарына үміткер бола алады.
Министр ата-аналарға да үндеу жасады.
Егер балаңыз грант иеленсе – қуанышын бірге бөлісіңіз. Өз еңбегінің шынымен бағаланғанын сезінсін. Ал грант ала алмаса – дәл бүгін оған сіздің қолдауыңыз бұрынғыдан да қажет болуы мүмкін. Оны өзгелермен салыстырмаңыз. Бір конкурсты үкімге айналдырмаңыз. Оның орнына университеттердің тізімін бірге қарап, қабылдау комиссияларына хабарласыңыздар, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы біліңіздер. Келесі жолды бірге іздеңіздер, – деді Саясат Нұрбек.
Ал талапкерлерге министр алда әлі талай емтихан, конкурс, жеңіс және бірден жүзеге аспайтын сәттер болатынын айтты.
Бірнеше жылдан кейін студенттік жолыңыздың қандай нәтижеден басталғанынан гөрі, қандай маман және қандай адам болып қалыптасқаныңыз әлдеқайда маңызды болады. Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз, – деді ол.
Сөз соңында Саясат Нұрбек болашақ студенттерді өмірдің жаңа кезеңінің басталуымен құттықтап, мемлекеттік грант иегерлерінің қатарынан өз есімін таба алмаған талапкерлерге тоқтамауды тіледі.
Кейде арманға апарар жол біз жоспарлағаннан сәл ұзағырақ болады. Бірақ бұл оның басқа бағытқа апара жатқанын білдірмейді, – деп түйіндеді министр.