«Ақтастағы Ахико» фильмінде басты рөлді жапондық актер ойнайды

КИНО
2304

Алматыда «Ақтастағы Ахико» тарихи фильмінің түсірілімі жалғасып жатыр. Тұтқынға түсіп, өмірінің көп бөлігі Қазақстанда өткен Ахико Тэцуроның рөлін Жапониядан келген 25 жастағы актер сомдайды. Аталған кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатыр, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

Шынай оқиғаға негізделген кең ауқымды тарихи киножоба Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұтқынға түскен Жапонияның әскери училищенің курсанты Ахико Тэцуроның тағдыры жайлы. Лагерьде жапондық жас жігіт нағыз соғыс қаһарманы, Совет әскері қатарында фашистерге қарсы соғысып, кейін Жапон соғысына жіберілген қазақ Ақжанмен кездеседі. Ақжан соғыста жараланып, Жапондардың қолына түседі. Кейін елге оралғанда сатқын әрі халық жауы ретінде оны соттайды. Екі тағдыр, екі әлем. Бір соғыстың екі жауынгері лагерьде бетпе-бет келеді. Кімдікі дұрыс, кім дұшпан, кім-кімге қарсы?

Фильмнің продюсері Әлия Уәлжанова алғаш Ахико Тэцуро жайлы 2007 жылы естігенін айтады. Жас жауынгердің тағдыры оны бей-жай қалдырмапты.

Жапон жауынгері жайлы алғаш 2007 жылы газеттен оқыдым, ол кезде архив құжаттары ашыла бастаған еді. Мақалада 15 жастағы Ахиконың Жапония иператоры училищесінде оқып жүрген жерінен тұтқынға түскені баяндалады. Ол Карафуто аралында ұсталған, кейін бұл жер Сахалин деп аталып кетті. Лагерьге түскен оны Қазақстанға жіберген. Оның тағдыры мені қатты қызықтырды. 15 жастағы баланың кейінгі өмірі қалай өрбігенін білгім келді. Осылайша оны Қарағандыдағы Ақтас ауылында тұратынын біліп, кездесуге бардық. Ол жайында деректі фильм де түсірдік, сонда ол өмірі жайлы айтып берді,-дейді продюсер.

Әлия Уәлжанова кейін Ахико жайлы толықметражды фильм түсіруді қолға алып, ол жөніндегі жобасын Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынған. Алайда, ол ұсынысы тек 2018 жылы ғана қолдау тауыпты. 2019 жылдан бастап біз «Қазақфильм» киностудиясымен бірге алғашқы түсірілім жұмыстары басталған. Ол кезде фильмнің 30 пайызы түсіріліпті. Фильмнің басы Жапонияда түсірілу керек болыпты, бірақ ол жаққа кіруге рұқсат бермепті. Сондықтан түсірілім жұмыстары Қапшағай маңында жалғасқан. Құрылысшылар мен көркемдік суретшілер Қапшағай маңында Карафуто аралына келетіндей макеттер жасап беріпті. Түсірілім 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты тоқтап қалған. Тек, биыл «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен түсірілім жұмыстары қайта жанданған. Қазіргі түсірілім бас кейіпкердің Қазақстан лагеріндегі тағдыры жайлы.

Өкінішке қарай Ахико Тэцуро былтыр қайтыс болды. Ол кісі өзі жайлы фильмді көре алмады. Алайда, өзінің жас кезін сомдайтын актерді көргенде, қуанғаннан көзіне жас алды. Өйткені оның көз алдына жастық шағы келді деп ойлаймын. Актерді өзіне қатты ұқсатты, бізге сәттілік тілеп, батасын берді. Бас кейіпкерді жапониялық жас актер Эйсаку Огасавара ойнайды. Оның келбеті де ішкі жан дүниесі де Ахикоға ұқсас. 25 жастағы актер кикбокс бойынша Жапонияның бірнеше дүркін чемпионы. Бұған дейін өз елінде 1-2 фильмде түскен, бірақ олардың ешқайсында басты рөлді сомдамаған,-дейді Әлия Уәлжанова.

Аталған жобаға жапониялық мамандар да атсалысуда. Өйткені түсірілім жұмыстарына продюсер Сано Синдзю қосылыпты. Ол кісі Жапонияның Қазақстандағы елшілігінде консул болып қызмет еткен әрі Қазақстанды жақсы көреді. Оған қоса Ахико Тэцуромен бірнеше рет кездескен.

Әлия Уәлжанованы бұрыннан танимын, кезінде Ахико Тэцуромен де кездестім. Ол жайында театрда қойылым да сахналанды. Ол кісінің бастан өткізгені ешкімді бей-жай қалдырмайды. Жас кезінде өзі білмейтін елге, мүлдем басқа қоғамға, тіптен тілін де түсінбейтін жерге айдалып кетті. Ол айналасын түсінбеді, бір сөзбен айтқанда дискомфортта болды. Сондықтан ол жайлы эмоциялық әдемі фильм жарыққа шығады деп ойлаймын. Біз де өз тарапымыздан сценарий жаздық, кейін осындағы режиссерлермен біріктіріп, қаншама түзетулер енгізіп әдемі туындыны өмірге әкелдік деп ойлаймын. Жалпы бұл менің Қазақстандағы жетінші кином, - дейді Сано Синдзю.

Фильмнің қоюшы режиссері Елдар Капаров бұл туындының театрдағы спектакльден қандай айырмашылығы барын айтып берді.

Фильмде Жапониядан келген жауынгер баланың өмірі ауқымдырақ көрсетіледі. Оның Екінші дүниежүзілік соғысқа қалай кіріп кеткені және қалай тірі қалғаны. Ары қарай лагерьдегі азапты өмірі. Осының бәріне оның қалай шыдағанын, ішкі рухының мықтылығын көрсеткіміз келді. Кейін ол Жапонияға кетеді, алайда онда сыймай Қазақстанға қайта оралады. Фильмде тіл білмейтін, өзге жүйеге келген шетелдік тұтқындардың ауыр өмірі баяндалады,-дейді режиссер.

Фильмде басты рөлде ойнайтын актердің бірі Сырым Қашқабаев Ақтастағы Ахико жайлы осыдан 2-3 жыл бұрын естігенін айтады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақтастағы Ахико» спектаклі М.Әуезов атындағы драма театрында қойылып, ол кісіні Жапониядан туыстары іздеп келіп, бір дүрлігіп қалып едік. Кейін осы фильмге шақырылған соң Ахиконың өмірімен жақын таныса түстім. Ол кісі жайлы көп ақпарат іздедім. Сонда маған ұнағаны, ол кісінің Жапонияға кеткенімен Қазақстанды, қазақ елінің кең пейілдігін сағынғаны жүректі тебірентті. Фильмде мен ойнайтын кейіпкердің есімі Ақажан. Ол соғыс ардагері, немістерден кейін жапондармен соғысқан. Сөйтіп жапондардың пленіне түседі. Кейін оны Совет үкіметі қайта алдырады. Дегенмен 58-баппен тұтқынға түседі. Сол жерде Ахикомен кездесіп, достасып кетеді,-дейді актер.

Сонымен қатар фильмде қазақ жеріне қиын-қыстау кезеңде жер аударылған және қамауға алынған адамдарға жергілікті қазақ ұлтының жанашырлық танытып, оларға қалай көмек көрсеткені де кеңінен баяндалады. 

Продюсер Әлия Уәлжанова фильмді осы жылдың желтоқсан айында толықтай аяқтайтындарын айтады. Оған қоса фильмнің атауы да өзгеруі мүмкін. Өйткені бұған дейін театрда «Ақтастағы Ахико» қойылымы сахналанған.

Бұл жобаны 100 пайыз мемлекет қаржыландырып отыр. Жапониялықтар фильмнің сценарийін өзгерткілері келді, бірақ оған жол бермедік, өйткені ол Қазқастанның қаржыландыруымен түсіріліп жатыр. Сондықтан біз жапониялық әріптестерімізге өз еліміздегі тарихты баяндауға басымдық беретінімізді түсіндірдік. Алғаш Ахикомен кездескенде ол жайлы деректі фильм түсіргенбіз, сондағы кейбір үзінділер киноға енеді. Жалпы фильмді осы жылдың желтоқсан айында өткізуіміз керек. Ары қарай оны прокатқа қашан шығаратынын «Қазақфильм» шешеді,-дейді Уәлжанова.

Картинаның түсіру жұмыстары Алматы облысы Долан ауылының маңында (Алматыдан 25 шақырым қашықтықта) жүріп жатыр.

Фильмнің түсіру тобы:

Сценарий авторлары: Лейла Ақынжанова, Әлия Уәлжанова, Мәдина Омарованың қатысуымен

Қоюшы режиссері: Елдар Капаров

Тең қоюшы режиссерлері: Әлия Уәлжанова, Сано Синдзю (Sano Shinju)

Қоюшы операторы: Самат Шарипов

Қоюшы суретші: Нұрболат Жапақов

Продюсерлер: Әлия Уәлжанова, Сано Синдзю (Sano Shinju)

Басты рөлдерде: Сырым Қашқабаев, Эйсаку Огасавара (Eisaku Ogasawara).

Әділет МҰСАХАЕВ
Фото: автордан

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...