Тәуелсіздік тұсында жұмбақ жағдайда қайтыс болғандар, өлімінің сыры әлі ашылмаған қоғам қайраткерлер...
Биыл отандық 43 телесериал көрерменге жол тартады - Д. Абаев
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Astana Media Week-ке ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысып, отандық сериал өнімдерін әзірлеуге қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Оның айтуынша, биыл 43 телехикая эфирге шығады деп жоспарланып отыр
«... отандық телесериалдар бюджет есебінен қаржыландырылады. Жалпы, 2016 жылы мемлекеттік тапсырыспен 16 сериал түсірілді. Осы жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай артты. Мысалы, биыл 43 телехикая эфирге шығады деп жоспарланып отыр. Үш есе өскен. Алайда біз мемлекеттік телеарналарға ғана емес, жекеменшік арналарға да көп көңіл бөлеміз», - деді ол.
Мәселен, министрдің дерегінше, коммерциялық телеарналар 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 47 сериал түсірген.
«Бұрын біз отандық сериалдарды аз дедік. Енді түсірілген сериалдарды сыртқа сатуды бастадық. Мысалы көршілес мемлекеттерге, 15 отандық сериалға 9 елге лицензиялық құқықтар берілді. Бұл жұмысты одан ары жалғастырамыз», - деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі коммерциялық телеарналармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруді қолға алмақ. Бұл шаруалардың сметалық-жобалық форматы қарастырылып жатыр. Халықаралық тәжірибе де назарға алынатын болады.
«Мұның барлығын медиа нарықпен ақылдаса отырып шешетін боламыз. Қорыта айтқанда, отандық сериал нарығы дамып жатыр. Шығармашылық топтар қалыптасты. Шеберліктері шыңдалып келеді. Түбінде бұл қалай десек те біздің ақпараттық қауіпсіздігімізге оң әсерін тигізетіндігі анық», - деді министр.
Сонымен қатар, министр шетелдік мамандармен бірлесе жұмыс жасауға отандық мамандардың әзір екенін де жеткізді.
«Мен Ресейден, Қытайдан, Польша мен Үндістаннан келген әріптестеріме ресми түрде айтарым – біз бірлескен жоба жасауға дайынбыз. Арнайы қаражат бөліп, жеке әрі сапалы өнім дайындауға әзірміз. Ол өнімді Қазақстанда да, шетелде де түсінікті болатындай шығаруға болады. Егер сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір ұсыныс болса – мархабат. Бірақ, егер біз серіктесе жұмыс істесек, ол елдің телеарнасымен біздің елдің телеарнасы бірлесе жұмыс жүргізген жөн болар еді. 2020 жылы бірлескен жоба әзірлейік», - деді Дәурен Абаев.
Айта кетерлігі, бүгінгі шараға Польша, Үндістан, Ресей мен Қытай елдерінен продюсерлер мен режиссерлер келген болатын.
madeniportal.kz