Талдықорғандық әйел перзентханада дәрігерлер жатырын рұқсатсыз алып тастағанын айтып шағымданды, д...
Ауыз қуысының аурулары: алғашқы белгілерін қалай тануға болады
MadeniPortal.kz
Ауыз қуысының созылмалы қабынулық аурулары – байқалмай басталатын үлкен мәселе
Қазіргі қоғамда адамдар денсаулық туралы көбірек ойлана бастады. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, иммунитетті күшейту туралы кеңестер жиі айтылады. Алайда көп жағдайда денсаулық туралы сөз болғанда жүрек аурулары, қан қысымы немесе қант диабеті сияқты дерттер бірінші кезекте еске түседі. Ал ауыз қуысының саулығы көбіне екінші кезекте қалып қояды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен қалыптасқан – Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) 3-ші бағытында «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», деп атап көрсеткендей, шын мәнінде адамның жалпы денсаулығы көбіне ауыз қуысынан басталады. Өйткені ағзаға түсетін көптеген микроорганизмдер ең алдымен осы жер арқылы өтеді. Сондықтан ауыз қуысының жағдайы бүкіл организмнің саулығына әсер етуі мүмкін.
Көп байқалмайтын, бірақ қауіпті аурулар
Стоматология саласында жиі кездесетін мәселелердің бірі – ауыз қуысының созылмалы қабынулық аурулары. Олардың қатарына қызыл иектің қабынуы – гингивит және тістерді ұстап тұрған тіндердің қабынуы – пародонтит жатады.
Бұл аурулардың ерекшелігі – көбіне бастапқы кезеңде қатты ауырсыну тудырмайды. Сондықтан көптеген адамдар оларды аса қауіпті деп қабылдамайды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, дәл осы «ауырмай тұрған» қабыну процестері уақыт өте келе күрделі стоматологиялық мәселелерге айналуы мүмкін.
Көпшілік тіс ауырған кезде ғана стоматологқа бару керек деп ойлайды. Бірақ қабыну процестерінің көпшілігі алғашқы кезеңде айқын ауырсыну бермейді. Адам тек тісін тазалағанда қызыл иектен қан шыққанын немесе ауыздан жағымсыз иіс пайда болғанын байқайды. Мұндай белгілер көбіне қабыну процесінің алғашқы көріністері болып табылады.
Қабыну қалай пайда болады?
Ауыз қуысындағы қабыну көбіне микробты қақтың жиналуынан басталады. Тамақтанғаннан кейін тістердің бетінде көзге көрінбейтін жұқа қабат пайда болады. Егер тістер дұрыс тазаланбаса, сол қабатта бактериялар көбейе бастайды.
Уақыт өте келе бұл қабат қатайып, тіс тасына айналады. Ал тіс тасының айналасында бактериялар одан әрі көбейіп, қызыл иек тіндеріне тұрақты әсер етеді. Нәтижесінде қабыну процесі дамиды.
Алғашқы кезеңде қызыл иек аздап қызарып, ісінуі мүмкін. Кейде адам тісін тазалағанда немесе қатты тағам жегенде қан шығатынын байқайды. Егер дәл осы кезеңде ауыз қуысының гигиенасына көңіл бөлініп, стоматологқа қаралса, мәселені оңай шешуге болады.
Алайда адамдардың көпшілігі мұндай белгілерге мән бермейді. Соның салдарынан қабыну тереңдеп, пародонтит сияқты күрделі ауруларға әкелуі мүмкін.
Ауыз қуысы аурулары бүкіл ағзаға әсер етеді
Көп адамдар ауыз қуысының қабыну аурулары тек тістерге ғана әсер етеді деп ойлайды. Бірақ соңғы жылдары жүргізілген ғылыми зерттеулер ауыз қуысындағы қабыну процестері бүкіл ағзаның жағдайына әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Мысалы, қызыл иек аурулары жүрек-қан тамыр жүйесінің кейбір ауруларымен, қант диабетімен және иммунитеттің әлсіреуімен байланысты болуы мүмкін деген ғылыми пікірлер бар. Әрине, бұл аурулар тек ауыз қуысынан пайда болады деуге болмайды. Бірақ қабыну процестері ағзадағы жалпы жағдайды нашарлатуы ықтимал.
Күнделікті әдеттердің әсері
Ауыз қуысының жағдайы адамның күнделікті өмір салтына тікелей байланысты. Дұрыс тамақтанбау, тәтті тағамдарды шамадан тыс тұтыну, газдалған сусындарды көп ішу – тістер мен қызыл иекке кері әсер етеді.
Сонымен қатар темекі шегу де қызыл иек тіндерінің қан айналымын нашарлатып, қабыну процестерін күшейтуі мүмкін.
Тағы бір мәселе – ауыз қуысы гигиенасы туралы білімнің жеткіліксіздігі. Кей адамдар тісті күніне бір рет тазалау жеткілікті деп ойлайды немесе тіс ауырмаса, стоматологқа барудың қажеті жоқ деп есептейді. Ал стоматолог мамандар тісті күніне кемінде екі рет тазалауды, тіс жібін қолдануды және жарты жылда бір рет профилактикалық тексеруден өтуді ұсынады.
Алдын алу – ең тиімді шешім
Қазіргі стоматологияда ауруларды емдеуден гөрі олардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Профилактикалық тексерулер кезінде дәрігер ауыз қуысының жағдайын бағалап, тіс тасын тазалап, қажетті кеңестер береді.
Осындай қарапайым профилактикалық шаралар болашақта пайда болуы мүмкін күрделі стоматологиялық аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында ауыз қуысы гигиенасын дұрыс қалыптастыру өте маңызды. Егер бала кішкентай кезінен тістерін дұрыс күтуді үйренсе, бұл әдет өмір бойы сақталады.
Қорыта айтқанда, ауыз қуысының созылмалы қабынулық аурулары бүгінгі таңда стоматологиядағы ғана емес, жалпы қоғам денсаулығындағы маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Бұл аурулар баяу дамығанымен, уақыт өте келе күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін.
Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, ауыз қуысының саулығын сақтауға көңіл бөлгені жөн. Өйткені денсаулық – ең үлкен байлық, ал сол байлықтың бір кілті біздің күнделікті әдеттерімізде жатыр.
Авторлар:
Әлиарыс Мадина, Сейтқас Аяулым – стоматология факультетінің 2 курс студенттері
Ғылыми жетекші: Құттыбаев Асылхан Дүйсенханұлы – патологиялық физиология кафедрасының профессор ассистенті
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті.