Әсем қаланың төріндегі Алматы музейінде қазақтың көрнекті мүсіншісі Бақытжан Әбішевтің «...
Алматыда Almaty Museum of Arts заманауи өнер музейі ашылды
ашық дереккөзден алынған
Алматыда Almaty Museum of Arts салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
12 қыркүйекте Алматыда Нұрлан Смағұлов негізін қалаған заманауи өнер музейі Almaty Museum of Art ашылды.
Музейдің баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы үш күн ішінде көрме кеңістігіне 14 мыңнан астам адам келген. Олардың қатарында 14 Ұлы Отан соғысының ардагері (немесе оларға теңестірілген тұлғалар, еңбек ардагерлері), 16 мүмкіндігі шектеулі жан, 770 зейнеткер, 432 мектепке дейінгі бала, 84 көпбалалы отбасы өкілдері, 1325 оқушы және 2178 студент бар.
Алғашқы көрмелер
Ашылу бағдарламасы негізгі көрмелердің басталуымен қатар өтті:
«Қонақтар» — музей коллекциясынан Қазақстан мен Орталық Азия өнерінің экспозициясы;
«Мен бәрін түсінемін» — қазақстандық заманауи өнердің жетекші өкілдерінің бірі Алмагүл Менлибаеваның алғашқы ретроспективалық көрмесі;
Әлемдік шеберлердің жекелеген туындыларына арналған залдар — Ричард Серра, Билл Виола, Яёи Кусама және Ансельм Кифер;
Арнайы музей үшін жасалған және Маңғыстаудағы Торыщ жазығынан шабыт алған Алисия Кваденің жаңа мүсіні.
Бұған дейін музей аумағында Жауме Пленса мен Йинки Шонибаренің арнайы Алматыға арнап жасаған мүсіндері орнатылған еді.
Көрмелерден бөлек, ашылу бағдарламасына панельдік пікірталастар, суретшілермен кездесулер, перформанстар және фильм көрсетілімдері енді. Ашық аспан астында этно-фолк тобы «Арқайым» мен музыкант dudeontheguitar концерт қойды. Балалар мен ересектер үшін музейдің «Шеберхана» шығармашылық кеңістігі арнайы шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.
Халықаралық назар және мәдени бағдарлама
Музейдің баспасөз қызметі атап өткендей, Almaty Museum of Arts ашылуы қаланың мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Оған 100-ден астам халықаралық БАҚ өкілдері мен 200-ден аса куратор, суретші және музей саласының мамандары қатысты. Олардың арасында Жауме Пленса және Билл Виоланың жұбайы Кира Перов та болды.
Нұрлан Смағұлов:
«Өнер менің өмірімде үлкен рөл атқарды. Almaty Museum of Arts басқа адамдарға да шабыт пен ортақтық сезімін сыйласа деймін. Алғашқы көрермендердің жылы ықыласы осындай орынды — аймақтың мәдени мұрасын сақтайтын әрі болашағы жайлы әңгімеге жол ашатын кеңістікті құрудың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеді. Бұл қолдау музейдің білім, диалог және жаңалықтар орталығы ретінде дамитынына сенім береді».
Коллекция және болашақ жоспарлар
Бүгінде музейде 300-ден астам өнер туындысы ұсынылған. Олардың қатарында кескіндеме, графика, фото, видео және инсталляциялар бар. Коллекцияның 70%-дан астамы ХХ ғасырдың қазақстандық белгілі суретшілерінің еңбектерінен құралған. Олардың ішінде Жанатай Шарденов, Төкіболат Тоғызбаев, Мәктум Қисамедин және Шаймардан Сариев бар. Сондай-ақ Рустам Хальфин, Сауле Сүлейменова, Саид Атабеков сияқты заманауи өнер қайраткерлерінің жұмыстары жинақталған. Экспозициялар үнемі жаңартылып отырады.
Almaty Museum of Arts — халықаралық жобаларға, жетекші кураторлармен серіктестікке, білім беру бағдарламаларына және шеберлік сабақтарына бағытталған мәдени орталық ретінде дамуды көздейді. 2025 жылдың қазан айында Tate Modern (Лондон) және Getty Foundation (Лос-Анджелес) мекемелерімен бірлескен алғашқы зерттеу бастамалары іске қосылады.