Димаш Құдайбергенге ҚР Мәдениет және спорт министрі атынан «Қазақстан Республикасының туризм ж...
18 мамырда "Музейлер түні" акциясы өтеді
2019 жылғы 18 мамырда сағат 18:00-24:00 аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің 5 жылдығына орай Халықаралық музей күні мерекесіне арналған «Бес жыл бірге» тақырыбында «Музейлер түні» акциясы өтеді.
Акцияға келген астаналықтар мен қала қонақтары Ұлттық музейге тегін кіріп, түрлі шараларды тамашалай алады. Шараның мақсаты - ұлттық кодқа негіз болатын ұлттық құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін заманауи форматта танытып, мұражай қызметін, ондағы экспонаттар мен жауһар жәдігерлерді кеңнен насихаттау. Халықаралық музей күні мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді. «Музейлер түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған шара осыған дейін 5 мәрте ұйымдастырылды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізілді. Оның алғашқысы «Наурыз» мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген тақырыппен ұйымдастырылып, Халықаралық музейлер күніне арналды.
Мұражай қонақтары Ұлттық музейдің 5 жылдығына орай, музей қорынан жаңа экспонаттармен толықтырылған Этнография залы мен жаңа ашылған «Асыл мұра» залдарын тамашалай алады. 2015 жылғы 18 наурызда қорларды толықтыру мақсатыман «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы қолға алынған болатын. Көрнекті қоғам және саясат қайраткерлерінің, Ұлы Отан соғысы Батырлары мен ардагерлерінің ұрпақтары және жеке коллекциянерлер музейге тарихи және мәдени құндылығы бар заттарды сыйға тартып, музей қорлары түрлі құнды жәдігерлермен толыққан. Осы экспонаттар «Асыл мұра» залына ұсынылып, қару-жарақ пен кілем топтамалары, мемлекет және саясат қайраткері И.Тасмағамбетовтың коллекциясынан зергерлік әшекейлер, әйелдер мен ерлердің белдіктері, ат әбзелдері және Б. Сарбаевтың коллекциясынан әлем халықтарының музыкалық аспаптары сынды жеке коллекциялардан бағалы бұйымдар қойылды.
«Музейлер түні» акциясы барысында Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай «Жүз жылдық жылнама» көрмесі салтанатты түрде ашылады. Сонымен қатар шара бағдарламасында ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен «Ақшамдағы ақындар жыры» атты шығармашылық кеш, өнертанушы, суретші Е.Н. Чернованың «Қазақстанның қолданбалы сәндік өнері: Кеше және бүгін» атты шеберлік дәрісі, «Құсни қорлан» көрінісі, мүсінші Айдос Есмағанбетпен маскалар шоуы, арт пазл құрастыру, қолөнер жұмыстары бойынша шеберлік сабақтар, «Тарих сыры», «Музей білгірі» викториналық сұрақтар, кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», т.б. қазақтың ұлттық ойындары ойнатылады.
madeniportal.kz