Ұлытау облысының тұрғындары «Самрук-Қазына» қорының әлеуметтік жобасының арқасында жаңа...
21 жастағы студент Астанадан Павлодарға барған сапарында екі аяғынан айырылған
Видеодан скрин
Павлодар облысындағы тасжолда жолаушылары бар такси жол қоршауына соғылған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бұл туралы Tengrinews.kz. жазды. Үш адам ауруханаға жеткізілді, жолаушылардың бірінің аяғы жұлынып кеткен. Зардап шеккен азамат жансақтау бөлімінде жатыр.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбадан кроссовердің қатты зақымданғаны көрінеді. Металл арқалық көлікті тесіп өтіп, алдыңғы жолаушы отырған жақтан салонға кіріп кеткен. Басқа кадрларда апат салдары мен жолаушылардың бірінің ауыр жарақат алғанын растайтын көріністер бейнеленген.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 29 мамыр күні кешке қарай Астана – Павлодар тасжолында болған.
– Алдын ала мәлімет бойынша, Hyundai Tucson көлігінің жүргізушісі қисық металл арқалық түріндегі кедергіге соғылған, – деп хабарлады полиция.
Полицияның мәліметінше, апат салдарынан үш адам зардап шегіп, олардың барлығы ауруханаға жеткізілген. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізілуде. Көлік арнайы айып тұрағына қойылған.
Белгілі болғандай, ең ауыр жарақат алған – 21 жастағы студент. Ол Астанадан Павлодарға ата-анасына бара жатқан. Жігіттің достарының айтуынша, апат болған Төртқұдық ауылы маңында жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан.
– Ол жерде жол белгілері қойылып, біржақты қозғалыс ұйымдастырылған еді. Бірақ жүргізуші жоғары жылдамдықпен келіп, қоршауға соғылды. Біздің досымыз оқиға орнында оң аяғынан айырылып, көп қан жоғалтты. Жедел жәрдем көлігінде оның жүрегі тоқтап қалған, алайда дәрігерлер оны қайта тірілтіп алды. Ауруханада екінші аяғына да ампутация жасалды. Қазір ол кома жағдайында жансақтау бөлімінде жатыр, – дейді зардап шеккен студенттің достары.
Олардың айтуынша, студент сапарды «Яндекс Такси» сервисі арқылы тапсырыс берген. Кроссоверді 22 жастағы жүргізуші басқарған.