2021 жылдың 22 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында “Ауыл” Халықтық-демократиялық патриотт...
«7-20-25»: «Нұрлы жер» бағдарламасынан өзгешеліктері қандай
ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысы, оның «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына әсері туралы айтып, сондай-ақ атқарылған жұмыстардың жаңа нәтижелерімен таныстырды.
- Бұған дейін министр Ж. Қасымбек «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бір уақытта қатарынан жұмыс істеп, бір-біріне кедергі келтірмейтінін айтқан еді. Іс жүзінде солай ма? Бұған қалай қол жеткізілді? «Нұрлы жер» бағдарламасына қандай өзгерістер енгізілді? Алда қандай да бір өзгерістер бола ма?
- 2017 жылдан бері іске асырылып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен 2018 жылғы шілдеде басталған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше, қатарынан жұмыс істеу арқылы азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер береді, мәселен:
1) «7-20-25» бағдарламасының мақсаты - халыққа төменгі пайызбен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға ипотека беру. Бұл арзан ресурстардың механизмі. Оның негізгі шарттары: ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматқа 20% аспайтын мөлшерде бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, 7% пайыздық мөлшерлемемен ипотеканы рәсімдеу. 2) Сонымен бірге, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының мақсаты - оның 5 міндетін орындау арқылы халықтың тұрғын үй мәселесін кешенді шешу:
сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй құрылысы, несиелік тұрғын үй салу,
жеке тұрғын үй құрылысын дамыту,
жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізу.
Үкіметтің 2018 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен «Нұрлы жер» бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді.
«7-20-25» енгізілуіне байланысты тұрғын үй бағдарламасынан қол қойылған келісімшарттар бойынша субсидиялар төлеу жөніндегі міндеттемелерді сақтай отырып, азаматтардың ипотекалық несиелерін субсидиялау бағыты алып тасталды (жеңілдетілген ипотека бойынша 3 мыңнан астам адам баспана сатып алды).
Жаңа тұрғын үй көлемін ұлғайту және құрылыс көлемінің артуын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй құрылысы аудандарына инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруды ұлғайту жөнінде шаралар қабылданды.
Бағдарламаға жеке құрылыс салушылардың белсенді қатысуы үшін әкімдіктерге салынған нысандарды сатып алу құқығы берілуде.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына да, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) клиенттері үшін де несиелік тұрғын үйді сату қарастырылған.
Мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындарға өздерінің жұмыскерлерін қолдауға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған. Мұндай ұйымдар жұмыскерлеріне тұрғын үй алуға қарыз бере алады, соның ішінде бастапқы жарна ретінде де бере алады. Бұл мұғалімдердің, дәрігерлердің және мемлекеттік қызметкерлердің тұрғын үй мәселелерін шешуге көрсетілетін елеулі көмек болмақ.
Осы жағдайлардың барлығы әкімдіктер салып жатқан қолжетімді бағалық параметрлер есебінен ипотекалық бағдарламаның дамуына үлкен серпін береді (бір шаршы метрі үшін 140-180 мың теңге, салынып біткен тұрғын үй банктің салымшыларына 3 ай ішінде сатылады және сатылмаған үйлердің қалғаны ЕДБ клиенттеріне сатылады).
- Екі бағдарламаның айырмашылығы неде? Бұл бағдарламалар халықтың қандай санаттарына бағытталған?
- Бұл бағдарламаларды салыстыруға болмайды, олар бірін-бірі толықтырып, түрлі санаттардағы азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге арналған. Сонымен қатар, бағдарламалардың басты айрықша ерекшеліктерінің бірі - шараларды қаржыландыру мәселелері.
Егер «Нұрлы жер» бағдарламасында қаржыландырудың барлық көздері - бюджеттік қаражат, жеке инвестицияларды тарту және халықтың қаражаты қарастырылса, ал «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында құрылған «Баспана» ипотекалық компаниясы екінші деңгейлі банктерге қаржы салумен айналысады (ЕДБ талап ету құқықтарын сатып алу есебінен).
Екі бағдарлама да тұрғын үйге мұқтаж және өздерінің тұрғын үйлері жоқ барлық төлемге қабілетті азаматтарға үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Сонымен бірге, халықтың аз қамтылған, әлеуметтік осал топтарына «Нұрлы жер» бағдарламасында сатып алу құқығынсыз жалдамалы үй беру және әкімдіктер желісі бойынша қымбат емес несиелік үй құрылысы қарастырылған.
- «7-20-25» бағдарламасы іске асырыла бастаған уақыттан бері оған қатысуға қанша адам өтінім берді? Күніне қанша несие беріліп жатыр? Бағдарлама өзінің өміршеңдігін дәлелдеді ме?
- Ұлттық банктің деректері бойынша, 18.07.2018 ж. жағдай бойынша осы жылдың 4 шілдесінен бастап қатысушы банктерге азаматтардан 5 528 өтінім келіп түскен, олардың ішінде несиелік комиссияның қарауына 148 өтінім жіберіліп, 1,1 млрд теңгеге 95 ипотекалық несие беру туралы шешім мақұлданған.
Ипотекалық бағдарлама шілде айында ғана басталғандықтан, оның өміршеңдігі туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын. Сонымен қатар оның өміршеңдігі әртүрлі фактілерге байланысты:
азаматтарда бастапқы жарнаның болуы;
төлем қабілеттілігін растау;
меншігінде тұрғын үйдің болмауы;
сатып алуға жаңа үйдің болуы және бағдарламаның басқа да талаптарына сәйкес келу.
- Бұл бағдарлама аясында қанша тұрғын үй сатылады? Тұрғын үй сатып алуғаүміткерлердің саны сатуға жоспарланған пәтерлер санынан асып кету мәселесі бар ма?
- Әрине, сұраныс ұсынысты қалыптастырады, ал бізде сұраныс бар, және «7-20-25» бағдарламасының енгізілуіне байланысты ол тек қана ұлғая бермек. Бүгінгі таңда әкімдіктерде ресми тіркелген азаматтардың саны 492,5 мың адамды құрайды, ал ТҮҚЖБ-да тұрғын үй депозиттері бар адамдардың саны - 1 млн-нан асады. Сонымен бірге жоғарыда аталған кезектерде тіркелмеген тұрғын үйге мұқтаж азаматтар да бар.
Осы жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 49,7 мың тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 20,5 мың - жеке үй және 29 мың пәтер - көпқабатты үйлерде берілді. Жыл соңына дейін шамамен 54 мың тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
5 жыл ішінде Ұлттық Банктің 1 трлн теңгені тартуы арқылы халыққа жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін 66 мыңнан астам несие беру көзделген (есептеу кезінде бір ипотеканың орташа сомасы 15 млн тг деп қабылданды).
«Нұрлы жер» бағдарламасының механизмдерін өзектілендіру бойынша жоғарыда аталған шаралар тұрғын үй құрылысын ынталандыруға жол ашады.
- 1 шілдеден бастап ТҮҚЖБ бөлімшелерінде неліктен үлкен кезек қалыптасты? Клиенттердің мұндай ағыны «7-20-25» бағдарламасының іске қосылуымен байланысты ма? ҚР ИДМ осы бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?
- Шынымен де, банкте «7-20-25» бағдарламасы енгізілгеннен кейін де, сондай-ақ банктің әртүрлі акцияларды өткізу кезінде де, «Менің үйім» жеке бағдарламасын жүзеге асыру, әскери қызметкерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу кезінде, сондай-ақ күнтізбелік жылдың соңында да осындай кезектер болып тұрады. Адамдар аталған банкке сенім артып, осында ақшаларын жинақтайды, өйткені мұнда акциялар пакеті мемлекеттің үлесінде, жинақ үшін мемлекеттік сыйақылар беріледі, салықтық жеңілдіктер, несиелердің икемді жүйесі (тұрғын үй алуға, алдын ала және аралық несиелер) қарастырылған.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәлімдеуінше, жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғаннан кейін бөлімшелердегі клиенттер саны бірнеше есеге өскен.
Олардың ең үлкені Астана мен Алматыда күніне 1500-1900 клиентке қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда ТҮҚЖБ кеңес алу үшін түрлі құралдар мен тәсілдерді ұсынуда, тікелей банкке барудың қажеті шамалы.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Астана қаласындағы бөлімшелерінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша кеңес беру мен өтінімдерді қабылдаудан өзге, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 300-ден астам несие беру және рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге, «Менің үйім» бағдарламасы бойынша 162 пәтер сатылуда. Сонымен қатар, банк қазіргі уақытта әскери қызметкерлермен белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Астанада банк олардың 3 500-ге жуық арнайы шоттары бойынша қызмет көрсетуде.
Бөлімшелердегі кезектерді азайту үшін, әсіресе «7-20-25» бағдарламасына қатысқаннан кейін, сондай-ақ уақытты үнемдеу мен қолайлылық үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бірқатар ұйымдарға жадынама - «7-20-25» аясында несие беру туралы қысқаша ақпараттар жіберді.
Азаматтарға кеңес беру үшін «бейне қоңырау» қызметі іске қосылған, сондай-ақ депозиттерді ашу туралы келісімшарттар жасау мен тегін презентация жасау үшін мобильді топ қызмет көрсетеді (мысалы, банктің жеке кеңесшісі, барлық сұрақтар бойынша +7 707 103 53 87, +7 702 502 45 17, +7 777 673 52 30 телефон нөмірлеріне қоңырау шалуға болады).
Алғашқы 8 мобильді топ Алматы қаласында жұмыстарын бастады, алдағы уақытта өзге өңірлер да қосылады (Алматыдағы мобильді топтардың нөмірлері: 8 701 186 73 34, 8 777 188 20 88).
Штаттан тыс қызметкерлер де тартылған, оларды өзіңізге ыңғайлы уақытта шақыру үшін сілтемеден өтіп, өзіңіз тұратын қаланы, агентті таңдап, онымен хабарласа аласыз.
Сондай-ақ, консультация алу үшін 300 нөмірі бойынша банктің колл-орталығына хабарласуға болады, www.hcsbk.kz сайтында «Кері байланыс» формасы арқылы немесе Facebook, Instagram, ВКонтакте әлеуметтік желілеріндегі банктің ресми парақшалары арқылы банкпен байланыс орнатуға болады.
Бұдан өзге, Министрлік тарапынан БАҚ-пен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, телеарналар мен баспасөз беттерінен қызығушылық танытқан барлық сұрақтардың жауаптарын табуға болады.
Сонымен қатар, Премьер-Министрдің сайтында, «Электронды үкімет» веб-порталында «ҰАТ» АҚ арнайы айдарында, «Крыша» газетінің редакциясында тұрғын үй сатып алу арманын жүзеге асырудың нұсқаулықтарымен (қадамдарымен) танысуға болады.
Ұлттық банктің сайтында «7-20-25» бағдарламасы бойынша жиі қойылатын сұрақтардың жауаптары жазылған.
- 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қанша несие беру жоспарланған?
- Жаңа «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының енгізілуіне байланысты «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасынан «ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру» бағыты алып тасталды.
Сонымен қатар, осы бағыт іске асырылған кезең ішінде 3 336 азамат жеңілдікті ипотека бойынша тұрғын үй сатып алды, оның ішінде 2017 жылы - 1 196 адам, 2018 жылы - 2 140 адам.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты ендігі азаматтарға тұрғын үй сатып алу үшін несиелер «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында беріледі, мұнда 5 жыл ішінде 1 трлн теңге тарту көзделген (2018 жылы - 100 млрд теңге, 2019 жылы - 150 млрд тг, 2020 жылы - 200 млрд теңге, 2021 жылы - 250 млрд тг, 2022 жылы - 300 млрд тг).
2018 жылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша қатысушы банктер 100 млрд тг сомасын тартып, бір несие берудің орташа сомасы 15 млн теңге болған жағдайда шамамен 6,6 мың несие беру жоспарланып отыр.
- 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйдің пайдалануға беру көлемі қандай болады деп күтілуде?
- 2018 жылы кем дегенде 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 108% құрайды (өткен жылы 11,2 млн шаршы метр немесе 100,8 мың тұрғын үй салынды).
- Сұхбатыңызға рақмет.
Madeniet.kz