Thrillist сайты Абу-Даби әуежайы толық биометриялық сәйкестендіруі бар алғашқы әуежай болуды мақсат...
Әділетхан Молдахан не үшін сотталғаны белгілі болды
Ашық дереккөз
Алматы прокуратурасы блогер Әділетхан Молдаханға қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz Politico.kz-ке сілтеме жасап.
Түрксіб ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Дидар Қабаевтың айтуынша, әңгіме 2021 жылы болған қылмыстық оқиға туралы. Оның мәліметінше, жәбірленуші Алматыдан тұрғын үй алу үшін алдын ала төлем ретінде 1,5 миллион теңге алып келген.
Осы жағдайды білген танысы Әділетхан Молдаханмен бірге алдын ала жоспар құрып, жәбірленушіні жолда күтіп алған. Кейін олар қолдан жол-көлік оқиғасын ұйымдастырып, ашық түрде ақшаны тартып алған.
Прокуратура өкілінің айтуынша, күдіктілер дер кезінде ұсталып, оларға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылған. Тергеу барысында айыпталушылар кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген.
Іс Қылмыстық-процестік кодекстің 382-бабына сәйкес қысқартылған тәртіппен қаралған. Яғни сотта барлық дәлел толық зерттелмей, айыпталушылар мен жәбірленушілерден жауап алынып, жарыссөзден кейін үкім шығарылған.
Нәтижесінде сот Әділетхан Молдахан мен осы іске қатысы бар тұлғаларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Үкімге шағым түспеген және ол заңды күшіне енген.
Осылайша, прокуратура мәліметінше, блогер алдын ала жоспарланған тонау ісі бойынша сотталған. Кінәні мойындап, келтірілген залалды өтегендіктен, жаза бас бостандығын шектеу түрінде белгіленген.